//

Қытайдың Орталық Азиядағы саяси-экономикалық мүдделері: Қазақстанның стратегиялық рөлі мен геосаяси маңызы

48 рет қаралды
photo: ҚазАқпарат

Күні кеше, Жылан жылының алғашқы апталығында Президент Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбаты интернет басылымдарында жарық көрді. Қоғамның белсенді талқылауына түскен тұстары, анығырақ айтсақ, қазіргі геосаяси күрделі кезеңдегі Қазақстанның ұстанымы, сонымен қатар Қаңтар оқиғасы, бұрынғы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұлғасы да тақырыпқа арқау болып, көріктің отын қыздырды.

Қандастарға қарата айтылған Президент ескертуін, қатаң сынға алған немесе өз наразылықтарын білдірген қарапайым халықтан зиялы қауым өкілдеріне дейін табылып жатты. Қош делік, біздің қозғамақ тақырыбымыз бұл емес. Айтпақ ойымыз Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас турасында болмақ. Ол үшін Президент сұхбатынан үзінді келтірсек:

-Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елді жақсы білетінін, қазақ халқына ілтипатпен қарайтынын атап өткен жөн. Біз екі жақты қарым-қатынасқа, өңірлік және халықаралық ахуалға қатысты барлық мәселені емен-жарқын талқыладық. Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ. Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз. Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.

ҚЫТАЙДЫҢ СЫРТҚА ЕСІК АШУ САЯСАТЫ ЖӘНЕ ӘЛЕМДІК АЛПАУЫТҚА АЙНАЛУЫ

Халықарада Қытайдың геосаяси, экономикалық және әскери мүдделеріне қарсы немесе оны өздеріне қарсылас санайтын бірқатар мемлекеттер бар. Айталық, соңғы уақытта АҚШ-Қытай арасындағы экономикалық бәсекелестік пен геосаяси шиеленіс күн өткен сайын артып келеді. Оған себеп: Қытай экономикасы соңғы бірнеше онжылдықта оза шауып, әлемдегі екінші ең ірі экономикалық державаға айналды. Қытайдың ғаламдық экономикадағы ықпалының артуы, сонымен қатар БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және басқа да халықаралық ұйымдардағы беделінің жоғарлауы мен қоса , Қытайдың жұмсақ күш “China’s soft power” саясатының дүниежүзінде қарқынды етек алуы, АҚШ-тың әлемдегі үстемдігін жоғалтуына қарата жасалған іс- қимыл ретінде бағаланды.

1978 жылы, Дың Шяупин басшылығымен — Қытайдың экономикалық жүйесін модернизациялау басталды. Бұл Қытай тарихында “Сыртқа есік ашу саясаты” деп те аталады. Дәл осы уақыттан бастап әлем елдері, әсіресе АҚШ пен Қытай арасындағы тығыз экономикалық серіктестік пайда болып, Қытайға көмек көрсету, 1980-2000 жылдарының басына дейін, АҚШ-тың сыртқы саясатының маңызды бір бөлігі ретінде қарастырылды. Бұл уақыт аралығында Қытай мен АҚШ арасында экономикалық қарым-қатынастар нығайып, Қытай 2001 жылы Дүниежүзілік Сауда Ұйымына (ДСҰ) ресми мүше ретінде қабылданды.

АҚШ Қытайды әлемдік экономикаға интеграциялау арқылы оны саяси тұрғыдан АҚШ-пен жақындастыруды көздеді және сол арқылы тұтынушы нарығын кеңейту мен қатар Қытай мен Ресей арасындағы ықтимал одақтастықты болдырмауға тырысты. АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық байланыстар әлемдік экономиканың жалпы динамикасына әсер етті, бұл өз кезегінде Қытайдың жаһандық экономикадағы орнын нығайтуға өте үлкен рөл атқарды.

Дейтұрғанмен, Қытайдың кейінгі буын саяси элитасы АҚШ-тың ойлаған мақсатында шахмат тақтасын құра қойған жоқ. 2010-шы жылдардың ортасына қарай АҚШ – Қытай арасында қауіпсіздік, технологиялық бәсекелестік және халықаралық саясаттағы ықпалға қатысты шиеленістер күшейе түсті. Қытайдың Тынық мұхит аймағындағы ықпалының артуы, оның Оңтүстік Қытай теңізіндегі әрекеттері және әлемдік аренадағы стратегиялық мақсаттары АҚШ-тың алаңдаушылығын тудырып, Ақ үйдің жаңа жаһандық саясаттының пайда болуына алып келді.

Халықаралық теңіз сауда жолының маңызды бөлігі – Оңтүстік Қытай теңізі аймағы. Оңтүстік Қытай теңізі арқылы Қытайдың саудасы мен әскери күштері Тынық мұхитқа және басқа да халықаралық су жолдарына шығуға мүмкіндік алады. Бұл Қытайға әлемдік сауда мен халықаралық логистикада үлкен артықшылық береді. Сонымен қоса, Қытай билігі бұл аймақты бақылау арқылы аймақтағы басқа мемлекеттерге әсер етіп, өзінің аймақтық үстемдігін нығайтуға тырысады.

ОҢТҮСТІК ҚЫТАЙ ТЕҢІЗІНДЕГІ МҰНАЙ МЕН ГАЗ ҚОРЫ

Зәудеғалам, Қытай билігі аймақтағы бақылауды толықтай өз құзыретіне алса, Оңтүстік Қытай теңізінің солтүстік шекарасында орналасқан Тайваньның қорғанысына тікелей әсер ету қабілетіне ие болады. Оңтүстік Қытай теңізі Тайваньның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақтық тұрақтылығы үшін шешуші рөл атқарады, себебі Қытай әскери күші осы теңіз жолы арқылы Тайваньға кіре алады.Тағы бір тілге тиек етерлік жайт: АҚШ-тың Энергетикалық Ақпарат Басқармасының бағалауы бойынша, Оңтүстік Қытай Теңізіндегі ықтимал мұнай мен газ қоры шамамен 190 триллион текше фут (5,4 триллион текше метр) табиғи газды және 11 миллиард баррель мұнайын құрайды.

Бұл дегеніміз, Оңтүстік Қытай теңізіндегі мұнай қоры орташа мұнай өндіруші Мексикамен бір деңгейде екені және оның табиғи газ қоры әлемдегі алғашқы ондыққа кіретінін көрсетеді. Қытай сайттарында жарияланған ақпараттарға сүйенсек, АҚШ-тың Геологиялық Қызметі Оңтүстік Қытай Теңізінде әлі ашылмаған және дәлелденбеген 160 триллион текше фут табиғи газы мен 12 миллиард баррель мұнай қоры болуы мүмкін екеніне болжам жасады. Яғни, бұл ресурстар тек Қытайға ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен қатар әлемдік мұнай-газ нарықтарына да өз ықпалын тигізуі мүмкін.

Сондықтан, бұған қарсы АҚШ-тың араласуымен Қытай, Вьетнам, Филиппин, Малайзия және Бруней елдері арасында бұл аймақ үшін геосаяси шиеленіс толастаған емес. АҚШ Оңтүстік Қытай теңізінде өз одақтастарымен бірігіп түрлі теңіз әскери операцияларын өткізу арқылы Қытайдың аумақтық талаптарына қарсылық көрсетіп келеді.

Бұл геосаяси шиеленіс Қытайдың әлемдік деңгейде инфрақұрылымдық және экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған жаңа стратегиялық бастаманың дүниеге келуіне себепкер болды. Яғни, “Бір жол, бір белдеу” (Belt and Road Initiative, BRI) — жобасы. Жаһандық экономиканың жаңа моделі ретінде аталған “Бір жол, бір белдеу” жобасы Қытай үшін өзінің экономикалық, саяси және стратегиялық мүдделерін жүзеге асыру үшін өте маңызды геосаяси жоба болып табылады.

Жобаның аясында салынған теміржолдар, автомобиль жолдары, порттар және т.б. арқылы Қытайдың сауда жолдары жаңартылумен қатар, бұл оның әлемдік экономикадағы рөлін күшейтіп қана қоймастан, дамушы Орталық Азия, Еуропа және Африка елдеріне сауда маршруттарының жаңа бағытын қалыптастыру арқылы Теңіз сауда жолына альтернативті дәліз түзеді. Оңтүстік Қытай теңізінен бөлек, Қытайдың халықаралық саудасының басым көпшілігі АҚШ-тың негізгі одақтасы болып табылатын Сингапур жағалауындағы Малакка бұғазы арқылы өтеді. Ол Тынық мұхитын Үнді мұхитымен байланыстыратын, әсіресе Азия мен Батыс арасындағы сауда қатынастары үшін өте маңызды су жолдарының бірі. Қытай BRI жобасы арқылы бұл тәуелділіктен құтылумен қатар,  BRI жобасына қатысушы елдерді Қытай экономикасымен өзара тәуелді байланыс орнату арқылы Қытайдың  экономикалық және саяси ықпал ету аймағын кеңейте алады .

