/////

Бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат: су басқан БҚО-ға барған Тоқаев халықпен кездесті

6658 рет қаралды

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Ақорда хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Теректі, Сырым және Қаратөбе аудандарындағы қалыптасқан жағдаймен танысты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Президентке бүгінде 6 аудан мен Орал қаласын су басқанын баяндады. Қарғын су 552 тұрғын үйге, 427 саяжай теліміне зиян келтірген. Өңір басшысының айтуынша, су тасқынына қарсы шараларға 1911 адам, 332 техника, 101 мотопомпа, 1 тікұшақ жұмылдырылған. Сонымен қатар құтқару жұмыстарына Алматы және Маңғыстау облыстарының құтқарушылары атсалысып жатыр. Қарғын су басқан аумақтардан 6505 тұрғын көшірілген, жедел-эвакуациялау пункттері құрылған. Зардап шеккендерге біржолғы материалдық көмек көрсету үшін жергілікті бюджет есебінен 63 миллион теңге қаржы бөлінді. Су айдау, нысандардың жан-жағын топырақпен қоршау және су жүретін құбырларды кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Президент су басқан аумақтарды тікұшақпен аралап шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Мемлекет басшысы гуманитарлық көмекті тарататын пункттің жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына назар аударды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған. Бірақ биылғы тасқын одан да асып түсті.

Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты. “Хал-жағдайларыңызды үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады”, – деді президент.

Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады. Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екенін атап өтті.

Су тасқынына байланысты жедел штабтың отырысы өтті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың отырысы өтті.

Мемлекет басшысы облыстағы ауа райы болжамының қолайсыздығын атап өтіп, су тасқыны жағдайының ушығуына дайын болу қажет екенін айтты.

– Бұл – табиғи құбылыс екенін бәріміз түсінеміз.  Қардың еруі және тоңның қалың болуы салдарынан топырақтағы ылғал мөлшері жоғары болды. Содан кейін күн күрт жылынып, жауын-шашын жиіледі. Өкінішке қарай, биыл осы факторлардың барлығы қабаттасып кетті.  Бұдан сабақ алуымыз керек. Су тасқыны кезеңіне жыл сайынғы дайындық жұмыстары жаз-күз мезгілдерінде басталып, үш бағытта жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл – болжам, сараптама жасау сипатындағы шаралар. Гидрометеорологиялық қызмет болжам деректерін мұқият талдап, алдағы су тасқыны кезіндегі жағдайдың өрбу сценарийлерін дайындауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы су тасқынының  кері әсерін  алдын ала ескертуге және жоюға бағытталған ұйымдастыру-алдын алу, инженерлік-техникалық, сондай-ақ шұғыл шараларды жүзеге асырудың маңыздылығына  тоқталды.

– Елімізде тиісті сала мамандарының тапшылығы проблемаға айналып отыр. Аталған жағдай осы түйткілді анық көрсетті. Кезінде білім саласындағы бұл бағытты елеусіз қалдырдық. Енді олқылықтың орнын толтырып,  гидротехник, ирригатор, жалпы су саласына байланысты мамандарды тез арада даярлауымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Үкіметке, уәкілетті органдарға, облыстардың әкімдеріне қысқа мерзімде жаңа тұрғын үй салу және үйлерді жөндеу, коммуналдық, әлеуметтік инфрақұрылымды тез арада қалпына келтіру үшін шаралар қабылдау, күнделікті тұтынатын азық-түлік пен аса қажетті тауарлардың бағасын бақылау жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы малдың жаппай қырылуына байланысты ушыға түскен эпидемиологиялық жағдайға арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта су тасқынының алдын алу  шараларына  айрықша мән беруді тапсырды.

–  Көктем мезгілінде қар шығару,  өзендердің қауіпті учаскелеріндегі мұзды жару, қарғын су жүретін арналар жасау және басқа да қажетті шаралар алдын ала жүргізілуге тиіс. Жаз-күз маусымында өзендердің арналарын уақытылы тазалауды, табанын тереңдетуді және сағаларын кеңейтуді, автомобиль мен теміржолдардың бойындағы қолданыстағы су өткелдерінің қуаттылығын арттырып, жаңасын салу  қажет. Қорғаныс бөгеттері мен су жүретін каналдар салу керек. Бұл міндет Республикалық штабқа және Үкіметке жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент суы мол өзендердің арнасын реттеу үшін су қоймаларын салу маңызды екенін айтты. Соның арқасында көктем-жаз мезгілінде шаруашылық үшін қажетті су қорын сақтауға мүмкіндік болады.

– Табиғи және техногенді апаттардың алдын алу үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне орталық және жергілікті атқарушы органдарға бақылау жүргізу құқығын беру керек. Мұны заң жүзінде бекіту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент мемлекеттік органдардың төтенше жағдай кезіндегі бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу қажет деп санайды. Оның пікірінше, бұл құжатта төтенше жағдай режимін жариялаудан бастап, келтірілген шығынды өтеуге және дүние-мүлікті қалпына келтіруге дейінгі барлық құзырлы органның міндеттері мен іс-қимылы нақты қамтылуы керек.

Жиын барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, «Қазгидромет» РМК бас директоры Данара Әлімбаева баяндама жасады.

Тоқаев БҚО-да жұмыс істеп жүрген құтқарушылар мен еріктілерді марапаттайтынын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде ішкі істер органдары, Төтенше жағдайлар департаменті, Ұлттық ұлан қызметкерлерінен құралған құтқарушылар тобымен және су тасқынына қарсы шараларға белсенді қатысып жатқан еріктілермен жүздесті.

Кездесу барысында Президент табиғи апатпен күреске атсалысқан барлық азаматқа ризашылығын білдіріп, олар бүкіл еліміз үшін өте маңызды, игі іс атқарып жүргенін атап өтті.

– Көп ұзамай бұл жұмыстар да аяқталады. Қиындықты қалай да еңсереміз. Осында еңбек етіп жүрген құтқарушылар, полицейлер, еріктілер лайықты деңгейде марапатталады. Бұл міндетті түрде  менің бақылауымда болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Суреттер “Ақорда” сайтынан алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар