///

«Қазақстан халқына» қоры: ауыр дертке шалдыққан науқастар препараттарды қалай ала алады?

954 рет қаралды

“Мінбер” сайтына Алматы облысы, Жамбыл ауданынан өз шағымдарын айтқан ата-аналар гемофилия секілді ауыр дертпен ауыратын балаларына берілетін дәріні “Қазақстан халқына” қоры арқылы алуға қарсы екендіктерін білдірген еді. “Мінбер” тілшісі “Қазақстан халқына” қоры арқылы бұл препараттарды қалай алуға болатындығын қарастырып көрді.  

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының 2024 жылғы жоспарында қордың 57 түрлі бағыт бойынша қаржыландыру қызметін ұсынатыны айтылған. Оның ішінде сирек кездесетін (орфандық) аурулары бар пациенттерге препараттар жеткізу жұмыстары да бар.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен орфандық аурулар ретінде ресми түрде туберкулез, малярия, лейшманиоз, лейкоз, мезотелиома және гемофилия секілді ауыр дерттер бекітілген.

Қоғамдық қордан көмек алу үшін өтініш жіберу цифрлық платформалар арқылы жүреді. Қор бұрыннан үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейтіндіктен көмек алу туралы өтінімді «Қазақстан халқына» қоры қабылдамаса, басқа үкіметтік емес ұйымдар қарап, қаржыландыруы мүмкін.

Яғни сіз бір өтініш арқылы бір уақытта барлық ҮЕҰ-ға өтініш жібере аласыз. Егер көмек алушы eGov порталына тіркелген болса, жеке деректер автоматты түрде тексерілетін болады. Өтінішті NCALayer бағдарламасы орнатылған ноутбук немесе компьютер арқылы жібересіз. eGov порталы арқылы өту керек болғандықтан ЭЦҚ кілтіңіздің болғаны абзал.

ЭЦҚ кілт 16 жастан бастап беріледі. Оған дейін балаға қатысты барлық процестерге ата-анасының ЭЦҚ кілті қолданылады. Өтінішті atamekenim.kz сайты арқылы жібере аласыз. Оның орындалуының барлық кезеңдерін де осы сайттағы жеке кабинетіңізден бақылауға болады. Өтініш жіберу кезінде қай саладан жәрдем керегін таңдау қажет.

Медициналық көмек көрсетуді таңдасаңыз, науқастың нақты қандай сырқаты барын көрсетіп, жағдайдың қаншалықты шұғыл екенін жеткізесіз. Одан соң медициналық құжаттарды да қоса бекіту керек. Ары қарай сіз жататын халықтың санатын жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйым деректер базасы арқылы жеке мәліметтеріңізді тексереді. Қажет болса сізден қосымша құжаттарды сұратуы мүмкін.

Осыдан соң жиналған құжаттар пакеті қордың ҮЕҰ-мен бірлесе жұмыс жасайтын бөлімшесіне жіберіледі. Қаржыландыру көлемі нақтыланған соң өтінішті қордың сараптамалық комитеті қарап, баға береді. Сараптамалық комитет құрамына мемлекет органдары өкілдері, жергілікті және халықаралық сарапшылар кіреді. Олардың қарауынан соң өтініш қордың басқармасына өтеді. Соңғы шешім де осы тұста қабылданады.

Басқарма өкілдері мақұлдаса қаражат сіздің өтінішіңізді қараған ҮЕҰ шотына аударылады. «Қазақстан халқына» қоры өткен жылы 16,1 млрд теңгеден астам сомаға өмірге қауіп төндіретін және созылмалы ауыр сырқаты бар 236 науқасты дәрілік заттармен қамтамасыз еткен. Олардың 230-ы сирек кездесетін, яғни орфандық аурулары бар науқас, олардың ішінде 204-і бала. Қан тамырлы ісігі бар – гемангиома диагнозы қойылған 120-дан астам бала лазерлік ем қабылдап жатыр.

Денсаулығына байланысты өтініш берушілер арасында нейробластома, гомоцистинурия, лимфангиолейомиоматоз, муковисцидоз, жұлынның бұлшық ет атрофиясы, жасөспірімдік идиопатиялық артрит, ахондроплазия, гемофилия, эпилепсия, өкпе артериялық гипертензиясы, тұқым қуалайтын ангионевротикалық ісіну сияқты онкологиялық, онкогематологиялық, генетикалық аурулар бойынша диагноз қойылған балаларға басымдық беріледі.

Данагүл Науқанова. 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар