1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні әлемде атап өтілді. Елімізде бұл мейрам 1950 жылдан бері тойланып келеді. Басты мақсаты — ересектерге балалардың өмірін, денсаулығын, құқығын қорғап, бақытты балалық шақты қамтамасыз ету міндетін тағы бір еске салу. Жылына бір рет балаларға сыйлық сыйлап, қолдарына шар ұстатудан бөлек, күнделікті балалар құқығы елімізде қорғалып жатыр ма? Балалардың әл-ауқаты қандай? Бұл жауапкершілікті ата-аналар қалай атқарып жатыр? Minber.kz сайты осы сұрақтардың жауабын қарастырып көрді.
Демографиялық Статистика
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы ақпаратына сәйкес Қазақстан Республикасындағы 0-17 жас аралығындағы бала саны — 6 738 017. Ал жынысы мен жасы бойынша саны ең көп бүлдіршіндердің жасы 1-де. Қыздарға қарағанда ұлдардың саны жоғары.
Бала санын облыс бойынша қарастыратын болсақ, ең көп балалар Түркістан облысында (917 511) тұрса, ең аз көрсеткіш Ұлытау облысына (74 749) тиесілі.
Қазақстандағы Бала қауіпсіздігі мен әл-ауқаты
Бала Құқықтары туралы Конвенцияны қолдау мақсатында ДДҰ, ЮНИСЕФ және CAP 2030 әзірлеген “Балалардың денсаулығы мен әл-ауқаты туралы” ақпараттық панельде әлем елдеріндегі балалардың әлеуметтік жағдайы берілген. Салыстырмалы түрде Қазақстанда жағдай жақсы. Десе де, бірнеше бөлімдерде ақпарат “қолжетімсіз”. Ана сүтін алмастыру мен интимдік серіктестің зорлық-зомбылығы категорияларында “орташа прогресс” деген көрсеткіш тұр. Қалғанында “жақсы прогресс” немесе “ақпарат жоқ”.
El.kz ақпарат агенттігінің дерегіне сәйкес 2024 жылдың басынан бері (жарияланым 20.05.2024) 101 бала терезеден құлаған. 24.kz-тің мәліметінше, жыл сайын үш жүзге жуық бала терезеден құлайды. 2023 жылы мың жарымға жуық адам терезеден құлап кетті. Оның 507-сі бала. 26-сы мерт болған.
Ал 2022 жылы 250 бала мертігіп, 21 бала мерт болған. Бұдан 3 жыл бұрын 260 бала мертігіп, 28 бала көз жұмды.
ҰШМҮО басқарма төрағасының стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Асхат Сапаровтың айтуынша, терезеден құлап мерт болған балалар саны жылдан жылға өсіп келеді.
2024 жыл басталғаннан бері ақпан айына дейін 15 бала жол апатынан қайтыс болды. Бұл туралы khabar.kz ІІМ өкілдерінің дерегіне сүйене отырып хабарлаған. Олардың 12-сі көлікте отырып, жүргізушілердің салғырттығынан қайтыс болған.
Sla.kazguu.kz мәліметінше Қазақстанда жыл сайын 1,5 мыңға жуық адам жоғалады, оның 20%-ы балалар. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары порталының дерегіне сәйкес Qamqor.kz. Қазақстанда 2,5 мыңға жуық ересек адам мен 200 бала жоғалып кетті. Көп жағдайда адамдар Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облысында жоғалады. Сондай-ақ, Түркістан және Қарағанды өңірлерінде жоғалу деңгейі жоғары.
Атырау қаласының полиция департаментінің айтуынша, жасөспірімдердің үйден кетуі көбінесе отбасындағы зорлық-зомбылыққа, қиын жағдайға, тәрбиедегі қателіктерге, сондай-ақ баланың ішкі проблемаларына, қоғамның, достардың және мектептің ықпалына байланысты болуы мүмкін.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизеннің Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында, ол еліміздегі балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық проблемасын айтып өтті:
— Қазақстанда балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстардың 40 пайыздан астамын құрайды. 2021 жылы балаларға қарсы 2088 қылмыс тіркелді, оның 913-і жыныстық сипатта болды. Бұл құқық қорғау органдарында тіркелген жағдайлар ғана, бірақ олардың кейбіреулері зорлық-зомбылықтың жасырын сипатына байланысты ашылмай қалуы мүмкін. Қазақстанда балаларға қатысты физикалық және эмоционалдық зорлық-зомбылық жиі кездеседі. 15 жасқа дейінгі балалардың 52,7 пайызы үйде зорлық-зомбылыққа тап болады; балалардың 66,2 пайызы мектептерде зорлық-зомбылық пен буллингке ұшырайды. Интернат мекемелеріндегі балалардың да қатыгездікке ұшырау қаупі жоғары.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2022 жылы балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған, ал олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар саны – 719 жағдайды құраған. Ulysmedia.kz. сайтына берген сұхбатында “НеМолчи” зорлық-зомбылыққа қарсы қоғамдық қозғалыс қорының негізін қалаушы Дина Тансари елімізде күн сайын екі бала зорланатынын атап өтті. Сондай-ақ ол соңғы 1,5 айдың ішінде (сұхбат 26.10.2023 болған) Қордың сенім телефонына Қазақстанның жүздеген азаматтары қоңырау шалғанын, ұйым: 2 баланы өлімі, 18 жас кәмелетке толмағандарды қудалау, балабақшаларда, мектептерде және тұрғын үйде болған 30 ұрып-соғу жайты, 15 баланың зорлық-зомбылық көргенін хабарлады, дейді Ulysmedia.kz. өз дерегінде.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сәйкес Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Олардың ішінде: ерлер – 1476, әйелдер – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі 31 жастан 40 жасқа дейінгі адамдар. Балаларды күтіп-бағуға арналған алимент бойынша 291 886 атқарушылық іс, бұдан басқа, кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіріп алу туралы 31 493 азаматтық іс қаралған. Осылайша ата-ана борышы мен жауапкершілігінен мыңдаған адам қашып жүрген көрінеді. Оның үстіне, ІІМ атап өткендей, “Тұрмыс” республикалық іс-шарасы барысында өз балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамайтын 8 мың ата-ана есепке қойылған. Оның ішінде мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 201 факті бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруға материалдар жіберілген.
Қазір барлық білім беру ұйымдарында Қазақстан оқушылары мен олардың ата-аналарына тегін консультациялық көмек көрсету бойынша Bala Qorgau жобасы аясында көмек QR коды бар тақтайшалар орналастырылған. Ресурс мектепте, үйде және сыртта қиындықтарға тап болған мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына көмектесуге бағытталған. Балалар мен олардың ата-аналары тақтадан QR кодын сканерлеу арқылы 24/7 сайтқа кіріп, көмекке жүгіне алады.
Бала құқығы
Төменде БАЛА ұғымын айқындау үшін Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Заңның 1-тарауы, 1-бабын ұсынамыз. Негізгі ресурс — law.gov.kz.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысы әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Заңға өзгеріс есебінде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтуға арналған нормалар енгізілді.
зерттеп көремін десеңіз, пайдалы дереккөздер:
Парақшамызға жазылыңыз