//

«Жоғары мәртебелі Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз» : Путин Қазақстанға не үшін келді?

60 рет қаралды

27 қарашада Ресей президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Астанаға келді.

Әуежайдан оны Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алып, сән-салтанатпен күтіп алған. Әлжеліде таралған суреттерден құрмет қарауылы мен аспанда Ресей туы түстес түтін таратқан ұшақтарды байқауға болады. Мұнымен қоса, Астананың әр бұрышындағы стендтерде Ресей туы, Путиннің суреті және «Жоғары мәртебелі РФ президенті Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз» деген жазуы бар баннерлер қойылған.

Мұндай “ілтипат” желіде біраз шу тудырып, қоғам белсенділері тарапынан наразылықтар айтылды. Кейіннен ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, бұл ісапардың ресми емес, мемлекеттік мәртебеге ие екенін, сол үшін осындай сөз тіркесі қолданылғанын жазды. Мұндай протокол тек Қазақстанда ғана емес, жалпы халықаралық деңгейде бар көрінеді.

Бұл іссапарда екі ел басшысы нені талқыламақ?

Ақорданың жазуынша, іссапардың алғашқы күнінде екі ел президенттері екіжақты қарым-қатынас мәселелерін, экономикалық байланыстарды талқылаған. Айталық, Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 2021 жылы 24 млрд доллар болса, 2022 жылы 27 млрдқа жеткен. Ал 2023 жылы 26 млрд құраса, биылдыққа 20 млрдқа жуықтап отыр.

Ресми қарсы алу рәсімінен кейін резиденцияда шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Одан кейін екі мемлекет басшылары XX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына онлайн қосылып, сөз сөйлеген.

Қасым-Жомарт Тоқаев “Известия” газетіне берген мақаласында бұл кездесуді “Қазақстан-Ресей қарым-қатынастары тарихындағы ерекше маңызды оқиға” деп атады.

28 қараша күні Тәуелсіздік сарайында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) саммиті өткізілді. Путиннің Қазақстанға келуінің тағы да бір себебі осы саммит. Жиынға аталған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары, сыртқы істер және қорғаныс министрлері, қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент өкілдері қатысып отыр. Сондай-ақ Ресей делегация құрамында «Ресей темір жолдары», «Роскосмос» және «Росатом» басшылары да бар. Ал Армения бұл саммитке қатысудан бас тартты. БАҚ-тың жазуынша, саммитте ҰҚШҰ-ға мүше елдердегі өзекті мәселелер қаралып, 1941-45 жылғы соғыстың 80 жылдығын бірлесіп тойлау талқыланбақ.

Владимир Путин биылдыққа Қазақстанға екінші рет келіп отыр. Бұған дейін ол жазда өткен ШЫҰ отырысына қатысып кеткен еді.

Данагүл Науқанова,

“Мінбер”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар