2024 жылы Қазақстан Ұлттық қорынан берілетін трансферттердің жалпы көлемі соңғы 10 жылдың ішінде ең жоғары деңгейге жетуі мүмкін. Президенттің Жарлығында мемлекеттік бюджет тапшылығын жабу үшін, қосымша қаржыландыру көздері қажет болды.
Биыл Ұлттық қор бюджет шығындарының 20% – ын жабады деп жоспарланып отыр. Ұлттық қордағы қазынаға қол салудың былай жиілеуі және жыл өткен сайын ұлғаюы Ұлттық қор активтерінің сарқылуына әкеледі және ел экономикасына ұзақ мерзімді кері әсер етуі мүмкін деген алаңдаушылыққа негіз болуда.
Қыркүйек айында экономика министрінің орынбасары Азамат Амрин биылғы жылы бюджет тапшылығын жабу үшін Қазақстанға Ұлттық қордан қосымша 2 триллион теңге (4,2 миллиард доллар) алу қажет екенін мәлімдеді. Қазақстан билігі биылдыққа Ұлттық қордың активтеріне осымен екінші рет жоспардан тыс алақан жайып отыр. Біріншісі 2024 жылдың шілдесінде Үкімет Қазатомөнеркәсіптің құны 467,4 миллиард теңге (970 миллион доллар) болатын 12% акциясын сатып алу туралы шешім қабылдаған кезде жүзеге асып еді.
Нәтижесінде 2024 жылға аударымдардың жалпы көлемі бұрынғы жоспарларға қарамастан 6 трлн теңгеге (12,5 млрд доллар) жетті, аударымдарды 3,6 трлн теңгеге (7,5 млрд доллар) шектеу жоспарлануда. Президент те, Үкімет те 2030 жылға қарай Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайту мақсатына жету үшін шектеулер енгізуге шақырғанымен, бұл шығындар тек өсуде.
2022 жылы Үкімет Президенттің мақсатына жету үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттерге шектеулер қойды. Ресми түрде бұл трансферттердің жалпы көлемін 2023 жылы 600 миллиард теңгеге (1,3 миллиард доллар) қысқартты. Алайда, сол жылы Үкімет шұғыл түрде “ҚазМұнайГаз”акцияларының 20%-ын сатып алуға 1,3 трлн теңге (2,7 млрд доллар) аударды. Жалпы 2023 жылы Ұлттық қордан алынған шығындардың көлемі 5,3 трлн теңгеге (11 млрд доллар) жетті.
2013-2024 жылдар аралығында Ұлттық Қордан мемлекеттік бюджетке 38 трлн теңге аударылды. 2020 жылдан бастап жыл сайынғы Ұлттық қор трансферттерінің көлемі тұрақты түрде 4 трлн теңгеден (8,3 млрд доллар) асты.
Мұнайдың жоғары бағасы Қазақстандағы ірі мұнай жобаларынан түсетін Қордың кірісін ұлғайтуға ықпал етті. Дегенмен, соған қарамастан, Ұлттық қордың активтері азайып келе жатыр. Мысалы, 2014 жылы тамыз айындағы активтер бағасы 77,2 миллиард доллар болса, 2024 жылдың тамызына қарай активтердің құны 60 миллиард долларға дейін төмендеді. Бұл құлдырау ішінара мұнай-газ компанияларынан түсетін салық түсімдерінің қысқаруы сияқты елге әсер еткен жаһандық дағдарыстарға байланысты. Алайда, бұл жерде тағы бір маңызды фактор рөл атқарады.
Ұлттық қор бастапқыда болашақ ұрпақ үшін мұнай сатудан артық кіріс жинау және экономикалық дағдарыстар кезінде бюджетті қаржыландыру үшін құрылды. Үкімет Қордың активтерін алғаш рет 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде пайдаланды, бұл Қазақстанның банк секторына елеулі әсер етті. Ұлттық қордың қаражаты 2015 жылғы геосаяси дағдарыс кезінде және 2020 жылы Үкіметтің COVID-19 пандемиясына қарсы әрекеттерін қаржыландыру үшін де пайдаланылды.
Алайда, соңғы жылдары Қордың активтері төтенше жағдайларда ғана емес, сонымен қатар сайлауалды уәделер мен жыл сайынғы Президенттік бұйрықтарды орындау үшін де пайдаланылды. Бұл бұйрықтар мемлекеттік шығындардың өсуіне әкеліп соқтырды, нәтижесінде бюджет тапшылығы пайда болды. Ұлттық қор тапшылықтарды жабу үшін қолданатын негізгі қаржыландыру көзіне айналды. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы бюджет тапшылығы шамамен 2,2 трлн теңгеге (4,6 млрд доллар) жетті. Halyk Finance талдаушыларының (аналитики) бағалауы бойынша, Ұлттық қордың трансферттерінсіз мемлекеттің бюджет тапшылығы 11,6 трлн теңгеге (24 млрд доллар) жетер еді.
Ұлттық қордың трансферттері өсуде өйткені үкімет салық жинау бойынша өз мақсаттарын орындай алмады, ал мемлекеттік шығындар күрт өсті. Соңғы үш жылда Ұлттық қордың бюджеті мемлекеттің барлық шығындарының 20% – ын жапты.
Алайда сарапшылар Ұлттық қор қаражатын экономикаға инвестициялаудың тиімділігіне күмәндануда. Олар бұл қаражат экономикалық өсу, салық салу немесе жұмыс орындарын құру тұрғысынан жеткілікті табыс әкелмейтін кәсіпорындар мен ұйымдарды қолдау үшін жиі пайдаланылады деп мәлімдейді.
Тағы бір өзекті мәселе – “Қазақстан Ұлттық қордың активтерін 100 миллиард долларға дейін ұлғайту мақсатына нақты қол жеткізе алу мүмкіндігі бар ма?”. Көптеген сарапшылардың пайымдауынша, Үкімет жақын арада активтерді 50 миллиард доллар немесе одан жоғары деңгейде ұстау мүмкіндігін қарастырмақ. Бұл шындыққа біршама жақын..
Болашақта әлеуметтік шығындар өседі деп күтілуде және Үкімет бюджет кірістерінің салыстырмалы қарқынмен өсуін қамтамасыз ету үшін әлі нақты шешім ұсынуы қажет. Қазақстан халқының саны өсуде, ал жалпы өмір сапасы төмендеуде.
Техникалық тұрғыдан Үкімет пен Ұлттық банк ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарын манипуляциялау арқылы Ұлттық қордың активтерін жасанды түрде арттыра алады. Бұл Қазмұнайгаз және Қазатомөнеркәсіптің акцияларын сатып алу мысалында көрсетілді, онда үлестер жеңілдікпен сатып алынды және олардың артық құны Қордың шоттарында көрсетілді. Алайда, бұл акциялар мемлекеттік компаниялардың қарыз ауыртпалығын ескере отырып, қаншалықты нарықтық болады деген алаңның тууына негіз болуда.
Ұлттық қордың сарқылуы бірнеше күрделі мәселені туғызады. Үкіметке Ұлттық даму жобаларына жұмсалатын шығыстардың ағымдағы деңгейін ұстап тұру қиынға соғады. Егер қордың активтері таусылса, тіпті инфрақұрылымға, білімге, денсаулық сақтауға және зейнетақыға жұмсалатын негізгі шығындар даулы мәселелерге айналуы мүмкін. Қор сонымен қатар Қазақстан дамытатын халықаралық инфрақұрылымдық және экономикалық жобалар үшін мемлекеттік кепілдіктердің көзі.
Ұлттық қор әлсіреген сайын Үкіметке бұл жобаларды жүзеге асыру және оларды қолдайтын несиелерді өтеу қиындай түседі. Ең нашар сценарийде бұл міндеттемелерді орындамау толық экономикалық дағдарысты тудыруы мүмкін.
Елназ Жайлау