///

Шамның түбі қараңғы! Сирия неге оқ пен оттың ортасында қалды?

269 рет қаралды
фото: BBC

Таяу Шығыстағы ежелгі мәдениет пен өркениетті тоғыстырған, халықаралық қатынаста Азия, Еуропа, Африка арасындағы стратегиялық өткел, үш құрлықты байланыстырып, транзиттік аймақ ретінде маңызға ие, соғыстан көзі ашылмаған, соры қалың Сирия жұрты бүгінде тағы да отпен оқтың ортасында қалды.

Монотеистік діндердің бесігі саналатын бұл өркениет өзі тудырған ұлы сенімдердің құрбаны болуға шақ тұр. Әңгімені арыдан бастасақ: Көне заманда Шумер, Ассирия, Вавилон империяларының ықпалына ұшырап, әлемдегі алғашқы жазба мәдениетінің қалыптасуымен қатар астрономия, математика, архитектура саласындағы жетістіктері осы өлкеден шыққан ғұламалардың есімі мен тарихи ескерткіштерінен көрінері хақ. Айталық, Рим империясының мұрасы саналатын Пальмира, Омейяд халифаты кезінде астана болып, ислам архитектурасының ең үлкен жетістігі ретінде бағаланған VIII ғасырда бой көтерген Дамаск қаласындағы Умайя мешіті, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген Алеппо цитаделі және тағы басқа архитектуралық туындылар мен қала қамалдары бұл өңірде озық өнер мен теңдессіз ғылым, терең мәдениет пен өлшеусіз білім болғанын айғақтайды.

СИРИЯНЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГЕОСАЯСАТТАҒЫ МАҢЫЗЫ ҚАНДАЙ?

Гүлденген Шам елінің өзі жаққан жарықтан қараңғылыққа, дамудан құлдырауға бет алуының себебі неде? Жоғарыда атап өткеніміздей, Шам өркениеті өзі тудырған ұлы сенімдердің құрбаны болуға шақ тұр. Бірақ, бұны тек биліктер арасындағы азаматтық соғыс, дінаралық қақтығыс пен тұрақсыз саясат ретінде қарастырып, жадағай жауап берсек, бұл құбылыс өңірлік сипатпен ғана шектеліп, жұрт көкейіндегі бір ғана сыңар жақты жауаппен тоқталып қалар еді: Әсіредіншілдік!

Алайда, біз сұрақты басқаша өрбітіп, өзгеше жауап нұсқаларын қарастырып көрсек, қалай болады? Ендеше, бірінші сұрағымыз: Сирияның халықаралық геосаясаттағы маңызы қандай?

Шам елі – Географиялық орналасуы Таяу Шығыстың орталығы болғандықтан, Азия, Еуропа және Африканы байланыстыратын маңызды жол торабы. Таяу Шығыс пен Еуропа арасындағы мұнай-газ тасымалындағы бірден-бір транзиттік ел болып саналатындықтан, бұл өңірдегі саяси тұрақтылық өте-мөте Кәрі құрлық елдеріне ауадай қажет. Бұның астарында Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтылуға жасалған талпыныс та себеп.

Сонымен қатар, Жерорта теңізіне жақын орналасуы Сирияны өзі қаласын-қаламасын аймақтық және халықаралық деңгейдегі салмағы ауыр ойыншыға айналдырып отыр. Әскери және энергетикалық инфрақұрылымдық маңызы бар бұл аймақ Ресей, АҚШ, Қытай, Еуропа, Түркия, Иран , Сауд Арабиясы сынды ірі елдердің мүдде қайшылықтарының шиеленіскен жері болып табылады. Атап айтар болсақ:  Ресейдің Таяу Шығыста орналасқан жалғыз теңіз әскери базасы — Тартус. Бұл Ресей үшін аймақтағы АҚШ-НАТО-ға қарсы әскери, геосаяси және экономикалық ықпалын сақтаудағы маңызды стратегиялық орын.

Сонымен қатар, Суэц каналына тікелей болмаса да, жанама әсер ету қабілетіне ие. Бұл канал дүниежүзі бойынша ең маңызды жасанды су жолдарының бірі. Канал арқылы халықаралық сауданың шамамен 12%, мұнай тасымалының 8% өтеді. Египеттің ел экономикасына айтарлықтай пайда әкелумен бірге, ірі державалар арасында мүдде қайшылықтарына қауіп пен қатер де осы тұстан келеді. Айталық, АҚШ-НАТО күштері осы транзиттік нүкте арқылы Ресей мен Қытайдың Солтүстік Африкамен Таяу Шығыстағы ықпалын тежеуге тырысады.

Қытай үшін де Сирия жеріндегі саяси тұрақтылық айрықша маңызды. Себебі Таяу Шығыс пен Жерорта теңізінің түйіскен тұсында орналасқан бұл нүкте Қытайдың Еуропа мен Африкаға құрлық және теңіз жолы арқылы өтетін «Бір жол, бір белдеу» сауда маршрутының транзиттік дәлізі. Ол өз кезегінде Ресейге қолдау көрсете отырып, НАТО мен АҚШ-қа қарсы аймақтық тепе-теңдік қалыптастыруға, Таяу Шығыстағы өз ықпалын арттыруға мүдделі.

Яғни, Сирия жері мен Жерорта теңізін ірі державалар арасындағы халықаралық және экономикалық мүдде үшін талас тудыратын кеңістік ретінде қарастыруға болады. НАТО, АҚШ, Түркия, Сауд Арабиясы бір тарапта деп есептесек, оған қарсы Ресей, Қытай, Иран одақтастығы. Бұл бақталастық ойыншылардың Сирия жеріндегі саяси күштерді, билік пен оған қарсы топтарды түрліше бағытта (қаржылық, әскери, қару-жарақ) қолдау көрсетуімен ерекшеленіп отыр. Осы орайда, біз екінші сұрағымызға кезек берсек, Сирия жерінде қалыптасқан саяси күштер әлемге қалай әсер етеді?

Ақиқатында, мүлдем жойып, саяси сахнадан сырып тастағысы келмейтін радикалды күштерді әркім өз мүддесі үшін пайдалануда. Иран билігі Башар Асад режиміне қолдау көрсету арқылы шиіт және сунниттік бағыттар арасындағы қақтығыста өз ұпайын түгендеп, Таяу Шығыста шиіттік ықпалды кеңейтумен қатар, Сауд Арабиясы мен Түркияға қарсы аймақтық ықпалды орнын сақтап қалуды көздейді. Оған себеп, тағы да айналып келгенде, транзиттік дәліз, яғни Ливандағы Хезболла ұйымына тікелей экономикалық және әскери көмегін тек Сирия жері арқылы ғана көрсете алады.

Сонымен қатар, мұнай-газ экспортында Иран, Ирак, Сирия, Ливан бағытында Шығыс-Батыс сауда жолы арқылы Жерорта теңізіне жол алып, Таяу Шығыста Араб әлемімен діни, экономикалық, әскери бәсекелестікті арттырады. Бұған жауап ретінде, Сауд Арабиясы керісінше, ислам әлеміндегі жетекші мемлекет статусын пайдаланып, Башар Асад басқарған шиіттік алауит режиміне қарсы сунниттік оппозицияға қолдау көрсетіп, аймақта халифаттық әлеуетті арттыруды өз нысанасына алған.

Жалғыз бұл ғана емес, Сириядан келетін босқындар легімен, радикалды экстремизм күштерінен де сақтық шаралар жасауды көздейді. Сириядағы Иран ықпалына қарсы күрес Израиль мен Сауд Арабиясы арасындағы мүдделік байланыстардың қалыптасуына ықпал етті. Осы орайда Араб әлемінің Израиль-Палестина соғысында неге соншалықты салқынқандылық танытқанын, ал шиіт әлемінің көшбасшысы Иран жұрты мен Хезболла ұйымының барынша белсенділік таныта отырып, не үшін мұсылман әлемін Израильге жаппай қарсы соғыс алаңына шақырғанын түсінуге болады. Анығында, дінаралық идеологиялық бөлінушілік әлемнің исламдық қозғалыстарындағы діни экстремизм бағытының кеңеюіне жол ашады, бұл өз кезегінде халықаралық терроризмге Оңтүстік Орталық Азия мен Африкадағы мұсылман елдеріне өз әсерін тигізеді.

ТҮРКИЯ КҮРДТЕРДІҢ САЯСИ БІРЛІГІНЕН ҚОРҚАДЫ 

Түркия мемлекеті ұлттық қауіпсіздігінің басты кепілі ретінде Сирияның солтүстік бөлігінде құрған “Қауіпсіздік аймағын” басты назарда ұстайды . Оған себеп: Шам жеріндегі күрдтердің басты әскери ұйымы YPG (Халық қорғаныс бөлімшесі) және PYD (Демократиялық бірлік партиясы). Бұл саяси ұйымдар өздері бақылауға алған аймақта ұлттық автономия құруға талпыныс жасауы Түркия үшін қатты алаң туғызатын жағдай. Өйткені, Оңтүстік шығыста орналасқан халқының саны ресми дереккөздеріне сүйенсек, 15-20 миллионды құраса, бейресми деректерде 30-40 миллионға жуықтайтын күрд халықтарының әлі күнге даулы территорияда бостандық алу үшін жасап  жатқан күрестерінен туындап отыр. Әсіресе, күрд халқының тәуелсіздігін алуды көздейтін жұмысшы партиясы әлі күнге Түркия жеріндегі ұлтаралық қақтығысты тудырып келеді. Сондықтан да, Түркия мемлекеті ішкі-сыртқы саясатта барынша күрдтерден құралған қандай да бір саяси күштерді және оларға қолдау білдіретін мемлекеттерді ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін элемент ретінде қарастырады. Сондықтанда, АҚШ-тың Сирия жеріндегі күрдтерге көрсеткен экономикалық, гуманитарлық қолдауына Түркия  елі күні бүгінге дейін наразылық нотасын жіберіп келеді.

Әлемдік саяси ойында мүдделері сәйкес келмеген кез келген достар дұшпанға, ал мүдделері табысқан дұшпандар досқа айналып шыға келетіні де сондықтан. Жаһандық демократияны құру мүмкін емес, өйткені соғыстың өзі алпауыт елдердің пайдасына жұмыс істейді. Мұндай кезде демократия астарынан азуы ақсиған фашизмде қылаң етіп көрініп қалатыны анық . Қош делік, соңғы сауалымызды Орта Азияға, оның ішінде елімізге бұрсақ, шекаралық жақындығы жоқ Сирия жері Қазақ еліне қалай әсер етпек?

СИРИЯ ЖЕРІ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТПЕК?

Бұл тақырыпты қозғамас бұрын, бірқатар радикалды идеологияны ұстанатын халықаралық ұйымдарға және олардың Орталық Азиядағы, атап айтқанда, Қазақстан мемлекетіне ықпалына тоқталып өтсек. Елімізге әсер етуші радикалды топтар мен Сирияның идеологиялық әсері соңғы жылдары маңызды қауіп-қатердің бірі болып отыр. Бұл үрдіс бірнеше факторларға байланысты қалыптасып, қауіпсіздік саласында бірқатар мәселелер туғызуда.

Ауғанстанда қайтадан билікке келген радикалды исламшыл ұйым Талибанның Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия аймағына әсері өте қауіпті болуы бек мүмкін. Оған себеп: Талибан өзінің үстемдігін орнатқаннан кейін Сириядағы азаматтық соғысқа араласпайтынын айтқанымен, Сириядағы кейбір радикалды топтардың Ауғанстанға көшуі және Талибанмен байланыс орнатуы аймақтық қауіпсіздікке, әсіресе шекаралық аймақтарда, яғни Пәкістан, Тәжікстан мен Ауғанстанға жақын орналасқан аудандарда қатер төндіреді. Радикалды ыстық нүкте масштабты қазіргі таңда Орта Азияның аумағында, дәлірек айтсақ, оңтүстік аймақта десек, артық айтпаған болар едік.

Идеологиялық қақтығыстар Орта Азия аумағындағы ұлттық құндылықты дінсіз елестеуі мүмкін емес халге жеткізді. Әлеуметтік желідегі ашық уағыз насихаттардан бөлек, жасырын жамағаттық іс-қимылдар берекемізге балта болып шабылып, өзегімізге түскен жегі құрт іспетті күн сайын кеулеп бара жатқаны айтпасақ та, ақиқат. Бұның бір ұшы Сирия жері мен Араб әлемінен жалғасқан немесе Ақшалы державалардың әдейі ойластырған халифаттық идеологиясынан бөлек, жоғары билік кланында әртүрлі саяси күштердің ойсып тұрып орнығуынан еді. Мейлі, ескі немесе жаңа Қазақстан болсын, өкілетті органдарда, құзыретті мекемелерде, тіпті заң шығарушы палаталарда болсын, көрнеуде ұлт намысын жоқтаушы болса, көмескіде өзі “шәкірт” болған идеологияның туын көтеруші тұлғалар көптеп кездеседі.

Қысқасы, өткен замандағыдай Шам елінен жарық түсіп, өркениетке сүйрейтін өнер-білім емес, қараңғылыққа тартып, халифат құруға ұмтылдыратын идеологияның самалы соғып тұр.

Сириядан төнер қауіп пен қатерді айтып қара аспанды төндіре берсек те болмас. Ақиқатына келсек, Сириядағы тұрақсыздық Орта Азия мен Қазақстан үшін кейбір геосаяси және экономикалық мүмкіндіктерді туғызғаны анық. Мәселен, Таяу Шығыстағы энергетикалық тұрақсыздық ғаламдық мұнай мен газдың бағасын арттырып, Қазақстанның табиғи ресурстарды экспорттаудан жоғары пайда табуына мүмкіндік берді және Орта Азия елдерінің бейтарап аймақ ретінде сауда және логистикада маңызды рөл атқаруына ықпал етті. Өйткені, Орта Азия транзиттік дәлізінің қауіпсіздігі “Бір жол, бір белдеу” жобасы аясында Қытай үшін де, біз қаламасақ та, қазақ елін артқы шеп базасы ретінде көретін Ресей үшін де, арысы Орта Азия аумағына алыстан көз алартып қызыға қарайтын Еуропа елдеріне де маңыздылыққа ие кеңістікте айналды.

Сонымен қоса, Орта Азия мемлекеттері өздерінің шекараларын қорғауды күшейтуге және осы мәселеде Қазақстан мен көршілес елдер арасында қауіпсіздік шараларын нығайтуға бағытталған ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндіктер алды. Бұл халықаралық саясатта Тұран Одағы деген жаңа атауымен ерекшелене бастады. Кезінде Алаш көксеген түркі жұрттарының ордасы осылайша бір-бір уық болып қалана бастағанын атап өтпесек жарамас . Әрине,Тұран одағы бойынша да айтпақ ойымыз қозғамақ мәселеміз бар, оны келесі тақырыпта сөз етерміз. Бірақ халықаралық геосаясаттағы өз орнымызды ырықты еткіміз келсе, бір-ақ нәрсені есімізде ұстағанымыз абзалырақ: Тұран баласы жалқы жортып жем болмас үшін, рухани және мәдениетте, экономика мен әскери салада болсын, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып Берке мен бірліктен айырылмай, Тұран өркениетін шын жүрекпен қорғай да, қолдай білетін әлем елдері санасатын алып Түркі әлеміне айналса деген үміттеміз.

                                                                                                   Ертұран Жұмақанұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар