Қытайдан атажұртына оралған қандастардың балаларын мұндағы мектептердің қабылдамай жатқаны туралы желіде Алтайдан ертеректе көшіп келген қандасымыз Серік Мұратхан жазған болатын. Ол Facebook-тағы жазбасында жиені Аймауыт Ардаққызын Алматыдағы жалпы орта білім беретін мектептердің қабылдамай қойғанын айтқан.
Серік Мұратхан: МИНИСТРДІҢ БҰЙРЫҒЫ НАҚТЫ ЕМЕС, ЕКІҰШТЫ
Қазақстанда туып-өскен Аймауыт биыл 7-сыныпқа көшіп отыр. Ата-анасы екі ел арасындағы кейбір саяси мәселелерге байланысты Қытайға қайтып кетеді. Содан бері ол әпкесімен бірге Астанада тұрып, сол жақтағы мектепте оқыған. Қазір әпкесі Ақжайықтың Алматыға оқуға түсуіне байланысты екеуі де оңтүстік астанаға көшіп келіп отыр.
«Аймауыт әпкесімен бірге Алматы қаласына ауысып, Абай атындағы ҚазҰПУ-ға жақын жерде пәтер жалдап, тіркеуге тұрып, тіркеу бойынша баруға тиісті Алматыдағы 104 нөмірлі мектепке барады. Алайда мектеп директоры Айза Алпамысқызы әке-шешесі шекара сыртында қалған жас бүлдіршінді кеудесінен итеріп, 18 жастан асқан әпкесі Ақжайық Ардаққызына берген әке-шешесінің сенімхатын жарамсыз деп тауып, баланы мектепке қабылдау үшін тек қана ата-анасы болу керек, әке-шешесі жоқ балалар білім алуы қиын, білім бөліміне барыңдар, болмаса қамқоршылық (опекунство) болуы керек деген. Қазақстанда туған, қасында 18 жастан асқан туған әпкесі бар, әке-шешесінің сенімхаты бар Аймауытты әпкең тым жас екен деп мектепке қабылдамаған директор ісі қаншалықты заңды?», – делінген әлжелідегі жазбада.
Қазақстанда баланы қамқоршылыққа, қорғаншылыққа қабылдаудың негізгі шарттарында былай делінген: баланың ата-анасының қайтыс болу туралы куәлігі немесе хабарлама, ата-ананы ата-ана құқықтарынан айыру, олардың ата-ана құқықтарын шектеу, ата-анасын хабарсыз кетті, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектелген) деп тану, оларды қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуi туралы сот үкімі, ата-аналардың іздестірілуін, баланың (балалардың) ата-анасынан айырып алынғанын, ата-анасының денсаулық сақтау ұйымдарында ұзақ мерзімді емделуін растайтын құжаттар, баланың (балалардың) әдейі тасталғаны туралы акті, баладан(балалардан) бас тарту туралы өтініш. Яғни қамқоршылық алу үшін ата-анасы осы аталған санаттың біріне кіруі тиіс.
Бірақ бұл ретте Аймауыттың ата-анасы тірі, олар қыздарынан бас тартпаған. Қыздарын аяқтай келіп, өздері мектепке тапсырайын десе геосаяси қатынастарға байланыста елге оралуға мүмкіндіктері болмай тұр. Мұндайда қайтпек керегін сұрап, министрлік пен Алматы қаласының білім бөліміне сұрау жолдағанбыз.
Білім бөлімінен редакцияға мынадай жауап келді: «Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі № 468 бұйрығының 2-тарауының 3-тармағына сәйкес, 16 жасқа толмаған шетелдік және азаматтығы жоқ балалардың ата-анасы немесе заңды өкілдері баласын белгілі бір білім беру ұйымына орналастыруға жолдама алу үшін облыс, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беру саласын басқару органына жүгініп, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға құқық берілген құжатты ұсынады. Осылайша, жолдама алу үшін баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілі Алматы қаласы Білім басқармасының кеңсесіне (фронт-офис) өтініш беруі қажет».
Серік Мұратхан бұл мәселеде фронт офистің көмегі жоғын айтады. Оның айтуынша, мемлекет “қамқоршылық” туралы құжаттың нақты не екенін ашып айтуға батпай отыр. Осы ретте Серік Мұратхан Білім басқармаларының әрекеттері қаншалықты заңды деген сауалмен бірнеше заңгерге жүгініпті. Заңгерлер аталған бұйрықтың екіұшты екенін айтыпты.
“Бірінші: балалар ата анасы бар. Сенімхатта туған туыстары бар. Екінші шетел азаматтарына Қазақстан заң бойынша қамқоршы тағайындай алмайды. Үшінші ата анасы ата аналық құқығынан бас тартып отырған жоқ. Осыған байланысты оқу ағарту минстірлігінің бұйрығында заңдық жауапкершілік айқындалмаған” деді дейді ол.
Майгүл Сұлтан: №468 БҰЙРЫҚҚА “ҰЛТЫ ҚАЗАҚ АЗАМАТЫНАН ӨЗГЕ” ДЕГЕН ЖАЛҚЫ СӨЙЛЕМ ҚОСЫЛСА, МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕДІ
Дәл осы мәселені көтеріп жүрген журналист Майгүл Сұлтан өзінің фейсбук парақшасында “ҚАНДАСТАРДЫ САНДАЛТҚАН № 468 БҰЙРЫҚ” деген тақырыппен көлемді пост жариялаған екен.
Майгүл бұл жазбасының фейсбукте бірнеше рет өшірілгенін айтады.
Оның жазуынша 2010 жылғы 28 қыркүйекте қабылданған бұйрықтың тек он төрт жылдан кейін ғана жүзеге асып жатыр екен. “Жоғарыдағы бұйрықты көлденең тартып мектеп түгіл Қалалық білім басқармасы шетелден келген ҚАЗАҚтың баласын мектепке кіргізбей отыр. Сонда талап етіп отырғаны – Қандас куәлігі”.
Алайда өкініштісі, “Қандас мәртебесін” алудың да өз қиямет-қайымы бар. Майгүл Сұлтан ол мәртебеге қол жеткізу үшін бірнеше шарттың орындалуы қажет дейді. Олар:
“Соның бірі – өз атыңда немесе туған тіке туысыңның атында үйіңнің болуы.
Қоғам қайраткері Ауыт Мұқибек аталған бұйрық пен «Білім туралы» заңның бір-біріне сәйкес келмейтінін айтады:
– Айталық, «Білім туралы» Заңның 66-бабында «Шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыру» туралы бір емес, ҮШ НОРМА бар. Соның бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар», – деп жазылған.
Бұл – өте тиімді норма!
Бірақ, Бақытжан Жұмағұлов министр болып тұрған кезде шыққан Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 28 қыркүйектегі N468 Бұйрығы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың сол ҚҰҚЫҒЫН бүкілдей шектеп тастаған.
Осыған орай, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырзаға арнайы хат жолдап, бұл бұйрықты қайта қарауды, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың мектепке түсуін аталған құқығы негізінде, мектеп директорларының деңгейінде шешіп беруін өтіндім.
Министр Ғани Бектайұлының бұл мәселеден өзінің де хабары болса керек, өтінішімді өте жылы қабылдады және Мектепке дейінгі және орта білім беру Комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевке шұғыл тапсырма берді.
Осы жерде айта кетейін, аталған 66-баптың негізінде N468 Бұйрыққа енгізілуі керек өзгерістің немесе толықтырудың жобасын да ұсынып, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың білім беру ұйымдарын анықтау барысында білім басқармасына емес, мектепке өтініш жасап, 1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын 16 жасқа дейінгі ұлты қазақ адамдардың ұлтын анықтайтын құжат; 2) Ата-анансының біреуі Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын болса, оның жазбаша келісімі; 3) Ата-анансының екеуі де Қазақстанда тұрақты тіркеуде тұрмайтын болса, олардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және (немесе) Қазақстан Республикасында тұрақты тіркеуде тұратын туыстарына берген сенімхаты; 4) Сенімхат иесінің баланың өмірі мен қауіпсіздігіне байланысты жауапкершілікті өзіне алғаны туралы келісімі арқылы бұл мәселенің мектеп директорының деңгейінде шешілуін өтіндім.
Қазір бұл ұсынысымның министр Ғани Бейсенбаевтың өзінің тікелей бақылауында екенін жақсы білемін. Алла қаласа, бұл мәселенің алдағы күнде шешімін табатынына сенімдімін.
“Мінбер” өз оқырмандарын министрліктің жауабымен міндетті түрде таныстыратын болады.
Данагүл Науқанова,
Арнайы “Мінбер” үшін