//

Су тасқынынан зардап шегушілерге арналған “Ақжайық” қоры туралы ақпараттар неге ашық емес?

1238 рет қаралды

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі су тасқыны басталғаннан кейін көп кешікпей Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық қайырымдылық көмек көрсету үшін «Ақжайық» жеке қоры құрылғаны туралы хабарлады.

«Ақжайық» қоры Орал қаласындағы Ж. Молдағалиев көшесіндегі №19 ғимаратта жайғасыпты. Ашылған сәттен бастап барлық жерде қордың ашылғаны туралы хабарландыру таратылды. Хабарландыруда қордың барлық деректемесі бар. Сұрақ туындаған жағдайда хабарласа алатын телефон нөмірлері де көрсетілген. Алайда қордың құрылтайшысы кім екені жазылмады.

Су тасқыны басталып, кейбір аудандардағы ауылдарды су басып, адамдар эвакуациялық пункттерге көшіріліп, жан-жақтан гуманитарлық көмек таратылып, жеткізіліп жатты. Бірақ «Ақжайық» қорының қанша қаржы жинағаны және ол қаржыны су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін қалай пайдаланатыны туралы еш ақпарат болған жоқ.

9 сәуір күні қор batystoday telegram каналы 2024 жылғы 28 наурыз бен 8 сәуір аралығында қор есеп шотына бизнес өкілдерінен 63 115 303,3, жеке тұлғалардан 226 500, мемлекеттік органдар мен оларға қарасты ұйым қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен 12 171 777, мемлекеттік емес ұйымдардан 5 302 358,76 теңге қаражат түскені туралы ақпарат жариялады.

Берілген мәліметтерге сәйкес «Ақжайық» қоры: 80 815 939,1 қаражат жинаған. Тасқын салдарынан зардап шеккендерге қаржылай көмек жинау ісі жалғаса беретіні туралы мәлімдеді.

Осы хабарламада қор: «Ақжайық» қоры құрылған күнінен бастап ашықтық, жариялылық принциптерін ұстанып келеді. Сол себепті осы кезге дейін ел халқы атынан жиылған қаражаттың есебін көпшілікке ұсынуды жөн көрді» дейді.

Бірақ ашықтық пен жариялылық қағидасын сақтау үшін жұрт қордың ашылу тарихын, оның құрылтайшысын, қордың жарғыға сәйкес қызмет түрін, қорға түскен қаржы және оның жұмсалуы, салығы, кірісі мен шығысы, ең бастысы қаржы қандай ережелер мен механизмдергге негізделіп жұмсалатыны туралы білуі қажет деп есептейміз. Сол себептен ашық дереккөздерді зерттеп «Ақжайық» қоры туралы егжей-тегжейлі білгіміз келді.

Сонымен «Ақжайық» қоры 2003 жылы 30 мамырда тіркелген (ЖСН: 030540003364), яғни қор 20 жылдың үстінде тіршілік етіп келеді.

Қордың басшысы да құрылтайшысы да Тлеккабыл Имашевич Имашев.

Бұл туралы egov.kz порталы ұсынған анықтамадан да көруге болады. Бұл жерде қордың қызметі ретінде «Басқа топтарға енгізілмеген қоғамдық және гуманитарлық ғылымдардағы зерттеулер мен эксперименттік әзірлемелер» атты қызмет түрі тіркелген.

Қазіргі мәліметтерге сәйкес қор қызметінің түрі: «Басқа топтамаларға енгізілмеген, тұруды қамтамасыз етпейтін өзге де әлеуметтік қызметтерді ұсыну». Сонымен қатар қор бірнеше қызмет түріне лицензия алған.

Төменде көрсетілген лицензиялардың біреуі ғана қазіргі уақытта жарамсыз. Ол 2020 жылдың 09 шілдесінде «Медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу жөніндегі қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама» атты қызмет түріне алынған құжат.

Осыдан басқа тағы да 6 қызмет түріне лицензия бар, оның үшеуі «Құрылыс және реконструкциялау (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» қызметіне берілген. Екеуінің берілген уақыты 2016 жылдың 20 маусымы. Біріншісі Орал қаласындағы «Жана Орда» шағын ауданы, 21/1 мекенжайы бойынша сауда үйінің құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасы болса, екіншісі Орал қаласындағы дәл осы мекенжай бойынша сауда-кеңсе ғимаратының құрылысына сәулет-жоспарлау тапсырмасы. Үшінші лицензия 2023 жылдың 24 сәуірінде берілген жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша сауда үйін кафеге қайта жабдықтау сәулет-жоспарлау тапсырмасы.

Алты лицензияның қалған үш лицензиясы 2021 жылы қыркүйек, қазан және желтоқсан айларында алынған. Біріншісі қыркүйек айында Орал қаласы, Зачаганск кенті, 152 Стрелковая дивизия көшесі мекенжайы бойынша ерекше қажеттіліктері бар адамдарды бейімдеу үшін үй салуға берілген. Екіншісі осыдан бұрын 29.09.2021 жылы ұсынылған эскиздік жобаға берілген келісім. Үшінші құжат «Орал қаласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды бейімдеу үшін үй салу» бойынша құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізудің басталуы туралы хабарлама. Алайда аталған құрылыстың мекенжайы тек ҚР, БҚО, Орал қаласы, Зачаганск кенті деп қана көрсетілген.

Қор 2003 жылы құрылғанымен салықты 2015 жылдан бастап төлеген. Қордың 2015 жылдан бергі салық түсімдері 34 936 559 теңге. Жалпы алғанда салық төлеген 10 жыл ішіндегі қордың ең көп салық түсімінің көлемі 16 872 308 теңге. Айта кету керек, бұл елді, елді емес ау бүкіл әлемді есеңгірткен COVID-19 пандемиясының кезі, 2020 жылы төленген салық мөлшері.

Ал салық төлеушінің жеке шотындағы барлық төленген сомаға келетін болсақ, 2015-2024 жылдары 40 884 277 теңге төленген.

Бұл төлемдер:

  • міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналардың түсімдері;
  • ЕАЭО-на мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған тауарларға қосылған құн салығы;
  • зейнетақы қорына түсімдер 901101;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілерінен және мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, заңды тұлғалардан корпоративтік табыс салығы;
  • төлем көзінен салық салынатын табыстардан алынатын жеке табыс салығы;
  • әлеуметтік салық,
  • әлеуметтік аударымдардың түсімдері,
  • заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салық;
  • мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда, ірі кәсіпкерлік субъектілері – заңды тұлғалардан корпоративтік табыс салығы;
  • жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары;
  • төлем көзінен салық салынатын табыстардан алынатын жеке табыс салығы;
  • жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы сияқты 12 бюджеттік сыныптама кодтарына төленген.

Осылардың ішінде төлемнің ең көп мөлшері ЕАЭО-на мүше мемлекеттердің аумағынан импортталған тауарларға қосылған құн салығын төлеуге 15 750 162 теңге және төлем көзінен салық салынатын табыстардан алынатын жеке табыс салығын төлеуге 14 292 930 теңге жұмсалған.

Қордың сот процестері туралы да мәліметтерді ашық ресурстан көруге болады. Мәліметтерге сәйкес 2 сот процесі де азаматтық іс, біріншісі қордың басшысы  Тлекқабыл Имашевқа «Центр» пәтер иелерінің тұтыну кооперативінің 2016 жылы «Тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге төлемдерді өндіріп алу туралы тұрғын үй құқықтық қатынастардан туындайтын даулар» санатында ұсынған талап-арызы қанағаттандырылған. Даудың мәні қор басшысының пәтер иесі ретінде пайдалану шығындарына төлем жүргізбеуі болған, алайда қарыз сомасының бір бөлшегін төлегеннен кейін қалған сомасын төлеу талабы қанағаттандырылған.

Екінші сот процесі қор басшысына «Жайықжылуқуат» АҚ-ның 2017 жылы «Тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге төлемдерді өндіріп алу туралы тұрғын үй құқықтық қатынастардан туындайтын даулар» санатында ұсынған талап-арызы да қанағаттандырылған. Дауға себеп болған қор басшысының «Жайықжылуқуат» АҚ-на жылу қуатын пайдаланғаны үшін төлемді ұзақ уақыт көлемінде бөлшектеп төлеуі және осы негізде бережақтың пайда болуы екен.

Ашық дереккөздерге сүйене отырып, біз зерделеген деректер осындай. Не себептен біз қор туралы ақпараттарды зерттеу шешіміне келдік? Өйткені «Ақжайық» жеке қорының сайтын таба алмадық, сонымен қатар әлеуметтік желілерден парақшасын да кездестірмедік. Егер «Ақжайық» жеке қоры жоғарыда атап өткендей құрылған күнінен бастап ашықтық, жариялылық принциптерін ұстанып келген болса, не себептен қордың өз интернет-ресурсы немесе әлеуметтік желіде парақшалары жоқ?

Жарайды онлайн ресурстарда есеп бермейтін болсын, онда неге жазба басылымдарында әр жылда қордың толық есебі жарияланғаны туралы хабарландырулар жоқ? Жақсы бүгінгі күнге дейін қордың сайты болмай ақ қойсын, әлеуметтік желіде парақша ашу туралы да ойланбаған делік. Ал дәл бүгін қордың парақшасын ашуға не кедергі? Сұрақ көп. Бұл сұрақтар су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды ғана емес, жалпы облыс халқын мазалайды. Бұл сұрақтарға жауап ала алмаған соң күмән пайда болады.

Ал мазалау мен күмәннің себебі де сол – “Ақжайық” жеке қорының қаржы қорын құрайтын еліміздің кәсіпкерлері, меценаттар, мемлекеттік, жеке, шағын және ірі түрлі мекемелер, ұйымдардың қорға аударған ақшалай қаржысы, олардың қызметкерлерінің бір күндік жалақысы, сонымен қатар қиындықта қалған адамдардың тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын жандардың еңбекпен тапқан ақшасы. Кімге болмасын тапқан табысы оңайлықпен келген жоқ және ақша есепті жақсы көреді деген сөз бар. Мазалайтын сұрақтар мен күмәнді сейілтудің жолы ашықтық, жариялылық және есеп беру.

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар