////

Елдегі су мәселесі: Шешімі қандай?

4007 рет қаралды
Өңдеген: Амина Темірханова

Су тапшылығы төрткүл дүниеге ортақ мәселе. Қазірдің өзінде әлем халқының 40 пайызына су жетіспейді. Ал дүниежүзіндегі табиғи апаттардың 90 пайызы сумен байланысты екен. Бұл — БҰҰ дерегі.

Қазақстан да су ресурсы тапшы елдер санатында бар. Оған себеп, географиялық тұрғыдан елде табиғи су қоры өте аз және су ресурсының негізгі көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Десек те, біз барлық қолжетімді су ресурсын бейберекет және үнемсіз пайдаланып отырмыз. БҰҰ дерегіне сәйкес, қазіргі таңда 2,2 миллиард адам таза ауыз суға жете алмай отыр. Мамандардың айтуынша, елдің экологиялық жағдайы мен ұлттың әлеуметтік әл-ауқаты суды орынды тұтынуға тікелей байланысты. Орталық Азияның басқа республикаларымен салыстырғанда Қазақстан суды ең көп тұтынатын елдер қатарына кіреді. Worldometers мәліметіне сүйенсек, адам басына шаққандағы суды тұтыну бойынша Қазақстан әлемде 11-орында тұр. Республика бойынша тәуліктік норма 3,5 мың литр. Басқа елдермен слыстырсақ, бұл көрсеткіш үш есе аз – бір адамға 1,3 мың литр, ал Германияда – 855 литр болса,Ұлыбританияда – небәрі 348 литр.

Инфографика: Амина Темірханова Дереккөз: Worldometers

Рейтинг бойынша, суды тұтыну жағынан Түркіменстан мемлекеті көш бастап тұр. Бұл мемлекет адам басына шаққанда тәулігіне 16,3 мың литр су қолданады. Келесі кезекте Чили мен Гайана тұрса, олардан кейін Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері тұр. Бұл елдерде бір адам тәулігіне сәйкесінше 4,8 мың, 4,5 мың және 4,3 мың литр су тұтынады. Ал АҚШ мемлекеті бір адамға 3,8 мың литр көрсеткішпен жетінші орында тұр. Мамандардың пайымдауынша, Орталық Азия елдерінде суды тұтынудың мұндай жоғары деңгейі су тарифтерінің төмендігімен байланысты.

Деректерге сәйкес, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырым. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше шақырымы су қоймаларында, 101 текше шақырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Мәселен, трансшекаралық өзендер арқылы бізге жылына Ресейден 8 текше шақырым, Қытайдан 19 текше шақырым, Өзбекстаннан 15 текше шақырым, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су келеді екен. Яғни, өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан келетін болса, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде қалыптасады.

Инфографика: Амина Темірханова Дереккөз: Worldometers

Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, барлық су қабылдағыштан тұрақты суаруға шамамен 11,6 текше шақырым су келеді. Оның 11, 3 текше шақырымы немесе 97%-ы оңтүстіктегі 5 облысқа тиесілі. Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарында жалпы суару алаңы 1,61 млн гектар немесе ел бойынша барлық алаңның 73%-ын құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің дерегінше, елде суармалы жерлердің аумағы 2,2 млн гектар болса, оның 1,6 млн гектары пайдаланылады.

Негізі Алматы облысында – 1,9 текше шақырым, Жетісу облысында – 1,4 текше шақырым, Түркістан облысында – 3,4 текше шақырым, Қызылорда облысында – 3,5 текше шақырым және Жамбыл облысында 1,1 текше шақырым су жиналады. Осы өңірлерде вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жұмыс жоспарын бекіткен болатын.

Эколог Азаматхан Әміртай el.kz сайтына берген сұхбатында қазіргі таңда су мәселесі барша халыққа ортақ, сондықтан оны бірлесіп шешу керек деп санайды.

“Қазақстанда су мәселесін 30 жылдан бері тек қағаз жүзінде шешіп келді. Биылғы жолдауында мемлекет басшысы су мәселесіне қатты көңіл бөліп отыр. Суды үнемдеу мәселесі бойынша арнайы заңдар қабылдау керек. Елімізге ағын судың 80 пайызы көрші елдерден келеді. Сондықтан біз су дипломатиясын дамытуымыз қажет. Сонда ғана су мәселесін шеше аламыз. Ауылдар мен елді-мекендерге су жеткізу мәселесі ақсап тұр, әлі күнге дейін көп ауылдарда ауыз су тіпті, шаруашылыққа су жетпейді. Сондықтан бұл мәселені саяси дәрежеде көтеру маңызды. Су мәселесін шешуге тек мемлекеттің құзыры жетеді. Біз оны кәсіпкерлерден сұрап, талап ете алмаймыз. Бұл мәселені тек қана мемлекет басқарады”
Эколог маманы – Азаматхан Әміртай

Қытай мемлекеті су ресурстарын пайдаланудың жаңа технологиясын қолдануды ұсынды

Қазақстанға жақын әрі стратегиялық әріптес елдердің бірі Қытай мемлекеті аталған мәселені қалай шешіп отыр?

Су тапшылығының алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау қажет? Суды үнемдеп, оның жаңа көздерін табуға бола ма? Қытай мамандары суды үнемдеудің екі жолы барын айтып, елдегі су тапшылығы мәселесін қалай шешіп жатқандарын айтты.

Қытай халықаралық баспасөз орталығының бағдарламасына қатысып жатқан Еуразия және Араб елдерінің 29 журналисі China Urban-Rural компаниясына тиесілі Originwater және Landsky компанияларында болды. Шетелдік БАҚ өкілдері қытайлық мамандардың ауызсу өндіру технологиясымен танысып, қызықтырған сұрақтарын компания өкілдеріне қоя алды.

Суды көп пайдаланған кезде көптеген ағынды су пайда болатыны белгілі. Қытайдың тұрғын үй және құрылыс министрлігінің Қалалық құрылыс статистикалық жылнамасына сәйкес, 2020 жылы Қытайдағы қалалық ағынды сулардың төгілуі 57,1 миллиард тоннаны құраған.

БАҚ өкілдері Чанпин ауданындағы суды қалпына келтіру қондырғысын, дәлірек айтқанда, Originwater әзірлеген мембраналық биореактор (MBR) технологиясын қолданатын Beijing Changping TBD (Science and Technology Business District) суды қалпына келтіру қондырғысы орнатылған зауытты аралады. Originwater вице-президенті Чэнь Чуншэн қондырғының лас суды қалай ауызсуға айналдыратыны туралы айтып, журналистермен бірге зауытты аралады.

Originwater-ны 2001 жылы шетелден оралған ғалымдар құрған.

Компания Чжунгуанцун ұлттық тәуелсіз инновациялық демонстрациялық аймағында жоғары технологиялық кәсіпорын. Ол Қытайдың «лас су, су ресурстары аз және қауіпті ауыз су» мәселелеріне қатысты үш негізгі сұрақты шешу үшін мембраналық технологияның тәуелсіз зерттеулері мен әзірлемелерін пайдаланып, қалада экологиялық ортаны құрудың жалпы шешімдерін ұсынады.

Партком хатшысы және Қытай ауылдық парткомының төрағасы, CURG басқарма төрағасы Ху Годань компания лас суды тазартуда көш бастап келеді.

Қазіргі уақытта Originwater муниципалды және өндірістік ағынды суларды тазарту, теңіз суын тұщыландыру, сулы-батпақты жерлерді қорғау және қайта құру, өзендерді кешенді тазарту, қара және сасық суларды тазарту, муниципалды ландшафт құрылысы, қалалық жарық ортасын салу, қатты су құбырлары және т.б. үшін толық бизнес тізбегін құрды. Сонымен қатар соңғы жылдары Originwater «Белдеу және жол» бастамасының белсенді қатысушысы болды. Қазіргі күні өнімдер Малайзияға, Анголаға және басқа елдерге экспортталып жатыр, — деді ол.

Маман Сауд Арабиясы, Қазақстан және Өзбекстан, жалпы Орталық Азия елдері де Қытай сияқты су ресурстарының жетіспеушілігі сияқты өзекті мәселеге тап болып отырғанын айтты.

Су зауыты 9 гектар аумақты алып жатыр және өнімділігі күніне 100 000 тонна. Originwater дербес әзірлеген MBR технологиясы жоғары мембраналық су өндіру тиімділігі, ластануға төзімділік, ұзақ қызмет ету мерзімі, жоғары бөлу дәлдігі, жоғары денитрификация және фосфорды жою тиімділігі және толық автоматты жұмыс сияқты сипаттамаларға ие. Бұл технология дәстүрлі технологиямен және жердегі тазарту қондырғыларымен салыстырғанда жер учаскесінің 40-50% үнемдеуге мүмкіндік береді. Ол сайын аймақты 15 миллион тонна жоғары сапалы айналымдағы су ресурстарымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар аймақтық су ластануын және су тапшылығын азайтып қана қоймайды, сонымен қатар Хуэйлунгуан аймағында және Оңтүстік Шахе ауданында ағынды суларды жинау және тазарту және айналымдағы суды қайта өңдеу деңгейін жоғарылатады, бұл Бейжіңдегі су ресурстарының тұрақты дамуын қамтамасыз етеді және экологиялық ортаны қорғайды. Ол жергілікті тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуда және іргелес аумақтың тұрақты әлеуметтік, экономикалық және экологиялық дамуына ықпал етуде маңызды рөл атқарды.

Баспасөз туры кезінде шетелдік БАҚ өкілдері Originwater инновациялық мембраналық технологиялар көрме орталығында болып, құрылғылардың қыр-сырымен танысты.

Айта кетейік, Қазақстанда да су тапшылығы мәселесі әлі де шешімін таппай келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдегі су мәселесіне ерекше тоқталған болатын.

Originwater технологиясымен танысып болған журналистер Light Technology музейіне қарай бағыт алды.

Су тапшылығын бірлескен жобалар жоя ала ма?

Әрине, су тапшылығын шешудің бір ұтымды жолы – жаңа технологиялар. Батыстың жаңашыл суару жүйелерін қолдану суды үнемдеуге, тиімді пайдалануға серпін бермек. Бұл бағытты біршама жұмыс істеліп те жатыр. Мәселен, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ирригациялық жүйелерді цифрландырумен айналысатын австралиялық Rubicon Water компаниясының өкілдерімен кездесіп, Қызылорда облысында бірлескен жобаны іске асыру мүмкіндігін талқылады.

Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл жоба алдағы үш айдың ішінде дайын болуы тиіс. Ал осы аптада Rubicon Water сарапшылары қосымша гидрогеологиялық және инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізу үшін Қызылорда облысына келеді.

Компания өкілдерінің айтуынша, жоба – суармалы суды 30% үнемдеуге мүмкіндік бермек. Ал Қазақстанның жекелеген фермерлік шаруашылықтарында іске асырылған осындай жобалар өнімділікті екі есеге жуық арттыруға көмектескен.

Сонымен қатар, Rubicon Water өкілдері еліміздің басқа аймақтарындағы су арналарының жағдайын талдау және бағалау үшін Австралия мен Жаңа Зеландиядан сарапшыларды тартуға дайын. Сондай-ақ, компания өз зауыттарының бірін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін де қарастырып жатыр.

Министр өз кезегінде қазіргі уақытта күш-жігерді бір өңірге шоғырландыру қажет екенін атап өтті. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен бір өңірде сумен қамтамасыз етуден бастап, суармалы алқаптарда суды пайдалануға дейін жобаны толық іске асыру қажет.

Содан кейін басқа облыстарда қолға алу қажет. Қазір елдің оңтүстігінде судың дұрыс бөлінбеу мәселесі өте өзекті болып отыр. Rubicon Water компаниясының Түркістан облысында да жобалары бар.

Бұл шаралар аймақтағы су тапшылығы мен ғаламдық жылынудың салдарларын жеңілдетіп, өзгерістерге бейімделуге сеп болмақ.

Амина Темірханова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар