UMC Жүрек Орталығының негізі 2011 жылғы 12 қазанда қаланды. Қазірде Орталық Азиядағы сапалы медициналық қызмет көрсететін жетекші кардиохирургиялық орталыққа айналып отыр. Сондай-ақ жауапкершіліктің жоғары деңгейін көрсетіп, жүрекке ауқымды технологиялық ота жасайтын дүниежүзіндегі 22 үздік клиниканың қатарына енген. Орталық мынадай бағыттар бойынша медициналық қызмет көрсетеді: кардиология, кардиохирургия, интервенциялық кардиология, интервенциялық аритмология, сәулелік диагностика (УДЗ, рентген, эхокардиография, МРТ, МСКТ), зертханалық диагностика. Германия, Италия, Бельгия, Франция, Түркия, АҚШ және Израиль сияқты мемлекеттердің озық клиникалары «Жүрек орталығының» серіктестері. Орталықтың басты да бірегей жетістігі – қосалқы қанайналым құрылғысын (VAD) имплантациялау және жүрек трансплантациясын жасау. «Жүрек орталығының» ресми сайтында жүрегін ауыстыруға мәжбүр әрі мұқтаж жанға жолданған мынадай хабарламаны оқи аламыз: «Бізге өз жүрегін сеніп тапсырған емделушілер және осы жолда бізге көмектесетіндердің барлығына клиниканың есігі әрдайым ашық».
Фотода «Жүрек орталығы». Автордың жеке мұрағатынан
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2012 жылдан бері трансплантация бағдарламасы бойынша 2 800 донорлық органды ауыстыру отасы жасалған. Оның 84%-ы, яғни 2 353 отаға тірі донордың мүшесі алынған. Қаза болған адамның ағзасынан алынып, 447 ота жасалған. Бұл – жалпы жасалған отаның 16%-ы. Оның ішінде, 2 078 бүйрек, 451 бауыр, 98 жүрек, 22 өкпе, 2 ұйқы безі, 59 қасаң қабақ алмастырылған.
Қазірде Қазақстанда 4 113 адам ішкі ағзасын ауыстыру үшін кезекте тұр. Оның 95-і бала. 3 672 адам – бүйрегін, 184 адам – бауырын және 138 адам жүрегін ауыстыруға мұқтаж.
«Органдардың трансплантациясы – медициналық процедура ғана емес, көп адам үшін жаңа өмір бастаудың мүмкіндігі. Ағза ауыстыру – жоғары дәрежедегі медициналық жұмыс қана емес, мейірімділік пен өзара көмек», – делінген ДСМ хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрлігі адам өмірін сақтау үшін донор болуға шақырады. Министрліктің пікірінше, дәрігерлер мен донорлардың арқасында адам өмірін сақтаймыз әрі болашаққа үмітін оятамыз. Ол үшін тұрғылықты жері бойынша медициналық мекемелерден кеңес алуға болатынын алға тартады. Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтынан кімнің донор бола алатынын білуге болады.
Мүфтият, ҚМДБ Ғұламалар кеңесі бұл процедураны қан донорлығына ұқсас деп тауып, шариғат тұрғысынан рұқсат берді. Себебі бұл әрекет Алланың қасиетті Құранда айтылған «Ізгі істерде және тақуалықта бір-біріңе жәрдемдесіңдер» («Мәйда» сүресі, 2-аят) және «Кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады» («Мәйда» сүресі, 32-аят) деген қағидаларына сәйкес келеді.
Дәрігерлердің күш-жігері мен донорлардың табанды дайындығының арқасында трансплантация саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіліп отыр. Осы орайда кардиохирургия КАД басшысы, медицина ғылымының кандидаты, дәрігер-кардиохирург Тимур Достайұлынан сұқбат алуды жөн көрдік.
– Қазақстанда жүрек трансплантациясының тарихы қай кезеңнен басталады?
– Қазақстандағы трансплантологияның тарихына үңілсек, алғашқы жүрек трансплантациясының тарихы 2012 жылдан басталғанын көреміз. Анығырақ айтқанда, 8 тамыз күні Жәнібек Оспанов есімді 38 жастағы науқасқа донорлық жүрек салынған сәт еліміздің кардиохирургия тарихындағы айтулы кезең. Сол күннен бастап Қазақстандағы жүрек донорлығы жүйелі түрде іске қосылды деп айтуға болады. Әлемде алғаш рет өкпе трансплантациясы 1963 жылы жасалғаны белгілі. Миссисипи университетінің хирургі Джеймс Харди 11 маусым күні алғашқы өкпе трансплантациясын жасағанымен, реципиент 18 күннен кейін бүйрек жеткіліксіздігінен қайтыс болады. Ал 1963–1978 жылдары өкпе трансплантациясы сәтсіз болды, ағзаның қабылдамауы, бронхтардың тіршілікке қабілетсіздігі сияқты мәселелер туындады. Тек жасанды қан айналымы құрылғыларының және иммунносупрессорлар, атап айтқанда, циклоспориннің пайда болуымен өкпе трансплантациясы біршама сәтті болды. Алғаш рет 1 981 жылы Стэнфорд университетінің дәрігері Брюс Рейц жасаған өкпе трансплантациясы сәтті өтті. Ол әйелдің жүрегі мен өкпесін алмастырып, идиопатиялық өкпе гипертензиясын емдеген.
Бұл жұмыс «Жүрек орталығы» ашылғанға дейін бірнеше жыл бұрын басталған еді. Дәрігерлеріміз шетелде оқып, тәжірибе жинап, трансплантация үдерістерінің логистикасын меңгеріп, дайындықты күшейтті. Ресми түрде жұмыс 2012 жылдан басталды.
Қазақстандағы жүрек жеткіліксіздігін хирургиялық жолмен емдеу бағдарламасының басталуы үлкен жетістікпен тең еді. Елімізде әлемдік тәжірибеден өзгеше жол таңдалып, жүрек трансплантациясынан бұрын механикалық қолдау құрылғыларын енгізу жөнінде шешім қабылданды. Себебі донорлық жүрек алу Қазақстанда қиын әрі күрделі үдеріске жатқызылды. Механикалық құрылғылар арқылы қан айналымын қолдау жүйесі іске қосылды және бұл бағдарлама «жасанды сол жақ қарынша» имплантациясымен басталды. Осылайша трансплантацияны ғана емес, сонымен қатар жүрек жетіспеушілігі бар науқастар үшін ағзаның өмір сүруін сырттай қуаттап тұратын заманауи құрылғыларды пайдалана бастадық.
Қазақстанның географиялық жағдайының да ерекшелігі байқалатын тұстар бар. Мысалы, Ақтаудан Астанаға жүрек трансплантациясына қажет органды жеткізу үшін төрт сағаттан көп уақыт керек. Ал жүрек 4 сағат уақыт көлемінде жеткізілсе, оны жарамсыз етуі ықтимал. Осыған орай, 2014 жылғы желтоқсанда ОCS жүйесін қолдана бастадық. Бұл америкалық жүйе жүректі бірнеше сағат бойы соғып тұратындай қалыпта ұстауға және ағзалардың өміршеңдігін қауіпсіз әрі тиімді сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге трансплантацияның мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтті, әсіресе жас пациенттер үшін.
Отандық трансплантациядағы елеулі жетістік – өкпе трансплантациясы бағдарламасының іске қосылуы. Қазақстанда бұған дейін өкпе трансплантациясы жасалмаған еді. Дегенмен орталықтың бір топ дәрігері шетелдерде білім алып, тәжірибе жинақтау нәтижесінде осы бағдарламаны сәтті іске асырып, жүйелі еңбек етіп отыр. Әрбір әрекет еліміздегі медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталады.
– Жүрек деген адамның кеудесіндегі айнасы ғой… Бұрын кардиохирургияда жүрек қақпақшаларына жасалған оталардың барлығы төсті толығымен ашу арқылы жасалған. Қазір мұндай оталарды қантамыр арқылы жасауға мүмкіндік бар деген ақпаратты оқыдық. Сіздерде жүрек отасы қалай жасалады? Қандай құрылғылар мен технологияларды қолданасыздар? Ағзасын ауыстыратын науқасты отаға қалай дайындайсыздар?
– Дұрыс айтасыз, бұрын қақпақшаны ауыстыру үшін міндетті түрде көкірек қуысын ашып ота жасалатын және уақытша жүрек жұмысы тоқтатылатын. Қазір технология қарыштап дамып, соның арқасында жүрек қақпақшаларына жасалатын отаны көкірек қуысын ашпай-ақ имплантациялаймыз. Мұндай оталарды кейде тамыр, артериялар арқылы жасаймыз. Бастысы, науқас ота кезінде есінен танбайды.
Алғашында бұл технология ауыр халде жатқан науқастарға ғана көмек көрсету үшін енгізілген еді, бірақ қазір кеңінен қолданысқа ие болып отыр. Одан бөлек, бұл технология арқылы бұрындары жүрек отасын жасаған науқастарға да көмек көрсете аламыз. Мұндай адам үшін екінші реттік ота аса қауіпті болғандықтан, технологияны жіті меңгеріп, жүрек қақпақшасын төрт түрлі позицияға имплантациялау мүмкіндігін игердік. Біз кез келген қақпақшаны катетерлік әдіспен протездеуге қабілеттіміз, соның ішінде: бірінші реттік ағзаны ауыстыру отасынан өткен науқасқа, қайтадан ота жасалатын науқасқа, тіпті туабітті ақаулары бар балаларға да. Бұл технологиялар бізге шетелден келген.
Алғашқыда Америка мен Еуропада шығарылған жүрек қақпақшаларын қолданғандық. Қазір Үндістанда шығарылған жүрек қақпақшалары бар. Сапасы мен сипаттамалары еуропалық аналогтен артық болмаса, кем түспейді. Қазірдің өзінде мыңнан аса отаны сәтті жасадық.
