Газада бейбіт халыққа көмектесіп жатқан 7 гуманитарлық қызметкер Израильдің әуе шабуылынан кейін қаза болды. Оның үшеуі – Ұлы Британиядан. Тори атынан сайланған Парламент мүшелері Ұлыбританиялық министрлердің Израиль армиясын қолдауын қатаң сынға алып, көмекті тоқтатуға шақырып жатыр.
Консерваторлар атынан сайланған төрт депутат Guardian басылымына берген сұхбатында Біріккен Корольдіктердің Израиль армиясын қаруландыруды тоқтату қажеттігін айтқан. Олар Израильді Газаға барған гуманитарлық көмекті көздеп атқаны үшін айыптайды.
Дэвид Кэмерон кезінде Үкіметтің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Питер Рикеттс қаруды экспорттауды тоқтататын кез жеткені жайында мәлімдегеннен кейін олар оған үн қосуды жөн деп тапқан. Консерваторлар атынан сайланған депутат Дэвид Джонс Израильдің гуманитарлық көмекке шабуыл жасауын “экстраординар” оқиға деп атаған.
“Үкімет Израиль армиясын қаруландыру мәселесін қайта пысықтап, оған қатаң ескерту жасауы тиіс. Израиль қорғануға ерікті, алайда саналы әрекет етуі тиіс. Олар бейбіт халыққа көмектескісі келетіндерге шабуыл жасамауы тиіс” деді ол.
“Біз үш бірдей британиялық, бұрынғы әскерилердің көз жұмғанына куә болып отырмыз. Бұл тіпті Израиль үкіметінің гуманитарлық көмек көрсетуге барғандарды көзге ілмеуінен болып отыр. Меніңше, біз оларға қару беруімізді қайтадан қараған жөн”.
“Меніңше, бұл Бенжамин Нетанъяхудің жауапсыздығы. “Соғыс уақытында ондай ондай болып тұрады” деуінің өзі саналы жауап емес, тіпті ұят болды”
Консерваторлар атынан сайланған Паул Бристоу “Британияда жасалған қарулар Газадағы бейбіт тұрғындарды өлтіретінін ойласам, асқазанымда бірдеңе қадалғандай болады. Ал қазір Британ гуманитарлық қызметкерлері Газадағы зардап шеккен отбасыларға көмектесемін деп мерт болды. Бұл дегенің мәселенің шектен шыққандығын көрсетеді”.
Тағы бір Консерватор Флик Друммонд Израильге беріліп жатқан Британия қарулары жақын арада тоқтатылуы тиіс деп есептейді. “Израиль халықаралық заңдарды өрескел бұзып отыр, онда Британияның оқ дәрісі қолданылып жатқаны мені қынжылтады” дейді ол.
Камерон кабинетінде Сыртқы істер министрі болып істеген Хьюго Свайр “Мен Британияның Израильге қару сатуын қолдар едім, егер ол қару Израильді сыртқы жаулардан қорғауға жұмсалса. Өкінішке қарай, ол Газадағы бейбіт тұрғындарға бағытталуда. Сол үшін мен оны қолдай алмаймын” дейді.
Бұған дейін Сыртқы Істер министрі қызметін атқарған Алан Дункан да Британияның Израильге қару экспортын қолдамайтынын айтады. Ол Action for Humanity ұйымына берген сұхбатында “Үкіметтің Израильге қару экспорттау позициясы қатты алаңдатады. Әсіресе, Израильдің халықаралық гуманитарлық құқықты көзге ілмей отырған кезінде, бұл дұрыс емес” деген мәлімдеме жасаған.
Ол қаруды экспорттауға жедел түрде эмбарго қоюға және көмек қолын созуға барған қызметкерлерді өлтірген қаруда Британиядан берілген қарудың қатысы бар-жоғын шұғыл тексеруге үндеді.
Сыртқы Істер министрлігінің бұрынғы тұрақты хатшысы болған Лорд Рикетс BBC Radio 4 арнасының Today бағдарламасына берген сұхбатында “Меніңше, Израиль бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты міндеттерін орындауға құлықсыз. Британиядан қару-жарақ алып отырған ел халықаралық гуманитарлық заңды қатаң сақтауы тиіс. Бұл қару-жарақты экспорттауға берілетін лицензияның шарты. Меніңше, осыған қатысты дабыл көтеретін уақыт жеткен сияқты” деген.
“Бұл соғыстың бағытын өзгерте алмайды. Дегенмен бұның саяси салмағы ауқымды. Әрі бұл ойынның бағытын шынайы түрде өзгерте алатын АҚШтағы саяси дебатты үдетуге ықпал етуі мүмкін”.
Бұл мәселеде ортақ фронтты сақтап қалуды мақсат ететін Британияның Labor партиясы біраз қиындыққа тап болатындығы айқын болды. Өткен аптаның Сәрсенбісінде Лондондағы біріккен отырыста канцлерлікке үміткер (егер оның партиясы жеңіске жетсе осы лауазымға тағайындалады) Рейчел Ривз пен Лондон мэрінің бірлескен мәлімдемесінде Лондон мэрі Садик Хан “бізде қару-жарақ сатуды тоқтатуға барлық негіз қаланып отыр” деді.
“Егер Үкіметтің заңдық рекомендациясы адамдардың пікіріне жүгінуді жөн десе, онда қару сатуды тоқтату керек” деді Хан.
Ривздің бұл көзқараспен келісетін, келіспейтінін сұрағандарға жауап берген канцлер Рейчел Ривз Labor партиясының Израильдің халықаралық құқықты сақтауы туралы барлық есепті жариялау керек деген көзқарасын қолдайтынын жеткізді.
Сәрсенбі күні түстен кейін жасаған мәлімдемесінде сыртқы істер министріне үміткер (егер оның партиясы жеңіске жетсе осы лауазымға тағайындалады) Дэвид Лэмми егер үкіметтің заңгерлік кеңесі “Ұлыбританияның қару-жарағын халықаралық гуманитарлық құқықты елеулі түрде бұзу үшін пайдалану қаупі бар екенін дәлелдесе, онда қару сатуды тоқтата тұру керек” деді.
Газаға азық-түлік көмегін жеткізген жеті гуманитарлық қызметкерді дүйсенбіде Израиль дрондары өлтірді. Қаза тапқандар – Ұлыбританияның үш азаматы, палестиналық, қос азаматтығы бар АҚШ – Канада азаматы, Поляк Және Австралиялық – World Central Kitchen (WCK) халықаралық қайырымдылық ұйымында жұмыс істеді.
Риши Сунак Израильдің әуе шабуылына қатысты шұғыл тергеу жүргізуге шақырды.
дереккөз: Guardian.