////

Президент сұхбаты: Ескі Қазақстан ешқайда кеткен жоқ, өз тәсілдерімен елді басқаруды жалғастыруда

104 рет қаралды
фото: Elorda.info

Жылдың басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Ana tili” газетіне сұхбат берді. Президент сұхбаты әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Мінбердің редакциясы белгілі саясаткерлердің сұхбатқа қатысты білдірген пікірлерін назарыңызға ұсынады.

ШАЛҚАР НҰРСЕЙІТ, САЯСАТТАНУШЫ: АДАМ ӨЛІМІ ҚҰНДЫЛЫҚ ДЕП ЕСЕПТЕЛМЕЙ МЕ? 

Шалқар Нұрсейітов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында: “Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне шыққан сұхбаты дежавю сезімін туғызады. Себебі биылғы интервьюі мен былтыр “Егемен Қазақстан” газетіне шыққан сұхбатының құрылымы, сұрақтар мен жауаптары қатты ұқсайды.

Осы жолғы сұхбаттан былтырғыдай Қаңтар қырғынына жауапкершілікті Назарбаевқа артуға ниетті екенін, елді саяси және экономикалық тығырықтан шығару стратегиясы жоқ екенін, биліктен кету жоспары әлі піспегенін байқауға болады.

Дегенмен менің назарымды аударған басқа дүние. Биылғы сұхбатта төрт трагедия сөз болған: Қаңтар қырғыны, былтырғы су тасқыны, Шерзат Полаттың кейсі, Ақтауда әзербайжандық ұшақтың құлауы.

Бірақ журналистің сұрағында да, Тоқавтың жауабында да алғашқы 3 трагедиядағы адам өлімі туралы бір сөз жоқ. Қаңтарда кемі 238 адам оққа ұшты, былтыр елдің жартысын су басқанда 7 адам қаза тапты, Қаржаубай Нұрымовтың әулетінде екі өлім болды.

Бұл Тоқаев пен оның әкімшілігі Қазақстанда адам өмірін басты құндылық деп есептемейді, әлде жауапкершіліктен қашады дегенді білдіре ме? Жауапкершіліктен қашады дейін десең, сұхбатта  Тоқаев “Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді”, – дейді. Басқа қандай себеп болуы мүмкін? Маған мүлдем түсініксіз”, – деп өз ойын білдірген.

ҚАСЫМ АМАНЖОЛ, ЖУРНАЛИСТ: ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫ ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ ЕМЕС

Қасым Аманжол да Президент сұхбатына қатысты ойын өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

“Қаңтарға үш жыл немесе “сұхбаттың” қаңтарға қатысты тұсына бірер сөз:

Бірінші. Қаңтар қырғынын ұмыттырып, халық жадынан жойып тастағысы келетін ең мүдделі адам – президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол соңғы “сұхбатында”: “…бұл – әлем тарихы үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайттар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын” деді. Ал шынтуайтында, бұл – соңғы 80 жылда қазақ халқы бастан кешіп көрмеген – ең қасіретті, ең қанқұйлы, ел азаматтарына қарсы жасалған ең арсыз, ең қатігез қылмысты мейлінше құнсыздандыру, мейлінше үйреншікті, жәй нәрсеге айналдыру, мейлінше нормализациялау әрекеті.

Әуелі, бір сұрақ қойып алайық: қалыпты жағдай деген не? Қалыпты жағдай – таңның атуы, күннің батуы, адамдардың еңбек етуі, өмір сүруі, наразы болса атойлап алаңға шығуы… Сосын биліктің дер кезінде көпті тыңдауы, дені дұрыс мәмілеге келуі. Талабына құлақ асуы, тіпті құлақ аспаса, алаңжұрттың қысымына көніп, биліктен бейбіт кетуі. Бұл – қалыпты жағдай.

Ал ашулы жұртты светошумовой гранатамен атқылап, газбен улау – қалыпсыз жағдай. Ашынған, қаруланған топпен қосақтап “бейбіт халықпыз” деп жалау ұстаған өрімдей жасты қырып салу – қалыпсыз жағдай. Бөтен, үстем, тәуелсіздігіңе түкіріп отырған мемлекеттің әскерін кіргізіп, көтерілісті басу – қалыпсыз жағдай. Ескертусіз оқ атуға бұйрық беру – қалыпсыз жағдай.

Екінші. Президент қаңтар бойынша “бұрын-соңды болмаған парламенттік тыңдау өткенін” тілге тиек етіпті. Екі тыңдауды да бастан-аяқ онлайн бақылаған адам ретінде айтайын: ол отырыстарда ең маңызды бірде бір сұраққа жауап болған жоқ. “Ескертусіз оқ ату” бұйрығы қалай берілді? Алматыға шабуылдаған “20 мың бандит” қайда? Орталық Азиядан ұшып келіп бүлік жасап, қайта ұшып кеткендер кім? “Зорланған” әйелдің халі нешік? “Басы кесілген” әскери ше? ОДКБ әскері нақты не істеді? Назарбаевтар кланының жауапкершілігі қандай? … т,б.

Ол “тыңдауда” жалғызынан айырылған ана да, жарын жоғалтқан қарындас та, қос жанары ағып, ғаріп болған ұл да, полиция қолымен “үтіктелген” азаматтар да тыңдалған жоқ. Атуға бұйрық бергендер мен орындағандар тағы да тасада қалды. Иә, үйретілген “құқық қорғаушылар” сөйлеген болды,… халықты айыптап. Егер олардың орнына адал, принципшіл құқық қорғаушыларды тыңдағанда билік қолымен жасалған мұндай қылмыс – әлемдегі барлық құқықтық нормаларға, әсіресе Қазақстан 1992 жылы орындауға міндеттенген БҰҰ ның “Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына” түбегейлі қайшы екенін естіген болар едік…

Үшінші. Тоқаевтың қаңтар бойынша айтқан тағы бір уәжі: “…сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді.”

Бұл уәж де мүлдем сын көтермейді. Көтерілісшілерді қарулы-қарусызына қарамай қырып салуды “батыл әрекет” деп өңін айналдырып алған жанның логикасымен өлшеген кезде – Қытай билігінің Тяньаньменде танкімен таптауын, Бішкекте Бакиевтің жүздеген адамды атқызуын, Януковичтің Киевтегі қырғынын, т,б тирандар әрекетін ақтап алуға болады. “Қаңтар көтерілісінің соңы тәуелсіздіктен айыруы мүмкін еді” деген долбар – болжап болмайтын, қисыны қазіргі билікке ғана ұнайтын қорғаныс механизмі ғана. Үрейге беріліп, терең сараптамай, паникамен, мейірімсіз жүрекпен жасалған әрекетті бұлайша конспирологиямен бүркемелеуге болмайды. Астана мен Ақордаға төнген тікелей қатерді ешкім көрген жоқ, биліктің соңына дейін халықпен бейбіт мәмілеге, адам өмірін сақтауға ұмтылғанын да байқаған жан болмады…

Қаңтар қырғынының жауапкершілігін Тоқаевпен бірге бірде бір адам көтеріспейді. Ақтауда болған ем, көктауда болған ем деп сытылып шығады бәрі. Тарих сотының алдында жалғыз қалатынын ол жақсы түсініп отыр. Сондықтан да халықтың ең қасіретті трагедиясын “қалыпты жағдайға” айналдыруға тырыса береді. Ал бұл мүмкін бе?..

ДОСЫМ САТПАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: СҰХБАТ ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ ҚОРҒАУШЫСЫНЫҢ БЕЙНЕСІН КӨРСЕТТІ

Сұхбатқа қатысты Досым Сатпаев та пікірін білдірді. 

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбатын сынап тастады деп жазады Шындықтан қаша алмайсың.

“Досым Сәтпаев: Тоқаев Назарбаевтың қателігін қайталауда…

Оның айтуынша президент Тоқаев аса маңызды сауалды қалыс қалдырған. Оның президенттік кезеңі аяқталғанда, Қазақстан қандай күйде қалады? Ол өзінен кейін қандай мұра қалдырады? Бұл мұра Назарбаев дәуірінен несімен өзгеше болмақ?

“Қазіргі таңда Тоқаевтың жасап жатқан қадамдарының басым бөлігі Назарбаевтың суперпрезиденттік жүйесін жаңа саяси технологиялармен әсемдеп сақтап қалуға ұмтылғандай көрінеді. Оның бұл әрекеттері халық арасында жаңа кезеңге деген үмітті ұялатқанымен, іргелі құрылымдық өзгерістер әлі де сезілмейді.

Ең үлкен мәселе – Тоқаевтың саяси институттарды күшейтуге күш салмауы. Халық сеніміне сүйенетін жүйелер орнына, елдегі саяси шешімдер әлі де кулуарлық деңгейде қабылданып жатыр. Ашық саясат пен еркін пікір білдіру кеңістігіне биліктің көзқарасы Назарбаев дәуіріндегідей салқын. Бұл жағдай қоғамды жаңашылдыққа емес, бұрынғы жүйенің жаңа формасына көндіруге тырысқандай көрінеді”, – дейді Сәтпаев.

Оның атап өткеніндей сұхбаттың белгілі бір бөлігі қауесеттер мен алып-қашпа әңгімелерге жауап беруге арналған.

“Сұхбат жалпы алғанда, жаңа Қазақстанның сәулетшісінің емес, ескі жүйенің қорғаушысының бейнесін көбірек көрсетті. Президенттің реформалар туралы айтқандарының сыртында шынайы өзгерістер байқалмайды. Экономика мен саясаттағы «тоқырау» халықтың күнделікті өмірінде сезіледі, ал билік болса “оң нәтижеге қарай жылжып келеміз» деп мәлімдейді.

Сұхбаттың тағы бір аспектісі – биліктің “халық үшін не маңызды екенін біз шешеміз” деген ұстанымын көрсету болды. Мысалы, уақыт белдеуін өзгерту не АЭС салу секілді мәселелерде халықпен ашық диалог болмады. Енді тіпті бірнеше атом электр станциясы салу жоспары айтылып отыр. Бұл әрекеттер ашық талқыланбайтындықтан, ел ішінде түсініспеушілік пен наразылық тудырады”, – дейді Сәтпаев.

Сонымен қатар, Досымның атап өткеніндей билік сын айтқандарды «заң мен тәртіпке қарсы шықты» деп айыптауды жалғастырып келеді. “Талғар трагедиясы бұған мысал: Президент бұл оқиғада биліктің жағында тұрып, зардап шеккендерді «тәртіп бұзды” деп тұспалдады.

Сұхбаттың астарындағы ең үлкен мақсат – елдегі жағдайдың толық бақылауда екенін көрсету мен ескі Қазақстанның «реванш алуға тырысып жатқаны» туралы ескерту жасау. Бірақ шын мәнінде, ескі Қазақстан ешқайда кеткен жоқ, өз тәсілдерімен елді басқаруды жалғастыруда.

Назарбаевтың “Кремльмен моральдық және саяси байланысы бар” деген пікіріне келсек, Тоқаевтың өзі де Қаңтар оқиғасынан кейін дәл сол Кремльмен қарым-қатынасын нығайта түсті. Сұхбаттағы Путинді “тәжірибелі мемлекеттік қайраткер” деп мақтауы мен Ресейді “жеңілмейтін ел” деп атауы – осы байланыстың көрінісі”, – дейді Досым мырза.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

2024 жылдың айшықты оқиғалары

2024 жылы Қазақстанда көптеген маңызды оқиғалар болды. Осы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен АЭС құрылысы талқыланып, су