Осы орайда, BRI жобасы АҚШ-қа қарсы Қытай басқаратын біртұтас блок құруы мүмкін бе деген заңды сауал туындайды.Менің Субъективті көзқарасым бойынша бұл мүлдем мүмкін емес жағдай. Оған бірнеше себептерді атап өтуге болады. Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасы Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалын әлсіретіп, Қытайдың аймақтағы саяси және экономикалық үстемдігін арттыруға жол ашуы мүмкін.

Сонымен қатар, Ресейдің инфрақұрылымдық жобалары Қытайға бағытталған болса, бұл экономикалық тәуелділікті туындатып, ақырында Ресейдің ішкі нарығына және сыртқы саясатына кері әсер ету ықтималдығы жоғары. Сондықтан да, Ресей қанша жерден сыртқы саясатта Қытайды дос ел ретінде көрсеткенімен, ішкі мүдделік қақтығыста бұл екі алпауыт ел тарихтан бір-біріне бақталас болып келгені айтпасақ та, бәріңізге аян.

БІР ЖОЛ, БІР БЕЛДЕУ: ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ

Қос держава арасындағы Орталық Азия мемлекеттеріне келсек, BRI жобасы толық бес мемлекетті қамтиды. Яғни: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан. BRI жобасы аясында Орталық Азиядағы ең маңызды мемлекет Қазақстан. Үйткені, Қазақстан Еуропа мен Қытай арасындағы негізгі транзиттік көпір болып саналады. Қытай мен Кәрі құрлықты тұтастыратын теміржол және автожол байланыстарының маңызды маршруттары осы қазақ жері арқылы өтеді. Сондықтан да, қазіргі таңда Қытайға Орталық Азиядағы тұрақтылықтың сақталуы ауадай қажет, бұл қажеттілік солтүстіктегі көршімізге де қатысты. Себебі, бұл аймақ Қытайдың экономикалық мүдделерімен тығыз байланысты, ал Ресей үшін ең қиын сәтте тығырықтан алып шығатын артқы шеп базасы іспетті.

Қытайдың Жаһанға өз ықпалын жүргізуге мүмкіндік беретін озық тұсы да, Қытайды тұралатып құрдымға жіберетін осал тұсы да осы экономика секторы, бұл енді басқа тақырып. Осы орайда Мәскеу мен Бейжің арасында бізге беймәлім Орта Азияға қатысты құпия келісімшарттардың орын алуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. BRI жобасы Орталық Азия мемлекеттеріне өзінің оң әсерімен қатар кейбір қауіп-қатерлерді де әкелуі бек мүмкін. Мәселен, Орталық Азия елдерінде көлік және логистика инфрақұрылымдарының көптеп салынуы, атап айтсақ, теміржолдар, автожолдар, порттар мен әуежайлардың жаңаруы экономиканың дамуына айтарлықтай оң әсер етеді. Және Қытайдың инвестициялары мен қаржылық қолдауы арқасында жаңадан жұмыс орындары ашылып, түрлі саладағы өндіріс ошақтарының пайда  болуы жұмыссыздық деңгейін азайтады. Бұл өз кезегінде халықтың әлеуметтік ахуалының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізетіні ақиқат.

Қанжардың екі жүзі бар немесе судың да сұрауы бар, демекші, BRI жобасы аясында Қытайдың Орталық Азия елдеріне жасайтын қаржылық және экономикалық көмегі мен миллиардтаған қарызы Қытайға геосаяси тәуелділікті арттырып, бұл өз кезегінде ұлттық егемендікке қауіп төндіруі мен қатар геосаяси шешімдерде белгілі дәрежеде Қытайдың ықпалының артуына алып келуі мүмкін. Сонымен қоса, жергілікті өндірістік орындар қытай тауарлары мен зауыттарына қаншалықты бәсекеге қабілетті? Бұл сұрақтың санамызды бір сілкіп қоятыны айдан анық. Егер ішкі және сыртқы нарықтағы өндірісте түгелдей Қытайға тәуелді болсақ, бұл Қазақстан елін тек шикізатпен күн өткізетін бұрынғы халден еш өзгеріссіз қалдыруы ғажап емес.

Қытай билігі Қазақстанның ұлттық өндірісінің көптеп ашылуын қаншалықты қолдайды , бұл жағы тек Тәңірге және Қытаймен саяси һәм экономикалық диалог орнатқан Қазақ билігіне ғана аян. Қытайды өзіне қарсылас санайтын мемлекеттер Қытайдың Орталық Азиядағы ықпалын шектеу үшін түрлі стратегиялық шараларды қабылдауы бұл аймақтағы тұрақсыздыққа жол ашып, түрлі террорлық және сепаратизм әрекеттерінің туындауына әсер етуі, сондай-ақ, өте-мөте халифаттық идеологияның Орталық Азия жерінде қарқынды белең алуы, сол арқылы Қытай мен Ресейге қарсы бағытталған сырттан өзге мүдделі күштің енуіне орай тудыруы мүмкін.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚОЛДАУҒА МҮДДЕЛІ. НЕГЕ?

Осы орайда көкейімізге бір сауал туындайды? Мұртты Көсем қай елдің тапсырмасын орындады, немесе қай мемлекетке тыңшылық қызмет атқарды? Туған күн кешінде қазақтарды қытайлардан тартып аламыз деп ұрандатқан жабайы Арманның Алматы алаңында алшаңдай басып жүруіне жол ашқан қандай күш? Қаңтар оқиғасы тек қана Бірінші Президент пен оның әулетімен қатар маңайындағы жақтастарына ғана қаратылған қарсылық болды ма ?

Қош делік, сонымен жоғарыда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сөзінен үзінді келтірсек:

– Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.

Қытай президентінің сөзінен аңғаратынымыз, Қытай билігі Қазақстанды шын достық көңілімен қолдамаса да, мүдделік тұрғыда шарасыз қолдайтындығын түсінуімізге болады. Ақиқатында, Қытайдың Орталық Азиядан келер қауіп-қатерден қатты алаңдайтыны айдан анық. АҚШ-тың Ауғанстаннан шығуы Қытайға Орталық Азия мен Пәкістан аймағында өз ықпалын арттыруға мүмкіндік берді. Алайда, Ауғанстандағы терроризм мен экстремизм күштері Қытай билігі үшін үлкен қатер.

Үйткені, Талибан билігі мен басқа да экстремистік ұйымдар (Шығыс Түркістан Ислам қозғалысы (ШТИҚ), ДАИШ) Шыңжаңдағы ұйғырлардың тәуелсіздік қозғалыстарына  қолдау білдіру мүмкіндігіне ие. Ұйғырлардың Шыңжаңдағы тәуелсіздікке ұмтылуы мен батыс аймақтағы терроризм қаупі Қытай үшін маңызды ұлттық мәселе ретінде қарастырылады. Ауғанстандағы террористік топтардың шекара жолы арқылы Шыңжаңға өтуі немесе лаңкестік әрекеттерді ұйымдастыру ықтималдығы жоғары. Себебі, Ауғанстан елі Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы облысымен, нақтырақ айтсақ, Вахан дәлізі арқылы ұйғыр ұлты жиі шоғырланған Қашқар қаласымен шектеседі.

ШЫҢЖАҢ МЕН ТИБЕТТЕ БІР-БІР ЖАНАРТАУ ЖАСЫРЫНЫП ЖАТЫР

Сондықтан, Қытай билігі 2009 жылғы 5-шілде оқиғасы сценарийінің қайталануынан қатты алаңдаушылық білдіріп, батыс аймақтарға қаратылған қатаң саяси шектеулермен 2016 жылдан бастап қайта тәрбиелеу лагерлерін салуының бір себебі де осында. Дейтұрғанмен, бұл түпкілікті мәселенің оң шешімі емес. Өйткені, Қытайдан өз ұлттық тәуелсіздігімен қатар мәдени және тілдік құқықтарын қорғау үшін күресіп келе жатқан өзгеде этникалық ұлттар бар. Шыңжаңдағы ұйғыр ұлтынан бөлек, Қытайдың оңтүстік-батысында орналасқан Тибет жұрты да тәуелсіздік күрестерін тоқтатқан емес. Осы орайда еске сала кетерлік жайт, Далай Лама басқарған Тибет үкіметінің Үндістанның Дхарамсала қаласында орналасуы. 1959 жылы Тибетте Қытайға қарсы үлкен көтеріліс болып, нәтижесінде мыңдаған Тибет халқы қырылып, діни ғимараттар қиратылды, көптеген буддистік монастырлар мен мәдени мұралардың көзі жойылды. Тибеттің рухани көшбасшысы саналатын Далай Лама Үндістанға қашты.

Бір ұлттың сан ғасырлық дәстүрі мен мәдениетіне, діни сенімі мен ұлттық тіліне жасалған қиянат сол елдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын өшпенділігін тудыратыны ақиқат. Ендеше, қазіргі таңдағы Шыңжаң аймағы немесе Тибет үстірті болсын, бұл Қытайда жасырынған бір-бір алып жанартау екені айдан анық. Оның қашан және қалай атқылайтыны да белгісіз, бірақ жанартау мәңгі тыныштықта ұйқыда жатпайтыны да бәрімізге аян…

Әлқиса, әуелгі қозғамақ тақырыбымызға ойыссақ. Орталық Азия өңірі Қытайға мәдени ықпалдастықпен қатар Біртұтас Тұран, яғни пантүркизм идеологиясымен өте үлкен әсерін тигізеді. Пантүркизм Қытайдағы түркі тілдес ұлттардың мәдени және діни идентификациясын күшейтуі мүмкін. Бұған айрықша ықпалын тигізетін Қазақ мемлекеті, өйткені Шыңжаң аймағында ұйғыр ұлтының қалыптасқан саяси мәдени элитасынан бөлек, бірнеше ұрпақ жаңаланған Қазақ ұлтынан шыққан саяси қайраткерлер, ұлттық мәдениет пен өнердің озық шоғыры, сондай-ақ әдебиет пен тарих саласында сүбелі еңбек сіңірген ұлтшыл тұлғалар мен олар қалдырған құнды мұралары бар.

Әгәрәки, Шыңжаң аймағындағы бұл сап элита мен Қазақ елі арасындағы мәдениет пен рухани байланысты тереңдетіп, бауырластық тығыз қарым-қатынас орнатса, бұл Қытай үшін жаңа қатердің бетін ашқан болар еді. Былайша айтқанда, Қасқырдың бөлтірігі тауға қарап ұлыйды. Қытай қаншалықты жұмсақ әрі қатты саясат жүргізгенімен, Қытайда өмір сүріп жатқан түркі тілдес халықтардың рухани және мәдени бірлігін жоя алмағаны дәлелдеусіз шындық. Сондықтан да, Қытай билігі Орталық Азия арқылы Қытайдағы түркі тілдес халықтарға жасалатын саяси және мәдени ықпалдастықтан барынша сақтанады.Бұл Қытай мемлекетінің территориялық бірлігі үшін өте маңызды. Қытайдан ұлттық тәуелсіздігін талап ететін халықтардан бөлек, Қытайдың көршілес мемлекеттерімен, атап айтқанда, Үндістан, Жапония, Непал, Вьетнам және Оңтүстік Қытай теңізі аймағы бойынша басқа да бірқатар мемлекеттермен шешілмеген шекаралық дауларын ескерсек, сонымен қатар халықаралық деңгейде АҚШ бастаған Қытайдың экономикалық және саяси ықпалына қарсы одақтастықты есепке ала отырып, Қытайдың Орталық Азия мемлекеттеріне тәуелділігін түсінуімізге болады.

Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сұхбатында сөз еткен:

Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.

Яғни, бұдан Қытай билігі қандай да бір мүдделік тұрғыда Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан мемлекетімен достық қарым-қатынас орнатуға және сенімді одақтастыққа мұқтаж екенін аңғаруымызға болады. Әлемдік геосаясатта Қазақстан маңызды ойыншыға айналу үстінде, бұл үлкен мүмкіндікпен қатар үлкен қауіп те әкелуі мүмкін. Бастысы, мызғымас бірлігіміз бен ұлттық иммунитетіміз жоғары болып, арандатушылыққа еріп кетпесек, және жұртымыз ғылым, өнер, мәдениетке барынша ұмтылыс жасаса, Қазақтың Көкбайрағының мерейі үстем болып, көк аспанда желбірей берері анық.

                                                                                             Ертұран Жұмақанұлы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Тұрсын ЖҰРТБАЙ: «Мен» өлмейді!

Иә, ол сайын Сарыарқаның бауыздар алқымындағы саржағал жонның қолтығын ықтаған «қияндағы қыстауда» туып, күннің өзі аударылып