//

Әсел Битабар: Өтпей қалған “Орталық Азия + Жапония” саммитіне қатысты бірер ой

2147 рет қаралды
Жапонияның әйгілі манга суретшісі Мори Каорудың салған иллюстрациясы. Source: https://www.mofa.go.jp/mofaj/erp/ca_c/page24_000897.html

Биылғы 9 тамызда Астанада өтуге жоспарланған алғашқы “Орталық Азия + Жапония” саммитіне жапон премьер-министрі Фумио Кишида келе алмады.

“ОРТАЛЫҚ АЗИЯ + ЖАПОНИЯ” ДИАЛОГЫ

Жапон үкімет басшысы Қазақстанға аттанар алдында, Жапонияда  “жойқын жер сілкінісі болу қаупі бар” деген болжам тарады. Кишида Орталық Азия мен Моңғолияға алдын-ала жоспарлаған сапарынан бас тартуын сонымен байланыстырды. Алайда, Кишиданың ел ішіндегі ахуалға басымдық беруін Жапонияда келесі айда өтетін билеуші Либерал-демократ партиясының төрағасын сайлаумен байланыстыратындар да бар. Қандай себеп болса да, кейінге шегерілген саммит енді қашан өтетіні белгісіз. Бұл басқосудың өтпей қалғаны өкінішті, себебі оны өткізу уақыты кездейсоқ таңдалмады.

Тура 20 жыл бұрын, 2004 жылғы тамызда, Жапонияның cол кездегі сыртқы істер министрі Кавагучи Йорико Орталық Азия елдерін (Түркіменстаннан басқа төрт елді) аралап, сол сапары кезінде “Орталық Азия + Жапония” диалогы деген форматты ұсынған еді. Бұл бастама қазір құлағымыз әбден үйреніп қалған “Орталық Азия + 1” форум, саммиттеріне (“1”-дің орнына Оңтүстік Кореяны, Еуропалық Одақты, АҚШ-ты, Қытайды, т.б. қойыңыз) жол сілтеп берді.  Сол кездегі жапон дипломаттарының ойынша, Орталық Азиямен арадағы байланыстардың жаңа кезеңі келді, онда енді мультилатерализм (көпжақты қарым-қатынас) мен аймақтық координацияға назар аударылуға тиіс.

Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Кавагучи Йорико. Source: https://sites.google.com/yoriko-kawaguchi.jp/yoriko/

Яғни, 1990 жж. тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген Орталық Азия мемлекеттері аяққа тұрып жатқанда, олардың егемендігін қолдау үшін екіжақты қарым-қатынас жасау заңды әрі орынды болса, енді өзара ынтымақтастықтың болашақ форматын ойластыру уақыты келді. Жаңа концепцияның авторларының бірі, Жапонияның Өзбекстан мен Тәжікстандағы сол кездегі елшісі Кавато Акио, бұл идеяны өзбек әріптестеріне ұсынғанда, “Орталық Азияда АСЕАН-ға ұқсас аймақтық интеграцияны дамыту бұл аймақтағы барлық елдердің мүддесіне сай келеді, өйткені әрқайсының саяси беделі мен экономикасын күшейте түседі” деп түсіндірді. Сөйтіп,  жапон дипломаттары өздерінің АСЕАН елдерімен әрекеттесу форматын — “АСЕАН + 3 (Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай)” — негізге алып, оны Орталық Азияға бейімдеп, қолданбақ болды.

Алайда, бұл бастама Жапонияның Орталық Азия аймағымен арадағы байланыстарына үлкен серпін берді деп айту қиын. Оған негізгі себеп — Орталық Азия Жапонияның сыртқы саясатында жоғары приоритетке ие емес. Азия Жапон дипломатиясының өзегі десек, Орталық Азия сол бағыттың перифериясында орналасқан. (Тіпті, жапондар Орталық Азияны кейде “Азия” деп те қабылдамайтын сияқты. Мысалы, Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің веб-сайтында Орталық Азия елдері Еуропа елдері тізімінде орналасқан). Сондықтан болар, Жапонияның министрлер кабинеті де, бизнес әлемі де Сыртқы істер министрлігі ұсынған жаңа концепцияға ерекше ықылас танытпады. Оған қоса, “Орталық Азия + Жапония” диалогының тиімді жұмыс істейтін механизмге айналуына басқа да кедергілер болды.

Астанадағы Жапонияның қайтыс болған әскери тұтқындарына арналған ескерткіш. Source: https://www.kz.emb-japan.go.jp/itprtop_ja/index.html

Бір үлкен кедергі — ол экономикалық фактор. Оқырманға түсінікті болу үшін, мынадай қарапайым схеманы қолданайын. Жапонияның сыртқы саясаты үкімет қаржыландыратын дамуға ресми көмек (ДРК, ағылшынша: ODA) пен ірі бизнестің экономикалық мүддесі деген екі бөліктен құралады. Жапонияның экономикалық өсу қарқыны бәсеңдеуіне байланысты оның сыртқа ұсынатын ДРК-нің жалпы көлемі де азайды. Сонымен қатар, нарық экономикасы заңдарымен жұмыс істеуге дағдыланған жапон бизнес қауымдастығы бейтаныс, посткоммунистік Орталық Азия елдерін тартымды нарық деп көрмеді (әлі де көрмейді). Оның үстіне, жаңа бастама жарияланған таймиң Ауғанстандағы соғыспен тұспа-тұс келді: АҚШ-тың “Терроризмге қарсы жаһандық соғысы” барысында Жапон үкіметі ауған экономикасын қалпына келтіруге қыруар ақша құйып, біраз қаржылай жүкті өз мойнына алды.

Екінші маңызды фактор — бұл  Орталық Азиядағы аймақшылдыққа (регионализмге) деген ішкі гравитацияның әлсіздігі. “Орталық Азия + Жапония” диалогы жарияланған уақыт шамасында Орталық Азияның төрт елін біріктірген ұйым — Орталық Азия Ынтымақтастығы Ұйымы  (ОАЫҰ) — өмірін тоқтатты. Естеріңізде болса, 2004 ж. Ресей ОАЫҰ-ға мүше болған соң, 2005 ж. бұл аймақтық құрылым Еуразия экономикалық қоғамдастығына кіріп, ақыры ғайып болды. Оған қоса, Кәрімов дәуіріндегі Өзбекстанның жабық саясаты аймақ ішіндегі өзара ынтымақтастықты тежеп отырды. Мұндай ортада, әрине, аймақтық әрекеттестікке бағытталған қандай да бастамаларды жүзеге асыру қиын болды.

ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС АХУАЛЫ: ҚЫСҚА ШОЛУ

Орталық Азия — жеке-жеке елдерді алғанда да, біртұтас аймақ ретінде де — Жапонияның сыртқы саясатында приоритет болудан ауылы алыс. Бір-біріне географиялық (ортақ шекараның жоқтығы) һәм тарихи байланыс тұрғысынан алшақ елдер үшін бұл заңды да шығар. Қайталаймын: жапон бизнес әлемі, әсіресе ірі корпорациялары, үшін Орталық Азия аса тартымды нарық емес.

2019 жылғы қыркүйек. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Жапонияға сапары кезіндегі ресми қабылдау. Source: https://adolat.uz/ru/news/sostoyalsya-oficialnyj-priem-po-sluchayu-vizita-prezidenta-uzbekistana-v-yaponiyu

Қазақстан — ресми тіркелген жапон компанияларының саны бойынша аймақтық лидер. Екі ел арасындағы байланыстар энергетика, инфрақұрылым құрылысы, тасымалдау, сауда, т.б. салаларды қамтиды. Өзбекстанда, мысалға, Жапонияның Сыртқы сауданы дамыту ұйымының (JETRO) офисі бар.

Алайда, Орталық Азиядағы тұтынушы нарықтың айтарлықтай шағын болуы мен логистикалық шығындардың жоғары болуы (тікелей теңіз тасымалының жоқтығы, аймақ ішіндегі транспорттық инфрақұрылымның жеткілікті дамымағаны) — Жапониямен арадағы сауданың, жалпы экономикалық ынтымақтастықтың ұлғаюына септігін тигізбейтін объектив факторлар.

Оған қоса, жапон бизнесі тәуекелге баруды ұната бермейді, оларға шетел нарығындағы жақсы инвестициялық климат маңызды. Олар “Нақты қандай пайда аламын?”, “Қанша шығын арқалаймын?”, “Капиталымды қалай сақтандыра аламын?” деген сұрақтарды зерделеп, мән-жайды түсініп барып, инвестиция жасағанды қалайды. Сондай-ақ, ірі бизнес ірі пайдаға ұмтылады, шағын жобаларға қызығуы екіталай.

Жапония да Орталық Азия елдерінің негізгі стратегиялық әрі экономикалық серігі емес. Мысалы, бұл аймақта Жапония үшін маңызы басымырақ екі елдің — Қазақстан мен Өзбекстанның — кей экономикалық көрсеткіштерін алайық. Жапония Қазақстанның не топ 10 сауда серігіне, не топ 10 инвесторы тізіміне енбейді. Өзбекстан экономикасында да Жапониядан гөрі, Қытай мен Оңтүстік Кореяның үлесі анағұрлым зор. Өзбекстанның ресми статистикасына сүйенсек, 2023 ж. оның сыртқы сауда айналымында Жапония топ 10-ға кірмеді, ал Қытай #1, Оңтүстік Корея #5 сауда серігі болды. Қазақстанда да жағдай ұқсас.

Ресми статистикаға сай, 2023 ж. Қазақстан Қытаймен шамамен $30 миллиард АҚШ долларына, Оңтүстік Корея шамамен $6 миллиард АҚШ долларына, Жапониямен шамамен $2.2 миллиард АҚШ долларына сауда жасады. Бұған Жапон сыртқы сауда айналымы призмасынан қарасақ, бұл көрсеткіштердің қаншалықты мардымсыз екені тіптен айқын көрінеді. Жапонияның 2023 жылғы сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі 210 триллион иеннен ($1.4 триллион АҚШ долларынан) асты: экспорт 110 триллион иен, импорт 100 триллион иенді құрады.

Десе де, бизнестегі қарым-қатынас потенциалы әлі толық ашылмағанына қарамастан, Жапония мен Орталық Азияның өзара байланыстарында өзіндік тұрақтылық, бірізділік бар. Жапония Орталық Азия елдерімен дипломатиялық қатынас орнатқан соң, іле, 1993 ж., бұл елдерге ДРК беруді бастады. Көлемі салыстырмалы түрде шағын болғанымен, бұл практикасын үзбей жалғастырып келе жатыр. Оның негізгі мақсаты: елдердің әлеуетін дамыту (capacity building). Оның ішіне адами ресурстарды дамыту да кіреді. Атап өтетін бір жайт: Орталық Азияда адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көрсеткіші бойынша көш бастап келе жатқан Қазақстан Жапониядан ДРК-ні алмайды. Қазір Жапон үкіметінің Қазақстанға ұсынатын көмегі шағын көлемді “Шөп тамыры” жобалары аясында жүзеге асып жатыр.

Жалпы, ДРК я басқа көмек тек оның көлемімен өлшенбегені жөн. Яғни, мұнда институттар мен әрекеттесу механизмдерінің қалыптасуы мен көрсетілген көмектің сапасына да көңіл бөлуіміз керек. Атап өтетін бір жайт: Жапон үкіметі көпжақты ынтымақтастықты маңызды бағыт деп санайды. Жапония Орталық Азияға деген ресми көмегін халықаралық ұйымдардың, көпжақты бағдарлама мен жобалардың шеңберінде де көрсетіп келеді (UNDP, ADB, CAREC).

2004 ж. Кавагучи әлгі “Орталық Азия + Жапония” диалогын бастауды ұсынғанда да, “ашық ынтымақтастықты” (үшінші тарапқа ашық болуды) бұл форматтың бір негізгі бағыты ретінде атап өтті. Себебі, жапон дипломатиясы халықаралық ұйымдар мен институттарды (заңдарды, нормаларды, практикаларды) халықаралық тәртіптің негізі деп есептеп, оларды күшейтуді жөн көреді. Қысқасы, Орталық Азия аймағында қызмет етіп жүрген жапон акторлары — елшіліктер, Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігі (JICA), т.с.с. — біраз жылдан бері тәжірибе жинап, бұл ортамен әрекеттесу механизмдерін қалыптастырды. Бұл — өзара байланыстардың масштабы мен қарқынын арттыруға фундамент бар деген сөз.

Орталық Азия мемлекеттеріне келсек, олардың Жапонияны өз көпвекторлы саясатында бір маңызды бағыт ретінде көретіні анық. Мұнда —  меніңше, маңызды әрі өзара байланысты — екі аспекті бар.  Біріншіден, “кім кімге көбірек мұқтаж?” деген сұрақты қойып көрсек, оған “Орталық Азия елдері Жапониямен қарым-қатынасты дамытуға көбірек мұқтаж” деп ойланбастан жауап береміз. Сәйкесінше, олар Жапонияға тартымды кеңістік болу үшін көбірек еңбектенуге тиіс.

Екіншіден, Жапония бұл аймақпен қарым-қатынасында өз нишасын қалыптастырды. Ол орта мерзімде (ұзақ мерзімде де) Орталық Азияның негізгі серігіне айналуды мақсат тұтпайды. Сондықтан да, жапон дипломатиясына әбден тізесі шыққан “бақталастық” (“Great Game” нарративі) призмасын таңу қате: Жапония Орталық Азияда Ресеймен не Қытаймен жарысып жатқан жоқ. Жапондар шектеулі ресурстарын өздеріне экономикалық/прагматикалық (инвестициялық жобалар) және нормативтік (ДРК, экология, көпжақты ынтымақтастық, т.с.с) маңызы бар салаларға жұмсауды жалғастырады. Сосын, әлемдік геосаяси ахуал я Орталық Азиядағы ішкі ахуал Жапонияның сыртқы саясатындағы Орталық Азияның орнын радикал түрде өзгертеді деп ойламаймын. Кем дегенде — қысқа, орта мерзімде. Бірақ, бұл өзара ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге, масштабын арттыруға болмайды деген сөз емес. Керісінше — қазір Жапония-Орталық Азия қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретін жақсы орай туып отыр.

“ОРТАЛЫҚ АЗИЯ + ЖАПОНИЯ” САММИТІ: ЖАҚСЫ ОРАЙ  (ЕДІ)

Біріншіден, “Орталық Азия + Жапония” диалогы деген идеяның 20 жылдығын атап өту тұрғысынан, алғашқы “Орталық Азия + Жапония” саммитін биылғы тамызда өткіземіз деген жоспарда ерекше символизм болды. “Орталық Азия Жапониямен біртұтас аймақ ретінде әрекеттесе, бәріне пайдалы болады” деп, Жапония өзгеден бұрын айтқан еді, алайда өзі әлемдік көшке әлі іліге алмай жүр. Бірқатар мемлекет “Орталық Азия + 1” саммиттерін өткізіп қойғанда, Жапониямен мұндай форматтағы кездесу жақын арада бола ма, жоқ па — әзірге белгісіз.

Екіншіден, 20 жыл бұрынғы контекстімен салыстырғанда, қазір Жапониямен аймақтық ынтымақтасты дамытуға ұтымды сәт туып отыр. Себебі, бүгінгі Орталық Азияда аймақшылдыққа деген ішкі гравитация бар. Бұл — меніңше, ең маңызды фактор. Өйткені, аймақ ішіндегі өзгеріс — оған бас себепкер. Орталық Азиядағы бұл өзгерісті Өзбекстанда 2016 ж. билікке келген Шавкат Мирзиёев бастады, өзге елдер — әсіресе, Қазақстан мен Қырғызстан — бұны қостады. Мирзиёев 2017 ж. алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына  (72-ші сессияға) қатысқанда, “Бүгінгі таңда Өзбекстан Орталық Азия аймағын өз сыртқы саясатының бас приоритеті деп санайды. Және де, бұл — саналы таңдау” деп мәлімдеген-ді.

Бұл мәлімдеме сөз жүзінде ғана қалмай, Орталық Азия елдерінің қолдауымен нақты іске ұласты. 2018 ж. Астанада Орталық Азия мемлекеттері басшыларының  консультативтік кездесуі (ОАМБКК) деген жаңа формат өмірге келді. Өткен аптаның аяғында ОАМБКК VІ басқосуы өтті, және осы басқосу алғашқы “Орталық Азия + Жапония” саммитімен қатар өтуі жоспарлаған-ды. Оған қонақ ретінде Әзірбайжан мемлекет басшысы да қатысты. Иә, Орталық Азияда әртүрлі шешілмеген мәселелер мен жүйелік кемшіліктер көп. Сондықтан, ондағы интеграцияға шектен тыс оптимизммен қарамай, абай болуымыз керек. Дегенмен, аймақтағы мәселелерді шешу үшін, ортақ талқы алаңы мен мерзімді түрде өтетін кездесулердің болғаны жақсы.

Үшіншіден, әлемдік саясат пен Орталық Азияның географиясы призмасынан қарағанда, қазіргі уақыт контексті Орталық Азия мен Жапониядан өзара ынтымақтастықты күшейтуді талап етеді. Атап айтқанда, бірінші фактор — Ресейдің агрессив сыртқы саясаты мен оның Батыс елдерімен дұшпандығы; екіншісі — АҚШ пен Қытайдың бақталасы. Ресей мен Қытай — Орталық Азия мен Жапонияға ортақ көрші. Және де, Орталық Азия екеуімен де оң қарым-қатынасты жалғастырып жатыр. Бүгінге Орталық Азия елдері үшін Ресей факторы шұғыл приоритетке ие.

Ресейдің Украинаға қарсы басқыншы соғысы Орталық Азияға тікелей де, жанама да әсер етіп жатыр. Кремльдің импершіл пиғылы КСРО құрамында болған мемлекеттерді алаңдатпай қоймайтыны анық. Сол себепті, Орталық Азия елдері қазіргі таңда көпвекторлы саясатты бұрынғыдан да релевант деп есептейді. Мысалы, дәл қазір Қазақстанның көпвекторлы саясатының өзегі — ол Ресеймен тығыз қарым-қатынасты жалғастыра отырып, Мәскеудің агрессив амбициясын тежейтін күштер арақатынасын ұстап тұру үшін, белсенді іс-әрекет арқылы басқа векторларды күшейте түсу. Сәйкесінше, “Орталық Азия елдері Жапониямен арадағы қарым-қатынасты тек экономикалық тұрғыдан көреді” деп ойлау — қате.

Қытай факторына келетін болсақ, Вашингтон мен Пекиннің арасындағы қырғи-қабақ соғысына ұқсас қарым-қатынас Орталық Азияға әзірге қатты ықпал етіп жатқан жоқ. Басқаша айтсақ, бұл фактор Орталық Азия үшін шұғыл приоритет емес. Бірақ, Қытай факторы Жапония үшін аса маңызды. Жапонияда 2022 ж. қайта қабылданған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бұл елдің “[Екінші дүниежүзілік] соғыстан кейінгі қауіпсіздіктің ең ауыр және күрделі ортасына” тап болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, бұл стратегия “Қытайдың қазіргі сыртқы саясатындағы ұстанымы мен әскери үрдістері”  Жапония мен халықаралық қоғамдастықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге “бұрын-соңды болмаған ең үлкен стратегиялық сынақ (chōsen/challenge)” боп тұр деген баға берді. Яғни, стратегиялық ортасын осылайша қабылдайтын Жапония үшін АҚШ-пенен одақтас қарым-қатынас топ приоритет боп қала бермек.

 Бұған қосылатын жүк — АҚШ-та биыл өтетін президентті сайлау. Егер Дональд Трамп билікке қайта келсе, Американың сыртқы саясаттағы қадамдарын болжау қиынға соғады. Оқыс оқиғадан я бір-бірін қате түсінуден туған қақтығыс Тайвань үшін соғысқа апара ма деген үрей де жоқ емес. Одан бөлек, алдыңғы Трамп билігі АҚШ одақтастарына “салқын” көзқарасымен ерекшеленді. Сондықтан, “егер Трамп жеңсе, Американың Жапонияға бағытталған қысымы артуы мүмкін” деп алаңдайтындар қатары жетерлік.

Бұның бәрі Жапонияның біраздан бері арқалап жүрген кешенді дилеммаларын айқын көрсетіп отыр:  Американың “кіші серігі” рөлі мен оның жүгі, Қытаймен арадағы күрделі қарым-қатынас, экономикалық күшіне сай келетін стратегиялық көзқарастың (vision) болмауы. Қандай жағдайда да жапон сыртқы саясатының басты назары Үнді-Тынық мұхиты аймағында қала беретіні сөзсіз. Оған дау жоқ. Алайда, Жапония Орталық Азияның стратегиялық маңызы мен потенциалын әлі толығымен түсінбеген сияқты.

Жазып кеткенімдей, Жапония мен Орталық Азия өзара Ресей мен Қытай арқылы көршілес. Ал Орталық Азия елдері қос көршісімен де, Америкамен де оң қарым-қатынасты жалғастырып, мүддесі әртүрлі күштердің өзара әрекеттесе алатын бейтарап кеңістікті ұсынып жатыр. Орталық Азияның АҚШ үшін стратегиялық маңызы төмен болғаны бұл аймақтың бір артықшылығы десек те болатын шығар. Әрине, Жапонияның Орталық Азияға бағытталған сыртқы саясатын Вашингтондағы күн тәртіпке байланыстырып қарастыру дұрыс емес дегенге келісемін. Дегенмен, Орталық Азияның АҚШ пен Қытайдың арасындағы бақталастықтың алаңына айналмауы Жапонияға көбірек еркіндік береді: Токио Орталық Азиядағы дипломатиясына өз мүддесі призмасынан қарай алады.

Оған қоса, орта мен ұзақ мерзімді перспективадан қарасақ, Жапония үшін Орталық Азияның экономикалық тартымдылығы да артуы мүмкін. Бұл әсіресе Орталық Азия мен Жапонияның демографиялық динамикасын салыстырғанда анық көрінеді. Жапонияда бала саны азайып, қоғам қартайып бара жатса, Орталық Азия елдерінде туу көрсеткіші айтарлықтай жоғары деңгейде сақталып, қоғамының 60 %-дан астам бөлігін 15-64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар құрайды.

Қорытындының орнына

Жапония мен Орталық Азия елдерінің бір-біріне топ приоритет болмағаны оларға шешім қабылдауда (салыстырмалы түрде) көбірек “кеңістік” береді. Яғни, аса маңызды мәселелерді тез арада қарастырып, шешімдерді шұғыл түрде жасау деген қысым азырақ па деп ойлаймын. Бұл, өз кезегінде, өзара қарым-қатынасты дамытуға ұзақ мерзімді көкжиектен қарауға, тұрақты дамуға басымдық беретін салаларға көбірек ресурс жұмылдыруға мүмкіндік береді. Тіпті, тұрақты даму Орталық Азия-Жапония қарым-қатынасының өзегі, айқындаушы сипаты болғаны жақсы. Мысалы, Орталық Азия елдерінің күн тәртібінде тұрған энергетикалық ауысу (energy transition)/декарбонизация мәселесін біртұтас аймақ ретінде бірігіп шешуге бел байласа, оларға әсіресе технологиялық тұрғыдан сырттан қолдау қажет болады. Осындайда Жапония сияқты технологиясы озық елдер Орталық Азияның тұрақты дамуына іс жүзінде сапалы әрі салмақты үлес қоса алады.  Бірақ, басқа елдерге қарағанда, Жапонияның бір артықшылығы бар. Орталық Азиялық қоғамдардағы Жапонияның жағымды бейнесі оны үкімет үшін де қолайлы серік етеді.

Биыл қантарда Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігі төменкөміртекті дамыту және өзара іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл қадам декарбонизация, кем дегенде, екі елдің назарында жүргенін аңғартады. Бұдан кейін нақты қандай жобалар жүзеге асып, нәтижесі қандай болады? Орталық Азия елдеріне ортақ, ірі жаңа жобалар іске аса ма? “Орталық Азия + Жапония” саммиті жақын арада өте ме? Орталық Азия-Жапония қарым-қатынасының келесі қадамдарын бірге бақылайық.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар