Дәл қазіргі уақытта су тасқынына қатысты жағдай Батыс Қазақстан облысында ушығып тұр. ҚР Төтенше жағдай министрлігі 03 сәуірге қараған түні Орал қаласында судың әдеттегіден жоғары көтерілуіне байланысты Деркөл және Шаған өзендерінде кейбір тұрғын үйлер мен саяжайларды су басып жатыр деп хабарлады.
Осыған орай Төтенше жағдай министрлігі тұрғындардан дүрбелеңге түспеуді, Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес әрекет етуді және қажет болған жағдайда қауіпсіз жерлерге эвакуациялануды сұрады.
БҚО төтенше жағдайлар департаменті 03 сәуір күні таңда Орал қаласындағы Деркөл кенті қазақ-түрік лицейі ауданы және Самал-3 шағын ауданында құтқарушылардың аулаларды қарап шыққанын хабарлады. Адамдар эвакуациялаудан бас тартқан, тұрғындардың жартысынан көбі алдын ала туысқандарына кеткен.
Қазгидрометтің күнделікті гидрологиялық бюллетеніне сәйкес, бүгін Оралдағы Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кеткен, Деркөл өзенінің гидробекетінде қауіпті деңгей 600-650 см. болса, бүгін судың деңгейі 684 сантиметрге жеткен. Шаған өзенінің гидробекетінде деңгей 1264 см., ал Жайық өзенінің деңгейі 600 см-ді құраған.
Бүгінгі күнге дейін батыс өңірінің бірнеше аудандары мен Орал қаласында су тасқынына қатысты жағдай қиындап, төтенше жағдай жарияланды. Бұл аудандардағы елді мекендер мен қаланың кейбір аудандарындағы ауылдар, саяжайларды су басып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Осы уақыт ішінде су тасқынынан зардап шеккен өңір тұрғындарына көмек көрсету үшін қорлар, қабылдау пункттері ашылып, онда жиналған гуманитарлық көмек су басқан ауылдарға да жетіп үлгерді. Қаладағы су тасқынынан зардап шеккендер эвакуациялық пункттерге орналастырылып, оларға да барлық жағдай жасалды, ел болып жан-жақтан көмек жеткізілді.
Ал 2024 жылғы 01 сәуірде облыс әкімінің шешімінің негізінде Батыс Қазақстан облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Әкімдіктің баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сәйкес Сырым, Теректі, Қаратөбе және Бөрлі аудандарында тұрғын үйлерді су басқан. Ресейден бастау алатын 5 трансшекаралық өзенде судың деңгейі көтерілген. Осының нәтижесінде Казталовка және Жаңақала аудандарына баратын Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі судың деңгейі де жоғарылап жатыр. Шаған және Деркул өзендеріндегі судың деңгейі қауіпті деңгейге жеткен.
Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша 4 мыңнан астам адам эвакуацияланған, оның ішінде 2 мың бала. Эвакуациялық пункттерде 1 мыңнан астам адам орналасқан, қалған 3853 адам туыстарында орналасқан. 3 мыңнан астам үй жануары қауіпсіз жерлерге айдалған.
Қазіргі уақытта облыстың 26 автожолынан су өтіп кетсе, 51 автожолды су шайып кеткен. Көлік қатынасы жоқ 10 елді мекен бар. Бұл елді мекендердің азық-түлік дүкендерінде азық-түлік қоры алдын ала ұйымдастырылған.
Шыңғырлау, Жақсыбай, Өлеңті және Бұлдырты өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 4 ауданның 9 ауылында тұрғын үйлерді су басқан. Облыс бойынша су басқан үйлердің жалпы саны 515 үй.
Қаратөбе ауданындағы Қоржын және Үшана ауылдарына көлік қатынасы үзілген. 02 сәуір күні Қазақстан халқы ассамблеясы және Respublika партиясы БҚО төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп осы екі ауылға гуманитарлық көмек жеткізді.
Теректі ауданында Аңқаты, Подстепное, Теректі және Ұзынкөл ауылдарын су басқан. Ауыл тұрғындары эвакуациялық пункттерге көшірілді.
Бүгінгі мәліметтерге сәйкес Ұзынкөл ауылынан Теректі ауданының Подстепное ауылына 705 адам эвакуацияланған, олардың 230 бала. Даладан еріген судың көлемі ұлғайып келуіне орай Ұзынкөл су қоймасының шектен тыс толу қаупі төнген.
Бүгін Бәйтерек ауданы Махамбет ауылында су басу қаупі туындап, уақытша орналастыру пункттеріне 31 адам, оның ішінде 4 бала эвакуацияланған. 61 ұсақ мал және 1 бас ірі қара мал қауіпсіз жерге айдалған.
Сырым ауданындағы Жымпиты және Өлеңті ауылдарындағы баспанасына қауіп төнген тұрғындар да эвакуациялық пункттерге көшірілген. Сырым ауданындағы тасқын судың залдарынан келген залал мен зиянды есептеу үшін арнайы комиссия жұмысқа кіріскен.
Бөрлі ауданында Ақсу және Кеңтүбек ауылдарын су басқан, ал ескі Аралтал және жаңа Аралтал шағын аудандары мен Пугачево, Бесағаш ауылдарының тұрғындары қауіпсіздік үшін эвакуациялық пункттерге көшірілген.
Орал қаласында 30 наурыздан бастап су тасқыны салдарынан үйлерін су басу қаупі бар және су басқан Деркөл өзені жайылымындағы Маштаков елді мекенінің Ягодка және Үміткер бау-бақша серіктестіктері тұрғындарының кейбіреуі туысқандарын паналаса, қалғаны эвакуациялық пункттерге орналастырылған. 02 сәуір күні Деркөл кентіндегі су басу қаупі бар елді мекендердегі мал-жан қауіпсіз аймаққа көшірілген.
Шаған және Деркөл өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Самал ауданындағы саяжайларға қауіп төнген. Сол себептен осы аудандағы Мичуринское, Объединенное, Ветеран, Звездочка және одан да басқа саяжайлардың тұрғындарын эвакуациялау басталған. Өзендердегі судың деңгейінің көтерілуі нәтижесінде Самал ауданындағы аспалы көпірде мұз кептелісі пайда болған. Бұл жағдай аталған саяжайларды су астында қалдырып, мұз көшкінінің кедергісіз өтуі үшін аспалы көпір су деңгейінен көтерілген. Осыдан кейін мұз кептелісі қозғалып, өзеннің төменгі ағысына кедергісіз өткен.
Орал қаласы әкімдігі Орал қаласы бойынша 8 эвакуациялық пункт белгілеген (сілтеме), оның 5-еуі толық жабдықталған, 3-еуі резервтегі эвакуациялық пункттер екені туралы хабарлады. Бүгінгі күні 2 эвакуациялық пунктке қауіп төнген аймақтағы тұрғындар мен су тасқынынан зардап шеккендер көшірілген. Сонымен қатар, Орал қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсететін Tasqyn.bkogov.kz портал іске қосылды. Порталда қаладағы эвакуациялық пункттердің мекенжайлары мен байланыс нөмірлері бар. Сондай-ақ көмек көрсетуге ниетті тұлғалар үшін, кәсіпкерлер, қорлар, волонтерлік ұйымдар және басқа да тұлғалар үшін эвакопункттерге қажетті заттар туралы мәліметтерді алуға болады. Порталда су тасқыны туралы жедел мәлімет те бар. Сонымен қатар су тасқыны кезеңіндегі жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдай департаментінің кезекшілік телефон нөмірлері туралы ақпарат та берілген.
Орал қаласы және Теректі, Бәйтерек аудандарында түнде негізгі жұмыс, яғни эвакуациялау, тұрғындарды құлақтандыру, қаптарды төсеу, мұздардың бір жерде жиналып қалуын болдырмау жүргізілген.
Орал қаласында саяжай алаптарында тұратын адамдарды эвакуациялау туралы жан-жақты ақпараттандыру күні бойы жүргізіліп жатыр.
Біз той тойлағанды жақсы көретін халықпыз. Қазақтың «бар тапқаның тойға шашылсын», «тойымыз көп болсын», «той тойға ұлассын» деген сөздері бар. Сол дәстүрмен биыл Наурыз мейрамын да ұлан асыр тойға ұластырып, ел болып он күн бойы тойладық. Қош, Наурызды тойлайық, ешкім қарсы емес тойлауға. Бірақ біз Наурыз мейрамын тойламас бұрын «алда келе жатқан су тасқынына дайынбыз ба, сақадай саймыз ба?» деген сұрақты неге қоймадық өзімізге? Өкінішке орай, той тойға ұласпады, онкүндік тойдың арты алапат су тасқынына ұласты. Келесі жылы той тойламас бұрын су тасқынына дайындықты шегелеп, шегендеп алған жөн секілді.
Батыс Қазақстан облысының тұрғындары назарына:
Су басу қаупі төнген жағдайда 109; 112; 8 (7112) 55-40-88 телефон нөмірлері арқылы жедел желіге хабарласуға болады.
Сонымен қатар, әр ауданда су тасқыны бойынша жедел желі іске қосылған.
Өңірдегі су тасқыны жағдайына байланысты БҚО төтенше жағдай департаментінің психологтары эвакуациялық пункттердегі зардап шеккен тұрғындарға психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Фотолар: БҚО төтенше жағдайлар департаменті
Парақшамызға жазылыңыз