Алматыдағы «Ramada» қонақүйінде ERG қолдауымен Мінбер журналистерді қолдау орталығы «Дата және жасанды интеллект» атты фестиваль ұйымдастырды. Республиканың әр аймағы мен Алматыдан 60-тан астам медиа өкілінің басын қосқан іс-шарада екі панельдік сессия, бірнеше шеберлік сағаты өтті.
Күннің алғашқы жартысындағы панельдік сессия «Дата және жасанды интеллект: қазақ журналистері заманауи трендтерге қаншалықты дайын?» деп аталып, IT-аналитик Тимур Бектұр, ҚазҰУ-дің қауымдастырылған профессоры Қарлыға Мысаева, Internews Kazakhstan CAIA бағдарламасының менеджері Бэлла Қасымқызы, Factcheck.kz журналисі Жансерік Тілеухан, «Азаттық» радиосының интернет-редакторы Мақпал Мұқанқызы және «Мінбер» жобасының координаторы, стратегиялық коммуникация маманы Бақыт Аманжолқызы сынды спикерлер контентті заманауи талаптарға сай етіп бейімдеу жолдарын талқылады.
IT-аналитик Тимур Бектұр: «Біз дамыған елдердің деңгейіне жету үшін тек журналистика ғана емес, экономика, саясат, ғылым-білім, IT саласында экспоненциалды жағынан өсуге ұмтылуымыз керек. Менің ойымша, сол кезде дамыған елдердегі медианың деңгейіне жетеміз. Қазір дамыған елдер мен біздегі медианың айырмашылығы медиаға бөлінетін қаражат көзінің қайдан, қалай келетініне және ол месседжді кімге, қалай жеткізетініне байланысты. Біздің елде бұл жағынан біркелкілік бар», – деді.
Өзін журналистиканың дәстүрлі форматтан онлайн форматқа трансформацияланған кезеңінің куәгерімін деп санайтын «Азаттық» радиосының интернет-редакторы Мақпал Мұқанқызы: «Қазір журналистикада ақпараттың құны барған сайын әлсіреп, сапалы-сараптамалық ақпаратқа, оның ішінде зерттеу журналистикасына сұраныс артып келеді. Дата журналистика – зерттеу журналистикасының бір бөлігі», – дей келе, елдегі саяси-әлеуметтік жағдай сапалы журналистиканың дамуына тікелей әсер ететінін айтты.
Internews Kazakhstan CAIIA бағдарламасының менеджері Бэлла Қасымқызы: «Медианы тұтыну бойынша Internews-тің төрт жыл бойы жүргізген зерттеуінің қорытындысына қарасақ, онлайн журналистика қанша жерден дамып жатыр дегенмен де, қазақстандықтардың 66%-ы теледидар көреді екен, тұрақты түрде онлайн журналистиканың өнімдерін тұтынатындар 22%.
Аймақтарда тұратын тұрғындардың 15%-ы ғана халықаралық жаңалықты оқиды, көреді, 67%-ы аймақтық медиаys қарайды. Ал телеарнадан не көреді дегенге келсек, 43%-ы телесериал, 23%-ы ойын-сауық бағдарламалар көреді, тек 10%-ы ғана сараптамалық контентті тұтынады екен.
Онлайн журналистиканы тұтынатындарда жағдай мүлде басқаша. Олардың 70%-ы телеарнаның YouТube-ке шығарылған контентін көреді екен. Осы тұрғыдан алғанда, телеарнаның журналистері конвергентті журналистиканың талаптарын жақсы меңгерген.
Өкініштісі сол, сапалы контентті тұтынушылар көп емес. Аймақтағы адамдар өз мәселесін республикалық медиада көрмейтініне қынжылады. Осы жерде Мінбер.кз «Тасадағы өмір» жобасын бастап, Алматы облысындағы тұрғындардың әлеуметтік мәселесін қозғады, себептеріне үңілді. Бірақ оған мән берген медиа, билік орындары аз болды.
Осы зерттеуде анықталған тағы бір нәрсе адамдар интернетті журналистика өнімдерін тұтыну үшін емес, қарым-қатынас үшін пайдаланады. Мәселен Instagram-ды қазақстандықтардың 43%-ы, TikTok-ты да 40%-ға жуығы, Facebook-ті 17 пайызы тұтынады екен.
Қазақстандық журналистердің өнімі көп тақырыпты қамтиды, сараптау да, зерттеу де бар. Бірақ, өкінішке қарай, оны тұтынатындар аз. Әлеуметтік желі тұтынушылары медиа бөліскен өнімнен гөрі миллиондаған жазылушысы бар блогердің өнімін тұтынады.
Осы тұрғыда алғанда, қазақстандық медиа мен аудитория екі әлемде өмір сүретін секілді. Біздегі БАҚ өздерінің арналары арқылы тек сілтемені бөліседі, кері байланыс орнатып, аудиториямен тығыз қарым-қатынас жасамайды. Ондай формат қалыптаспаған», – деді.
Ал «Мінбер» жобасының координаторы, стратегиялық коммуникация маманы Бақыт Аманжолқызы «Edelman trust barometer” деген компанияның зерттеуінше, қазір халық ең бірінші бизнеске сенеді, екінші орында үкіметке, үшінші орында медиаға сенеді», – дей келе, медианың қоғамдағы рөлі деген мәселе тек біздің елде ғана емес, әлемде де өзекті екеніне тоқталды.
Осындай пікірталастан соң фестивальға қатысушылар медиатренер, дата журналистика курсының авторы Асхат Еркімбайдың «Журналист жасанды интеллект құралдарын қалай қолдана алады? Датаны білудің маңызы», медиатренер Жансерік Тілеуханның «ЖИ пайдаланған контентті анықтау жолдары», SDU University, «Азаттық» радиосының тілшісі Елнұр Алимова мен журналист, медиасарапшы Оразай Қыдырбаевтың «Жасанды интеллект және медиа этика» атты шеберлік сабағын тыңдады.
Панельдік сессияның «Мінберге 15 жыл: қазақ журналистикасында не өзгеріс?» атты отырысында «Айқын» газетінің бас редакторы Амангелді Құрметұлы, медиасарапшы, журналист Асылхан Мамашұлы, «Kursiv.media» іскери порталының шеф-редакторы Риза Исаева, медиатренер Жұлдыз Әбділда және ERG өкілі Жанболат Серікбай спикер болып, қазақ журналистикасындағы тың өзгерістер, цифрлық трансформация мен стандарттар туралы айтты.
Бұдан кейін Newsroom журналистерінің жұмысында жасанды интеллект қолдануға қатысты Тимур Бектұр, қысқа уақытта видео дайындау туралы Аян Ғиззат шеберлік сағатын өткізді.
Фестиваль соңында ic-шараға қатысқан журналистер мен спикерлерге, ақпараттық серіктестер мен Мінбер.кз сайтының авторларына Мінбер қоры атынан aлғыс хат табысталды.
Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ,
Дереккөз: Ана тілі