Бұл жаңашылдық әсіресе 70–80 жастан асқан науқасқа көмек көрсетуде зор септігін тигізді. Сонымен қатар осы технологияның енгізілуі халықаралық мектептің құрылуына сеп болды. Әлемнің әртүрлі елінен келген мамандарға транскатетерлік технологияларды үйретіп, Қазақстанның өңірлеріне де осындай тәжірибелерді енгізіп келеміз.
– Алынған жүрек органының науқасқа сай келетінін, келмейтінін қалай анықтайсыздар? Жүрек трансплантациясы қандай медициналық көрсеткіші бар адамға істелмейді? Ол адам қандай жағдайда өмір сүруін жалғастыра алады?
– Бұл сұрақты мен сәл басқаша қояр едім. Трансплантацияға қажет органды таңдау әр науқаспен жеке-дара жүргізіледі, оның ішінде науқастың жеке ерекшеліктері мен жасуша тіндерінің үйлесімділігі сияқты маңызды критерийлер де ескеріледі. Бұл – трансплантацияның негізгі қағидасы, бұған мән бермей, орган алмастыру мүмкін емес.
Егер орган сәйкес келмесе, науқастың жағдайы айтарлықтай жақсы болмаса немесе сол адамға лайық орган табылмаса, онда оған механикалық циркуляторлық қолдау құрылғысы ұсынылады. Бұл құрылғы сол жақ қарыншаның жұмысын қолдап, науқастың жүрегіндегі қан айналымын қамтамасыз етеді, яғни донор табылғанға дейінгі уақыт аралығында оның өмірін сақтап қалады.
Жүрек трансплантациясы өмір сүру ұзақтығы аз қалған науқасқа жасалмайды, себебі мұндай күрделі ота денеге ауыр жүк түсіреді. Сондай-ақ трансплантация инфекциялық үдерістің белсенді кезеңінде жүріп жатқан науқасқа да жасалмайды, мысалы, бактериалдық немесе вирустық аурулармен ауыратындарға, өйткені отадан кейінгі асқынулар тудырып, науқастың жағдайын күрт нашарлатуы мүмкін. Трансплантация жасалмайтын тағы бір топ — декомпенсация кезеңінде жүрген науқас. Бұл дегеніміз, дененің негізгі органдары, мысалы, бүйрек, бауыр немесе өкпе өз функциясын атқара алмайды, яғни әлсіреген. Мұндайда алдымен осы органдардың қызметін тұрақтандыру қажет, содан соң ғана науқасты отаға физикалық тұрғыдан дайындау мүмкін болады.
– Донорлық жүректі алу үдерісі қалай жүреді және донорды іздеу қаншалықты уақыт алады?
– Донорлық жүректі алу процесі Қазақстанда арнайы донорлық стационарлар арқылы ұйымдастырылған. Бұл мекемелерде реанимациялық бөлімдер жұмыс істейді. Өкінішке қарай, мұндай стационарларға мидың жұмыс істемеуіне байланысты қайтыс болған науқастар жиі тіркеледі және мұндай жағдайда қайтыс болған адамның органы донорлыққа келеді. Ауруханаларда трансплантациялық координаторлар қызмет атқарады, олар мүмкін болатын донорлар туралы ақпаратты жинап, тіркейді. Бірақ бұл ақпаратты алу үшін белгілі бір диагностикалық критерийлер орындалуға тиіс, сол кезде ғана науқастың донорлыққа жарамдылығы расталады. Бұл кезеңнен кейін науқастың туыстарымен келіссөз жүргізіліп, органды алып-салуға рұқсат алынады. Осыдан кейін ғана ақпарат координациялық орталыққа жіберіледі де, трансплантация үшін қажет дайындықтар басталады. Донор туралы мәліметтерде қан тобы мен басқа да маңызды параметрлер қамтылуға тиіс, себебі бұл мәліметтер реципиентті таңдау үдерісінде аса маңызды рөл атқарады. Осыдан соң донорға сай келетін науқастар тізімінен таңдалған адам дайындыққа алынады. Қажет болған жағдайда, науқас белгілі бір өңірден Астанаға жеткізіліп, ауруханаға жатқызылады және трансплантацияға дайындалу үшін барлық медициналық процедурадан өтеді.
Өкінішке қарай, Қазақстанда донорлық органдарға қолжетімділік әртүрлі аймақта әрқалай. Осы үдерістің алдыңғы қатарлы аймақтары солтүстік өңірлер, атап айтқанда: Петропавл, Көкшетау, Қостанай және Павлодар қалалары. Бұл қалалардан донорлық органдар туралы ақпарат жиі түседі, және көбінесе осы аймақтардан донорлық жүректі аламыз.
– 2021 жылы АҚШ-та тарихта алғаш рет жасанды жүрек трансплантациясы бойынша ота жасалды. Медициналық ғажайыпты Дьюк университетінің мамандары жасап шығарды. Протез Францияда ойлап табылған. Қайта зарядталатын батареялары бар құрылғы төрт сағатқа дейін жұмыс істейді. Жасанды жүректе екі қарыншалық камера және төрт биологиялық қақпақша бар, бірақ сыртқы батареялардан қуат қажет. Осы себепті адамға соңғысын үнемі өзімен алып жүруге тура келеді. Салмағы да жеңіл емес, шамамен 4 килограмм. Мұндай оталардың Қазақстанда да істелуі үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар қабылданып, жағдайлар жасалуы керек?
– Бұл шаралар қазірдің өзінде жүзеге асып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіліп отыр. Мысалы, сол кезде «Carmat» деп аталатын құрылғы, қазір «Aeson» деген атаумен танымал, оны имплантациялау барысында біз алғашқылардың бірі болдық. 2017 жылғы 19 қазанда Қазақстанның Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығында Франциядан тыс жерлерде алғашқы рет жаңа жасанды жүрек имплантациясы бойынша ота жүргізілді. Бұл ота халықаралық зерттеу аясында жүзеге асырылып, оған Қазақстанды қоса алғанда бес ел қатысты. Ота сәтті өткеннен кейін Париж қор биржасындағы акциялар үш есе өсті. АҚШ-тың санитарлық қадағалау басқармасы осы тектес оталарды әрі қарай жүргізуге рұқсат беріп, жүрегін ауыстыруға мұқтаж 10 науқасқа жасанды жүрек трансплантациясын жасауға шешім қабылдады.
Айта кету керек, біз де халықаралық деңгейде «Carmat» құрылғысын қолдану бойынша жүргізілген клиникалық зерттеуге қатыстық. Бұл – үлкен ұжымның бір бөлігі, оның құрамында Еуропалық ғарыш агенттігі мен профессор Алан Карпантьенің жетекшілігімен жұмыс істеген клиникалық топ бар еді. Біз бірнеше осындай құрылғыны имплантацияладық, кейін олардың барлығына трансплантация жасалды. Алғашында бұл құрылғы трансплантацияға дейін қолданылатын көмекші құрал ретінде қызмет етті, кейін ұзақ уақыт бойы имплантациялауға мүмкіндік туғызатын жетілдірілген жүйеге айналды.
Қазіргі уақытта «destination therapy» деген терминмен аталатын мақсатты терапия бар. Бұл әдіс бойынша құрылғы науқас жүрегінің барлық қызметін имитациялайды. Құрылғы өте тиімді жұмыс істеп, өз функциясын жоғары деңгейде атқарады. Құрылғының сыртқы батареялары, олардың салмағы және кабельді басқару қажеттілігі сияқты факторлар науқастың күнделікті өмірін белгілі бір дәрежеде өзгертеді. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, құрылғымен өмір сүріп жатқан науқастар толыққанды өмір сүреді, алыс жерлерге саяхаттайды. Бастысы, жүрек жетіспеушілігінің белгілері туындымайды және бұл батареялар науқастың белсенді өміріне тұсау салмайды. Бұл құрылғылар тамаша диагностикалық көрсеткіштерге ие және Қазақстанда да жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Оған дәлел ретінде біздің орталықта осындай құрылғыларды имплантациялау арқылы алған тәжірибемізді айтуға болады.
Өкінішке қарай, осы құрылғылардың қымбат болуы оны кеңінен қолдануға кедергі келтіретін негізгі фактор болып отыр.
– Елімізде алдағы 5 жылда ағзаны трансплантациялау саласы қаншалықты дамиды деп ойлайсыз?
– Бұл сала алдағы бес жылда ғана емес, ұзақ мерзімді перспективада да дамып, өркендей беретініне жүрегіммен сенемін. Қазіргі таңда елімізде трансплантацияға қажет ағзаларды толық қамтамасыз ете алмағанымыз анық көрініп отыр. Керісінше, күту парағындағы науқастар тізімі мен жасалған оталардың саны арасындағы алшақтық ұлғайып барады. Осы алшақтықты қысқарту үшін көп күш-жігер жұмсау қажет.
Қазақстандағы трансплантологияның дамуы туралы сөз қозғағанда, бұл сала трансплантацияның аясында ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік аспектілерді де қамтитын кешенді бағдарламаның бөлігі болуы керегін атап өткен жөн. Бұл жерде ақпараттық жұмыс пен білім беру мекемелеріндегі, жалпы медиа саласындағы халықты дұрыс ақпараттандыру, сондай-ақ медицина мамандарының біліктілігін арттыру аса маңызды.
Кең-байтақ еліміздің территориясында ағзаларды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін жаңа технологияларды енгізген жөн. Бұл ағзалардың жөнді сақталуына, дәстүрлі әдістермен салыстырғанда, органдарды әлдеқайда қауіпсіз жағдайда жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қазір әлемде көшбасшылық орынды алып отырған «машиналық перфузия» әдісі трансплантация нәтижесін едәуір жақсартады. Бұл технологияның арқасында соңғы жылдары әлем бойынша трансплантацияның сәтті өту көрсеткіші өсті.
Сонымен қатар Батыс Еуропа мен АҚШ сияқты бірқатар елде қан айналымының тоқтауы салдарынан өлім белгілері бойынша донорлық бағдарламалар енгізіліп жатыр. Қазақстанда қазірде өлімнің критерийі ми өліміне негізделген болса, жүрек тоқтап, науқас қайтыс болған жағдайда оның ағзаларын трансплантациялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Елімізде әзірге бұл бағытты дамытуға мүмкіндік беретін заңды нормалар жоқ, бірақ бұл өзгерістердің қабылданатынына үміттенеміз. Өйткені ол трансплантация санының артуына ықпал етіп, көп адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
– Адам (науқас) қандай себептермен жүрегін ауыстыруға мәжбүр болып жатады (депрессия, күйзеліс, туабітті ауру т.б)?
– Жүрек ағзадағы қан айналымын қамтамасыз ете алмай қалғанда, науқаста ентігу, ісіну және сұйықтықтың жиналуы секілді белгілер байқалады.
Осы жағдайларға алып келетін басты ауру — жүрек миокардының инфарктысынан кейінгі зардап. Бұл жағдайда жүрек бұлшықетінің үлкен бөлігі тыртықты тінмен алмастырылып, жүрек өз жұмысын дұрыс атқара алмаған соң, науқас әлсірейді.
Екінші топтағы науқас — кардиомиопатиясы бар адам, яғни жүрек бұлшықетінің ауруларына шалдыққандар. Мұндай жағдайлар жүрек қақпақшасының жетіспеушілігі немесе жүректің қан айдай алмайтын туабітті аномалияларынан туындауы мүмкін. Бұл жүрек жетіспеушілігіне әкеледі.
Назар аудару керек, екі негізгі белгісі – жүректің ауруы мен ентігудің бар болуы. Жүрек ауруы көбінесе ишемиялық жүрек ауруы кезінде байқалады. Бұл жағдайда жүрек артериялары тарылып немесе бітеліп, жүрекке қажет қан көлемі жетпей қалады. Ентігу – жүрек жетіспеушілігінің соңғы симптомы. Жүрек қан айдай алмайтын болған кезде тыныс алу қиындайды. Бұл симптом жүректің әлсірегенін және жүктемеге төтеп бере алмайтынын көрсетеді. Мұндай жағдайда ауырсынуды дәрі-дәрмекпен немесе хирургиялық әдістермен шешуге болады.
– Ота кезінде қандай қиындықтар кезігеді? Екінші реттік жүректі ауыстыру оқиғалары болды ма?
– Тәжірибемізде екінші реттік жүрек трансплантациясы бойынша ота жасау жағдайлары болды. Бағымызға орай, ондай науқастарға көмектесе алдық, алайда қайталанған трансплантация әрқашан күрделі, аса жауапкершілікті міндет екенін айтқым келеді. Екінші реттік ағза алмастыру отасын бастан кешірейін деп отырған науқас көптеген техникалық және физиологиялық қиындықты ескеруі қажет.
Екінші рет кеуде қуысын ашу – аса күрделі мәселе, себебі алғашқы отадан кейін барлық тін тігіспен (тігіліп) жабылады. Сондықтан өте мұқият жұмыс істеп, жүрек құрылымын зақымдамай, қажет отаны жоғары деңгейде жасау керек.
Техникалық тұрғыдан өте сақ болу қажет, себебі маңызды тамырлар немесе жүрек бөліктерін зақымдамау керек. Екінші реттік ота кезінде науқас көп қан жоғалтуы мүмкін. Мұндай қатердің бар екенін айтқан жөн. Тағы бір мәселе, ота ұзақ уақытқа созылған сайын, жүрек функциясының бұзылуы мен асқынулар қаупі да артады, әрі науқастың операциядан кейін қалпына келуі қиын болады. Осындай факторларды ескере отырып, қайталанған трансплантация отасын жасау қай кезде де асқан тәуекелден тұратынын баса айтамын.
– Науқасқа жасанды синтетикалық протез немесе жануарлардың (мысалы, бұқа) жүрегін салып көру тәжірибеде болды ма?
– Біз жасанды протездерді қолданамыз, бірақ олар синтетикалық емес, табиғи биологиялық протездер. Олар жануарлардың, әсіресе шошқа мен сиырдың тіндерінен алынған биологиялық материалдардан жасалады. Бұл материалдар жүрек қақпақшаларын және жүрек қабығын жасау үшін қолданылады.
Барлық жылықанды жануарда, оның ішінде адамда да, жүрек қалпы бірдей болып келеді. Жүрек қақпақшасы имплантацияланғаннан кейін, уақыт өте келе олар науқастың жасушаларымен жабылады. Ал бұл клапандардың ұзақ уақыт бойы дұрыс жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жүрегі биологиялық, табиғи қақпашадан тұратын науқастар көбіне қан сұйылтатын дәрілерді қолданудан бас тарта алады. Бұл – басты артықшылық. Мұндай дәрілер қан кету қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз. Биологиялық жүрек қақпақшалары антикоагулянттарды үздіксіз қабылдауды қажет етпейді, олар артық дыбыс шығармайды және науқастың қалыпты өмір сүруіне кедергі келтірмейді. Сонымен қатар қан айналымын бұзбай, табиғи жүрек қақпақшасы сияқты жұмыс істейді. Мұндай протездер науқас үшін өте ыңғайлы және пайдалы.
– Қандай дамыған мемлекеттердің жүрек трансплантациясындағы ота жасау үдерісін үлгі ретінде көрсете аласыз?
– Бұл тұрғыда, ең алдымен, Америка Құрама Штаттарын атап өту қажет. Бұл елде қызықты статистика бар: АҚШ әлем халқының тек 4,2%-ын құрағанымен, онда бүкіл әлем бойынша жасалатын трансплантациялардың 25%-ы жүзеге асырылады. Бұл мемлекет трансплантология саласында үлкен тәжірибеге ие. АҚШ-та трансплантологтер қауымдастығы қалыптасқан, олар өз тәжірибесін негізге ала отырып, арнайы оқулықтар мен нұсқаулықтар әзірлейді және біз сол нұсқаулықтарды пайдаланып келеміз.
Егер өкпе трансплантациясы туралы айтатын болсақ, онда әлемдік картада екі маңызды нүктені атап өтейін: біріншісі – Канададағы Торонто қаласында орналасқан «Toronto General Hospital», екіншісі – Австрияның Вена қаласы. Бұл медициналық мекемелер Торонто қаласымен бірлесіп, қазіргі таңда халықаралық мектеп ашып, өкпе трансплантациясы саласында әлемдік жетекші орталықтарға айналды. Бұл елдерде өкпе трансплантациясы бойынша ота көп жасалады.
XIX ғасырдың екінші жартысында Америкада қалыптасқан христиандық деноминация бар. Олар: Ехоба куәгерлері. Ехоба куәгерлері қансыз емдеу тәсіліне жүгінеді. Мұның себебін медициналық тұрғыдан емес, діни тұрғыдан қарастырған жөн. Осы себепті сыртқы жасанды құрылғыларды (ИВО) пайдалану арқылы жасалатын трансплантациялар да бар.
Өкпе органын алмастыру, сірә, ең күрделі отаның бірі шығар. Оның себебі өкпе органы инфекцияға шалдыққыш келетінінде және оны алып-салудағы қиындықтардан бөлек, науқас көп қан жоғалтады.
– Донор тапшылығы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде түйткілді мәселе болып отыр. Отандық жүрек трансплантациясының ілгерілеуі үшін халық қандай нәрселерді түсініп, ұғынуы керек?
– Орган тапшылығы – алдымызда тұрған ең күрделі мәселелердің бірі. Бұл жағдай әртүрлі себептен туындайды. Трансплантациялық координаторлар көбінесе науқастың туыстарынан орган донорлығына рұқсат ала алмай жатады. Денсаулығында ақау болып қайтыс болған жақынының туыстарына мұндай шешім қабылдау өте қиын, әрі бұл үдерісті түсіну мен қабылдау да оңайға соқпайды. Өкінішке қарай, біз, дәрігерлер, мұндай жағдайларға жиі тап боламыз. Күту парағында тұрған науқастардың қажеттілігін қанағаттандыра алмайтынымызды білеміз және бұл біз үшін де, науқас үшін де үлкен қайғы. Дәрігер ретінде науқастың өмірін аман сақтап қалу үшін барымызды саламыз, бірақ донорлық органның болу-болмауы біздің қолымыздағы шаруа емес…
Бұл мәселе қоғам тарапынан түсіністік пен кең қолдауды талап етеді. Трансплантация туралы ақпарат әрбір адамға қолжетімді болуы керек. Бұл ақпаратты мүмкіндігінше көбірек әрі түсінікті, жатық тілмен координациялық орталықтардың сайттарына, қоғамдық ұйымдар мен аурухана баннерлеріне таратуымыз қажет. Донорлықтың маңызын түсіндіретін жарнама, баннер, қоғамдық көліктердегі хабарлама, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланым – бәрі де күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналуы қажет шаралар. Осылайша біз қоғамның санасын өзгертіп, донорлық туралы хабардарлықты арттыра аламыз.
– Сау адамның жүрегіне қандай күтім қажет?
– Бұл шын мәнінде өте маңызды сұрақ. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген осындайда оралады. Меніңше, басты назар қоғамда денсаулықты сақтау мәдениетін дамытуға бағытталуы керек. Бұл мәдениет бізге алдын алу шараларын табиғи әрі зорлықсыз түрде енгізуге мүмкіндік береді, артық күш-жігер мен мәжбүрлеуді қажет етпей, өздігінен жүзеге асырылады.
Егер отбасы институтынан, білім беру ордаларынан бастап балаларды дені сау өмір салтына тәрбиелесек, мектепте алғашқы сыныптардан бастап дене жаттығуларына және дұрыс тамақтануға жағдай жасалса, мықты денсаулықтың негізі болар еді. Мұндай жағдайлар қалыптасқанда, адам өскенде дәрі-дәрмек пен емдеу үшін қаражат жұмсамайды. Денсаулық – бастапқыда жасалатын инвестиция және қаншалықты ерте бастасақ, соншалықты медициналық және хирургиялық көмекті қажет етпейміз.
Хирургия тек ең ауыр жағдайларда қолданылатын соңғы әдіс болуға тиіс. Әрқайсымыз ең қарапайым нәрседен – қандай ас-ауқатты жеп жүргенімізді бақылаудан бастауымыз керек. Тым көп зиянды тағамдар мен дұрыс тамақтанбау жүрек патологияларына әкеліп, жылдар бойы сол ауруларды «жинауға» себеп болады. Екінші маңызды фактор – физикалық белсенділік. Қазірде көптеген адам көп қозғалмайтын өмір салтын ұстанады, бұл да жүрек-қан тамырлары ауруларының пайда болуына әсер етеді.
– Мәселен, жүрек органы сәтті түрде ауыстырылды делік. Науқас қанша уақыт ішінде айығып кетеді? Ол қанша уақыт бойы дәрігердің қадағалауында болады? Қандай тағамдарды жеуі керек?
– Егер жүрек трансплантациясы сәтті өтсе, науқас тез қалпына келеді. Операциядан кейін алғашқы аптаның ішінде ол физикалық түрде қалпына келіп, аяғынан тұрып, өз бетінше тамақ іше алады. Операциядан кейінгі алғашқы күндерде науқас тек қалпына келу үдерісінен өтуі керек, себебі отаға дейін көпшілігі физикалық тұрғыдан әлсіреп келеді.
Жүрек трансплантациясынан кейінгі маңызды аспектілердің бірі — науқастың өмір бойы дәрігердің бақылауында болуы. Себебі науқастың денесі жаңа ауыстырылған органды қабылдамай қалмауы үшін арнайы дәрілерді қабылдайды. Уақыт өте келе, посттрансплантациялық кезеңде, жүрек артерияларының зақымдануы немесе жаңа ағзаның кеш қабылдануы сияқты мәселелер туындауы мүмкін. Бұл – тұрақты бақылауды және қадағалауды қажет ететін жұмыс. Жүрек тінінің қабылдануын анықтау үшін биопсия жүргізіліп, эхокардиография арқылы жүрек функциясы тексеріледі де ем жүргізіледі. Бірақ уақыт өте келе науқас ем-шараға азырақ тәуелді болып, жағдайы тұрақтана бастайды.
Спецификалық шектеулер немесе кеңестер жоқ. Маңыздысы – рационалды тамақтану қағидаларын сақтау. Бұл тек дұрыс тамақтану емес, сонымен қатар организмнің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет барлық затты қамтамасыз ететін тағамдарды үйлестіру.
– Жүрек трансплантациясынан кейін науқас қанша уақыт өмір сүруі мүмкін және оған қандай факторлар әсер етуі ықтимал?
– Біз ота жасалған барлық науқасымыздың жағдайын мұқият бақылап отырамыз. Қазіргі таңда олардың 50%-дан астамы 10 жылдан артық өмір сүріп келеді, мұндай көрсеткіш көпшілікке айтылуы керек деп ойлаймын. Әлемдік статистика көрсеткендей, мұндай науқас 20 жылға жуық өмір сүре алады. Қазіргі технологиялар мен ем-дәрілік қызметтер науқасқа ұзақ уақыт өмір сүруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта 99 жүрек трансплантациясы жасалды. Барлық ота «Жүрек орталығында» өткізілмегенімен, Алматы қаласындағы Кардиология институтында болған жүрек органын алмастырудағы тұңғыш трансплантацияға қатысқанымызды мақтанышпен айта аламыз, сондай-ақ Шымкенттегі «Жүрек орталығында» екі жүрек трансплантациясын жасадық. Ал өкпе трансплантациясы бойынша 21 операция жүзеге асырылды, оның біреуі биыл жасалды. Өкпе трансплантациясының бағдарламасы кейінірек басталғандықтан, статистика көпшілік қауымға жарияланбайтыны белгілі.
Қазір өкпе трансплантациясы жасалған 25 науқасты бақылап отырмыз. Өкпе органы үшін бұл едәуір жақсы көрсеткіш. Өкпе – трансплантацияға ең осал әрі күрделі орган, себебі сыртқа ортамен тікелей байланыста болатындықтан, инфекцияға ұшырау қаупі жоғары. Міне, осы фактор науқастың отадан кейінгі өмір сүру ұзақтығына әсер етеді, себебі өкпе трансплантациясынан кейінгі науқастың өмір сүру ұзақтығы инфекция мен басқа да асқынуларға байланысты қысқарады.
– «Жүрек орталығында» жүрек органын ауыстырып, қойып беретін трансплантолог-дәрігерлердің басым бөлігі шетелдіктер ме? Елімізде бұл саланың мамандары тапшы емес пе? Әлемнің қандай ЖОО-лары жүрек трансплантациясын оқытуда алдыңғы орында деп ойлайсыз (жас дәрігерлерге нұсқаулық ретінде)?
– Орталықта трансплантациялық бағдарламаны бастаған Бекбосынов Серік Темірханұлы болды. Ол Қазақстандағы трансплантологияның дамуына зор үлес қосты. Өкінішке қарай, қазір арамызда жоқ, бірақ оның трансплантология саласына қосқан сүбелі еңбегі әлі күнге дейін бағалы, ұмытылмайды. Одан кейін бұл бағыттағы істі Светлана Петровна әрі қарай жалғастырды, ал өкпе трансплантациясымен айналысатын топты Асел Медресова басқарады. Мен де осы салада жұмыс істеймін. Сонымен қатар жоғары санаттағы дәрігерлер, мысалы, Мурдадым Мурзагалиев пен кардиолог Мұрат Аманжолович сияқты мамандарды атап өтуге болады.
Трансплантолог мамандарының тобы туралы айтатын болсақ, біздің орталықтағы барлық қызметкер трансплантация үдерісіне қатысады (жүрек пен өкпе органдарының трансплантациясы бойынша да). Трансплантация бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде орган алу үшін арнайы топ шығуы қажет, олар донордан органды алып, біздің орталыққа жеткізеді. Кейінгі кезеңде, біздің орталықта науқас-реципиентті трансплантацияға дайындау жұмысы басталады. Егер жүрек немесе өкпе трансплантациясы бір уақытқа түсіп, біздің мекемеде жасалса, топ екі еселеніп, кардиология және пульмонология саласындағы мамандар қосылады. Олар науқастың терапиясын жүргізіп, иммунносупрессорларды таңдап, диагностика жасайды, сондай-ақ трансплантациядан кейін науқасты бақылауға алады.
Науқасқа жақсы күтім жасау үшін орталығымыздың барлық мүмкіндігін пайдаланып, күнделікті операциялармен және науқастардың отадан кейінгі күтімімен айналысатын мамандарды да тартамыз. Осылайша трансплантация үдерісіне барлық ұжым қатысады. Біздің орталықта шетелдік мамандар немесе экспаттар жұмыс істемейді. Трансплантацияны жүргізетін барлық маман – қазақстандық мамандар.
Біздің елде трансплантолог мамандарын дайындайтын арнайы оқу бағдарламасы жоқ. Медициналық оқу орындарында жалпы практик дәрігерлерді даярлайды, ал олар кейін жетекші клиникаларда мамандануға мүмкіндік алады. Біз де осы жолдан өтіп, әлемнің үздік медициналық орталықтарында тәжірибе жинақтадық. Мысалы, өкпе трансплантациясы бойынша АҚШ және Австрия клиникаларында мамандандық, ал жүрек трансплантациясы саласында АҚШ-тың жетекші клиникаларында білім алып, біліктігімізді арттырдық.
Литвада бізге алғашқылардың бірі болып қолдау көрсеткен мамандар тобы бар. Сондай-ақ Прагадағы IKEM орталығы да біз үшін маңызды серіктес болды, оның Ян Пирк есімді басшысы, профессор Қазақстандағы алғашқы жүрек трансплантациясына қатысқан еді. Жүрек донорын таптық деген ақпаратты ести сала, профессор дереу ұшып келіп, бірнеше күн бойы трансплантациялау отасына қатысты. Біз оған үлкен алғысымызды білдіреміз және сол сәттен бері арамыз үзілген жоқ. Қазақстан азаматтары біздің орталықта білім ала алады. Сондай-ақ Австрия мен Торонто клиникаларымен өкпе трансплантациясы бойынша тығыз ынтымақтастық орнатылған.
– Транпслантацияны ғажайыпқа айналдыратын сіздер ғой…
– Трансплантацияны шын мәнінде ғажайыпқа теңеуге болады, алайда мен ғажайыпқа сенбейтін адаммын…
Ағзасын ауыстырған адам жаңа ағзаға ие болып қана қоймайды, өмір сүруге деген құлшынысты да бірге алатындай көрінеді.
Трансплантацияға дейін олар үмітпен өмір сүріп, бір күні осы мүмкіндіктің келетінін, отадан кейін толыққанды әрі белсенді өмірге қайта оралатынына сенеді, үміттенеді. Отадан өткен науқас физикалық тұрғыдан емес, эмоциялық тұрғыдан да жақсы жаққа өзгеретінін байқаймын. Олар ұзақмерзімді болашаққа жоспар құрып, отбасылы болып, бала сүйіп, саяхаттай бастайды. Тіпті трансплантациядан өткен науқастар арасындағы Олимпиада ойындарына қатысып, алтын медаль ұтып алады. Бұл адам шығармашылықпен айналысып, сурет сала бастайды, би билейді, яғни креативті қабілетін шыңдап, өмірдің мәнін түсініп, оны көбірек бағалай бастайды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Бағдат Сұлтанқызы
Фото: автордың жеке мұрағатынан
Парақшамызға жазылыңыз