//

Ойға тұнған оғылан жыр жинағы

3308 рет қаралды

Бауыржан Жақыптың «Білте шамның жарығы»  атты кітабы туралы үзік сыр

 Үндемей қалуға еркім де, қақым да жоқ бір тылсым сезім бойымды билеп, «Білте шамның жарығын» қолыма алдым.  Алабұртып, Алакөлдей толқыған көңілім сап тауып, сабасына түсе бастады.

«Білте шамның жарығы». Бұл – Бауыржан Өміржанұлының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған кітабының атауы. Бірден көзге түскен кітап бетінен шашыраған қалың нұр қараңғылықты қақырата қаймықтырады. Тас қараңғы түнде жанған жарыққа телміргендей сол нұрға қадалып біраз отырдым. Сонан соң асықпай кітаптың сырлы мұқабасын қайырып, алғашқы бетін аштым. «Рухтың алтын бесігі» Ұлы Абай, Шәкәрімнің туған жерінің топырағын қопара талқандаған –  атом, тап сондай күш-қуатты жыр жинақтағы бірінші өлеңін оқығаннан-ақ сезіндім! Бойымды ой қуаты биледі. Арқа-басым шымырлап әлгі жарық нұр менің тән бойыма, жан жүрегіме еніп бара жатты. Көңілім көк теңізге айналды. Бірде толқып, бірде тынышталады…

 Адамды жылатпаса, адамды қуантпаса, емінтіп емірентпесе, ет-жүрегіңді елжіретпесе, жараңды жазып, мұзыңды ерітіп жылытпаса жыр, жыр бола ма? Бұл Бауыржан Жақып өлеңдерінің мінезі. Ондай өлеңдер қаламының ұшында жүрегінің бір тамшы қаны бар сиямен жазылса керек-ті. Ал атомның қасырет-зардабын қырық жыл аяусыз шексе де құнарлы нәрін жоғалтпаған киелі мекеннің қасиетті топырағынан жаратылған жанның ақын болуы, оның өзегін өртеп өлең-нұр тууы бір есептен табиғи заңдылық сияқты. Осы заңдылық туындысы Бауыржан Өміржанұлының бүкіл, бүтін, барлық шығармаларының алтын арқауы Нұр екен.

Қараңыз: Оның Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықты иеленген, «үміт еткен» (Балқожа би) тұңғыш жыр кітабы – «Көзімнің нұры». Ал бүгінгі Ұлы ақын Абай атындағы Үлкен сыйлыққа ұсынылып отырған толған, толықсыған, ойға тұнған оғылан жыр жинағы – «Білте шамның жарығы». Қос кітаптың арасын жалғап, байланыстырып тұрған жібек арқау – мәңгілік жарық. Бұл жай жарық емес, Қараша үйдің төрінен қараңғыны жарып, «Абайдың Ақ күмбезінен қара өлең болып тарап» қалқып ұшқан – Ең қымбат дүние! Ең бағалы дүние – Өлең! (Бауыржан. Ж).

«Ойлары көк шалғын», адамгершілігі аспани, «ақылға белшесінен батқан» (Хафиз Матаев) толған ақын атынан өшпес оты – өлең-өмірге берген – баға. Осы бір нұр ілімінің ойшыл ақынның ой әлемінің жұлын-жүлгесі екенін автордың өзі де байқамауы да кәдік. Нұр нышаны Бауыржан поэзиясының тұла бойынан бірде сәуле, бірде жарық, ал бірде алтын шапақ арай, бірде от-жалын болып лапылдап жанып жатады. Ол тұтқиылдан қисынсыз жерге қыстырылып, орынсыз килікпейді, кең өрісті, биік саналы, жүйрік қиял, тегеуіріні күшті тәңірлік жаратылыс толқымалы тірліктің қиюын тауып құйылып түседі.

Қоғамның қараңғы қалтарыстары мен бұлтарыстарына, көлеңкесі көп тұстарына жол тапқан нұрлы сәуле, иненің жасуындай саңылаудан сарқырай енген салауатты жарық өмірді өресі биік өжет өлеңге айналдырады.

Азамат ердің ел тағдырын, жер қасыретін жырлаған тұрасы тастай берік пәлсапасы қою, ақиқаттың бетін ашқан  ақық жыр-азаматтық ойлары («Парижде өлген белгісіз қазақ туралы реквием», «Қазақ елі», «Нүкте туралы жыр», «Тамыздың жиырма тоғызы», «Абыралы көтерілісі») жалпы әлемдік кеңістікті шарлайды. Оның көптеген халықтың тіліне аударылған өлең-жырлары жер жүзінің сан мыңдаған оқырманының жүрегінен орын алғаны даусыз.

Бауыржан Жақыптың кез-келген өлеңінің өрісі байтақ, ұлттық реңі бұлттан айық, «Абайдың Қасқабұлағындай» таза, мөлдір, «Әжемнің ұршығындай» ескі, көне, қара өлең қалпында «Жүрегіңе гүл ілген қарындастармен» суретке түскендей «Ел есінде мәңгі қалады».

Өлеңі өтіріксіз, кем-кетіксіз, Абай мен Шәкәрім туған топырақта туып, Ұлы Абайдың ақынға қойған талабын  мүлтіксіз орындаған, өлеңдері «тілге жеңіл, жүрекке жылы», ойға бай бір ақын болса ол – Бауыржан Жақып!

Ал Бауыржан Өміржанұлы Жақыптың биылғы жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Білте шамның жарығы» атты кітабы болса аталған мәртебеге әбден лайық туынды.

***

Кісілікке асқан бай.

Арға толы Ақ маңдай.
Жан шуағы жан екен,
Ақ Нұр шашқан Ақ таңдай.
Өміржанұлы Бауыржан.
Артқан жүгің ауырдан.
Аман жеткен, арғымақ,
Алай-дүлей дауылдан.
Өңменімен оқ бөгеп,
Сорғалаған ащы тер,
самайынан, сауырдан.
Арпа-дәнің – Арқауың,
Аққора атты ауылдан.
Ар-жаныңнан айналдым,
Ар жолында ауырған.
Айналдым, сендей бауырдан!
Өміржанұлы Бауыржан!

           

            Бақытбек Бәмішұлы,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар