6 қазанда елімізде референдум өтіп, АЭС салу мәселесі бойынша бүкіл халық болып таңдау жасады. Орталық сайлау комиссиясы «референдумға қатысу құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының 63,66%-ы (7 миллион 820 мың 204 адам) дауыс беруге келгендігін айтты. Сөйтіп, ОСК «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабына сәйкес референдум өткізілді деп есептеледі», – деп жар салды.
Референдумнан кейінгі әлеуметтің көңіл-күйі қалай? Дауыс беру барысына және жарияланған қорытындыға неге сенім жоқ? Әлеуметтік желілерде белең алған «енді жемқорлыққа ғана сену қалды» деген месседждерді қалай түсінуге болады? Референдум өткізудің қажеттілігі неден туындады? Сайлау процесінің әділ өтуіне қалай ықпал етуге болады? Осы және тағы да басқа сұрақтарымызды PaperLab зерттеу орталығының директоры Серік Бейсембаевқа қойдық.
САЙЛАУШЫЛАРДЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖЫЛДАН ЖЫЛҒА ТӨМЕНДЕП БАРАДЫ, СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ БҰЛ РЕФЕРЕНДУМҒА БАРЛЫҚ ЭЛЕКТОРАТТЫҢ 63,66%-ы ҚАТЫСТЫ ДЕГЕНГЕ СЕНБЕЙМІН
– Жалпы республикалық референдумға сайлаушылардың 63,66 пайызы қатысқан деген ҚР орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сенесіз бе? Мұнда: референдумға қатысу құқығы бар ҚР азаматтарының жалпы саны – 12 284 487; дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны – 7 820 204 немесе 63,66 процент делінген.
– Бұл референдумның нәтижесіне өз басым сенбеймін. Себебі зерттеуші ретінде маған біздегі электоралдық белсенділіктің жылдан жылға төмендеп бара жатқаны мәлім. Тіпті парламент сайлауының өзіне былтыр тек 54% қатысты, ал АЭС тақырыбы көпшілік үшін аса қызық бола қойған жоқ деп ойлаймын, себебі қоғамда бұл референдумның нәтижесі шешіліп қойған деген пікір басым. Сәйкесінше дауыс берушілердің ресми 64% келді деп айту менің ойымша шындыққа жанаспайды.
Оған қоса ресми мәліметтер альтернативті ақпарат көздері арқылы дәлелденуі керек. Бірақ жылдағыдай exit-poll жасаған ұйымдар билікке тікелей немесе жанама түрде қатысы бар зерттеу орталықтары болды. Бірде-бір тәуелсіз және альтернативті зерттеу жасай алатын ұйым exit-poll жасауға қатыса алған жоқ. Себебі заңға сәйкес мұндай сауалнаманы Орталық сайлау комиссиясының рұқсатымен ғана жүргізуге болады. Жалпы біздің елдегі бұған дейін болған бұрмалау, фальсификацияны ескеретін болсақ, ОСК берген ақпарат соның көрінісі секілді. Сол себептен қоғамда да осы референдумға сенімсіздік көп деп ойлаймын.
– Соңғы уақытта әлеуметтік көңіл-күйді бағалайтын барометр ретінде әлеуметтік желілерді қарастыру, бақылау сияқты әдет қалыптасты. Сіз осы мәселеге қалай қарайсыз? Әлеуметтік желі халықтың көңіл-күйінің барометрі бола ала ма?
– Әлеуметтік желінің өзінің шектеулері бар, ол көбінесе қоғамның ең белсенді сегментінің көзқарасын айқындай алады. Бірақ олар әртүрлі екенін де түсіну керек, мысалы Facebook-тың аудиториясы мен TikTok-тың, Instagram-ның аудиториясы әртүрлі. Егер біз әлеуметтік желіні жүйелі түрде және арнайы методологияны пайдаланып зерттейтін болсақ, онда әлеуметтік желі де белгілі бір тақырыпқа қатысты қоғамдық пікірдің айнасы бола алады. Бірақ оған қосымша дәстүрлі қоғамдық пікірді зерттеулермен қатар жүруі керек. Тек қана әлеуметтік желіні негізге ала отырып, негізгі қоғамдағы пікір осындай деп айтуға болмайды. Зерттеудің жолдары көп, әртүрлі сандық, сапалық түрлері бар. Әлеуметтік желідегі пікір мүлдем жарамайды деген пікірмен келіспеймін. Оның да зерттеу жолдары бар, ең бастысы кәсіби түрде зерттеулер жүргізу керек.
– Еxit-poll нәтижелері бойынша «СОЦИС-А» «Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» ЖҚ сауалнамаға қатысқандардың 69,8%-ы Қазақстанда АЭС салуға дауыс берді және азаматтардың 30,2%-ы келіспейді, Amanat партиясының Қоғамдық саясат институты азаматтардың 72,3%-ы атом электр станциясын салуды қолдайды, 27,7% – қарсы, Еуразиялық интеграция институты азаматтардың 71,8% Қазақстанда атом электр станциясын салуды қолдап, 28,2% қарсы деген деректер жариялады. Жұрттың көбі бұл деректерді көрген кезде сенбей жатыр. Жалпы сайлаудың қорытындысына сенім білдірмеуге қандай факторлар әсер етіп жатыр?
– Бұл қоғамдағы сайлау институтына деген сенімсіздіктің бір көрінісі деп білемін. Жылдар бойы, соңғы кемінде 20 жыл ішінде бізде бірде-бір сайлау әділ, ашық түрде өткен жоқ. Барлығында бұрмалау болды. Халықаралық ұйымдардың ешқайсысы оларды стандарттарға сай келеді деп баға берген жоқ. Керісінше проблематик екені жайлы қорытынды шығарды. Әрине қоғамда азаматтар бұл сайлаулардың қалай өтетіндігін, оның жоғары жақтағы биліктің тапсырмасымен жасалатындығын және сайлау комиссиясында отырған адамдардың тәуелді екендігін бәрі түсінеді. Мектептегі мұғалімнен бастап, аудан әкімі, облыс әкімі бар, барлығы сол орталықтың мүддесі үшін, орталықтың нәтижесін шығарып беру үшін жұмыс істейді.
Қазіргі контексте азаматтар сайлауды саяси ойын ретінде, яғни орталық биліктің өз шешімдерін заңдастырудың жолы деп қарастырады. Адамдардың сайлауға бармауының өзі де осы сенімсіздіктен туындайды. «Бәрібір мен барған кезде де ештеңе өзгермейді, менің даусымды ұрлап қояды. Оған уақытымды құртып қайтемін» деген көңіл-күй қазір басым. Жалпы сайлау институтына деген сенімсіздік, одан кейін билік институтына деген сенімсіздік туындайды.
– Facebook-тің қазақ сегментінде «енді жемқорлыққа сенуден басқа амал қалмады» деген вирус пост (мысалы Ринат Балғабаев) тарады, постты көп адам бөлісті. Бұл ненің көрінісі? Біздің елде басталған жобалардың аяқталмай қалатынын (мысалы LRT) көрсете ме? Осыдан кейін «АЭС салынбай қалса екен, ақшаны жеп қойса екен» деген месседждерді қалай бағалауға болады?
– Бұл енді шарасыздықтан туындаған түйін шығар. Яғни, референдумның нәтижесін биліктің бұрмалағаны анық. АЭС салуға қарсылардың үнін шығармай, барынша қысым көрсетті. Біз сияқты зерттеу орталықтарына сауалнама жасауға мүмкіндік берген жоқ. Тіпті көшеде жүріп, адамдардың пікірін сұраған журналистердің өзіне, мысалы «Уральская неделя» журналисіне айыппұл салды. Себебі не? АЭС-қа қарсы тарапты мейлінше дискредитациялау, оларды дұшпан ретінде көрсету. Осылайша Қазақстан қоғамы толығымен АЭС салуды қолдап жатыр деген иллюзия қалыптастыру. Біз өткізген сауалнамаға сәйкес былтырдың өзінде 35%-ға жуық, яғни халықтың үштен бірінен астамы осы АЭС-ты салуға қарсы болды. Бұл сан қазір көбеймесе, азайған жоқ.
– Референдумның алдындағы ақпараттық кампания басталғалы барлық ақпарат көздерінен АЭС-тың бізге қаншалықты қажет екені, бізде энергия тапшылығы бар екені, басқа елдерде АЭС салып жатқаны туралы барлық каналардан берілді, әлі де беріліп жатыр. Тіпті бұл іске блогерлер де үлесін қосты. Қарсылықтың көбеюіне осындай кампанияның, ақпарат легінің де ықпалы, әсері болды ма деген ой да бар? Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл туралы нақты қорытынды шығару үшін зерттеу керек. Бірақ пропаганда дәл осы тақырыпта халықтың шешім қабылдауында рөл атқарады деп ойламаймын. Ол бір фон болғаны рас. Өйткені блогерлердің айтқаны немесе теледидардан берілген ақпаратты халық ойынның бір көрінісі деп қабылдайтын секілді. Мысалы Ринат Зайытов депутат ретінде, Қайрат Нұртас та айтты, бірақ халық Қайрат Нұртас айтқаннан кейін «бару керек, дауыс берейік» деген шешімге келген де жоқ ау. Олар «осылардың өзін де сатып алыпты ғой» деген түйін шығарып, «мыналардың өзіне не жоқ» деген пікірлер болды. Қарсы адамдар қарсы болып қалды, өйткені олардың шешімі идеологиялық, экологиялық ұстанымға негізделген. Жалпы радиофобия деген нәрсе бар, бізде ол Семей полигонынан кейін қалған нәрсе. Ол нәрсені пропагандамен өзгерту мүмкін емес.
Бұл пропаганданың мақсаты халықты көндіруден бұрын «біз қатты жұмыс істеп жатырмыз» деп көрсетудің амалы сияқты. Мемлекет қыруар қаржы бөлді, оны игеруге көптеген мүдделі тараптар бар, олар өзінің жұмысын негіздеу керек, бөлінген қаржының қалай жұмсалғаны туралы есебін тапсырады, сол кезде «біз мынадай блогерге осынша ақша төледік, оның қаралымы мынадай болды, мынадай ақпарат құралдарына осынша материал шықты, соның арқасында біз осындай нәтиже алдық» деп осылайша бірінші жоғары жақтағы билікті алдайды, сосын өздерін өздері алдайды. Барлығы сол бір ойынның шеңберінде, бір ойын ережесі бар, ол ойынның ережесін бәрі түсінеді.
АВТОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕ ҮШІН РЕФЕРЕНДУМ МАНИПУЛЯЦИЯ ҚҰРАЛЫ
– Сіздің ойыңызша референдумды өткізу не үшін қажет болды? Әлде біздің билік референдумды өткізу арқылы «еститін үкімет» деген саясатын дәлелдегісі келді ме?
– Авторитарлық саяси режим демократияның құралдарын өз мүддесі үшін пайдаланады. Референдум демократиялық жүйелерде жиі қолданылатын инструмент. Оның мақсаты халықтың шынайы пікірін білдіріп, соның негізінде шешім қабылдау. Ал авторитарлық жүйе үшін референдум манипуляция құралы. Мұнда ешқашан да шынымен «халық не ойлайды» деп білейік демейді. Биліктің шешімін негіздеу үшін керек. Мысалы дәл осы тақырыпта қоғамның қарсылығы бар екенін билік түсінді, көрді делік, сәйкесінше ашық референдум өткіземіз деп шешім қабылдаса, онда оның салдарынан қорықты, әсіресе Қаңтардан кейін. Сондықтан оны болдырмау үшін референдум арқылы заңдастырып алу ниетімен жасалған нәрсе.
Екіншіден, референдум арқылы заңдастырылған нәрсе, кейінгі жауапкершілікті халықтың өзіне итере салуға мүмкіндік береді. «Өздеріңіз таңдадыңыз, бұған биліктің қатысы жоқ, халықтың өзі кінәлі» деген манипуляция кететін болады. Жемқорлық фактілері шығуы, АЭС-тың саяси салдары болуы мүмкін. Сол кезде «неге олай?» деген сұрақ болғанда, биліктегі адамдар «енді оны біз емес, халықтың өзі шешті» дейді. Референдум сол үшін керек болды менің ойымша. Тағы да сол сол манипуляциялау, өздеріне жауапкершілік алмай, халыққа итере салу, бірақ мұның ар жағында өздерінің референдумды әділ өткізбегендігі және түпкі мақсат билікті сақтап қалу тұр.
– Сіз бірнеше күн бұрын өз парақшаңызда ҚР Орталық сайлау комиссиясы АЭС тақырыбы бойынша сауалнама өткізуге рұқсат бермегені туралы жазыпсыз. Бұл сауалнаманы референдум өткенге дейін қандай мерзімде жүргізуге болады? ОСК рұқсат бермеу себебі ретінде «референдумға халықаралық ұйымдардың араласуына тыйым салу» деп түсіндірген. Бұл алдағы уақытта да мемлекетке тікелей не жанама жақын институттар ғана сауалнама өткізе алады, ал тәуелсіз ұйымдар осындай себеппен рұқсат ала алмайды дегенді білдіре ме?
– Иә, алдағы уақыттағы сайлауларда да, мысалы президент сайлауы, парламент сайлауы болады, сол кезде бұдан кейін барлық тәуелсіз зерттеу орталықтары, тәуелсіз журналистерге қарсы осы заңды пайдаланады. Орталық сайлау комиссиясы қоғамдық пікірді зерттеуге рұқсат бермейді. Өздері жасаған сауалнамалар ғана болады, сәйкесінше журналистерді қорқытып, үркітіп, сол арқылы келесі кезеңде де, келесі сайлауларда да медиа кеңістікті барынша бақылауда ұстап қалуға тырысады.
Тағы айта кететін бір нәрсе, байқасаңыздар референдум туралы шешімді бір ай бұрын қабылдады. Назар аударғым келгені референдумның қашан өтетіні жайлы Қ. Тоқаев 1 қыркүйекте өзінің жолдауында айтты, яғни бір-ақ ай уақыт қана берді. Қарсы тарап өзінің кампаниясын жүргізіп үлгеруі үшін, біз сияқты тәуелсіз ұйымдар сауалнамаға дайындалу үшін бұл өте аз уақыт. Бірақ соның өзінде де сауалнама жасау үшін сіз Орталық комиссияға өз сұрақтарыңызды өткізуіңіз керек. Ал сайлау комиссиясының бұл сұрақтарды қарастыру мерзімін екі апта деп белгілеген.
Яғни осы бір ай уақыттың өзінің екі аптасы ОСК-ның біз жіберген сұрақтарды қарауына кетеді. Одан кейінгі екі апта да сауалнама жасау үшін өте аз уақыт, ол сұрақтардың дайындығы, сараптамасы, өткізу уақыты бар. Барлық жағынан осындай мүмкіндікке жол бермеу тетігін алдын-ала ойластырып қойған. Біз сияқты ұйымдар үшін бұл әрине өте қиын жағдай. Осыған мүмкіндік бермеген билік ақпаратты шектеп қана қоймай, цензурамен айналысып қана қоймай, біздің жұмыс істеуімізге кедергі келтіріп отыр.
САЙЛАУ ЖҮЙЕСІН БАҚЫЛАУ – БИЛІКТІ ҰСТАП ҚАЛУДЫҢ ЕҢ МАҢЫЗДЫ ТЕТІГІ
– Республикалық референдумның өту барысын бақылаған бақылаушылар, атап айтқанда Орал қаласындағы «Жария» қорғамдық ұйымының бақылаушылары қалалық сайлау учаскелерінің 67% пайызын бақылаушылармен қамтыған. Сайлау әділ өту үшін не істеу керек? Бақылаушылар дауыс беру процесін өзгертуге ықпал ете ала ма?
– Біздің саяси контексте өзгеріс жасау өте қиын. Бұл қиындықтар авторитарлық жүйеге байланысты, ол Қаңтардан кейін репрессияны күшейте түскен. Сонымен қатар, Украинадағы соғыс әсерін тигізіп отыр: Ресейдің авторитарлық режимнен тоталитарлық режимге айналып бара жатқанын көріп отырмыз. Оның салқыны бізге де тиіп жатыр. Соңғы екі жылда көптеген журналистер мен белсенділер қудалауға ұшырап, түрмеге қамалуда, азаматтық қоғамға салынатын шектеулер артып келеді. Елде өзгеріс жасауды мақсат еткен азаматтық қоғам үшін үлкен қарсылыласу бар.
Сондықтан қолдан келген әрекеттерді жасауға тырысудамыз, өйткені азаматтық қоғам әлі де белсенді. Мысалы, Оралда сіз атаған ұйым бар, тәуелсіз журналистер бар, Алматы мен Астананы айтпағанда, басқа да аймақтарда бірді-екілі болсын адамдар бар, олар бар күштерін салуда. Осыны жалғастыру ғана қалады, өйткені саяси жүйе бір күнде өзгеретін нәрсе емес. Сайлау жүйесінің өзгеруі тікелей билік жүйесінің өзгеруімен байланысты. Билік жылдар бойы сақталып қалу технологиясын әбден меңгергендіктен жүйені сақтап қалуға тырысады.
Сайлау жүйесін бақылауды қолдарынан шығармайды, себебі бұл билікті ұстап қалудың ең маңызды тетігі. Мысалы, постсовет елдеріне қарасақ, Грузия мен Украинадағы революциялар осы сайлаудан кейін болған. Сайлаудың нәтижесіне көңілі толмай шыққан халық кейін барып билікті ауыстырып, содан кейін ғана сайлауда ашықтық, бәсекелестік пайда болған. Қазақстанда да осындай сценарий орын алуы мүмкін. Яғни өз бетімен саяси билік сайлау институтында қандай да бір өзгеріс жасамайды, керісінше бақылауды күшейтеді деп ойлаймын. Өзгертуді талап етіп жүргендер – тәуелсіз азаматтық қоғам мүшелері, бірақ олардың ресурстары мен мүмкіндігі шектеулі.
– Уақыт тауып, мүмкіндік жасап бізге сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!
Әңгімелескен: Альфия Шамаева
Парақшамызға жазылыңыз