//

 Зауыттан шыққан иістен ауру болдық: Kz recycling зауыты тұрғындардың тыныс алуына кедергі

1486 рет қаралды

Алматы қаласының шетінде, Алтын орда базарының артындағы қаңырап бос жатқан алқапқа қазір көпқабатты үйлер түсіп кеткен. 5 және 9 қабаттан тұратын тұрғын үйлер 2022 жылы қолданысқа берілген. Бұл шағын ауданның өзі екіге бөлінеді. Бес қабатты үйлер Алма сити 5 деп аталса, 9 қабаттан тұратын үйлер Алма сити 5/2 тұрғын үй кешеніне жатады. Бұл үйлерді Qazaq stroy компаниясы мемлекеттік тапсырыспен салған. Үйлердің шамамен 70 пайызы әлеуметтік жағдайымен үй кезегіне тұрған отбасыларға үлестірілген. Қалған 30 пайызы ипотекамен сатылған. Жеке үйімізге әрең қолымыз жетті ау деген көпшілік тұрғынның қуанышы көпке созылмады. Оған себеп, тұрғын үйдің дәл қасында орналасқан Kz recycling картон шығаратын зауытынан шығатын жағымсыз иіс пен түтін. 

Сәулет Көмекбаева, зейнеткер 70 жаста. Алма сити 5 тұрғын үй кешеніне екі жыл бұрын көшіп келген. Бұған дейін ауылда тұрған әженің қалаға көшкеннен кейін денсаулығы күрт нашарлаған. Өмірі ауырып көрмеген өкпе аурулары қозып кеткен. Қиналмай ауа жұту үшін күніне 3 уақыт дәрі ішуге мәжбүр. Сәулет әже денсаулығының нашарлағанын Алма сити 5 тұрғын үй кешенінің дәл қасында орналасқан Kz recycling картон зауытынан көреді. Заводтан шыққан түтіннен көз ашу мүмкін болмай қалады дейді. 

– Таңғы 6-7 шамасында немеремді мектепке шығарып салу үшін далаға шығам. Сол уақытта зауыттан түтін шығып жатады. Бұрқыраған түтіннен айналаңды көру мүмкін емес. 

Көпбалалы ана Айсәуле Ермекпаева да Алма сити 5 те тұрады. Мемлекеттік бағдарламамен үй алғанына маусым айында бір жыл болмақ. Қазір осында екі бөлмелі пәтерде 5 баласымен тұрады. Айсәуленің 7 айлық баласы аллергиямен ауыра бастаған. Өзінің де, басқа балаларының да мұрны бітіп, құрғақ жөтел пайда болды дейді. Көпбалалы ана сау балаларымды ауру қылған қасымыздағы зауыт деп отыр. Айсәуле жауыннан кейін, әсіресе ылғалды ауа райында зауыттан шыққан иіс қолқаны қабады дейді. 

– Балконға киім жайып, терезе ашудан қалдық. Зауыттан шыққан түтіннен бөлек, шыдап тұра алмайтын сасық иіс әбден шырқымызды алды. Есік тереземізді қымтап, амалсыз отыруға мәжбүрміз. 

Ауа құрамын зерттейтін химик, эколог Насиба Байматова өндіріс орнынан атмосфералық ауаға бірнеше зиянды бөлшек тарауы мүмкін деп отыр. Оның ішінде PM2.5 химиялық бөлшегін адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіретін көрінеді. Тыныс алу, аллергиядан бастап шамадан асып кеткен бөлшек тіпті жүрек, қатерлі ісік ауруларымен байланысты аурулардың қаупін арттырады. Жалпы аурулардың қатарына миокард инфарктісі, өкпе рагы, қант диабеті, астма, бронхит, СВДГ, аутизм спектрінің бұзылуы, депрессия, өлі туылу және мерзімінен бұрын босану және т.б.ластанған ауаға ұзақ уақыт әсер ету РМ2.5 мезгілсіз өлімге әкелуі мүмкін аурулардың қосымша қаупін тудырады. 

– Біздің жүргізген есебіміз бойынша басқа ластаушы заттарды есептемегенде, Алматыда  2300, Астанада — 1300, Қазақстан бойынша ауаның ластануынан 10 000 — нан астам адам лас ауадан қайтыс болды. Онсыз да ауасы таза емес мегаполистің, тұрғын үйлердің қасындағы өндіріс орындары болуы қала тұрғындарының таза ауамен тыныстау құқығын шектеп, денсаулығынан айыру дейді, ” – дейді Насиба Байматова.

Whatsapp-та “Картон зауытын жабамыз” деген 190 адамнан құрылған топ Наурызбай ауданының әкімдігіне арыз түсіріп, Алматы қаласының әкімі Досаевтың қабылдауына жазылып зауытты көшіруін талап еткен. Петиция жазып, көшені жауып ереуілге шығып, телеарнадан журналистерді шақырып зауытпен күресіп келе жатқандарына бір жылдан асқан. Бірақ басшылық тарапынан ешқандай әрекет болған жоқ деп отыр. Үйді сатқан Qazaq stroy компаниясына да үйді аларда зауыттың бар екенін, жағымсыз иістің шығатынын айтпады деп ашуланып отыр. 

Qazaq stroy компаниясы қала құрылысы және урбанистика басқармасының рұқсатымен мемлекеттік сараптама қорытындысын алып, құрылысты бастаған. Тұрғындарға сату бөлімінде кешеннің қай жерде орналасқаны, инфрақұрылым жайлы ақпарат айтылды, ары қарай зерттеп, жылжымайтын мүлікті сатып алу немесе алмау клиенттің өз таңдауы болған деп отыр.

– Біздің тарапымыздан барлық талап сақталған. Бұған Алматы қаласы Наурызбай ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алтын орда 2 көшесінде орналасқан “KZ recycling” ЖШС, кәсіпорынның санитарлық қорғау аумағынан кемінде 100 метр болу керектігін көрсеткен. Жүргізілген өлшеулерге сәйкес жобаланған тұрғын үй мен кәсіпоорынға дейінгі қашықтық 100 метрден асады. Кәсіпорынның санитарлық қорғау аймағына кірмейді.- дейді Qazaq stroy компаниясы өкілі Алтын Мендыбаева 

“KZ recycling” зауыты 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Сұрыпталған және пресстелген қалдықтарды қайта өңдеп, картон және қағаз жасап шығарады. Зауыт басшылығы Алма сити 5 тұрғын үй кешені салынар алдында санитарлық қорғау аумағы бұзылатынын айтып мемлекеттік органдарға бірнеше рет хат жолдаған. Зауыттан шығатын жағымсыз иістер экологиялық нормалар шегінен асқан жоқ, өз қызметімізді қоршаған ортаны қорғау, экология саласында белгіленген нормалар шеңберінде атқарып жатырмыз. Барлық рұқсат қағаздарымыз бар деп отыр.

– Жағымсыз иістің кесірінен аллергия, астма сияқты ауруларға шалдығып зиян шегіп жатыр деген айыптар негізсіз, ешқандай дәлел жоқ, – дейді зауыт басшысы Қанат Исабаев. 

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесуде Алма сити 5/2 тұрғыны Меруерт Әбдібайдың шағымына “Мен ол пәтерді зорлап алғызғаным жоқ” деп жауап берген еді. Артынан Алматы облысымен бірге зауытты индустриялық аймаққа көшіретін жер телімін қарап жатқанын айтқан. 

Зауытты көшіруге қатысты Наурызбай ауданына жолдаған сауалымызға ешкім жауап бермеді. 

Экологтар ауа құрамындағы бірінші топтағы канцероген бензолдың басқаларға қарағанда зияны көп дейді. Соңғы зерттеулер бойынша екі миллионға жуық адам тұратын Алматыдағы бензолдың деңгейі Қытайдың Чанджа қаласы мен 22 миллион адам тұратын Үндістанның Нью-Дели қаласымен теңескен.

Әмина Кемелбай, 

Арнайы “Мінбер” үшін

фото: Ауыл белсенділерінен алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар