///

“Қайрат” футбол клубы ел чемпионы атанды

370 рет қаралды

Фото: “Қайрат” ФК Instagram парақшасынан

Биылғы Қазақстан премьер лигасы қызыққа толы болды. Чемпиондықтан үміті бар “Ақтөбе”,” Тобыл”, “Ордабасы”,”Астана”,”Қайрат” футбол клубтарына күні кеше бірінші лигадан шыққан семейлік “Елімай” қосылды. Чемпионат ортасына дейін сарапшылар чемпионның кім болатынын дөп басып айта алмады. Күзге дейін қапталдасып келген фавориттер қыркүйекті орталаған кезде ғана арасын үзді. Бірінші “Тобыл”, артынша “Елімай”. Онан соң “Ақтөбе” және соңғы мезетте “Ордабасы” ұпай жоғалтып, чемпиондықтан үміт үзді. Қарсыластарын қапы қалдырған “Астана” мен “Қайрат” соңғы турға дейін қапталдаса жетті.

Маусымның шымылдығын жабар ойынды «Атырауға» қарсы ойнаған алматылықтар чемпиондықтан айырылып қалмас үшін қалай да жеңіске жету керек болды. Ал осы күні “Жетісуға” қарсы ойын өткізген “Астана” футболшылары жеңіп, басты қарсыласының ұпай жоғалтқанын тіледі. Бірақ Атырауда өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз голды алматылықтардың легионері Георгий Заря 59-минутта пенальтиден соқты. Ал, 58-минутта «Атырау» қорғаушысы Никита Степанов алаңнан қуылды. Жалғыз гол тек матчтың ғана емес, ҚПЛ-дың биылғы тағдырын шешті. «Астана» ел чемпионатының күміс жүлдегері атанса, «Ақтөбе» үшінші орында.

Айта кетейік, «Қайрат» осымен төртінші рет ел чемпионы атанып отыр. Алматылық клуб 1992, 2004 және 2020 жылдары ҚПЛ жеңімпазы атанған. Биыл 70 жылдығын тойлайтын “Қайрат” өз мерейтойына тамаша сый жасады.

Биылғы Қазақстан премьер лигасының тағы бір атап өтетін тұсы қарағандылық “Шахтер” футбол клубының бірінші лигаға түсіп қалуы. 33 маусым бойы ел футболының жоғары эшелонынан бір төмендеп көрмеген, ел клубтары арасынан алғаш болып еурокубоктың топтық кезеңінде ойнаған кеншілер тез жинақталып, өз биігіне шығады деген үміттеміз.

Түгелбай Бисен, 

БҚО, Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар