//

Аккредитация тәртібі сөз бостандығын шектей ме?

1458 рет қаралды

Өткен аптада, Шілденің 18-інде Мәдениет және ақпарат министрлігі “Ашық нормативтік құқықтық актілер” порталында журналистерді аккредиттеудің және аккредитация картасын берудің типтік ережесінің жобасын жариялады. Содан бері бұл құжат журналистік қауымдастық арасында қызу талқылануда.

“Әділ сөз”, “Құқықтық медиа” секілді кәсіби журналистік ұйымдар бұл құжаттын сөз бостандығына, ҚР Конституциясына қайшы келетіндігін сөз етсе, кейбір журналистер құзырлы министрлікті ақтап пікір қалдыруда. Сонымен Ережеде не айтылған?

Уәкілетті орган журналистерді «ережелерді бұзғаны» үшін аккредиттеуден айыруды, сондай-ақ БАҚ өкілдеріне «өздерін аккредиттеген мемлекеттік органдар мен ұйымдардан алынған ақпаратты өтініш берген бұқаралық ақпарат құралдарында жинауға және таратуға рұқсат беруді» ұсынады. Сондай-ақ аккредиттеуші ұйымдарға «қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып» өз тәртібі мен ережелерін белгілеу ұсынылады.

“Құқықтық медиа” орталығы Ережедегі бұл тұжырымдардың  журналистердің ақпарат таратудағы негізгі және кәсіби құқықтарын бұзатындығын айтады. “Өйткені ол әртүрлі ресурстарда ақпаратты жариялауға тыйым салады, бұл мүлдем негізсіз және қисынсыз. Ақпарат күн сәулесінің жылдамдығымен тарайтын әлеуметтік желілер дәуірінде журналистерге мұндай талаптар қою цензура мен мамандыққа тыйым салудан басқа ештеңе емес, мүлдем мағынасыз норма деп есептейміз.

Сонымен қатар, нормативтік құқықтық актілерді бұзғаны үшін аккредитациядан айыру мемлекеттік органдарға шексіз өкілеттіктер береді, өйткені бұл «регламент» өте түсініксіз ұғым. Журналисті кәсіби борышын өтеу мүмкіндігінен шын мәнінде себепсіз айыру – заңға қайшы.

Осылайша, министрлік мақтанышпен жариялаған және ақпарат пен мемлекеттік органдарға қолжетімділікті жеңілдетуі тиіс «жеңілдетілген» аккредиттеу процедурасы цензураның, тыйым салудың және бақылаудың тағы бір құралына айналады.

Ақпарат министрлігі мен барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті – ақпараттарды жедел жеткізу екенін, журналистердің жұмысына кедергі келтірмеу және сөз бостандығы саласында тыйымдар мен шектеулер орнатпау екенін еске саламыз” делінген мәлімдемеде.

«Құқықтық медиа орталығы», сондай-ақ, заңсыз талаптарды жоюды талап етіп, журналистер қауымын https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15141454 комментарийлерінде ережелермен келіспейтінін білдіруге шақырған.

“Әділ сөз” сөз бостандығын қорғаудың халықаралық қоры “Масс-медиа” туралы заңнан алып тасталынған Ережелер заң аясындағы актілерге енгізіліп жатыр. Кез келген Ереже немесе заң аясындағы актілер заңға қайшы келмеуі тиіс және журналистерге кедергі келтірмегені абзал” делінген қордың ресми сайтындағы мәлімдемесінде.

Төрт пунктен тұратын бұл мәлімдемеде жаңа аккредитация Ережесінің неліктен заңға қайшы екендігі айтылады:

  1. Жобада аккредиттеудің ережесіне қатысты ең маңызды сауалға жауап берілмеген. ОЛ: аккредитациядан өтпеген журналистердің ақпарат алуға құқы бар ма, жоқ па? 

“Масс-медиа” туралы заңның 26 бабы 3 тармағында журналистің жалпы құқығы айтылған. Онда: ақпаратты алу; мемлекеттік органдарға бару; барлық меншік нысанындағы ұйымдар және олардың лауазымды тұлғаларының қабылдауы; аудиовизуальды техниканы пайдалана отырып жазба жұмыстарын жүргізу; мемлекеттік құпиялар мен өзге де заңмен қорғалған құпия ақпараттан өзге құжаттар мен материалдарға қол жеткізу, т.б.

“Масс-медиа” туралы заңда аккредитацияға қатысты өзге де нормалар бар, алайда олардың ешқайсысында аккредитациясы жоқ журналистердің ақпаратты алуына тыйым салынатыны туралы жазылмаған.

Аккредитациясы жоқ журналист өз құқығынан айырылмауы керек. Аккредиттелген журналистер тек алдын ала хабарландыру немесе алдын ала дайындалған құжаттарға қол жеткізу секілді артықшылықтарға ғана ие болуы тиіс. Ал мемлекеттік және өзге де мекемелер аккредитациядан өтпеген журналистерге ресми хабарламалар жіберуге міндетті.

Конституцияның 20 бабы 2 тармағы бойынша әркім ақпаратты кез келген тыйым салынбаған жолмен алуға және таратуға құқылы. Демек, заң аккредитациядан өткен журналистердің ақпарат алуына тыйым салмаса, кез келген ашық шараларға журналистер жалпы принциптер бойынша, аккредитациядан өтпесе де қатыса алады. 

  2. Аккредитация Ережесінің жобасы мемлекеттік органдардан алынған ақпаратты қоғамның игілігі ретінде қабылдап отырған жоқ. Журналистерге арналған ақпарат авторлық құқық арқылы қорғалған жоқ, сондықтан да ешкімнің жекеменшігі емес. Оны үшінші адамның таратуына ешкім тыйым сала алмайды.

Журналистерді аккредиттеудің типтік Ережесінің жобасында 10 nармақтың бірінші тармақшасында журналист алған ақпаратын тек өтініш берген ақпарат құралдарында ғана жариялауды талап ету жоғарыдағы Конституцияның 20 бабына қайшы келеді.  Өйткені тыйым заң арқылы емес, заң аясындағы акт арқылы салынғалы отыр. 

Журналистің барлық міндеті заңда айқын көрсетілген. Аккредитациядан өткен мекеменің ақпаратын тарату секілді қосымша міндеттер заңға қайшы келеді және тәжірибеде мүмкін емес. 

   3. Жоба алдыңғыларынан аккредиттеуші орғанның міндеттерінің орнына (бұл пункттер алынып қалған) аккредитациядан өткен журналистерге жаңа міндеттер жүктелген.

Журналистерді аккредиттеудің типтік Ережесінің мәні аккредитациядан өткен журналистердің ақпаратты жедел және қарапайым жолмен алуына жағдай жасау болуы тиіс еді. Алайда, жаңа жоба аккредитациядан өткізетін мекеменің Ережені өздері дайындап, өз қызметтерінің ерекшелігіне сай өтініштерді қараудың және қабылдаудың уақытын өзі тоқтатуына мүмкіндік беріп отыр. Аккредитациядан өткізетін мекеменің шаралар туралы жедел ақпарат беру, шараларға қатысуды қамтамасыз ету, стенограммалар мен құжаттарды ұсыну секілді міндеттемелері жобада қамтылмаған.

«Әділ сөз» қоры БАҚ және журналистердің жұмыс реттейтін Ережелер ақпаратқа қол жеткізуді қиындатпауы тиіс, керісінше жеңілдетуі тиіс деп есептейді. Ережелерді дайындау кезінде ҚР сөз бостандығына қатысты халықаралық міндеттемелер, Конституция және заңдық нормаларды басшылыққа алу керек.  

фото: Әділ Сөз

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар