////

Болат Бопайұлы: «Қара жорға» балладасындағы еркіндік пен трагедия

313 рет қаралды

Бақытбек Бәмішұлы – қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті ақындарының бірі, поэзияда ұлттық болмыс пен қазақы құндылықтарды терең жырлайтын алымды ақын. Оның шығармалары ұлттық мәдениетке деген құрметке, тарихи мұралар мен табиғатқа деген сүйіспеншілікке толы. “Қара жорға” балладасы – Бақытбек Бәмішұлының шығармашылық стилін айқын көрсететін, қазақы рух пен болмыстың көркем бейнесі, көрікті суреті.

Шығарманың негізгі идеясы:      “Қара жорға” балладасы арқылы автор ұлттық дүниетанымдағы тұлпар бейнесін адамгершілік, адалдық және еркіндік идеяларын жеткізу құралы ретінде пайдаланады. Бақытбек Бәмішұлы бұл балладада жылқы мен адам қарым-қатынасын ерекше поэтикалық шеберлікпен суреттеген. Жылқы – қазақ халқының тұрмысында, мәдениетінде, тіпті дүниетанымында ерекше орын алған жануар. Қара жорға – бұл тек тұлпар емес, ол еркіндіктің, тазалықтың, әділеттің, арлылықтың және рухани адалдықтың символы. Балладада Қара жорғаның тағдыры арқылы адамның табиғатқа, жан-жануарларға, жалпы тіршілікке деген қарым-қатынасының әртүрлі қырлары бейнеленеді. Тұлпардың тағдыры арқылы қоғамдағы әділетсіздік, дүниеқоңыздық, рухани жұтаңдық мәселелері көтеріледі.

Образдар жүйесі:   Қара жорға бейнесі – балладаның негізгі образы. Жануардың еркіндіктен айырылуы, қапастағы азапты өмірі – адамзаттың табиғатқа деген шектен тыс билігі мен оны пайдалануына қарсы шыққан наразылық ретінде көрінеді. Қара жорға тек тұлпар ғана емес, ол еркіндіктің символы ретінде қоғамның рухани мұңын жеткізеді. Дәригүл образы – жылқы мен адам арасындағы ерекше байланыстың көрінісі. Дәригүлдің Қара жорғаны баптап, оны бауырына балап қарауы адамгершіліктің, мейірімділіктің бейнесі. Оның ауруы мен әлсіздігі жануардың тағдырын ауырлата түседі, ал қайта қауышу сәтінде жануардың қуаныштан жан тәсілім етуі – сезімдердің шексіздігін көрсететін драмалық кульминация.  Қоғамдық контекст – қасапшылар мен базар көріністері арқылы адамзаттың рухани құндылықтарды коммерцияландыруы, яғни материалдық дүниеге артық мән беруі сыналады. Қара жорғаның тағдыры – бұл тек бір тұлпардың тарихы емес, тұтас қоғамның моральдық келбетінің көрінісі.

Тақырыптық талдау:  Балладаның тақырыптық өзегі – адам мен табиғаттың арасындағы байланыс. Бақытбек Бәбішұлы бұл шығарма арқылы адамзаттың табиғатқа жасайтын әділетсіздігі мен қиянатын айыптайды. Туған жеріне қайта оралу сәтіндегі Қара жорғаның бойындағы қуаныш пен рух – еркіндік пен әділдіктің салтанаты. Алайда, қуаныштың шарықтау шегінде жануардың өлімі – оның еркіндікке жету үшін тартқан азабының терең символы. Сонымен қатар, балладада еркіндік пен рухани байлық идеялары басым. Қара жорғаның еркіндікке деген ұмтылысы арқылы автор табиғаттың адамзаттың үстінен өктем болмау керектігін меңзейді.

Көркемдік ерекшеліктер: Бақытбек Бәмішұлының тілі өте бай, эпикалық суреттеулерге толы. Балладада қолданылған эпитеттер мен метафоралар арқылы тұлпардың бейнесі ерекше нақышталған. Мысалы, “жұп-жұмыр тостағандай қара тұяқ”, “бүлк-бүлк еткен тамақ” деген тіркестер Қара жорғаның өмірлік қуаты мен табиғаттағы үйлесімін көрсетеді. Жылқының табиғи жүріс-тұрысы, оның “Тойота Камридай былқылдаған” деп берілуі – дәстүрлі образды заманауи ұғыммен байланыстырудың шебер тәсілі.

Сонымен қатар, баллададағы табиғат суреттері де шығарманың эмоционалдық күшін арттырады. Қара жорғаның туған жеріне оралуы мен Текелінің самалына деген ұмтылысы – адамның туған жерге, еркіндікке деген мәңгілік аңсарының символы.

Философиялық мағына:  Балладада көтерілген ең басты философиялық идея – адалдық пен әділеттіліктің мәңгілігі. “Дүние қандай сұлу болар еді, адамда ат құрлы ақыл болса шіркін!” деген жолдар арқылы автор адамзатқа ой салады. Бұл тек жануарға деген қатынас қана емес, бүкіл адамзаттың рухани ахуалына арналған үндеу.

Тоқетерін айтқанда, Бақытбек Бәбішұлының “Қара жорға” балладасы – қазақ әдебиетінің тереңдігі мен ұлттық рухын паш ететін туынды. Ақын тұлпар бейнесі арқылы қоғамның моральдық жағдайын, табиғатқа деген көзқарасын, әділдік пен еркіндік идеясын аса көркем келбет жасап жетелі жеткізеді. Бұл баллада – адамның жан дүниесіне әсер ететін шынайы өнердің үлгісі. Шығарма оқырманды мейірімділікке, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, рухани бай болуға үндейді. Ұзақ болашақтағы жаңа жарқын жолдың бірегей ұлы жолын көрсетеді.

Мен Бақытбек Бәмішұлының бір ғана шағын балладасын оқып, теңізді тамшысынан таны дегендей, мың тонна рудадан бір грамм ради алғандай, таудай ұғымды тарыдай сөзге сыйғыза сызған «Қара жорға» балладасына өз сараптамамды жаздым…

Бақаңа, «түйеге әшу» дегенде демеу, «ақынға алғыс» айту да жебеу демекші, маржан марқа жырын жебей отырып, алтын бауырыма толағай шығармашылық жетістіктер тілеймін!!

                           

Болат Бопайұлы,

ғалым-этнограф, фольклорист

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар