Фото: Азамат Хамза
Осыдан біраз бұрын Мінбер редакциясы биылғы референдум кезінде сайлаудың әділ өтуіне атсалысқан бақылаушылармен сұхбаттасқан еді. Назарларыңызға тәжірибелі бақылаушы Азамат Хамзамен және алғаш рет сайлау барысын бақылаған бақылаушы Сара Шүкірмен болған келесі сұхбатты ұсынамыз.
Азамат Хамза: МЕН БАҚЫЛАҒАН УЧАСКЕДЕ ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚ ТІРКЕЛМЕДІ
– Биыл өткен референдумда бақылаушы болдыңыз ба? Сайлау учаскесі, комиссиясы және сайлаудың барысында бұрынғы сайлауларға қарағанда қандай өзгеріс байқадыңыз?
– Бұл менің Мінберге бақылаушылық тәжірибемнен беріп отырған екінші сұхбатым. Әрине, бақылаушы болдым. Референдум күні де әдеттегідей Батыс Қазақстан облысының №440 учаскесінде бақылау жұмысымды бастадым. Тағы да бір күн бұрын әдеттегідей бақылауға дайындығым басталды, яғни бір күн бұрын тамақ ішу, су ішу сияқты нәрселерден ертерек тыйыламын. Себебі сайлау процесінде мен өзімнің отырған орындығымнан тұрмауым керек. Кешкілік барлық өзіме керек-жарақ дүниенің барлығын жинадым. Оның ішінде электронды есепші, қағаз, қалам, міндетті түрде пауэр-банктер, қажет болған жағдайда жалғағыштар, камера мен телефондар болады.
Биыл сайлау учаскесінде ең бірінші байқаған өзгеріс, 2024 жылдың басында сайлау комиссияларында ротация болды. Ротациядан кейін комиссия мүшелерінің барлығы жаңарған, бұрынғы құрамнан бір ғана мүшенің қалғанын байқадым.
Байқауды жалғастырдым, қатысым бойынша аса бір үлкен айырмашылық байқамадым. Түске дейін адам салыстырмалы түрде көп болды. Бақылаушы саны аз болды, барлығы 3-4 бақылаушы ғана. Түске дейін белсенді болған бір бақылаушының орнына түстен кейін басқа бақылаушы келіп оны ауыстырды. Алайда түстен кейін келген бақылаушының белсенділігінен гөрі, кіріп-шығуы көп болды. Жалпы болған байқаушылардың жұмысын жұмыс деп бағалайтын болсақ. Олардың ұйықтап қалуын, кіріп шығып жүруін, өз жұмысына немқұрайлы, салғырт қарауын мен бақылаушының жұмысы үшін жауапкершілікті сезінбегені деп түсіндім. Бұған себеп біреуінің қорылдаған дауысы, екіншісінің 3-4 сағатқа шығып жоқ болып кетуі және келесі біреуінің таңертең болып, сосын кетіп қалып, кешке тек дауыс санауға келуі. Сайлау процесі кезінде ешбір заң бұзушылық болған жоқ, бәрі таза болды. Кейін анықталған бір-екі жағдай болды, бірақ ол процеске кері әсер еткен бұзушылық деп айта алмаймын.
Бір қызықты жағдай болды, түске дейін сайлау учаскесіне бір адам келіп дауыс берді. Ол адам университетте өзіммен бір жылдары оқыған соң, түрі таныс, сол себептен менің есімде қалды. Бірақ кешке жақын сайлау учаскесі жабылуына жарты сағат қалған уақытта жаңағы айтқан адам басына кепка киіп, жүзін көлегейлеп, киімін ауыстырып, екінші рет келгенін байқадым. Жүзі таныс болған соң, комиссия мүшелеріне «бұл кісі екінші рет келіп, екінші рет дауыс берейін деп жатыр» деп ескерту жасадым. Сайлау комиссиясы менің ескертуімнен кейін бірден ол кісіге ескерту жасады, ол дауыс бермей бірден сыртқа шығып кетті. Сол үшін ешқандай заң бұзушылық болмады деп айтып отырмын. Сайлау комиссиясы заң бұзушылықтың алдын алды. Егер ол кісі тағы да дауыс берген жағдайда біз қажетті құжаттарды толтырып, заң бұзушылықты тіркеп, әрі қарай әрекеттенер едік.
– Санақ кезінде ресми хаттамадағы дауыс саны мен бақылаушылардың дауыс санында айырмашылық болды ма? Қатысымға қатысты не айта аласыз?
– Мен санаған қатысым саны мен сайлау комиссиясының берген деректері бойынша айырмашылық бір адам ғана болды. Мен шатасқан болармын деп ойладым. Біздің учаскеде қатысым шамамен 30%-ға жуық болды. Хаттама бойынша «қарсымын» деп таңдау жасаған адамдар саны 100 дауысқа артық болып, жеңді. Қажетті құжаттарды алып, сайлау учаскесін жауып шықтық. Жалпы ешқандай бір өзгеріс байқамадым. Осыған дейінгі сайлауға қарағанда қатысым 5-6 пайызға көбірек болды деп айта аламын.
Сайлау учаскесінде болған қынжылтатын бір жағдай, ол адамдардың дауыс беруге келіп бюллетень салу жәшігінің жанында фотоға түсуі. Бұл мені бақылаушы ретінде қынжылтқан нәрсенің бірі болды. Өйткені фотоға түсірушінің біреуі мен болдым. Мені қиналтқаны адамдарды фотоға түсіру емес, адамдардың фотоға түсу барысында берген комментарийлері. Маған, комиссия төрағасына немесе өтіп бара жатқан адамға фотоға түсіріп беруін өтінген кезде «фотоға түсіріп жібересіз бе, менен жұмыста есеп сұраған еді» деген пікір айтты. Дауыс беруге келгендердің 90% жуығы фотоға түсті. Ол фотосуретке түскен адамдардың 70%-на жуығы «есеп, отчет, жұмыстан сұратты» деген пікір айтты. Бұл көрініске қарап отырып қатысымның мәжбүрлеу арқылы келгенін байқадым. Егер осыған дейінгі сайлаулармен салыстырғандағы қатысым 5-6% десек, сол 5-6% пайыздың жұмыстан мәжбүрлеумен келгенін толықтай сеніммен айта аламын. Бұл менің жеке пікірім, егер басқа бақылаушылар да осындай жағдайларды байқаған болса, онда бұл жағдайды тенденция деп айтуға болатын шығар.
Сайлау комиссиясы мүшелерінің жаңадан сайланып, бірінші тәжірибелері болғасын ба өздерін кішкене сенімсіз сезінді, бірақ ешқандай заң бұзушылыққа бармай, барлығын заңды түрде жақсы өткізді деп айта аламын. Осы жолы мен «Абырой» қоғамдық ұйымының тәуелсіз бақылаушысы ретінде қатыстым.
– Референдум өткеннен кейін қоғамда референдумның өтуі, оның қорытындысы мен нәтижесі жайында ешқандай талқылау болмады. Бұл немқұрайлылық па, сенімнің жоқтығы ма әлде бұл тақырып мүлдем қызық емес пе, маңызды емес пе?
– Шындығында маңыздысы – «халыққа АЭС құрылысы маңызды емес пе?» деген сұрақ емес, маңыздысы «адам құқықтарының ішіндегі саяси құқықтардың бірі – сайлау құқығы мәселесінің жағдайы қандай?» деген сұрақ. Сайлау құқығы өте маңызды құқық. Біздің басқа құқықтарымызды қорғайтын ең маңызды дүниеміздің бірі. Мені қынжылтатыны біздің азаматтардың сайлау құқығының бұзылуы. Мен АЭС құрылысы бойынша сарапшы емеспін, сол себептен АЭС салу біздің ел үшін маңызды ма, қажет пе, ол туралы айта алмаймын. Бірақ менің білетінім біз үшін сайлау құқығы – маңызды. Бірақ адамдар әлі күнге дейін сайлау құқығының маңызды екенін түсінбегендіктен референдумның айналасындағы өз құқығын қорғай алмады деп айта аламын. Сол себептен де ақпараттық кеңістікте заң бұзушылықтар туралы ақпараттың болмауы, талқыланбауы, қоғамда бұл мәселенің резонанс туғызбауы, ол – әрбір адамның сайлау құқығына немқұрайлы қарағаны деп білемін, – деген маңызды түйінмен аяқтады өз сөзін Азамат.
Сара Шүкір: МЕН БАҚЫЛАҒАН УЧАСКЕДЕ АЭС САЛУҒА ҚАРСЫ БОЛҒАНДАР КӨП БОЛДЫ
Келесійла кейіпкеріміз – Сара Шүкір. Мамандығы – инженер-электромеханих. 20 жылдай мұнай саласында жұмыс жасаған, қазір зейнет демалысында. Жас шағында кеңес уақыты кезінде қоғамдық жұмыстармен көп айналысқан. Биылғы референдумда алғаш рет бақылаушы болып сайлаудың барысын бақылаған.
– Сара Сағынғалиқызы, Сіз бақылаушылыққа қалай келдіңіз?
– Сайлауды бақылау саласына былтырғы сайлау кезінде (ҚР Парламент мәжілісі мен маслихаттарының депутаттарын сайлау, 19.03.2024 ж.) араластым десем болады. Мүмкіндікті пайдаланып жолдасым Хакиммен бірге белгілі журналист, белсенді Лұқпан Ахмедьяровқа қолдау көрсеткіміз келді. Сайлауалды кампания кезінде қолымыздан келгенше көмектесіп, сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыруға өз үлесімізді қостық. Сөйтіп жүріп жолдасым жариялықтармен («Жария» тәуелсіз байқаушыларының Батыс Қазақстандық қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігі) танысты, ұйымға мүше болды, тәуелсіз бақылаушы болды. Ол кезде әлі бақылаушы болмасам да жолдасыма рухани тұрғыда қолдау көрсетіп жүрдім. Сайлаудың қандай жауапты процесс екенін бала кезімізден санамызға сіңіріп өстік қой. Пионер болған кезде урнаның жанында тұратын едік. Кейін есейген соң сайлауға өзіміз қатыстық, бірде бір рет сайлаудан қалған емеспін. Ал биылғы референдумның алдында тәуелсіз бақылаушылар жетпей жатқанын көріп, бақылаушы болу туралы шешім қабылдадым. Сол күні таңмен ерте тұрып, учаскеге бардық. Мен 472 сайлау учаскесінде бақылаушы болдым. Құжаттарымды көрсетіп, тіркеуден өтіп, орныма барып отырдым. Менен басқа үш ұйымнан үш бақылаушы болды. Сайлау учаскесі уақытында ашылып, гимн ойнап, процесс басталды, учаске шағын бөлмеде жасақталған екен, урналар бізден өте алыс болмады.
Бір қызық жағдай болды, менің жанымда бір бақылаушы әйел адам отырды. Ол маған «мен көп болмаймын, қазір жеті жарымда кетемін» деді. Мен ол кісіден «ол қалай, сіз күнұзақ отырып, бақылауыңыз керек қой, қайда барасыз?» деп сұраған кезде, ол «жоқ, мен отыра алмаймын» деді. Сол әйел адам дәл өзі айтқандай жеті жарымға дейін ғана отырды, сосын кетіп қалды. Орнына ешкім келмеді. Қалған екі бақылаушы аяғына дейін отырды. Мен өзімді оқу кезінде оқытып, үйреткен әдістерге сәйкес есептеп отырдым. Сағат 7-де қалай бастадым, солай қозғалмастан отырдым, себебі үлкен жауапкершілік екенін сезіндім. Тек түстен кейін бір уақытта адамдардың келуі сиреп, азайған кезде жүгіріп әжетханаға барып келдім, ол да ер адамдардың әжетханасы екен. Бірақ оған қарауға да мұршам болған жоқ шынымды айтсам, онда да құлағымды адамдардың аяғының дыбысына тосып отырдым. Тамақ та ішкім келмеді, өзіммен су алып келгем, тек сол суды іштім.
– Сайлау процесі барысында бұзушылықтар болды ма? Сіз не байқадыңыз?
– Мен негізі учаске таңдамадым, қай жерге жіберді, сол жерге бардым. Бірақ сол учаске бір үлгілі учаскелердің бірі деп айтуға болады. Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Әр сағат сайын сайлау комиссиясының төрағасы «ал, қыздар қанша болды?» деп тексеріп, сұрап отырды. Басында мен салыстырмай отырдым, бірақ екі сағаттан кейін комиссияның санымен салыстырып тексеріп бастадым, саны дәл келіп отырды. Бір уақытта ғана бір дауыс сәйкес келмеді, ол уақытта мен өзім алаңдап, кірген кісіні белгіледім бе әлде жоқ па түсінбей қалдым. Сол бір сан үшін де қатты уайымдадым, штабқа хабарласып, кеңестім. Бәрі тыныш өтті, басқа да қызық жағдайлар болды. Дауыс беруге келген жас ер адам басына малақай, үстіне шапан киген, аяғына мәсі, етік, галош киген, асықпай, паңданып, жан-жағына қарап, маңғазданып келіп, дауыс берді. Түстен кейін біздің облыстық филармонияның әншісі Камалитден Айтбаев келді дауыс беруге, сосын одан кезекшілікте жүрген қызметкерлер ән сұрап, ол ыңғайсызданды, бірақ сол қоймағаннан кейін шығардың алдында «Атамекен» әнін шырқады. Біз үшін бір сондай толқыған сәт болды.
Тағы бір назар аударатын жағдай, менің жанымдағы бақылаушылар менің қандай ұйымнан келгенімді сұрады. Мен өзімнің Жариядан екенімді айтқан кезде, жинақтала бастады. Кейін аты-жөнімді, тегімді сұрады, сосын теріс қарап сөйлесіп жатты, біреулерге хабарлап жатыр ма деп ойладым. Одан бұрын өздері бір-бірімен сөйлесіп, телефонмен сөйлесіп, кіріп-шығып жүрген, бірақ осыдан кейін өздері де есептеп, жазып, менің санаған сандарымды алып, салыстырып белсенді отырды.
Сағат 20.00-де сайлау учаскесі жабылды, барлығы тәртіп бойынша өтті, бұзушылықтар болмады. Санақ басталған кезде де ешқандай әрі тұр, бері тұр деген болмады. Сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес санақтың қорытындысы біздің санағымызға сәйкес келді. Қатысым 18% болды, учаскеде сайлаушылар саны 1918 болса, соның 356-ы дауыс берді. Дауыс берген сайлаушылардың ішінде «қарсы» болғандар басым болды.
– Сайлау процесін бақылау сайлаудың әділ өтуіне ықпал ете ала ма, қалай ойлайсыз?
– Менің көзім жеткені сайлау барысын бақылауға Жариялықтар қатысқан кезде сайлау комиссиясының мүшелері де, өзге ұйымдардан келген бақылаушылар да өзгереді. Жария сияқты ұйымдардан тәуелсіз, адал бақылаушылар болса, сайлау әділ өтеді деп айтуға болады.
– Сіз жолдасыңызды қолдап бақылаушы болдыңыз, Жарияның қандай қызметпен айналысатынын білесіз, Хаким ағаның бұл қызметпен айналысуына қарсы болмадыңыз ба?
– Алдымен иә жолдасымды қолдадым, одан бөлек сайлау сайын бақылаушылар жетіспейтінін өзім де көріп, естіп жүрмін, сол себептен де немқұрайлы бола алмадым, сайлаудың әділ өтуіне мен де бір үлесімді қосқым келді. Өз басым қарсы болмадым, бірақ бала-келіндеріміз аса қуана қоймады. Осы жасқа дейін адал еңбекпен нанымызды тауып, еңбек еттік, барлық қажеттіліктерімізді қамтамасыз еттік деп олаймын. Екеуміз ел аралап, жер аралап, шетелде өмір сүріп, жұмыс жасап көргеннен кейін біздің елімізде де осындай өмір болса деп армандадық. Қазіргі жасымызда қоғамға пайда келтіру туралы ойлауға және осы әрекетті жасауға толық мүмкіндігіміз бар деп есептеймін. Бастысы жолдасым революциялық көңіл-күйдің емес, эволюциялық жолдың адамы, сол себептен де қарсылық, қорқыныш деген жоқ, мен оған сенемін. Тек менің толықтай осы қызметпен айналысуға уақытым мен мүмкіндігім келмейді, өйткені әйел адам болған соң үйдің шаруасы, немерелерді қарау және тағы басқа міндеттерім бар.
Парақшамызға жазылыңыз