2025 жылғы 03 қаңтарда Мемлекет басшысының «Ana tili» газетінің Бас редакторымен болған сұхбатында айтқан әр бір сөзі қауымда қызу, ашық талқыланып жатыр. Президент сөзі өткен жылдардың қорытындысы, алған сабақ, бүгінгі күннің ахуалы, ал ертеңімізге деген үміт пен бағдар, ел үшін, халық үшін маңыздылығы аса жоғары.
Ел президенті Қасым-жомарт Тоқаев: “Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген”. Бұл сөз Ел басшысына деген шынайы сенімді ұлғайтатыны сөзсіз! Біз оқырманға әуелгі сөзімізде сұхбат барысына жалпылама шолу жазаған едік. Бұдан былай оқуға, түсінуге ыңғайлы болу үшін тілшінің әр бір сауалына берілген жауапты рет-ретімен ұсынып отыратын боламыз.
Ana tili: Талғардағы қылмыстық оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Жұртшылық Сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгісі келеді.
Президент: Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын.
Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.
Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!
Мінбер.кз. Дерек көз “Ақорда.кз”
Парақшамызға жазылыңыз