Бұл туралы 9 желтоқсан күні таңертең Алматы облысының полиция департаменті хабарлады. Кейін ақпаратты отбасының қорғаушылары да растады.
“Талғар қаласының маңында 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өз-өзіне қол жұмсаған. Марқұм ағымдағы жылдың 4 қазанынада қайғылы қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды” делінген хабарламада.
Алматы облысы полициясы аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жазды. Сонымен қоса, ресми хабарламада “осы кезеңде қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады” делінген.
“Марқұм Ш. Полаттың отбасын полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеміз. Марқұмның отбасына қандай да бір қауіп тіркелген жоқ. Күзеттегі қызметкерлердің айтуынша, ер адам күзеттегі нысаннан сағат 23.30-да шығып, жеке көлікпен кеткен. Тергеу мүддесіне сай, өзге ақпарат жария етуге жатпайды”, – деп хабарлады Алматы облысының полициясы.
Полиция таратқан хабарламада марқұмның аты-жөні аталмаған, Instagram-дағы Шерзат Полаттың қорғаушылары ашқан justice_for_sherzat парақшасы жасөспірімнің ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев қаза болған деп хабарлады.
Бұған шейін осы іс бойынша не болды?
4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болды. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
Әлеуметтік желіде ауданда “Хуторлық” деген жүгенсіз кеткен қылмыстық топ әрекет етеді деген болжамдар айтылған. Полиция ол хабарды жоққа шығарып, “ондай қылмыстық топ тіркелмеген” деп мәлімдеді.
Жасөспірімнің қазасынан кейін бірқатар жергілікті шенеунік қызметінен алынды.
14 қазанда желіде жасөспірім мерт болғанға дейін дүкен алдындағы алыс-жұлыс кезінде оның әкесі Қаржаубай Нұрымов түсіп қалған қысқа видео тарады. Видеоны көрген кейбіреу “ол пышақ алып жүрген” деген болжам айтты. Видеоны кім таратқаны белгісіз. Жәбірленуші тараптың адвокаттары видеоны таратқандарды анықтауды және оларды жауапқа тартуды талап етіп, полицияға арыз түсірген. Полиция оны анықтап жатқанын хабарлаған.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полат ісі “Адам өлтіру”, “Бұзақылық”, “Қорқыту”, “Қылмысты жасырып қалу” және “Қылмыс туралы хабарламау” баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. “Қасақана кісі өлтіруге қатысты” деген күдікпен сегіз адам, “Қылмыс туралы хабарламау” бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.
Парақшамызға жазылыңыз