//

Жаңа Зеландияның зооноз тобындағы ауруларды бақылау тәжірибесі: Қазақстанда оны азайту үшін не істеу керек?

4087 рет қаралды
Сурет жасанды интеллектінің көмегімен жасалды

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, былтыр Қазақстанда 693 адамның бруцеллез жұқтырғаны анықталды, 37 адам күйдіргі жұқтырып, бір адам одан қайтыс болды. Үй жануарлары мен жабайы жануарлардан адамға жұғатын мұндай инфекцияларды зоонозды аурулар деп атайды. Зооноз тобында 200-ден астам ауру түрі бар. Мұндай індеттің алдын алудың жолы қандай және Қазақстан қай елдің тәжірибесіне сүйене алады?

ЗООНОЗДАР: ТАРАЛУЫ МЕН ТҮРЛЕРІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, зооноз – бұл омыртқалы жануарлардан адамға жұғатын инфекциялық ауру. Зооноз қоздырғыштары бактерия, вирус немесе паразит болуы мүмкін. Олар адамға тікелей немесе тамақ, су мен қоршаған орта арқылы жұғады. Ауыл шаруашылығы саласында жануарлармен жұмыс істейтін адамдарға ғана емес, былайғы кезде дұрыс қайнатылмаған сүт, шала піскен ет арқылы да берілуі мүмкін. Бұл қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіндегі үлкен проблема, оның үстіне ет, сүт өнімдерін өндіру мен сату тізбегіне зиян тигізуі мүмкін.

Әсел Мұсабекова, жеке мұрағаттан

Зоонозды ауруды үй жануарлары ғана емес, жабайы жануарлар да таратуы ықтимал. Молекулярлы биология ғылымдарының докторы Әсел Мұсабекованың сөзінше, әртүрлі зооноздық ауру әртүрлі жануардан жұғады. Мысалы, жабайы жануарлардан әдетте оба, туляремия, геморрагиялық безгек аурулары таралады. Ал үй жануарларынан көбіне сібір жарасы, бруцеллез, сальмонеллез, құс тұмауы жұғады. Ит пен мысықтан әртүрлі паразиттер, гельминт, токсоплазмоз жұғуы мүмкін. Маман мұның көбі үй жануарын асырағанда санитарлық талаптарды сақтамаудан болатынын айтты. Сонымен қатар, екпе егілмеген ит пен мысықтан құтыру вирусы тарайды. Зоонозды аурулардың тағы бір түрі – трансмиссивті аурулар. Мұндай ауруларға параллиоз, полеремия жатады. Трансмиссивті инфекцияларды кенелер, масалар, әртүрлі жәндіктер таратады.

Мұсабекова жабайы жануарлардан таралатын ауруды әдетте табиғат аясында болғанда, фермерлер жұмыс кезінде жұқтыратынын айтты. Мысалы, шөптермен жұмыс істегенде ол жерде әртүрлі кеміргіштер болуы мүмкін. Ауру малдан жұқса – бұл малға дұрыс қарамағаннан, мән бермегеннен. Мысалы, ауырып тұрған малды союға болмайды. Мұндай малдың еті мен сүтін азық-түлік ретінде қолдануға да рұқсат жоқ.

“Бізде сібір жарасымен ауырған малды соямын деп ауру жұқтырып, соңы өліммен аяқталған жағдайлар бар. Кейін, әрине, тамақ арқылы да таралады. Мәселен, бруцеллез ет арқылы, тіпті сүт арқылы таралады. Бір әйел дұрыс пісірілмеген кәуап жеп, бруцеллез жұқтырған жағдайды кездестірдік. Яғни мұндай инфекция әдетте шикі сүттен, шала піскен тамақтан да таралады. Сондықтан біздің қалай тамақтанатынымыз бұл жерде өте маңызды”, – деді Әсел Мұсабекова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауыл шаруашылығы жануарларына антибиотик көп қолданылатын аудандарда тұратын ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің микробқа қарсы дәрілер әсер ете бермейтін патогендерді жұқтыру қаупі басым екенін айтады. Жабайы жануарлар көп жүретін аймақта тұратын адамдар да егеуқұйрық, түлкі, суыр тәрізді жануарлардан инфекция жұқтыруы ықтимал. Жаңадан анықталған жұқпалы ауру түрлері мен инфекциялардың көп бөлігі зооноз тобына жатады, дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Кей зооноздар Эбола вирусы не сальмонеллез тәрізді ауруларға ұласуы мүмкін, енді бірі, мәселен, коронавирус бүкіл әлемге таралған пандемияға ұласады.

ЗООНОЗДАРМЕН КҮРЕС: ЖАҢА ЗЕЛАНДИЯ ТӘЖІРИБЕСІ

Әлемде зооноз тобындағы ауруды барынша азайтқан, тіпті ол мүлде анықтамайтын елдер бар. Соның бірі – Жаңа Зеландия. Қазақстан малдан адамға берілетін ауру түрін азайту үшін осы елдің тәжірибесіне арқа сүйей алады.

Жаңа Зеландияда зоонозды аурулармен күресу шаралары 20 ғасырда басталған. Бұл кезде елде ірі қара арасында бруцеллез ауруы өзекті болды. Ірі қараның бруцеллезі елде алғаш рет 1893 жылы тіркелген.  Алғаш рет 1966 жылы сойылған малдардан алынған сынақтар көрсеткендей, шамамен 15% ірі қара мал бруцеллез инфекциясын жұқтырған.

Жаңа Зеландияның биоқауіпсіздікке жауапты өнеркәсіп министрлігі 1993 жылы малдан адамға жұғатын ауруларды жою, анықтау, алдын алу мен басқару бойынша заң қабылдады. Бұл заңның 44 және 46-баптарына сәйкес, барлық Жаңа Зеландия азаматтары қауіпті немесе бұрын елде болмаған организмдерді тапса, бұл туралы хабарлауға міндетті. 2016 жылғы бұйрыққа сәйкес, елде хабарлануы тиіс организмдердің нақты тізімі көрсетілген. Бруцеллез инфекциясы да хабарлануы тиіс организмдерге жатады.

Сурет жасанды интеллект көмегімен жасалды

Бруцеллез – бұл негізінен ірі қарадан таралатын бактерия. Жаңа Зеландия 1970 жылдары аурумен күресу үшін ауқымды бағдарламалар жүргізді. Қатаң тексеру, вакцинация және ауру малдарды жою шараларының арқасында, 1980 жылдары елде бруцеллез толық жойылды.

Жаңа Зеландияда 1966 жылы жүргізілген сынақтардан соң инфекцияның таралуын азайту үшін барлық ұрғашы бұзауларға міндетті түрде бруцеллезға қарсы вакцина салған. 1971 жылы міндетті тестілеу, ауру малды жою және карантиндік шаралар енгізілді. Ал 1977 жылға қарай барлық мал табындары тестілеу бағдарламасы бойынша бақыланып отырды. 1987 жылдан бастап вакцинация тоқтатылды. Қолға алынған шаралардың арқасында Жаңа Зеландияда 1996 жылдан бері бруцеллез мүлде анықталмаған.

2006 жылы ел үкіметі Биоқауіпсіздік туралы стратегияны бекітті. Ал 2016 жылы Biosecurity 2025 атты бағдарламаны жариялады. Жаңа стратегияның басты мақсаты – Жаңа Зеландияның биоқауіпсіздік жүйесін XXI ғасырдың талаптарына сай дамыту және нығайту. Мұнда зоонозды аурулардың алдын алу үшін қатаң карантиндік режимдер мен денсаулыққа мониторинг жасау көзделген. Әрі жаңа инфекцияларға дайын болу үшін зерттеу бөлімдеріне де мән берген.

2012 жылы қабылданған жануарларды бақылау мен идентификациялау туралы заң ірі қара мен бұғыларды идентификациялау жүйесіне қосуды міндеттейді. Шаруа қожалықтары мен оларды асырайтын адамдар жануарларды осы жүйеге тіркеуі керек. Одан бөлек бұғылар мен ірі қараның бүкіл қозғалысы, оның ішінде сауда орындары мен қасапханаға жөнелтілгені де тіркелуі қажет. Жаңа Зеландия ет импортын да қатаң бақылайды. Қасапханаға жөнелтілген жануарлар сойылғанға дейін және бауыздалған соң еті тексерістен өтеді.

ЗООНОЗ ТОБЫНДАҒЫ АУРУЛАРДЫ АЗАЙТУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?

Вирусолог Әсел Мұсабекованың сөзінше, зоонозды аурулармен күресуде вакцина мен ветеринарлық бақылаудың маңызы үлкен. Алайда ол Қазақстанда бұл салаға жеткілікті түрде ақша бөлінеді деп санамайды. Әрі дәл осы бруцеллездің өршіп тұруына вакцинацияның қадағаланбауы себеп. Маман мал союды да бақылауға алу қажетін айтты.

“Ауру малды сойып тастайды, оның етін сатады. Солай инфекция таралады. Сондықтан ешқандай мал ветеринарлық рұқсатсыз сойылмауы керек. Ветеринар алдымен малдың жағдайын тексеріп, кейін ғана қасапшы өз міндетін атқаруы керек. Өкініштісі, бізде мұндай жүйе жоқ. Сол себепті базарларда ауру малдың еті де сатыла береді. Яғни ветеринарлық бақылауды күшейту зооноздық аурумен күрескенде өте тиімді. Ол үшін әуелі ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін мамандарды оқыту қажет. Оларға кейбір әрекеттерінің қаншалықты қауіпті екенін түсіндірген жөн”, – деді Мұсабекова.

Қазақстанда зоонозды аурулар адамға жануардан тікелей ғана жұқпайды. Малдан алынатын азық-түлік те инфекция таралуының басты көздерінің бірі. Министрлікке қарайтын санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының өкілі Заңғар Турлиев осылай дейді. Оның сөзінше, Қазақстанда зоонозды аурулармен күресу үшін азық-түлікке талаптар мен бақылау шаралары жолға қойылған деп айту қиын. Ал Мұсабекова тек тексерілген өнімдерді сатып алуға кеңес береді. Ол үшін тамақты көшеден, санитарлық шаралар сақталмаған жерден алмаған жөн. Оның орнына дүкеннен сертификатталған өнімдерді таңдау керек.

“Бізде әдетте өндірістен шығатын өнімдер сапалы тексерістен өтеді. Мысалы, құс фабрикаларында жұмыртқалар жақсы тексеріледі. Алайда кейбір қазақстандықтар тамақты дүкеннен емес, табиғи деп тікелей қолдан алғанды жақсы көреді. Олар ешкімнің ешқандай құжатын қарамайды. Жолда тұрған бір әжейден жұмыртқа сатып ала салады. Ол жұмыртқа қайдан келді, оны туған құстар не жеді, олар антибиотиктер қабылдаған ба? Біз бұл туралы дым білмейміз. Сондықтан адамдар өздері өмірі көрмеген малдың етін қолдан сатып алмауы керек. Көшеде сатылатын сүттерді алудың қажеті жоқ. Базарда тұрған ешқандай сертификаты жоқ, қайдан келгені белгісіз жұмыртқаны сатып алмау керек“, – деді вирусолог маман.

Жаңа Зеландияда кампилобактер деп аталатын асқазан-ішек инфекциясын азайту үшін азық-түлікті бақылауға арналған бағдарламалар қабылдаған. “Жаңа Зеландиядағы кампилобактериоздың себептері” атты зерттеу бойынша, адамдағы тамақтан пайда болатын инфекциялардың 80%-дан астамы құс етін тұтынуға байланысты екені анықталған. Елдегі азық-түлік қауіпсіздігі қызметі құс етін өңдеу, тасымалдау және фермадағы қауіпсіздік шараларын күшейтіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарларын енгізген. Осындай стратегияның нәтижесінде 2006 жылдан бері тамақ арқылы жұғатын аурулар 50%-ға азайған. 2025 жылы кампилобактер инфекциясымен улануды тағы 20%-ға азайту жоспарланған.

Зерттеуші Әсел Мұсабекова Қазақстандағы халық малдан жұғатын ауру туралы көп ақпарат білмейтінін айтты. Соның кесірінен бруцеллез жұқтырып, мүгедек болып қалу қаупі төнеді. Заңғар Турлиев те ауыл шаруашылығы жануарларын ұстайтын тұрғындар арасында сібір жарасы туралы үгіт-насихат жұмыстары дұрыс жүргізілмейтінін айтты. Оның сөзінше, ауыл тұрғындары ауырып тұрған малдарын ветеринария саласының мамандарына көрсетпей сойып, ветеринариялық-санитариялық сараптамасыз сатып жатыр. Мұның барлығына олардың жеткілікті ақпарат алмауы себеп дейді ол.

