///////

Биыл спортшылар қуанта алды ма?

183 рет қаралды

Фото: zakon.kz/sport 

Көп ұзамай 2024 жыл аяқталады. Жаңа жыл қарсаңында көп адам өткен жылға көз жүгіртіп, қандай жетістіктер болды, қандай әттеген-айымыз болды деп өзінше қорытынды жасайды. Олимпиадалық жыл саналған 2024-те ел спортында қандай елең еткізер жаңалық болды, ел үмітін қай спортшылар ақтады немесе керісінше көптің көңілін кімдер күпті етті? Осы сауалдарға барынша жауап іздеп көрелік. Биылғы жыл басынан ел атлеттері қандай нәтижемен қуантқанына толық көз жеткізу үшін Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сұрау салдық. Сауалымызға лезде жауап қатқан Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Саясат Идеятұлы бізге мынадай жауап жолдады.

– Бір жыл бедерінде өткен спорттық жарыстардың кейбірінде спортшыларымыз тиісті деңгейде өнер көрсете алмағаны рас. Бірақ нәтижелері тым төмен болды деп айта алмаймыз. Мәселен, биыл Парижде өткен төрт жылдықтың дүбірлі додасында ел қоржынына Олимпиаданың алтыны, күмісі мен қоласы түсті. Әрине, спортшыларымыздың бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігі болды. Барлық жанкүйер былғары қолғап шеберлерімізден алтын жүлде күткен еді. Өкінішке қарай, боксшылар тұғырдың ең биік сатысына шыға алмады. Десе де басқа спорт түрлерінен жеткен жетістіктер бар, – делінді Саясат Идеятұлының хатында.

Бір өкініштісі сол министрліктің бізге берген жауабында биылғы 9 айдың қорытындысы ғана болды. Қалған үш айдағы жетістіктер мен әттеген-айлар келер жыл басында сараланбақ.

Ендеше кеттік. Биыл Қазақстан құрамасының спортшылары әлем және Азия чемпионаттары мен өзге де халықаралық жарыстардан 621 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 213 алтын, 191 күміс және 217 қола.

Тоғыз ай ішінде отандық спортшылар бірқатар тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Жыл басында Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруде Илья Мизерных чемпион атанды. Ерекше атап отырғанымыздың себебі сол: бұған дейін ел спортшылары дәл осы шаңғымен тұғырдан секіру спортында мұндай биік белесті бағындырмады.

Илья Мизерных фото: Sports.kz

Одан бөлек биыл ақпанда Қатар мемлекетінде су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Ол сында әртістік жүзудің аралас дуэт бағдарламасында Эдуард Ким мен Наргиза Болатова жарыс жеңімпазы атанды. Ізін ала наурыз айында шорт-тректен ұлттық құрама мүшесі Денис Никиша Роттердамдағы (Нидерланд) әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды. Бұл – шорт-тректен ел тарихындағы алғашқы күміс медаль. Бұған ел спортшылары тек әлем кубогі кезеңдерінде ғана жеңіс тұғырына көтеріліп жүрді. Спорттық гимнастикадан Ташкентте өткен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында отандасымыз Аида Бауыржанова ел қоржынына тарихи қола жүлдені салды. Бұл да мақтануға тұрарлық нәтиже.

– Маусым айында Үндістанның Гандинагар қаласында 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионаты өтті. Ол сында Қазыбек Нөгербек топ жарды. Ол мұндай жетістікке қол жеткізген еліміздегі төртінші шахматшы. Одан бұрын 20 жасқа дейінгі санатта Дәрмен Сәдуақасов (1998 жылы), Динара Сәдуақасова (2016) мен Жансая Әбдімәлік (2017) сияқты шахматшыларымыз әлем чемпионы атанған еді, – деді Саясат Идеятұлы.

Биылғы жылдың басты спорттық додасы шілденің 26-сы мен тамыздың 11-і аралығында Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындары. Ел спортшылары 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Жалпыкомандалық есепте 43-орынға ие болды. Сондай-ақ 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында спортшыларымыз XVII жазғы Паралимпия ойындарында өнер көрсетті. Тағдырлы спортшылар додасында 5 спорт түрінен сынға түскен қазақстандық параспортшыллар 9 медалді қоржынға салды. Олардың 2-і алтын, 3-і күміс және 4-і қола.

Елдос Сметов
фото: Ticketon.kz

Ал елімізде өткен айтулы спорт бәсекелері қандай болды десек, ол қыркүйектің 8-і мен 13 аралығында елордада ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ден астам спортшы қатысқан сында Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола жүлдеге қол жеткізіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды.

Биыл ел жанкүйерлерін шахматшылар көп қуантты десек артық айтқанымыз емес. Өйткені шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Мажарстан астанасы Будапештте өткен 45-ші шахмат Олимпиадасында тарихи нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алды. Тарихи нәтижеге қол жеткізген құрама сапында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынды спортшылар болды.

Спорт болған соң жеңіс те жеңіліс те болады. Биыл ел жанкүйерлерінің көңілін түсірер әттеген-айлар да болды. Мақала басында олимпиадада боксшыларымыз алтын ала алмағанын айттық. Расымен өзін бокс державасы санайтын қазақ елі «Парижде боксшылар алтын алып қалар-ау»,- деп былғары қолғап шеберлерінің жолына үлкен үмітпен қарады. Бірақ не Сәкен Бибосынов, не Махмуд Сабырхан, не Асланбек Шымбергенов сияқты жалпы ұлттық құрама боксшылары үмітті ақтай алмады. Ия медаль бар. Бірақ бокс десе ішкен асын жерге қоятын қазақ жанкүйері оған қанағаттанбады.

Командалық спорт түрлерінде әдеттегідей нәтиже керемет емес. Басты үмітімізді Ташкентте өткен футзалдан әлем чемпионатына артып едік. Өкінішке орай Кака шәкірттері ¼ финалдан әрі аса алмады. Ия қарсыластар мықты болды. Әлем чемпиондары Португалияны жеңдік. Десе де көптің күткені жоқ дегенде жартылай финал еді. Футзалшыларға анау айтқандай кінә арта алмаймыз. Ал футбол, ол бөлек әңгіме. Осыған дейін Еуропа чемпионатына шығуға сәл-ақ қалған ұлттық құрама бұрынғы әніне салды. Бас бапкерлік қызметке келген Станислав Черчесов  Қазақстан ұлттық құрамасын құлдыратып, өзі де елдегі репутациясын жер етті. Оның мемлекеттік тілде қойылған сұрақтарға берген жауаптары онсыз да қаны қайнаған жанкүйер қауымның қытығына тиді. Жалпы ұлттар лигасы 6 ойын өткізсе құрама біреуінде тең түсіп, бесеуінде қарсыластарына есе жіберді. Бір де бір гол соға алмай өз қақпамызға 15 гол жібердік. Қандай жеңіліске де еті үйренген елдегі футбол жанкүйерлері мұндай масқараны ауыр қабылдады. Сондай-ақ шайбалы хоккейден ұлттық құрама спортшылары да халықаралық жарыстарда және Олимпиадаға іріктеу бәсекелерінде үздіктер қатарынан көріне алмады.

Көргеніміздей жеңіс те жеңіліс те бар. Бокстағы жағдайды түзейміз деп бас бапкерді ауыстырдық. Футбол федерациясының президенті ауысты. Хоккейшілерде де өзгеріс орын алды. Туризм және спорт министрі ауысты. Жыл бітті, спортшылармен бірге қуанып, бірге өкінген қазақ ендігі жылы нәтиже жақсарады деген үмітпен ғана қалды.

Үміт ақталсын ендеше.

Түгелбай Бисен,

БҚО. Орал қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

2024 жылдың айшықты оқиғалары

2024 жылы Қазақстанда көптеген маңызды оқиғалар болды. Осы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен АЭС құрылысы талқыланып, су