Фото: kff.kz
2022 жылдың ақпанында Әділет Бәрменқұлов Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды. Екі жылға жетер-жетпес уақыт аталған қызметті атқарған Әділет Назарбайұлы несімен есте қалды. Осы уақыт ішінде федерация өз жұмысын қалай атқарды? Сол сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Алдымен жақсы тұстарын тізіп өтсек. Әділет Бәрменқұлов федерация президенті болып сайланған кезде ел құрамасы ұлттар лигасының «С» дивизионындағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатты. Кәрі құрлықтың ең әлсіз құрамалары ойнайтын төменгі дивизионға түсіп қалудың алдында тұрған қазақ құрамасы Молдованы жеңіп, «С» дивизионында қала алды. Қос матчтан тұрған теке-тіресте ұлттық құраманы Андрей Карпович баптады. Содан кейін бас бапкер лауазымына бұрын Қарағанды “Шахтерінде” Барменқұловтың басшылығымен жұмыс істеген Магомед Адиев тағайындалды. Көп жанкүйер федерация президентінің бұл таңдауын сынға алды. Ұлттық құраманы жергілікті маман басқарсын деген пікірлер де көп айтылды. Бірақ алғашқы ойындардан соң сынаушылар Магомед Мұсаұлын құрметтей бастады. Бәрменқұлов-Адиев тандемі бір жарым жыл ішінде ел жанкүйерінің түсіне де кірмейтін нәтижеге қол жеткізді. Алдымен Адиев шәкірттері Беларусь, Словакия және Әзірбайжан командаларын артта қалдырып, ұлттар лигасында өз тобының жеңімпазы атанды. Ол жеңіс біздің құраманың В дивизионына шығуына жол ашты. Кейін қазақ елінің футболшылары Еуроға іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетті. Еуро-2024 турниріне іріктеу кезеңінде 18 ұпай еншілеген соңғы сәтке дейін үлкен турнирге жолдама үшін таласты. Бірақ осының өзі үлкен жетістік еді.
Алаң жобасы. Көпшілікті таң қалдыра қоймаса да дәл осы Әділет Бәрменқұлов кезінде көтерілген «Алаң» бағдарламасы да футболды дамыту бағытында жасалған оң өзгеріс екенін де атап өткен жөн. Еліміздегі қалалар мен моноқалалардағы күйі кеткен футбол стадиондарын қалпына келтіру мақсатында қолға алынған бағдарламаның арқасында біраз қалада жаңа футбол алаңдары пайда болды. Дәлірек айтсақ, былтырдан бері ел қалаларында аталған бағдарлама аясында 12 стадион қалыпқа келтірілді. Жобаның ресми сайтындағы мәліметтеріне сүйенсек, «KZ ALAÑ» 2025 жылдың соңына біраз стадионды толыққанды жөндеуді жоспарланған. Бұл жұмысқа қажетті қаражатты 1xBet букмекерлік кеңсесі төлейді.
Лимитті жою. Барменқұловтың федерация президенті ретінде шығарған негізгі шешімдерінің бірі легионерлер лимитінің күшін жою болды. Ол бұл шешімін чемпионаттағы бәсекелестік жоғарылайды, ашық төлемдер жүргізіледі, ойын сапасы артады және футболға деген қызығушылықты күшейтеді деп түсіндірді. Сонымен қатар, бұл шешімнің еурокубоктерде сәтті өнер көрсетуге пайдасы тиетіні де айтылды. 2024 жылғы маусым аяқталды, нәтижесінде ел клубтары әлсіз легионерлерге толды. Өз клубтарында тұрақты ойнаған қазақстандықтар саны 2-3 футболшыдан аспады. Еурокубоктердің негізгі кезеңінде бір ғана команда шықты. Жергілікті футболшылардың деңгейі төмендеді. Әділет Назарбайұлының шешімі мен аргументтері жақсы болғанымен үміті ақталмады. Командалар 9-10 легионерді алаңға шығарып жатты. Ұлттық құрама ойыншыларының өзі қосалқы құрамда қалды. Соның кесірінен құраманың ойын деңгейі төмендеді.
Черчесов. Еуро-2024 турниріне іріктеуіндегі жеңістер жалғасын таппады. Адиевтің орнын басқан ресейлік Станислав Черчесов жанкүйердің де Бәрменқұловтың өзінің де үмітін ақтады деуге ауыз бармайды. Черчесов бастаған Қазақстан 4 матч өткізді, онда бір гол да соға алмады. Команданың нәтижесі былай тұрсын мұртты бапкер мемлекеттік тілге қатысты даудың астында қалды.
Жұмысын сәтті бастаған Әділет Базарбайұлы футбол федерациясының президенті ретінде жақсы қырымен есте қалды дей аламыз ба? Көргеніміздей сәтті де сәтсіз шешімдер болған. Бірақ жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді.
Түгелбай Бисен,
БҚО, Орал қаласы
Парақшамызға жазылыңыз