///

 Шелек пен Қаражота ауылы арасындағы жолдың 2,5 шақырымы аяқталмай қалған. Су тасқынының қатысы бар ма?

116 рет қаралды
көрнекі сурет

 Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Қаражота ауылдық округіне барар трасса облыстық маңызы бар жолға жатады. Бұрын аудан орталығы болған Шелек пен Қаражотаның арасы 18 шақырым. Бұл қашықтық совет өкіметінен бері күрделі жөндеу көрмепті.

Әбден тозығы жеткен соң тұрғындардың көлігі тез бұзылып, қыстың күндері мұзда тіптен қауіпті болды дейді. Басшылық бұл мәселені шешкен болып, жолдың тесілген шұңқырларын жамауға кіріседі. Бірақ жергілікті тұрғындар бұған қарсы шығып, басынан бастап асфальт төсеуді талап етіп, ереуілдетеді.

– Сонау совет заманынан келе жатқан, ескі жолды жамағаннан түк шықпайтыны анық. Келесі жылы қайта тесіліп, ақша босқа желге ұшады. Соңында сапасыз жұмыстың тауқыметін тартатын да қарапайым халық. Сондықтан ауыл болып жолды толық жасап беруін сұрап көшеге шықтық. Басшылыққа үндеу жасадық – дейді, Қаражота округіне қарасты Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Бейбіт Ахманов.

БІР ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕУДІҢ ҚҰНЫ – 67 миллион 680 000 теңге

Облыстағылар енді халықты алдай алмайтынын түсінді ме? Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мемлекеттік сатып алулар порталында ашық конкурс жариялайды. Бұны “ДСУ-13” АҚ мердігер компаниясы ұтып алады. Мемлекеттік бюджеттен 18 километр жолға 1  миллиард 208 миллион 278 мың 640 теңгеге қаражат бөлінеді. Яғни бір километрге асфальт төсеу үшін 67 миллион 680 000 қаржы есептелген.

2023 жылдың қараша айынан жөндеу жұмыстары басталады. Ақтоған ауылынан бастап төселген тас жол Сарыбұлақ, Қаражота ауылдарының арасын қамтиды. Бірақ 2,5 километр қалғанда аяқастынан жөндеу жұмыстары тоқтап, жол жасап жатқан құрылысшылар мен техникалар ізім қайым жоқ болады. Ауыл тұрғындарының арасында су басқан өңірлерге ақша қажет болғандықтан жөндеу жұмыстары тоқтаған деген әңгіме тарайды. Ал басшылық нақты себебін айтпаған. Қаражота ауылдық округінің әкімі Нұрберген Қожамбердімен сөйлескенімізде бұл облыстық маңызы бар жол болғандықтан біздің құзырымызға кірмейді дейді. 

– Келісімшарт бойынша «Шелек-Сарыбұлақ (Куликовка)-Ақтоган (Көк-Жиде)» автомобиль жолы 2026 жылға дейін жасалып біту керек. (переходящий) Бірақ 16 километр жасалып, 2,5 километрдың қалып қойғанын өзіміз де түсінбедік. Себебі облыстық маңызы бар жол болғандықтан біздің құзырымызға кірмейді. 

Мінбер редакциясы Еңбекшіқазақ ауданына сауал жолдап, 2,5 шақырымның қашан жөнделетінін сұрадық. 

БІР ШАҚЫРЫМ ЖОЛҒА АСФАЛЬТ ТӨСЕУДІҢ ҚҰНЫ – 100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТЫ МА? 

– Каражота ауылына кіреберіс 4,790 шақырым  автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып қолданысқа берілді. Шелек – Сарыбұлақ – Ақтоған ауылдарының арасындағы 18,403 шақырым автомобиль жолындағы 16 шақырымы аяқталды. Қалған 2,2 шақырымға асфальт төсеуге қосымша 305 127 954,7 теңге қажет. Бюджеттің бөлінуіне кезекті мәслихат отырысына сұраныс береміз. Ақша бөлінген кезде жол да бітеді. – дейді Еңбекшіқазақ ауданының баспасөз хатшысы Динара Болатбекқызы. 

Тамыз айының басында “Тасадағы өңір” жобасымен Қаражота ауылына бардық. Тұрғындар жаз бойы жасалмаған жұмысты, күн суытқанда бітіріп беретініне сенбейді. Бірақ жақында ауыл тұрғыны Бейбіт Ахманов редакциямызға хабарласып, мәжіліс депутаттары келіп, халықпен кездесуде осы жылдың аяғына дейін қалған жолды бітіріп береміз деп уәдесін беріп кеткенін айтты. 

Біз “ДСУ-13” АҚ мердігер компаниясына ақпараттық сауал жолдадық. Олар келісімшарт бойынша жұмыстың аяқталу мерзімі 31.12.2025 жылға дейін деді. 

– Бізге бөлінген ақшаға қарай жөндеу жұмыстарын жасадық. Қалған жұмыстарды ақша бөлініп, келісімшарт жасалғаннан кейін орындаймыз, – дейді компания басшысы Грачев мырза. 

Еңбекшіқазақ ауданының берген жауабында да, “ДСУ-13” АҚ мердігер компаниясының жауабында да қалған жолды жөндеуге қайтадан ақша бөліну керек деп айтқан. Демек  18 километрге бөлінген 1 208 278 640 теңге жетпей қалды ма? Бұны сұрап тапсырыс берген  Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сұрау салдық. Алайда біздің сұрақтарымызға өте қысқа және толық жауап бермеген. 2,5 шақырымның жасалмай қалуына су тасқынының қатысы бар ма? Деген сұрағымызға да жауап ала алмадық. 

– Облыстық маңызы бар жолды жөндеуге 2024 жылы қаржыландыру кестесіне сәйкес жұмыстар толық аяқталды. Келісімшарт негізінде жұмыстарды аяқтау мерзімі 31.12.2025 жыл. Бүгінгі күнде, жолды жөндеу жұмыстарын мерзімінен бұрын 2024 жылы толық аяқтау мақсатында бюджеттік өтінім дайындалды және бюджет қаражатының бөлінуіне қарай толық аяқталатынын хабарлаймыз, – дейді Алматы облысының жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысының орынбасары Жәнібеков. 

Қалып қойған 2,5 километрге бюджеттің бөлініп, бөлінбегенін тексеру үшін мемлекеттік сатып алулар порталын ақтардық.  Порталдан Қаражота ауылдық округінің әкімнің ауыл ішіндегі көшені жасау үшін тапсырыс бергенін тауып алдық. Бір қызығы оны қайтадан ашық конкурспен алдыңғы жолды аяқтамай тастап кеткен “ДСУ-13” АҚ мердігер компаниясы ұтып алған. Тамыз айындағы тапсырыс бойынша 19 936 000 теңге бөлініпті.

“ДСУ-13” АҚ мердігер компаниясы алдыңғы қателігін қайталамай ауыл ішіндегі көшені толық бітіріп береді деп үміттенеміз. 

Әмина Кемелбай, 

Арнайы “Мінбер” үшін.



Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар