2025 жылдың 1 қаңтарында ресейлік «Газпром» Украинаның «Нафтогаз» компаниясымен бес жылдық келісімнің аяқталуына байланысты Украина арқылы газ транзитін тоқтатты. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады
Ресей 1991 жылдан бері Украина арқылы Еуропаға газ тасымалдап келеді. Өткен жылы «Газпром» ЕО-дан сатып алу көлемінің төмендеуіне байланысты соңғы 25 жылда алғаш рет 7 миллиард доллар (6,73 миллиард еуро) шығынға ұшырады.
Брюссельде жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылы Ресей газы ЕО-ға жалпы газ импортының шамамен 8%-ын құрады. Салыстыру үшін: 2021 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыздан асты. Ресей газының ЕО-ға импорты айтарлықтай қысқарғанымен, Словакия, Австрия және Молдова сияқты елдер әлі де оған қатты тәуелді.
Бүгінгі таңда ЕО баламалы энергия көздерін, атап айтқанда Катар мен АҚШ-тан тапты. Желтоқсан айында Еурокомиссия ресейлік газды толығымен ауыстыру жоспарын ұсынды. Қарастырылған шаралардың қатарында Транс-Балкан бағыты бойынша Грекия, Түркия және Румыниядан газ жеткізу бар.
Киев ресейлік газ транзитінің тоқтатылғанын растады. Хабарламада “Бұл тарихи оқиға. Ресей нарықтағы рөлін жоғалтып жатыр, ол қаржылық шығынға ұшырайды”, – деді Украинаның энергетика министрі Герман Галущенко. Бұл әрекеттің ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін жасалғанын да атап өтті.
Киев транзиттік келісімшартты ұзарту туралы келіссөздерден бұған дейін бас тартқан. Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылдың басына дейін жаңа келісім жасау мүмкін емес екенін айтты.
Ресейден Украина арқылы өтетін газ құбырымен газ өтіп отырған Словакия Ресей газын алуды жалғастырғысы келген және Украинадан келісімдерді ұзартуды талап еткен. Словакияның премьер-министрі Роберт Фицо Еуроодақтың Украина арқылы ресейлік газ транзитін тоқтатудан алатын шығынын жылына 60-70 миллиард еуроға бағалады. Фицо ЕО басшылығына ашық хат жолдады. Онда ол Украина мен оның президенті Владимир Зеленскийді газ транзитінен бас тарту шешімі үшін сынға алды. Оның айтуынша, Еуроодақтың шығыны Ресейдің шығынымен салыстыруға келмейді, шығынды 2 миллиард еуроға бағалады.
Жеткізуді тоқтатудың маңызды геосаяси мәні бар, деп атап өтті Reuters. 2022 жылдан бастап ЕО елдері Ресей газына тәуелділігін белсенді түрде азайтып, АҚШ, Норвегия және Катардан газ жеткізуге көшті. Бұл Ресейдің еуропалық газ нарығындағы үстемдік жағдайын жоғалтуына әкелді.
Айта кететін жайт, жылдың басын Молдованың бір бөлігі газсыз қарсы алды. Украина аумағы арқылы ресейлік газдың берілуі тоқтатылғаннан кейін Молдова құрамындағы Приднестровье аймағында орталықтандырылған жылу жүйесі өшірілді. Бұл туралы «Тирастеплоэнерго» компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеген еді.
Парақшамызға жазылыңыз