/////

Болат Бопайұлы: Түрмеде түлеген тірнек

108 рет қаралды
МАҒАЗ РАЗДАНҰЛЫ ХАҚЫНДА (100 жылдық тойына сауғат)
Жә, Мағаз Разданұлы хақында көп сөз айтып, көпірудің, артық айтып, ділгірсудің, көсемсіп шешенсудің қажеті жоқ. Мағаз – бірбеткей адам, алып ақын, ақиық Алтай қыраны.
Мақаңның үш кезеңдегі үш шумақ өлеңін тілге тиек етіп, аз тарқатсақ та, аржағынан бір ғасырдың ғаламат жүгін арқалап тұрған арда ақынның ақжарқын бейнесін толық көреміз.
Мағаз 1958 жылы Қытайдың Тарым түрмесіне айдалды. Қол-аяғына кісен мен кәзір салынды. Осы кезде қаламдас, қабырғалас досы, Алтайдың Күңгейі атанған атақты жазушы Күңгей Мұхажанұлымен бірге қолға алынып, бірге Тарымға айдалды. Сот үкімі жарияланып, Тарымға айдалып бара жатқан жолда:
– Е, Мақа, маңғазым-ау, қайран ерлер Қытай түрмесінде жиырма жыл кісен-кәзірмен өтеміз бе? – деп ауыр күрсінген Күңгей Мұхажанұлы Мағазға ойлы көзімен жауап күткендей қарады. Сонда Мағаз:
Ер жасып мұңая ма ажырғыға,
Немене ауыр бейнет сабырлыға?
Жеті мың үш жүз түннің басты ұйқысын,
Жайлап сал төсегіңді, абыржыма.
деп өнер тіл, өлең ділмен үн қатты, салмақты, сабырлы қозғалмастай ой қорытты. Алдағы ауыр күндерді, түрмедегі қара түндерді “пішту” құрлы көрмеді, елес құрлы көріп елемеді, ескермеді, уайым жеп езілмеді.
Қызық мінез.
Жоқ, қызық емес. Ерлік мінез, биік бейне, өр тұлға, өркенді өмір, өлмес жігер…
Маңғаз Мақаң қайын жұртына, қалыңдығына кетіп бара жатқандай, Қытай түрмесіне де маң-маң басқан түйедей бейнесімен еңсесін түсірмей кіріп бара жатты.
Иә, ерге тән ерлік, еркін басқа билетпейтін билік деген осы. Өрлік өшсе, өмір көлеңке тартады, жігер сөнсе, жігіт түбіт болады. Ұлт рухы солады. Соны солдырмайтын халықтың қара нар азаматы қай жерде де қасқайып тұрады. Мағаз маңғазындай.
Бұл аз, жетпейді.
Жер көтермес ауырды, алай-дүлей дауды Мағаз көтерді. Қара нар тартпас жүкті тартты, халыққа жапқан жаланы өз мойнына артты. Сөйтіп, елін құтқарып қалды. Оттан қайтпай, соттан жасқанбай халық қамын арқалап, ар таразысына салып, салмақтап көрді де, “Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы” деп жиырма жылға сотталып кете барды.
Бұл уақыт аз уақыт емес еді. Жиырма жыл жыландай оралған түрмедегі уытты қара шұбар түндер еді ғой. Мұздай суық, ызғарлы күндер еді ғой. Қандай жүрек қайғырмай қасқайып тұрады, қандай ер қайыспай шыңғырмай шыдап тұрады? Жай пенде үшін шыдау да, тындау да ауыр әрі қиын.
Ал өнердің әбухаят суымен суарылған мүшелісі, ғасырдан қайырылатын Мағаз үшін тобығынан келмейтін топан су ғана еді.
Қойсай, нені?
Шылбыр сөзді, қашаған ойды, тобан аяқ құрғақ қиялды.
Жаз, нені?
Өнегелі өнерді, өлмес өмірді. Маңғаз мағыналы тірлікті, удай ашты шындықты.
Жә, Мағаз кешкен өмір – қазақ кешкен өмір. Мағаз жазған өлең – қазақ жазған өлең, Мағаз жатқан түрме – қазақ жатқан түрме.
Ол – заман аспанда тор, жерде қақпан құрған, арты қараң заман. Қандыауыз ғасыр, мыстан уақыт, жендет желкелеген кезқұйрықты кез.
Иә, өлең сарбазы, өнер егеуі Мағаз ол кезді кертіп айтып, кесіп жеткізіп, бір шумақ өлеңмен шыр айналдырып, шып-шырғасын шығармай шырыштай топқа тоқ еткізіп жеткізіп, жетесінен жеке шумаққа сыйғызып салды.
Біз Мақаңның өлеңінің өрнегінде өрілген өрісті ойға қайталап соғып өтейікші.
Қанды ғасыр ұлтқа не істеді, ұлға не көрсетті, ұлыны қайда әкетті?
Ұлының қол-аяғын кәзірлеп байлады, тас қараңғы түрмеге қамады. Азат басын азаптады, ақ ісін қаралады, жеті атасын боқтады, шерік ғасырға соттады. Аузы-мұрны жоқ тас түрмеге қамады, қорлады, зорлады, аяусыз қинады.
Қазақтың қайыспас қара нардай қайсар ұлы Мағаз оны мазақ етті, азап етпеді. Абыржымады, саспады, даурығып аспады, рухын сөндірмей биік ұстады. Ғасыр ғаламатын, дәуір дидарын қара нар өлеңіне жүктеп, келер уақыттың қанжығасына байлап, уақыт сырғысымен алға ұзатып отырды. Келер ұрпақ қоржынын өлеңмен тоқи берді.
Түнектен, түрмеден, қанды тұғырдан босап, қайта көтерілген бала тірнек баршынға айналғанда, туған жер, ата мекеніне өлең арнап, өрісті жырмен жұртына оралды:
Сәлем саған, Алтайым,
Тентегің сонша сағынды.
Жоғалып кеткен бір тауың,
Тарландап келіп табылды.
Расында, күні бүгінге дейін осы өлеңді жатқа білмейтін қазақ баласы жоқ. Өлеңнің бой тұмарыдай әр құлақтан кіріп, әр санаға сіңіп, тіл үйіріп жатталып қалған. Жұрт жүрегінде сақталып, келер ұрпаққа да ұпайын жоғалтпай ұласа береді.
Иә, солай, Мағаздың артында қалған арда халқы маңғаз ұлының марқа өлеңдерін осылай жаттап өтпек, ұрпақ көкірегіне сақтап өтпек.
Мағаз өлеңі – өткір қандауыр, алмас қылыш. Қышыған жердің қанды сарсуын шығарып, шабақтап шағып тастайды. Әден елін, жерін сарғая сағынып келгенде, әлде біреулер:
– О, мына бұзықтың, мәселесе әлі қалпына келе қойған жоқ. Байқап барып амандасыңдар. Сау бастарыңа сақина тілеп, бір пәлесіне ілгіп, қараңғы інге кіріп кетіп жүрмеңдер, – сыпсың қсекті өрттей гүлетеді. Сонда оған да еш еш жимаған Маңғаз Мақаң:
Ақымақ ақыл иесін,
Күндемей қалай күн көрмек.
Мықтыға жағып күйесін,
Жүреді тауып күнде ермек.
Жарасса егер айқайы,
Үдете түсер ойбайын.
Өсектің шыбжың майталы,
Былғайды сонда борбайын.
деп өлеңінің өткір қандауырымен әлгі өлектердің қара кеңірдегінен қара қанын судай ағызып бауыздай салды.
Енді мына тотияйын сөз, қорғасын ой, удай тілді тармақтап талдаудың өзі қиын. Оқшантайдан алынған, адырнадан тартылған улы жебе өсекшінің өкпесіне дөп тиіп, тесіп өтті. Өсектің аяғын сындырды, бақайын шақты. Ар сотына тартты, намыс отына өртеді. Жаман ойды тажалға тамыздық етіп, жаһаннамның түбіне тықты. Сөйтіп өсекке орын қалдырмады.
Жә, Мағаз аға, жатқан жерің жәннат болсын. Топырағың торқа болғай. Ұлылығың ұрпаққа ұлағат болып қонғай. Даналығың дарын болып дарығай.
Арда ақынның ақиық өлеңдері Алтай, Тарбағатай, Іле, Алтау тауларының ұшар басында қырандай айналып ұшып барады. Болашаққа тартып барады.
“Дара тұлғалар” атты кітабымнан.
Болат Бопайұлы
28.10.2000 жыл. Алматы.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар