Ностальгия: Грек тілінен аударғанда nostos – үйге оралу + algos – азап, дерт, толық мәнін сағыныш, туған жерге немесе өткенге деген сағыныш. Ал мен болсам ностальгияның адамның жан дүниесін баурап алар шынайы әсерін көксеу деп атар едім. Өйткені көксеудің рухани қуат әсері сағыныштан да әлдірек, күшті. Мүмкін бұл сағыныштың сарғайып әбден пісіп шегіне жеткен жері – ЗАПЫРАН, СҮЗЕК!
Неге ностальгия – көксеу туралы сөз қозғай қалдым? Оның себебі соңғы жыл, соңғы айларда біздің қоғамды өткенге қайыру, ескіге бұру, турасында коммунизмді көксеуді жеделдету үдерісі тоқсаусыз жүріліп жатқандай. Әсіресе еліміздің қанды коммунизмнің (өткен ғасырдың) қол астында колонияда-отарлауында болған жетпісінші, сексенінші жылдарының техникалық һәм ғылыми бүгінгі тілмен айтқанда техник-технологияның инновациялық жетістіктерін ысыра тұрып, адам санасын идеологиялық тұрғыдан тез жаулап алатын мәдениеттің социалистік өнер саласын алға шығару арқылы дәріптеудің жиілеп кетуі, астарында қандай мақсат, мүдде бары осы туралы ойлануға, ностальгия деп атауға итермеледі. Мәселен, теле дидарды ашып қалсаңыз жартылай жалаңаш әншілердің жарнамалап жатқан әндеріне құлақ түріңіз: любимые песни 70-80-ых…. «Мой адрес – Советский Союз», «Белые розы», «Трава у дома», «Звезда по имени Солнце», Миллион алых роз»… Теле дидардың бір түймесін басып қалсаң ақсақ-тоқсағымен жарнамасы жалтылдаған лучшие советские фильмы 70-80-ых…. «Москва слезам не верит», «Бриллиантовая рука”, “Белое солнце пустыни», «Вокзал для двоих”, “Служебный роман», «Ирония судьбы, или С легким паром!”…
Қазақ халқын жер бетінен жойылып кетуге душар етіп, құлдықта мәжбүрлеп ұстаған, адам санының қақ жартысынан астамын қырып тастаған жиырмасыншы ғасырдың қанды ауыз, қызыл террорының әкесі, Маркс ілімін теріс қолданған, есер коммунистер тобының көсемі, сүйегі өлгеніне жүз жыл толса да (21.12.1924ж) әлі күнге дейін жер қойнауына берілмей Мәскеу қаласында Кремль атты қызыл қорғанның бүйіріндегі қызыл мазарында зертхананың қыруар ақша жұмсап қоректендіріп, сылап-сипауымен сақталған, Ленин атымен әйгілі Ильчұлы Владимир Ульяновтың өткен ғасырдың басында жазған «Бір адым алға, екі адым кері» (Біздің партиямыздағы дағдарыс) – «Шаг вперёд, два шага назад (Кризис в нашей партии)» деген еңбегі бар еді. Біздің де қазіргі көнені көксеп, өткенді күйттеу, көрбілте күйімізді сол дағдарыспен шенестіруге келетіндей. Алайда Ленин партия ісінде кеткен кемшіліктерін жіпке тізгендей етіп сараптап, алға жылжу үшін аялдағанын, қайталауға болмайтын қателіктерін көзге шұқып отырып көрсеткен-ді. Ал біздікі құр дәріптеу, қайда кетіп барамыз? Ескіні көксегеннен не ұтамыз? «Россия – матушка!» деп күндіз-түні қақсағандағы мақсатымыз не? Россия кім еді? Біз ескішіл-ақ болайық. Ол неге тек ресейлік – сәбеттік мәдени өнімдер арқылы біржақты насихатталуы керек. Неге өткен ғасырдың сәбет халқының көңілі кеткен, ғашық болған әлем халықтарының мәдени жетістіктері тең дәрежеде дәріптелмейді. «Америка матушка, Арабия матушка»… деп неге айтпаймыз. Біз үлгі тұтар, жақсылығын насихаттар орысиядан басқа ел жоқ па? Аңсағанымыз коммунизм, көксегеніміз феодализм бе? Феодализмді көксеген ертегі айтып, жұма сайын жиналып, мегаполистің даңғылдарын жабудан аспай қалған дініңнің түрі анау (ол жеке әңгіме).
Ұлы ғұлама Ахмет Байтұрсынұлы «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» дейді. Неге біз ертеңшіл емеспіз, неге кешегі күнді көксеп, кегежеміз кейін тартады? Ілгеріге, жасампаздыққа ұмтылудың орнына неге кешегі күнді аңсап, артқа қарап соноу жылдарға жалтақтай береміз? Қазақ айтады тышатын ит артына қарайды деп. Ол – тышатын ит жүгіретін итті бөгейді екен. Сонда ойлаймын: Тәуелсіз ел болғаннан бергі отыз жылдық ғұмырымызда, онан бұрынғы кезеңдерден ностальгия боларлық, сағынарлық, көксерлік, аңсарлық, мұра тұтар түгіміз болмағаны ма?
Жарты ойым айтады: бұл таза жағымталсу деп. Кімге? Жағымталсудың да жөн-жосығы, шектеу шеңбері, тиянақтау жері, тоқтау тоспасы деген болмайтын ба еді. Жыл санаудың цифрлық өзгерісі таяған сайын бұл көлгірсу тіпті асқынып, кернеуін керіп, арнасынан асып төгіліп жатыр. Біз кімді аңсаймыз, нені көксейміз!
«Шаг вперёд, два шага назад (Кризис в нашей партии)».
«Бір адым алға, екі адым кері» (Біздің партиямыздағы дағдарыс).
Қарамер
Парақшамызға жазылыңыз