Биылғы жылдың елеулі саяси оқиғаларының бірі 6 қазанда өткен республикалық референдум. Референдум өткізуге себеп болған қазақ жерінде АЭС құрылысын салу мәселесі. Жылды қорытындылай отырып, Мінбер редакциясы референдум барысында сайлау процесін бақылаған бірқатар тәуелсіз бақылаушылармен жүздесіп, сұхбаттасты. Осы сұхбаттар легін назарларыңызға ұсынамыз.
КЕЙДЕ БАҚЫЛАУШЫЛАРДЫҢ ӨЗІ КҮМӘН ТУДЫРАДЫ
Хаким Меңдібай – электрик, өмір бойы электрэнергетика саласында жұмыс жасаған. Еңбек өтілі 40 жылдан астам, оның соңғы 20 жылын мұнай саласына арнаса, одан бұрын құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Өзінің айтуынша шетелдік компаниялардың саясатына сәйкес зейнет жасына жақындаған мамандарды өтемақысын төлеп, алдын ала зейнеткерлікке шығарып жібереді. Зейнеткерлік демалысқа шыққанына биыл үшінші жыл болған. Демалысқа шыққан соң еркіндік, бос уақыт көбейген, мүмкіндік пайда болған. Балалары аяққа тұрып, алдына қойған материалдық мақсаттарына қол жеткізгеннен кейін қоғамдық жұмыспен неге айналыспасқа деген ой келген.
– Хаким аға, сіздің бақылаушы болуыңызға не себеп болды? Бақылаушылық тәжірибеңіз туралы айтып берсеңіз.
– Менің өмірімде аса бір қатты өзгеріс болып, ол бақылаушы болуға әсер етті не түрткі болды деп айта алмаймын. Былтыр наурыз айында Парламент сайлауы өтетін кезде Лұқпан Ахмедияровтың қатысатыны туралы естіп, Лұқпанды іздеп шықтым (ҚР Парламент мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттарын сайлау 19 наурыз 2024 жыл). Сөйтіп «Уральская неделяға» Тамара Еслямоваға бардым. Ол мені Лұқпанға бағыттап жіберді. Сол кезде ең алғаш рет бақылаушы болып көрейінші деген ой пайда болды.
Ең бірінші рет Байқоныс ауылында Лұқпан Ахмедияровтың сенімді өкілі болып, сайлауды бақылауға қатыстым. Сайлау кезінде байқағаным мен бақылаушы болған сайлау учаскесінде Абзал Құспанға қарағанда Лұқпан екі есе көп дауыс жинады. Алайда облыс бойынша сайлау нәтижесінде Лұқпан ұтылып қалды. Сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық болмады, дауыс беру нәтижесінде де хаттамаға сәйкес ешқандай ауытқушылық та болмады. Сайлау да, санақ та, есеп те дұрыс жүргізілді. Сол кезде өзім «бақылаушы жоқ жерде есеп дұрыс болмайды, дауыс беру нәтижелері бұрмаланады» деген түйін жасадым. Сол уақытта «біз неге барлық сайлау учаскелерін бақылаушылармен толтырмаймыз» деген ой да қатар келді.
Осы сайлауда Жария ұйымының жетекшісі Бекнұр Сражановпен, ұйымның басқа да мүшелерімен таныстым. («Жария» тәуелсіз байқаушыларының Батыс Қазақстандық қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігі). Жариялықтар өздері ұсыныс жасап, келесі сайлауларға қатысуға шақырды. Менің де іздегенім осы еді, өйткені қоғамдық жұмыспен айналысқым келіп жүрді. Былтырғы наурыз бен биылғы қазан айының арасында, биылғы референдумға дейін көп ауылдық, аудандық, қалалық сайлауларға қатыстым.
Осы жерде бір қызық жағдайды айтып кеткім келеді. Сайлауға бақылаушы ретінде қатысамын, өзім жас емеспін, қалыптасқан ортам бар демекші, адамдармен араласасың, сайлау учаскесінің мүшелерімен не тағы да басқа адамдармен сөйлесесің, бір қызығы адамдардың, сайлау учаскесі мүшелерінің қарым-қатынасы өзгеретінін байқаймын. Егер бақылаушыларды танитын болса олар сайлау барысында өздерін басқаша ұстайды, бұзушылықтарға жол бермеуге тырысады. Бақылаушының таныс болып шығуы да заң бұзушылыққа жол бермеу факторларының бірі сияқты деп ойлаймын.
– Жария қоғамы референдумға қалай дайындалды?
– Алдымен Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясына сауал жолдадық. Қала бойынша барлығы 130 сайлау учаскесі бар екен. Барлық учаскені бақылаушымен қамтимыз деген мақсат қойдық. Онымен біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі, барлығы 40-50 адам. 130 учаскені толығымен қамту қиынға соқты, сол себептен біз бұқаралық ақпарат құралдарына, «Уральская неделя» сайтына, әлеуметтік желілерге ерікті түрде бақылаушы болғысы келетін адамдарға хабарландыру жасап, қатарымызға шақырдық.
Еріктілер келді, оларды іріктеу де бір қызық процесс болды. Біреулері өз еркімен келсе, өз қалауымен келсе, кейбіреуі бағыттаумен келген. Бізге кім бағыттап жіберуі мүмкін? Әкімдіктен басқа кім жібереді? Сайлауға қатысымның болуына мүдделі тек әкімдік қана, сондықтан өз адамдарын бақылаушы ретінде жіберген болуы мүмкін деп санаймын. Күмәнданған адамдарды жабық учаскелерге, ауруханаларға жібердік. Сенімді, тәжірибелі бақылаушыларды жауапты учаскелерге жібердік. Мысалы, Деркул кенті әкімін сайлау кезінде сайлаушылардың дауыс беруі тек 10% ғана болды. Ал референдум кезінде әкімдіктің сайлауға дауыс берушілердің үлес салмағын қалай да 50%-дан асыру керек деген мақсаты болды ғой.
Жариядан әрине сескенді, егер Жария барлық учаскені түгел қамтыған кезде қатысым нәтижесі мүлдем басқаша болуы мүмкін еді. Жария Орал қаласы бойынша учаскелердің 67% қамтамасыз етті, яғни 71 учаскені бақылаушымен қамтыдық. Біздің учаскеде қатысым көрсеткіші 38% көрсетті. Сонымен бірге, қатарымызға жаңадан қосылған бақылаушыларға трениң өткіздік. Трениңнен кейін бақылаушылар тест тапсырды. Бұл ерікті-бақылаушылар үшін де жаңа тәжірибе болды. Барлығы да бақылаушы ретінде қатысты, бірақ сайлаудың алдында немесе сайлау кезінде жоқ болып кеткендер де болды.
– Алдағы уақытта да бақылаушылар қатарына еріктілерді шақыру тәжірибесін пайдалану ойыңызда бар ма?
– Болашақта да пайдалану керек сияқты деп ойлаймын. Себебі сол келген еріктілердің ішінен 30% болса да сапалы бақылаушы қалатын болса, ол да пайда болар еді бізге.
– Сіз референдумда бақылаушы болдыңыз ба әлде басқа міндет атқардыңыз ба? Бақылаушы болсаңыз қай ұйымның атынан қатыстыңыз, қандай учаскеде болдыңыз? Сол учаскедегі дауыс беру барысы туралы айтып берсеңіз?
– Мен бірінші Жарияның бақылау штабында координатор болдым. Жоспарланған 4 координатордың 2-уі штабта болдық. Ақпарат жинау өте қиын болды. Азамат дайындап берген электрондық кестелер, есеп құралдарының пайдасы өте көп болды (Азамат Хамза, бақылаушы).
Негізі бақылаушы боламын деп ойлаған жоқпын, бірақ кейін №415 учаскеден «қосымша 200 бюллетень сұратып жатыр» деген хабар келді. Жарияның атынан бақылаушы болдым. Бұл бұрын болмаған жағдай. Қатысым ешқашан 100%-ға жеткен емес, сөйте тұра бұл жерде бюллетень жетпей қалған. Бұл туралы жаңадан келген ерікті бақылаушы хабарлады. №415 сайлау учаскесі БҚУ спортзалында орналасқан еді.
Дауыс беру аяқталған соң санаққа қатыстым, шынымен 200 бюллетень артық болды. Тек 7 бюллетень пайдаланылмаған. Студенттер қайта—қайта келе берген. Учаске төрағасы «бұл қалай?» деген сұрағымызға «мен білмеймін, бұлар телефонмен келеді, бағдарлама бойынша пропискам бар деп сол жерден көрсетеді тіркеуін, дауыс беруге қатыстыруға міндеттісіз дейді. Мен ештеңе істей алмаймын. Дауыс беруге рұқсат беремін. Сайлаушылар тізімінде жоқ, бірақ үсті-үстіне келіп жатыр» дейді.
