////

Үкімет АЭС салу бойынша референдум өткізуге қатысты қаулы қабылдады

1440 рет қаралды

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады. Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысына ғалымдар қатысып, еліміздегі атом энергетикасын дамытудың перспективалары қаралды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқанын және бұл саланың келешегі зор екенін атап өтті. “Бүгінде елімізде ядролық отын өндірісі толықтай дерлік игерілген, шағын реакторларды пайдалану тәжірибесі жинақталды. Бұл бағытта мамандар мен ғалымдарымыз да бар. Кадр даярлауға да көңіл бөлініп келеді. Сондықтан атом энергетикасын дамытудың келесі кезеңіне көшу дұрыс қадам болып отыр. Бұл әсіресе, еліміздің энергетикалық инфрақұрылымына жүктеме артуының маңызы айрықша”, – деді Олжас Бектенов.

Мәселені талқылау қорытындысы бойынша энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Республикалық референдум өткізу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасы туралы» Үкімет қаулысының жобасын қарауға енгізуге ұсыныс жасады.

Премьер-Министрдің айтуынша бүгінде Қазақстан энергетикалық қуат тапшылығын тартып отыр, егер мәселені осы бастан шешпесе, онда экономиканың әрі қарай өсуіне қажетті электр энергиясын үлкен көлемде сатып алуға тура келеді екен.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше бүгінде әлемнің 31 елінде 415 ядролық энергоблок жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 15 мемлекетте, соның ішінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания мен Түркияда жаңадан 61 атом станциясының құрылысы жүріп жатқаны туралы да айтылды.

Мәселенің маңыздылығы мен өзектілігі жаһандық күн тәртібінде тұрған көміртегі бейтараптығына қатысты та арта беретіні жайлы баяндалды.

Үкімет басшысының сөзінен белгілі болғандай жаңартылатын қуат көздері тұрақты энергиямен қамтамасыз ете алмайды екен. “Қазақстанда су электр стансаларының әлеуеті шектеулі, өйткені энергия өндіру үшін талапқа сай келетін өзендер жоқтың қасы. Бүгінде елімізде ЖЭО-ның кейбірін газға ауыстырып, жаңа бу-газ қондырғыларын салып жатырмыз. Алайда, экономиканың дамуы мен халық санының өсуін ескерсек, келешекте ол да электр энергиясының тапшылығын жабуға жеткіліксіз болады. Атом энергетикасын дамыту – біз үшін болашағы өте зор бағыт”, – деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, Қазақстанда Атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда оны жобалау, салу және пайдалану кезінде МАГАТЭ-нің халықаралық қауіпсіздік стандарттары қатаң басшылыққа алынатынына баса назар аударылды.

“Оған қоса шикізат базасы өзімізде, яғни уран бағасының ауытқуы бізге әсерін тигізбейді және бұл электр энергиясына тұрақты әрі болжамды тарифтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біздің еліміз сияқты ең көп энергия пайдаланатын экономиканы дамытуға дәл осы атом энергетикасы негіз болып, халықтың тұрмыс деңгейін одан әрі арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, атом энергетикасы экономиканың көптеген салаларында инновацияларды қолдануға ынталандырады. Әрі отандық өнеркәсіптің дамуына да үлкен серпін береді. Сондықтан біз өзімізде баламасы жоқ тұрақты және сенімді энергия көзінен тыс қала алмаймыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет отырысында қарауға қойылған мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беру рәсімі жүргізілді. Үкіметке ұсынылған қаулының жобасы бірауыздан қолдау тапты.

Ендігі кезекте жарлық жобасын энергетика министрлігі  мен Үкімет аппараты бірлесіп Президент Әкімшілігіне енгізу үшін дайындайды.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар