Қазақстан Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Парламент Мәжілісінде Үкіметтік сағат барысында баяндама жасады. Баяндамадан түйгеніміз: “10 айдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 73,5 млн. тоннаға жеткен екен. Биылғы жылға мұнай өндіру болжамы 88,4 млн. тонна болуы тиіс еді.
Өндірістің жоспарға сай орындалмауын ірі кен орындарында күрделі жөндеу жүргізумен байланыстырады. Сонымен қатар, өндіру деңгейінің төмендеуіне ОПЕК+ келісімі шеңберіндегі міндеттемелердің орындалуы да әсер етеді. Қазақстан ОПЕК+ келісіміне қатысады. Қазақстан үшін, басқа елдер сияқты, 2024 жылға арналған белгілі бір міндеттемелер белгіленген (қазіргі уақытта тәулігіне 1,468 млн. баррель).
Қарапайым халықтың көкейін күпті қылатын сауалдардың бірі: Қазақтың мұнайы қайда кетіп жатыр? Неге солтүстіктегі көршіміздің қабағын аңдып, ас ішіп, көңіліне қарап сөз сөйлейміз? Тәуелсіз елдегі тәуелді ұлт болып отыруымыздың себебі неде ?
Халықарадағы мұнай маркалары және Қазақ мұнайы : Tengiz Crude
Қазақстанның мұнай экспортынан түсетін табыс елдің жалпы экспорттық кірістерінің шамамен 60-70%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш геосаяси жағдайға байланысты өзгеріп отыруы мүмкін, бірақ бүгінгі күнмен қарайтын болсақ, ел экономикасы бойынша жалпы ішкі өнімнің маңызды бөлігі және Қазақстан экспортының басты үлесі әлі де мұнай-газ саласына тәуелді. Әлемдік нарықтағы мұнай маркалары халықаралық саудадағы мұнай бағасының негізгі индикаторы.
Сонымен қатар, энергетикалық сұраныс негіздері, қара алтынның химиялық және физикалық ерекшеліктерімен бірге, мұнай өңдеуші және энергия өндіруші компаниялардың талаптарымен тығыз байланысты. Айталық, күкірітсіз немесе өте аз күкіртті мұнайды өңдеу, күкірт мөлшері жоғары мұнайды өңдеуге қарағанда әлдеқайда жеңіл және шығыны аз тиімді болып келеді. Құрамындағы тұтқырлық қасиеті де мұнай бағасына әсер етуші фактор ретінде қарастырылады, себебі әдетте тұтқырлығы жоғары мұнайлар ауыр мұнай тобына жататындықтан, өндірілуі мен тасымалдануы қиынырақ, өйткені тұтқырлығы жоғары болуы оның мұнай ағысына кедергі келтіруімен қоса, мұнай өңдеуде де қиындықтар туғызады. Қара алтын нарығында мұнай өнімінің физикалық және химиялық ерекшеліктеріне байланысты мұнай маркаларының сапасы мен бағасы тұрақтандырылды.
Айтар ойымызға тұздық ретінде бірқатар әлемдік мұнай маркаларын тілімізге тиек етсек:
Brent crude – әлемде кең тараған және жоғары бағамен сатылатын мұнай маркасы. API шкаласы 38-40, төменгі күкірт мөлшері 0,37-0,4, тұтқырлығы аз болғандықтан, жеңіл мұнай тобына жатады. Өндіруші аймақтары Солтүстік теңіз, анығырақ айтсақ, Ұлыбритания мен Норвегия жағалаулары. Тұтынушы елдер АҚШ, Еуропа, Қытай және әлемнің көптеген елдерінде сұранысқа ие.
WTI (West Texas Intermediate) — АҚШ-та өндірілетін, әлемде ең көп саудаланатын мұнай маркаларының бірі. API шкаласы: 39-42 (жеңіл мұнай түрі болып табылады). Тұтқырлығы аз, күкірт мөлшері төмен, әдетте 0.24%. Техас штатында өндіріліп, ішкі нарықта кең қолданыста болумен қатар, халықаралық нарықта да қымбат бағада саудаланады.
Arabian Light — Сауд Арабиясының ең танымал және халықаралық деңгейде кеңінен экспортталатын мұнай маркасы. API шкаласы 32-34 аралығында, төмен күкірттілігі 0,5% болып келеді. Өндіріс ошағы — Гавар алабы (Ghawar oil field) — әлемдегі ең ірі мұнай кен орны.
Urals Crude — Ресейдің ең танымал және халықаралық нарыққа экспорттайтын маңызды мұнай маркаларының бірі. API шкаласы: 29-32 аралығында, күкірт мөлшері 1,5% шамасында болғандықтан, орташа ауыр мұнай түріне жатқызуға болады. Ресейдің Урал аймағынан бөлек, Самара, Тюмен, Татарстан және басқа аймақтарында өндіріледі. Ол Еуропа (Германия, Нидерланд, Италия) мен Азия (Қытай, Индия, Жапония) елдеріне кеңінен экспортталады.
Қазақстан мұнайы халықаралық нарықта негізінен Tengiz Crude және Kashagan Crude сияқты маркаларымен сатылады. Tengiz Crude — орташа ауыр мұнай түріне жатады, күкірттілігі жоғары, ал API шкаласы әдетте 29-31 аралығында. Kashagan Crude мұнайы да API шкаласы 30-31 аралығында және өте жоғары күкіртті болғандықтан, орташа ауыр мұнай түріне жатады. Қазақстан мұнайы негізінен Еуропа және Азия елдеріне экспортталады, сондай-ақ Түркия мен Қытай нарықтарында үлкен сұранысқа ие.
“API шкаласы (American Petroleum Institute) — мұнайдың тығыздығын өлшейтін шкала. API саны жоғары болған сайын, мұнайдың тығыздығы төмен болады, яғни мұнай жеңіл және өңдеуге қолайлы. API саны төмен болғанда, мұнайдың тығыздығы жоғары болады, ол ауыр және көбіне өңдеуге қиын болып келеді.”
Мұнай-газ саласындағы экспорттық маршрут
Қазақстанның әлемдік нарыққа шығатын мұнай өнімдерінің Ресей транзиттік дәлізі арқылы өтуі біз қаламасақ та, көршіміздің қабағына қарап үн қатуға мәжбүр етіп отыр. Айталық, жылдық тасымалдау қуаты 15-20 миллион тонна құрайтын Атырау-Самара мұнай құбыры Қазақстан мен Ресей мұнай тасымалдау жүйесін біріктіретін құбыр жүйелерінің бірі. Батыс өңірде өндірілген мұнай Самара қаласындағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіліп, ары қарай Дружба мұнай құбыры арқылы кәрі құрлыққа экспортталады. Дружба — бұл әлемдегі ең ірі және маңызды мұнай құбырларының бірі.
Қызыл Империя мұрагерлерінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде ақ әлемге ықпал ететін күшке ие, анығырақ айтсақ, орталық және батыс Еуропаға жалғасатын Дружба Мұнай құбырының бүгінгі күнде де өкінішке орай басынан бағы, астынан тағы тая қойған жоқ. Солтүстік тармақта Беларусь арқылы Польша мен Германияға, оңтүстік тармақта украин жұртын негіз етіп Словакия, Чехия, Венгрия маршрутын жасап, әлем бойынша ең ұзын транзиттік мұнай құбыры желісін құрайды. Ұзындығы 4000 шақырымды құрайтын бұл қара алтын тасымалдаушы құбыр, өз кезегінде отқа оранған украин халқы үшін де өте маңызды, транзиттік тариф арқылы экономикасына табыстан бөлек, ішкі нарығына қажет жанармай т.б. өнімдерін есепке алмағанда, халықаралық келіссөздер алаңында өз аумағынан өтетін құбыр желісін Энергетикалық козырь ретінде қолдана алары хақ. 1967 жылы өмірге келген Дружба шынымен де атына заты сай Достық пиғылын танытып отыр ма?
Дружба шынымен де атына заты сай Достық пиғылын танытып отыр ма?
Ресейдің мұнай-газ тасымалына тәуелді Еуропа елдері Ресей билігінің энергетикалық қысымының қыспағынан әлі де болса шыға алмай келеді. Санкциялар немесе халықарада туындаған саяси шиеленістерде Ресей Дружба құбырын өз мүддесіне сәтті пайдалану үстінде. Айталық, Еуропа елдеріне мұнай тасымалын шектеу немесе тоқтату арқылы энергетикалық тапшылық тудырып, энергия бағасын Еуропа елдерінің экономикасына тиімсіз жағдайда қымбаттата алады.
Бұл өз кезегінде ішкі әлеуметтік қайшылықтар туғызу ықтималдығын жоққа шығармайды, сонымен қатар инфляция келтірген экономикалық дағдарыс негізінде сепаратизмдерге жасырын қолдау білдіру арқылы саяси дүрбелең жасау сценарийін қолдануға болады, және бұл тәжірибе іс жүзінде кәрі құрлық елдерінде бірнеше рет болып өткенді.Осы энергетикалық тәуелділіктен құтылу мақсатында кәрі құрлық елдері бүгінгі таңда балама энергия көздерінен бөлек Африка (Нигерия, Ливия), Таяу Шығыс (Сауд Арабиясы, Ирак) және тіпті мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-тан да мұнай тасымалын жүргізумен қатар, жаңа энергия көздеріне ұмтылыс пен Каспий, Оңтүстік Азия, теңіз мұнай жолын жандандыру жоспарын қолға алғанды.
Бұл кіріптарлық біздің елімізді де айналып өткен жоқ, себебі тек Атырау-Самара мұнай құбыры ғана емес, еліміздің 80% қара алтынын Киелі Маңғыстаудағы Теңіз мұнайлы кен орнынан Новосибирск портына дейін жеткізіп, ары қарай Қара теңіз арқылы әлемдік нарыққа шығаратын, Қазақстан бойынша мұнай экспортының 2/3 бөлігін құрайтын халықарада Қазақстанның мұнай артериясы аталған КҚК (Каспий Құбыр Консорциумы) мұнай құбырының экспорттық маршрутының да белгілі мөлшерде Ресейге транзиттік тәуелділігі сақталып келеді.
Ақиқатында, бұл құбыр желісі халықаралық транзитке қатысатын басқа құбырлар мен маршруттарға тәуелділікті азайтады, себебі Ресейдің мұнай құбырларына тәуелділік КҚК арқылы төмендейді, өйткені бұл құбыр Ресейдің ішкі мұнай тасымалдау жүйесіне тікелей қатысы жоқ. Дейтұрғанмен, Новороссийск порты — КҚК жүйесінің маңызды бөлігі. Бұл порт арқылы Қазақстанның мұнайы Қара теңізге шығарылады, әрі ол әлемдік нарықтарға тасымалданады. КҚК мұнай құбыры Новороссийск портына мұнай жеткізу үшін Ресейдің инфрақұрылымын пайдаланады, бұл Қазақстанның мұнай экспортының Ресейге тәуелділігін әлі де арттырып келеді.
Біздің әлемдік нарыққа және Кәрі құрлыққа тікелей қара алтынды экспорттайтын альтернативті маршруттың жоқтығы, энергетикалық ресурсымызды Ресейдің транзиттік дәлізіне мықтап ақ шынжырлап қойғаны ақиқат. Зәудеғалам, Солтүстіктегі көршіміз өз территориясы арқылы өтетін мұнай құбырын тоқтату немесе шектеу туралы шешім шығарса, бұл жұртымызға қалай әсер етпек? Қазақстан экономикасының маңызды секторы болып табылатын, бюджетке үлкен кіріс әкелетін мұнай экспортының құлдырауы, күре тамырымызда қан жүрмей қалғандай-ақ, қаржылық қуатымызды бірден әлсіретіп жіберері хақ. Шарасыздықтан солтүстіктегі көршімізге жалтақтап отыруымыздың бір үлкен себебі де осы.
Бұл ғана емес, кейде дара шауып, ұлттың жоғын жоқтай бастаған қазақ қоғамының дабылын естісе-ақ, Кремль жұрты кірпідей жиырылып, “тарифті қымбаттатамын” дейді. Тариф бағасын арттыру арқылы Қазақстанға қосымша экономикалық қысым көрсете алады, бұл өз кезегінде энергетиканың қымбаттауына, инвестициялық климаттың нашарлауына алып келеді. Жоғарыдағы механизмдер арқылы Қызыл Империя мұрагерлері Қазақстанның энергетикалық тәуелділігін пайдаланып, саяси, экономикалық немесе геосаяси қысым көрсетуге әбден кәнігіп алғанын мойындауымз керек.
Атасу-Алашанькоу құбыры Ресейге тәуелділіктен құтқара ала ма?
Мұнай экспорты маршрутындағы тәуелділіктен құтылу мақсатында мемлекет тарапынан әртүрлі жобалар қолға алынып жатыр. Мысалы, Қытайға мұнай экспорттау жоспары үлкен маңызға ие. Қытай әлемдегі ең ірі энергия тұтынушы мемлекет және оның Қазақстанмен шекаралас аймақтары мұнай тасымалдаудың тиімді жолы. Қытай мен Қазақстан арасындағы мұнай құбыры (Атасу-Алашанькоу) іске қосылғаннан кейін, Қазақстан Қытайға жылына 10 миллион тонна мұнай экспорттай алады, бірақ бұл түбегейлі Ресей транзиттік дәлізіне тәуелділікті жоя алған жоқ.
Баку-Тбилиси-Жейхан (БТЖ) құбыры сияқты бағыттар арқылы Қазақстанның мұнайын Кавказ, Түркия және Оңтүстік Еуропаға шығаруға болады. Бұл жобалар Ресейдің ықпалын азайтуға және Қазақстанға жаңа экспорттық жолдар ұсынуға бағытталған. Қазақстан өзінің Каспий теңізі арқылы БТЖ құбырына қосылған жағдайда, транзиттік мемлекет ретінде өз маңыздылығын арттырады.
Сонымен қатар, БТЖ құбыры Қазақстанды Әзірбайжан, Грузия және Түркиямен тығыз экономикалық және саяси байланыстар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл геосаяси тұрғыдан Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін нығайтады, әсіресе мұнай өндіруші және экспорттаушы ел ретінде маңызын арттырады. Қош делік, тәуелсіздіктегі тәуелділік бұнымен тамам ба, жоқ, керісінше, энергетикалық және экономикалық тұрғыдан жіпсіз байланған тұстарымыз жетерлік.Ресей Қазақстанға қысым көрсетуді әртүрлі жолдармен жүзеге асыра алады. Бұл қысым экономикалық, энергетикалық, саяси, әскери және ақпараттық салада болуы мүмкін. Бірақ Қазақстан да өз тәуелсіздігін сақтауға және Ресеймен теңқұқықты қатынастарды орнатуға тырысып отыр, оның сыртқы саясатында көпвекторлы тәсіл қолдануға ұмтылысынан аңғаруға болады .
Бұл жіптерді бірден үзіп кетуге қазіргі мемлекеттік әлеуетіміз жеткіліксіз, сондықтан бұл бірқатар эволюция негізінде біртіндеп жүзеге асырылуы мүмкін. Бұл енді саяси элитаның құзырында, бірақ бір нәрсені ескергеніміз абзалырақ: әрқандай мемлекеттің өз мүддесіне жұмыс жасайтын сұрыпталған саяси элитасы және интеллигенциясы бар деп есептесек, Қазақ елінің ұлттық мүддесі әрқашан олар үшін екінші орында тұратындығын ұмытпағанымыз дұрыс. Сондықтан да, супер державалар экспорттайтын теңдессіз демократия мен көрші елдер ауыз жаппай қақсайтын мәңгілік достық ұғымын құдайдай сенуден, және құтқарушы пайғамбар мен Қазақ елін өркениетті елдердің алдыңғы қатарлы мемлекетіне айналдыратын қаһарманды сыртқы елдерден іздеудің қажеті жоқ екенін түсінуіміз шарт. Ұлы Тұран жерінің ту ұстар оғланы өз топырағынан жаралары Ақиқат!
Ертұран Жұмақанұлы
Парақшамызға жазылыңыз