Қазақ халқының классик жазушысы, «хас батыр қаламгері» (М.Абай) Мұхтар Мағауин өмірден озды. Алыста, мұхиттың арғы жағында, Америкада, оның Мэриленд атты штатында, Ленхем қаласында, үндістер жерінде, бізде 05:55 таң атып жатқанда, онда 19:55 күн батып жатқанда (10.01.2025).
Қазақ баласы аза тұтты. Бүкіл түрлі ақпарат құралдарында хат танитын қазақ баласы Мұхтар деп күңіреніп, көңіл айтып жатыр. Өзіне және өзекті жанға. Бәрінің көкейін тескен, ішін ашытқан, көне отырып күрсінген, білген боларсыз, мәселе марқұмның жақсы жасап, жазарын жазып, мақсатын, миссиясын орындап, жайдары жүзі жасымай, «жайнаған туы жығылмай» (Абай), жақсы ғұмыр сүріп өлгені емес, оның асыл да ардақты алтын жанына пара-пар қасиетті, топыраққа айналуы тоқсан тоғыз толайым жыл, мүмкін одан да көп ғасырға жетер сүйегінің туған еліне, туған жеріне әкелінбей, туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмай әлде бір назалы күйінде айтылып қалған азалы сөзін аманат тұтып айдың күнінің аманында, Елі еңіреп күтіп отырған, Жері аңырап аңсап құшағын жайғанда, Ұлысы ұлардай шулап жатқанда, «аманатқа қиянат жасалмайды», «жау іздеген ерлердің, қайда басы қалмаған?» (Маханбеттің рух жыры) сияқты орайына орай айтылуға орындалуға тиісті оралымды көлденең тартып алыс қиырға тастап кету ақылға сыймайды.
«Сүйекте тұрған не бар? Мүжиін деп пе ең?» дейді. Сүйектен өтетін сөз, ә? Кім, қай ұлт болсын, қай ата-басынның сүйегін шашып далаға тастапты? «Атаңның басы бар ма?» деген қазақпыз. Хан Кененің басын ізегеніміз, Алаш арыстары атанған боздақтардың сүйегін жердің түбінен іздеуіміз, «Жаңалықта» жыра-жылғада шашылып, асфальттің астында қалған сүйектерді теріп алып қайта жерлеп, басына құлпы тас орнатып жүргеніміздің бәрі бос әурешілік болғаны ма? Германия жерінде жатқан қазақтың бір туар ұлы Мұстафа Шоқайдың жатқан жерінің салығын төлемесең, күреп тастаймыз» деп жатыр деп қандасымыз Өнерхан Алтынның қан жылап тұрғанын көргеміз… Ілгергі болашақта бес-он жылдан соң Мұқаңның да бейітіне, басына төнбесіне, сылып тастаймыз демесіне кім кепіл? Сонда айтармыз әттеген-айды. Сонда өкінерміз!
“Өлмейтін адам жоқ, өле қалсам, сүйегімді елге сүйреп әуре болмаңдар, қай жерде өлсем, сол жерге қойыңдар” – М.Мағауиннің бұрынғы өз сөзі, ақиқат, аманат!
Ал марқұм Мұхтар Мағауиннің ойы мығым отырған шағында журналист Ая Өміртайдың төтесінен қойған «елге бармайсыз ба?» деген сұрағына, бұл сұрақтың қойыларына дайын болса да сәл іркіліп барып берген жауабы: «Елге қайтпаймын. Шетелде бір жыл тұрып үйренген адам қайтып барғысы келмейді. Өйткені, біздің қоғам орыс қоғамы. Отаршылдықтың зардабы әлі күнге тұр», – деген.
Оған ешкім мән бере қоймады. Мән берсе де елемеді, ескермеді, зерттеп, зерделемеді. Бұл қоғам түзелсе елге ораламын деген сөз ғой. Отарлықтан құтыл, қоғамды тазала деген еді. Амал не, оны ескерген ел де, Едігедей ұл да болмады. «Елге апарыңдар» деп артымда қалған, қырық жыл отасқан кемпірім де айтар деп оған да ымдады. Амал не?
Қазақтың қайсар, шын қазақшыл, әділ ұлы Елін, Жерін сағынбайтын, көне мұра, ескі топырағын аңсамайтын болса ол неге Тоныкөктің басына тәу етіп, көк тасын құшақтап, қабағына мұң тұнып тұр???
Елге суық хабар таратқан Едігеден кейін де Егей ұл туып, «қазаққа ес кіргенде» (А.Сүлейменов), отаршылдықтың зардабынан арылғанда, алыстағы үндіс жерінен тектілік нәрі сіңген сары сүйегін саудыратып Еліне алып келе ме, оған болашақ куә.
Оқыған-тоқыған білімді, анадан артық туған дарынды ұл, талантты қызыңның күш-қуатын туған елінде пайдалана алмасаң, ата-бабаңның жанын беріп жаттан қорғап қолыңа ұстатып кеткен қазынасы қабағат жеріңнің игілігін өзің көре алмасаң, ақ-қара алтының мен күмісіңнен түскен пайданы офшорлап шет ел асырып жіберсең, бар ғұмырын қазағыңның жоғын тірілтуге жұмсаған арысыңа алақандай жер қимасаң, тіріңді жимақ тұрмақ, «өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеде боламыз» дейтін серттен тайып, өлгеніңнің сүйегін шашып жіберсең мына байтақ, мына жазира, мына жұмақ мекен Кімге Керек!!!
Қазақтың әр бір азаматы ол – Қазақ деген Мемлекеттің меншігі. Оның иесі – Қазақстан Мемлекеті! Азаматы үшінгі ақырғы сөзді оның аз ойлы, аманатқа адал ұлы емес, Мемлекеті айтуға тиісті! Мемлекеттің Мемлекеттік санасы бір баланың ақылынан аспағанына күйінеміз.
Қазақтың мықтысы Мағауинмен бітпес! Мағауин бұл пәниден бақиға өткендердің соңы да, басы да емес болар!
«Дүниеге келер әлі талай Қасым, Олар да бұл Қасымды бір байқасын» (Қ.Аманжолов) дегендей дүниеге келер әлі талай Мұхтар, алайда бұл Мұхтардың қазақ үшін оның тұқым қуат негізі сақталған сүйегінің де орны тым бөлек еді.
Б.Бақытбек
Парақшамызға жазылыңыз