Мен өзім заң бойынша мұның дұрыс не бұрыстығын білмеймін. Дауыс санаған кезде бюллетеньдер саны шықты, бізге тек «қарсы», «қолдайды» деген тұсқа қойылған белгіні көрсетпеді. Себебін сұраған кезде «уақыт жоқ» деген сылтау айтты. Мен үшін қатысымды білу маңызды болды. Қанша дауыс қарсы, қанша дауыс қолдағанын да бізге көрсетпеді. Өздері үшке бөліп, бөлінген бюллеттендерьді санап, соңғы санын ғана айтты. Өздері ашып қарап, көздері жеткен соң, бақылаушыларға міндетті емес деген сыңай танытқандай болды. Негізі бұл заң бұзушылық екенін, талап етуімізге болатынын басқа бақылаушыларға ескертіп айттым. Өзім талап етпедім, оған уақытым да болмады.
Сол күні сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігі қандай, қаншалықты жабдықталғанын білу үшін учаскелерге мониторинг жасау керек болды. Себебі «Еркіндік қанаты» қоғамдық ұйымы көмек сұраған еді. Мен екі учаскені қарап шықтым. №44 мектепті 99% пайыз қолждетімді деп айтуға болады. Ал №415 сайлау учаскесі орналасқан спортзал мүлдем жабдықталмаған, өте нашар, мүгедектігі бар адамдар үшін өте қиын, қолайсыз, еш мүмкіндік жоқ.
БІЗДІҢ БАСТЫ ҚАТЕЛІГІМІЗ – САЙЛАУДА БОЛҒАН ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТАРҒА ФИКСАЦИЯ ЖАСАМАҒАНЫМЫЗ
– Референдумда бақылаушылар үшін қандай проблема болды, заң бұзушылықтар болды? Мұндай бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмас үшін не істеу керек?
– Сайлау учаскелерінде болған бұзушылықтар туралы бақылаушылар ортақ топта жазып отырды. Олар көбіне пломбаларға қатысты болды, учаскелер сол кезде дұрыстап отырды. Негізі кез-келген бұзушылыққа акт толтырылуы керек, бұл жолы ешқандай акт толтырмадық. Референдумнан кейін өзімнің көзқарасымды, тактикамды, стратегиямды өзгертіп жатырмын. Жарияның мүшелеріне де айтып, түсіндіріп жатырмын бұл туралы.
Сайлау учаскелерінде заң бұзушылық болып жатқанын көріп жүрміз, алдағы уақытта ештеңе айтпай, барлығын фото, видео фиксация жасаймыз. Сайлау процесі аяқталған соң төрағасы мен мүшелеріне заң бұзушылық болғанын ескертіп, түсірілім жасалғанын айтып, акт толтырып, ол процесті де видеоға түсіріп, егер олар актіге қол қоюдан бас тартса, оны көрсетіп, қолдарын қойса, қойғызып, кейін 10 күн ішінде барлық құжатты айқай-шусыз ресми ресімдеп, сотқа жүгінеміз. Себебі сайлау барысында бұзушылықтар туралы айтылғанымен ол сол кезде ғана түзетіледі, кедергі келтірмеуді сұрайды, бұзушылық болған сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелері де жауапкершілікке тартылмайды, тәртіп болмайды.
– Дауыс беру процесін бақылау шын мәнінде сайлаудың әділ өтуіне ықпал ете ала ма?
– Иә, әсері бар, 100% өзгертеді деп айта аламын. Жариядан болсын не басқа ұйымнан болсын тәуелсіз бақылаушы, дұрыс, адал адам барып сайлауды бақыласа өзгерістер болады. Жарияның беделі бар, Жариямен санасады, жариялықтар қатысқан жерде бұзушылық болмайды деуге болады. Біздің басты мәселеміз адамның жетіспеуі. Егер адам болса, бізде проблема болмас еді. Ауылдағы сайлауларды толық бақылаушылармен қамтып жүрміз, ол жерде сайлаудың әділетті, адал өтуін деп қамтамасыз ете аламыз. Ал қала, облыс көлемінде, шалғай аудандар мен ауылдарда толық қамту қиындау болып тұр әлі. Казталов, Сырым, Жәнібек аудандарында бақылаушылар бар, басқа аудандарда жоқтың қасы, мысалы Бөрлі ауданында тек бір адам.
– Референдум өтті, қорытындысы белгілі, референдумның ресми қорытындысы мен «Жария» ұйымының тәуелсіз бақылаушыларының қорытындысы арасындағы айырмашылық қандай?
– Біздің қорытындымыз бойынша қатысым 39%, ресми қорытынды 63,66 пайыз. Ресми қорытынды Қазақстан бойынша берілді, біз тек Орал қаласы бойынша 71 учаскенің қорытындысын бердік. Екеуін салыстыруға келмейді әрине, толық қорытынды шығара алмаймыз. Бізге кадр жетіспейді, барлық мәселе осыған келіп тіреледі.
– Референдум өтті, қорытындысы белгілі. Алайда қоғамда референдумның өтуі, оның қорытындысы мен нәтижесі жайына ешқандай талқылау болмады. Бұл немқұрайлылық па, сенімнің жоқтығы ма әлде бұл мүлдем қызық емес пе, маңызды емес пе?
– Бұл елдегі жалпы жағдайды көрсететін сияқты. Әуел бастан белгілі болған сияқты барлығы. Өтті, кетті деп бәрі тыныш, жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деген ой сияқты.
– Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?
– Қазақстанда дұрыс саяси жүйе болған кезде, демократиялық партиялар, кемінде 3 партия болса, онда бақылаушылардың қажеті болмас еді. Ол менің арманым. Қазіргі мақсатымыз – бақылаушыларды көбейту. Референдумнан кейін «Тоқылған тәжірибе» деген басқосуымызды ұйымдастырдық. Бұл жерде кім не көрді, қандай оқиғалар болды, әркім өз тәжірибесі жайында айтады, түрлі ұсыныстар болады. Сол кезде университеттердегі заң факультетіне жолығып, оларды бақылаушылыққа тарту туралы ұсыныс болды. Жоғарғы оқу орындарындағы заң факультеттерінде дебаттар өткізу керек пе деп те ойлаймыз.
Сұхбат үшін алғысымызды білдіреміз!
Айта кететін жағдай, Орал қаласында биыл 01 желтоқсан күні Зачаганск кентінің әкімін сайлау өтті. Хаким Меңдібайұлы өз сұхбатында айтып өткендей тактикасын ауыстырған. Орал қаласының №216 сайлау учаскесіндегі сайлау процесіне бақылау жүргізіп, ондағы болған заң бұзушылықтарды видеоға түсіріп, фиксация жасап, актпен ресімдеп, сотқа жүгінген. Бақылаушының сотқа жүгінуіне себеп болған сайлау комиссиясы мүшелерінің дауыстарды санау барысында бақылаушыларға бюллетендерді көрсетпеуі.
АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС
БҚО Орал қаласының аумақтық сайлау комиссиясы өз тарапынан тексеру жүргізіп, нәтижесінде 04 желтоқсан күні БҚО Орал қаласының аумақтық сайлау комиссиясы №216 сайлау учаскесінің сайлау комиссиясы мүшелеріне «Орал қаласындағы Зачаганск кенті әкімінің сайлауында өзіне жүктелген міндеттерін тиісті орындамағаны, яғни Конституциялық заңның сайлау бюллетендерін санау кезінде бюллетеньдерді қатысушыларға көрсетеді деген талаптарын толық және нақты орындамағаны үшін қатаң сөгіс жариялап» тәртіптік жаза қолданғаны туралы шешім (04.12.2024 ж. №26) шығарған.
Бақылаушы Хаким Меңдібайдың БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына ұсынған сайлау құқықтарын қорғау туралы талап қою арызы қанағаттандырылған. Ал Орал қаласы, Зачаганск кенті әкімінің сайлау бойынша №216 учаскелік сайлау комиссиясының сайлаушылардың дауыс беру бюллетеньдерін санау кезінде қатысып отырған байқаушыларға толық жария етпеу әрекеттері заңсыз деп танылған. Бұл туралы БҚО мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының биылғы жылғы 06 желтоқсандағы №2794-24-00-4/1287 шешімінде баяндалған.
Осыдан кейін тәуелсіз бақылаушы Орал қаласында биыл 08 желтоқсанда өткен ҚР мәслихаттарының шығып қалған депутаттарының орнына сайлау барысында болған заң бұзушылықтарға қатысты да сотқа жүгінген. Бұл талап-арызды сот қанағаттандырмаған, сондықтан бақылаушы 20 желтоқсан күні сот шешіміне апелляциялық шағым ұсынған. Бұл мәселе біздің назарымызда және оқырманды жағдайдың немен аяқталғаны жайында хабарландырамыз.
Парақшамызға жазылыңыз