“21 жастағы ер адам бір малдың іштен өлген төлін тудырып алған. Негізі әдетте мал өлі туса, бұл оның бруцеллез екенін білдіреді. Өкінішке қарай, ер адам мұндай ақпаратты білмеген. Кейін өлі төлмен байланысқа түскен соң ауру жұқтырады. Аурудың әртүрлі белгілері байқала бастайды. Тізесі, буындары ауырып, пневмония басталған. Кейін ауруханаға барып қаралғанша бруцеллез оның миына дейін шауып кеткен. Салдарынан менингит болып, сал боп қалды. Мұның бәрі оның дұрыс ақпараттанбағанынан болып тұр. Сол үшін ауру жұқтыру ықтималдығы көп адамдардың зооноз туралы хабардар болуы өте маңызды”, – дейді Әсел Мұсабекова.

Жаңа Зеландияда Бірыңғай денсаулық концепциясы аясында жануарлардан адамға жұғатын қауіпті аурулармен күресуге арналған ғылыми зерттеулер мен мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар, қоршаған ортадағы экологиялық, климаттық өзгерістердің зоонозды аурулардың таралуына әсерін зерттейді. Осы мақсатта ел ішінде 2013 жылы One Health Aotearoa альянсы құрылған. Ұйым миссиясы – оқшауланған салаларды біріктіріп, әртүрлі салалардан үздік ғалымдарды жинау. Сол арқылы жұқпалы ауруларды зерттеп, білім беру бойынша халықаралық байланысты нығайтатын орталық болу.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде де халықаралық ұйымдармен серіктесе “Бірыңғай Денсаулық” бағдарламасы жұмыс істейді. Вирусолог Әсел Мұсабекованың айтуынша, бұл ұғым адам денсаулығы қоршаған орта мен жануарлар денсаулығымен тікелей байланысты екенін меңзейді. Ол Жаңа Зеландиядағыдай зоонозды аурулар туралы ғылыми зерттеулер Қазақстанға да керегін айтты. Алайда зерттеу тек дәрігерлер мен инфекционистер арасында жүрмеуі тиіс. Жұқпалы аурумен күрескенде халықтың мәдени астарына да үңілу қажет дейді ол.

“Мұндай зерттеулерге эпидемиолог, инфекционистер ғана емес, антрополог, әлеуметтанушы мен мәдениеттанушылар араласуы қажет. Мысалы, тойдан келген сарқыттан ішек инфекциясы жұққан жағдай болған. Үйге түнде тойдан сарқыт алып келіп, оны тоңазытқышқа да салмай қойып қойған. Үйдегі ата мен әже соны жеп, ішек инфекциясынан ауруханаға түскен. Бұл да біздің дәстүрдің бір көрінісі ғой, бірақ оны қауіпсіз қылдыру керек. Соғым да өте жақсы мысал. Соның әсерінен сібір жарасын жұқтырғандар бар. Ауру бар етті мұздатқыштағы соғымның қасына салып қойған. Бәрін лақтырып тастау керек еді. Алайда олай істемеген. Сондықтан мұндай жағын да бақылау үшін мәдени салтымызға байланысты зерттеулер қажет”, – дейді маман.

Денсаулық сақтау министрлігі жыл сайын эпидемияға қарсы арнайы іс-шаралар жүргізетінін айтты. Оған сырқаттарға мониторинг жасап, ошақтарды тіркеп, есепке алу кіреді. Зертханалық зерттеу жасау үшін сынама алынып, адамдарға сібір жарасы мен құтыруға қарсы вакцина салынады. Алайда сібір жарасын жұқтырғандар саны азаймай тұр. 2022 жылы инфекцияны 20 адам жұқтырып, біреуі өлген. Ал 2023 жылы бұл ауруға 37 адам шалдығып, біреуі өлген. 37 адамның барлығы Ақмола, Жамбыл, Қарағанды облыстарында тіркелген. Заңғар Турлиев мұны малды бақылаусыз сойып, етті сараптамасыз сату және алдын алу шараларының дұрыс жүргізілмеуімен байланыстырады.

Экономикасында ауыл шаруашылығы маңызды рөл ойнайтын Жаңа Зеландия ауруларды қатаң заңнама мен күресу шараларын ұлттық стратегияға енгізу арқылы шеше алған. Сарапшылардың сөзінше, Жаңа Зеландиядағыдай ветеринарлық бақылау мен вакцинациялау Қазақстанға да керек.

Ислам Аманқос

“Бұл материал Solutions Journalism in Medicine (SJMED) жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалды. Материалда айтылған пікірлер авторларға тиесілі және «Әділ сөз»  сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігінің,  АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) ресми көзқарасын білдірмейді.”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар