///

“Наурыз” саяжай қауымдастығы 20 жылдан бері ауыл мәртебесін ала алмай жүр

1332 рет қаралды
1

Алматы іргесіндегі Жамбыл облысы, Қарғалы ауылына қарасты “Наурыз” саяжай қауымдастығында 782 түтін бар. Ауыл халқының жартысы Өзбекстан, Қарақалпақстан және Моңғолиядан көшіп келген этникалық қазақтар. Көбі баспанасын салып, орнығып алғанына қарамастан құжаттары рәсімделмегендіктен тіркеуі басқа жақта. Шамамен 5 мыңға жуық адам тұрып жатқан саяжай ұзақ жылдан бері ИЖС-ке өте алмай келеді.

Бұл туралы ауыл тұрғындары кемі он жылдан бері дабыл қағып келеді. Алайда көңіл бөліп, назар аударған ешкім жоқ. Әзірге ауыл тұрғындары өздері қаржы жинап электр желісін және канализация жүйесін тартып алған.

Наурыз саяжай қауымдастығы төрайымының орынбасары Мадина Іңкәрбекқызының айтуынша, әкімдік ИЖС-ке өту үшін әр үйден 530 мың теңгеден ақша жиналуы керек деп отыр. «Ауыл статусын 20 жылдан бері ала алмай келеміз. Жеке қосалқы шаруашылық пен жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесі де берілмеді. Бұл жерді әрқайсымыз мемлекеттік акт бойынша сатып алғанбыз. Бізге енді ауыл мәртебесін де 530 мыңға сатып алыңдар дейді. Біз бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев назарға алса екен дейміз. Өйткені мәселені жергелікті атқару орган өкілдері жылдар бойы шеше алмай жатыр», – дейді Мадина Іңкәрбекқызы.

Мадина Іңкәрбекқызы

“Наурызға” кіреберістегі бас көшенің бойында жолды жағалай тұрған бір топ мектеп оқушыларын көресіз. Мұнда мектеп құрылысы биыл ғана басталған. Әзірше мұндағы балалар көрші ауылдағы мектептерге қатынап, 4 ауысымда оқуға мәжбүр. Бастауыш сыныпта оқитын балаларын ата-аналар қыста 3-4 шақырымда жатқан көрші ауылдағы мектепке жібереді. Балаларға арналған арнайы автобус жоқ. Сондықтан оқушылар жолдың бойында сағаттап тұрып, такси ұстайды.

Мұнымен қоса саяжайда жол да, көше жарықтары да жоқ. Электр бағаналары қисайып, сымдары әр бұрышта жерге салбырап тұр. Ал бұл мәселелерді өз қаражатына шешкісі келген тұрғындарға әкімдік рұқсат етпей отырған көрінеді. Бұл да баспананың жеке рәсімделмеуіне байланысты болып тұр.

«Балалар сабақтан 21:00-22:00 шамасында қайтады. Жол жоқ, көше қараңғы. Халықпен ақылдасып, өз қалтамыздан шығарған ақшаға жол салдыртқымыз келген. Бізге рұқсат бермей отыр. Өзіміздің кезінде сатып алған жеріміз ғой. Тым құрығанда жол төсетуге неге рұқсат бермейді?», – дейді саяжай тұрғыны.

Билік өкілдері тарапынан жауап алуға әкімдікке барсақ, Қарғалы әкімі орнында болмай шықты. Сауалымызға жауап берген әкім орынбасары Қуаныш Батырбаев ауыл мәртебесін алу үшін саяжайдағы әр тұрғын құжатын жер кадастрына өткізу керегін айтты.

«Құжатын жер кадастрына өткізіп, бағалау актісін жасап келгеннен кейін Е-лицензия арқылы өтініш жазу керек. Мұны біз Жамбыл аудандық архитектура және жер кадастр бөліміне жолдаймыз. Одан кейін шешім шығарамыз. Жалпы процесс осындай. Дәл қазіргі уақытта Наурыз саяжайының өлшемі алынып, кадастр бөліміне жіберілген. Саяжай Қарғалы ауылын кеңейту туралы жоспарға енуі мүмкін», – деді Қуаныш Батырбаев.

Әкім орынбасары саяжайда жеке тұрғын үй құрылысы мәртебесін (ИЖС) алғандар барын айтқанымен оның нақты санын атамады. Саяжай тұрғындары мәселенің 20 жыл бойы шешілмей келе жатқанына қынжылып, бұл ретте жергілікті атқарушы органның қауқарсыз екенін айтып отыр.

Мәтін: Данагүл Науқанова,

Суреттер: Альбина Булатова

Алматы – Қарғалы – Алматы

Бұл жоба Америка халқының көмегі арқасында АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен дайындалды. “Мінбер” ұжымы ақпараттың мазмұнына тікелей жауапты, және де ол ақпарат USAID-тың, немесе АҚШ үкіметінің ұстанымына сай келмеуі мүмкін.
USAID – әлемдегі жетекші халықаралық даму агенттігі және дамуға бастайтын қозғаушы күш. Көбірек ақпарат алу үшін агенттіктің сайтына: https://www.usaid.gov/central-asia-regional және Facebook-тегі USAID Central Asia парақшасына өтіңіз: https://www.facebook.com/USAIDCentralAsia
Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар