/////

Қостанайдағы тренинг: Өңірлердегі журналистер үшін таптырмас мүмкіндік болды

3262 рет қаралды

«Мінбер» журналистерді қолдау орталығы Қостанай журналистеріне арналған «Дата журналистика және жасанды интеллект шеберханасы» тренингін 27-28 шілде күндері өткізді. Тренингке қатысуға қызығушылық танытып, өтінім ұсынған 25 журналистің 18-і іріктеуден сәтті өтті. Олар Қостанай қаласы мен Сарыкөл ауданынан.

Қызықты өткен тренерлер мен қатысушылардың танысуынан кейін қатысушылар іске кірісті. Бірінші күні өткізілген сессияларда ақпаратқа қол жеткізу, дата журналистика, ашық дата және жасанды интеллект тақырыптарының теориясы түсіндірілді. Тренинг барысында бұл тақырыптардың теориясы ғана түсіндіріліп қоймай, оған қоса ИПДО бастамалары мен дата визуализация сияқты тақырыптар тәжірибедегі жаттығулармен бекітілді. Күннің соңында қатысушыларға үй тапсырмасы берілді және өткен күн қорытындыланды.

Екінші күн қатысушылардың үй тапсырмасын қабылдау және үй тапсырмасын тренерлер алдында қорғаудан басталды. Әр қатысушы үй тапсырмасын орындау, қорғау деңгейіне қарай балл жинады. Балл тек үй тапсырмасын орындағаны үшін ғана берілген жоқ, тренерлер сессия барысында белсенді болған қатысушылардың барлығына балл тағайындап отырды. Жиналған ұпай санына қатысушылар тренингтің жабылу салтанатында «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының арнайы дайындаған бренд өнімін сыйға алды.

Екінші күні тренерлер жоғарыда көрсетілген тақырыптарға тереңірек үңіліп, практикалық жаттығулар, топтық жұмыстар, болашақ жобаның тақырыбын таңдау бағытында әр топтағы қатысушылармен бірге жұмыс жасады. Топпен жекелеген жұмыс жасау тәсілі қатысушылардың тақырыпты оңай таңдауына, тақырыпқа қатысты датаны іздеу қабілетін дамытуға, тақырып бойынша жобаны жазу барысын жеңіл түсінуіне жақсы көмектесті.

Естеріңізге сала кетейік, «Дата журналистика және жасанды интеллект шеберханасы» тренингі еліміздің үш өңірін қамтыды, атап айтсақ Павлодар, Ақтөбе және Қостанай қалаларында өтті. Қатысушылар тренингке қатысу арқылы тренинг соңындағы байқауға жоба тапсыру міндетін алған. Белгіленген мерзімде жобалар жиналып, іріктеуден өтіп, жарияланады. Байқауда үздік деп танылған «Мінбердің» 15 жылдығы, ERG компаниясының 30 жылдығына орай Алматы қаласында өтетін «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестиваліне жолдама алады және бағалы сыйлықтарға ие болады.

Тренингтер легі аяқталды, үш өңірдің журналистері жобаларын дайындап, жазып, тапсырып жатыр.

Қостанай қаласында 27-28 маусым аралығында ұйымдастырылған «Дата журналистика және жасанды интеллект шеберханасы» тренингі 28 шілде күні қорытындыланып, қатысушыларға сертификаттар мен бренд өнімдер табысталды.

Тренинг дәстүрлі түрде «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының 15 жылдығына арналған мерекелік тортпен аяқталды.

Анель Пимичева, «Қостанай» телеарнасының редакторы:

– Менің ойымша бұл тренинг әсіресе қазақ тілді тілшілер үшін өте маңызды тренинг болды. Себебі, бұл біздің аудиториямызды көбейтуге таптырмас мүмкіндік. Қазіргі таңда жасанды интеллект бір орында тұрмайды, технологиялар дамып жатыр, ал біз осы заманға сай, заманауи ақпарат беріп, оны әдемі вижуалмен көрсетуіміз керек. Тренинг мен үшін жарқын адамдар, керемет атмсофера және тың ақпаратпен байланысты.

Аслан Қанғожин, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы:

– Біз үшін жасанды интеллек туралы көп мағлұматтар тың болды. Дата журналистика туралы тереңірек білдік. Ақпарат өте көп болды, оны қорыту, реттеу, ол да бір үлкен дүние болып тұр. Мұндай тренингтер, семинарлар біз сияқты өңірдегі журналистерге өте қажет. Тренинг мен үшін білім, жаңашылдық және ізденіспен байланысты.

Балауса Қайратқызы, Қостанай өңірлік университетінің студенті:

– Тренингте мен үшін жаңашылдықтар көп болды, менің аларым көп болды. Алған білімді басқаларға да бере аламын. Мінберге көп-көп рахмет! Алдағы жобада тренерлердің бүгінгі көрсеткен, үйреткен еңбегін ақтап, жобаны жақсы алып шығамыз деп ойлаймын. Тренинг мен үшін кеңістік, жаңашылдық және мүмкіндіктермен байланысты.

Бибіт Мирамұлы, «Қостанай» телеарнасының тілшісі:

– Тренингтен басты үш нәрсе күткен едім. Ол біріншісі пайдалы ақпарат, тың дерек және өзіме қажетті инсайттар. Мен осы жерден барлығын да алдым десем болады. Пайдалы ақпарат болса, жасанды интеллект, бұрын біз тек бір бағытын көрсек, бүгін басқаша бағыттарын көрдік. Ал тың дерек деген, қандай да бір құжаттарды болмаса, әлеуметтік желіден қарайтын болсақ, әкімдердің есебін күтетінбіз немесе тағы да басқа құжаттарды күтіп, қайта-қайта қоңырау шалып немесе хат жолдайтынбыз. Бүгін басқа дереккөздер арқылы, мысалы statgov сияқты дереккөздерден ақпаратты қарап, сол жерден тың дерек, тың ақпаратты алуға болатынын білдік. Тренинг мен үшін жаңашыл жас буынға жаңа орта, пайдалы ақпараттардың қайнар көзі және білімділер мен біліктілер білімін кеңейтетін орта дер едім.

Тренинг осындай жақсы көңіл-күймен, қатысушылар мен тренерлердің бір-біріне ризашылығымен аяқталды. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін байқауға жобалар жинайды. Байқауда жобалар қаралып, іріктеліп, үздіктер анықталғаннан кейін, материалдар жарияланады. Ал үздіктер қазан айында Алматы қаласында «Дата журналистика және жасанды интеллект» фестиваліне келеді. Жобаңызды жазып, байқауға ұсыныңыз! Күзде Алматыда кездескенше!

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар