Соңғы бірнеше күнде Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Ұлытау және Абай облыстарын топан су басып, өңірлерде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Соңғы деректер бойынша су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан қазір шамамен 3,2 миллион текше метрден астам су сорылды. Табиғи апаттан БҚО, Ақтөбе және Қостанай облыстары айтарлықтай зардап шегіп отыр.
Батыс Қазақстанда әкімдік ғимаратына дейін су басқан Батыс Қазақстанда облыс орталығының өзінде де екі күнде 432 тұрғын үй мен 17 әлеуметтік және мемлекеттік нысанды жартылай су басқан. Орал қаласы әкімдігі мен қалалық көпсалалы аурухананың бірінші қабаттарын да су алып кеткен.
Ал аудандар арасынан ең көп зардап шеккен Қаратөбе, Теректі және Сырым ауданы боп отыр. Мұнда біраз үй қирап, мал қырылып қалған. Мәселен қазір Қаратөбе ауданына, Аққозы ауылында 130 үйдің 80-і су астында қалып отыр. Су ауылды қоршап тұрған 2м биіктіктегі бөгеттен асып түскен. Ал ауыл тұрғындары эвакуацияны күтіп, 2 күн бойы сусыз, ыстық тамақсыз, жарықсыз әрі байланыссыз отырған.
Ал Сырым ауданында Өлеңті, Бұлдырты ауылдарын су шайып, 268 тұрғын үй зардап шеккен. Желідегі видеолардан байқағанымыздай, Бұлдыртыда асфальт та езіліп, үгітіліп жатыр. Аудан орталығы Жымпитының 20 пайызын су басқан. Қазір маңайдағы ауылдардан бұл жерге 265 адам көшірілді.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Алматыдан құтқарушылар шақыртылып, эвакуация жалғасып жатыр. Ресеймен шекаралас жатқан Бөрлі, Шыңғырлау, Бәйтерек және Тасқала аудандарындағы елді мекендердің де бүгін-ертең суға кетуі әбден мүмкін. Бұған қатысты БҚО төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұралы Мусиев “жағдай қатаң бақылауда” дейді.
Өңірде мұндай су тасқыны 2011 жылдан бері бірінші рет болып отыр. Ақтөбеде Елек және Қарғалы өзеніне жақын тұратындар эвакуацияланды Ақтөбенің Қобда, Ойыл, Темір және Мұғалжар аудандарына қарасты ауылдар суға кетіп жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кеше қалада түнімен эвакуация жүріп, жүк көліктері баррикада жасаған. Су тасқынының алдын алу бойынша жұмыстарға жергілікті тұрғындар, әскерилер мен еріктілер де атсалысып жатыр.
Сурет: Orda.kz
Сазды өзенінің де арнасынан көтерілуінен көліктер жолдың бойында батып, қозғалыс қиындаған. Қаладағы ірі сауда орталығы «Керуен» де қазір жабық тұр. Су аэропортқа да кіріп, көлік жүретін мостты да басып қалған. Желіде таралған видеолардан адамдардың тасыған судан жалаң қолмен балық аулап жүргенін көруге болады. 29 наурыз күні кеште Ойыл ауданы, Қаратал ауылының тұрғындары ORDA.kz журналистерімен байланысып, әлі көмек келмегенін хабарлаған.
“Қас қарайып барады, тікұшақ жібереміз деген, әлі ешкім келмеді. Қабырғасы құлаған мектепте 315 адам отыр, 167 адам өз үйінде қалды. Балалар ыстығы көтеріліп, ауырып қалды” делінген ауыл тұрғыны жолдаған хатта. Су тас жолдарды да жайпап өткен.
Диапозон басылымының дерегінше, кеше Қобдадан өтетін Ақтөбе мен Орал арасындағы трассада 200-ден астам жүк көлігі тұрып қалған.
Қазір зардап шеккендерге ақтөбеліктерге гуманитарлық көмек беретін 2 арнайы пункт ашылды:
18 мектеп және «Анаға тағзым» ғимараты. Сурет: Orda.kz
Бүгін қалаға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр келіп, Қарғалы және Елек өзені маңын тексерді. Ол зардап шеккендерге үкімет тарапынан міндетті түрде көмек көрсетіледі деп уәде етті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай ірі су тасқыны өңірде 2017 жылдан бері қайталанбаған.
АТЫРАУДА 200-ге ЖУЫҚ ҮЙДІҢ АУЛАСЫН СУ ШАЙЫП ЖАТЫР
Тасқын су Атырау қаласына да жетті. Бірақ көршілес қалалармен салыстырғанда мұнда жағдай әлдеқайда жақсы. Қазір коммуналдық қызмет суды тартып алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. БАҚ-тың жазуынша, әзірге тұрғындарды эвакуациялаудың қажеті жоқ.
ҚОСТАНАЙ АУЫЛДАРЫНДА ТІКҰШАҚ ҚОНАР ЖЕР ЖОҚ
Қостанайда Қызылжұлдыз, Екідін және Қайыңды ауылдары суға кетті. Туыстарын жедел эвакуациялауды сұрап хабарласқан тұрғындарға, жергілікті Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері “тікұшақты қайда қондырарымызды білмейміз” деп жауап берген. Аталған ауылдың тұрғындары кішкентай балаларымен бірге бөгет үстінде, суға батқан үйінің шатырында түнеді. Елді мекендерде жарық та, интернет те жоқ.
Фото: Қызылжұлдыз
Қазір Әбдіғаппар-хан мен Қайыңды ауылдарынан 100-ге жуық адам, Арқалықтағы Жанкелді ауылынан 575 адам эвакуацияланған.
Басқа ауылдарда да құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Фото: Қостанай
Қазір өңірде табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланды. Арқалық қаласы мен Қостанайға жақын жатқан Дачный, Северный, Новый және Родина ауылдарында да 20-ға жуық үйдің ауласын су шәйіп кеткен.
Ақмола облысын да су шәйіп жатыр Көкшетау тұрғындары бірінші қабатты, подъезд алдын су басып кеткенін көрсетіп, суреттер жариялап жатыр.
Фото: Қылшақты өзені көтеріліп, темір жол вокзалына жақын жатқан үйлерге су кіріп кеткен. Соңғы ақпарат бойынша бұл жерден 113 адам құтқарылды. Оның 50-і бала.
Су Аршалы, Бұланды және Целиноград аудандарына да жетті. Аймақта суды сорып алу жұмыстары осымен үшінші күн қатарынан жүріп жатыр. Құтқару жұмыстарына Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамының 41 адамы мен 9 мотопомпасы, жергілікті атқарушы органдардың 13 адамы, 7 бірлік инженерлік техникасы және М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясының 50 курсанты жұмылдырылған.
ҮЙЛЕРІН ТОПАН СУДАН ТАЗАРТУДЫ СҰРАҒАН ТҰРҒЫНДАРҒА АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Бұл Астана іргесіндегі Қоянды ауылы туралы. 27 наурызда ауылдан 80 мың текше метр еріген су сорып алынған. 27 наурызда Қоянды тұрғындары биліктен тым құрығанда ауруханаларды, мектептер мен балабақшаларды судан тазартуды талап етіп, наразылыққа шыққан еді. Олар шенеуніктерден төтенше жағдай жариялап, ауылды су тасқынынан құтқаруға күш салуды сұраған. Осы талаптары үшін бірнеше адамға 70 мыңнан 184 мыңға дейін (жалпы сомасы – 640 000 теңге) айыппұл салынды.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда соңғы үш күнде 3,2 миллион текше метрден астам еріген су сорылды, деп хабарлады ведомство. Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Абай облыстарында 5447 адам құтқарылған, оның 2017-сі балалар. Биыл су 683 жеке және 75 саяжайды, 416 ауланы басып қалған. 30 трассада бақылау алынып, 45 елді мекенге көлік қатынауы тоқтатылған. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Данагүл Науқанова.
Парақшамызға жазылыңыз