Алматы қаласындағы Розыбакиев көшесінің атауын өзгертіп, Мұхтар Мағауиннің атын беру ұсынылды. Бұл туралы әлеуметтік желіде Бота Дн атты қолданушы жазды.
Оның пікірінше, Мұхтар Мағауин есімі Алматыдағы даңғыл жолға берілуге лайықты.
«Алматының шетіндегі, баяғы переселендердің салған жапырайған ұсқынсыз үйлері орналасқан қисық, шолақ көшесінің біріне емес, орталықтағы көсіліп жатқан даңғылдардың біріне, мысалы , ұзындығы 7000 метр болатын Розыбакиев атындағы көшені Мұхтар Мағауин даңғылы деп ауыстыруға күш салып, нәтижесін шығарар», – деп жазды ол.
Оның жазуынша, Розыбакиев – Жетісу облысында келмеске кеткен Кеңес өкіметін орнатуға ат салысқан, Әскери революциялық комитеттің мүшесі.
Сонымен қатар, ол Мағауин орталығын ашуға шақырып отыр.
«Алматының көрнекті жеріне Батыс Еуропа скульптура үлгісіндей көрген адам өте шықпай, бұрылып тоқтап қарайтындай, тарихи жәдігер, ерекше көркем құндылығы бар ескерткіш қойғызсын», - дейді ұсыныс иесі.
Аталған бастаманы Мағауинді дәріптеп жүрген журналист Дастан Қастай қолдады.
Меніңше, өте-мөте дұрыс ұсыныс. Ұлтымыздың тарихын түгендеп, қилы кезеңнің өларасынан аса бай рухани орамымызды, бағалы бедерімізді аршып алған Мұхтар Ата Мағауин атындағы көше жас ұрпақтың санасына сәуле түсіріп, қоғамдық қозғалысқа, өз қаламыздың тарихи мазмұнын байытуға әбден лайық! –деді ол пікір бөлімінде.
Айта кетейік, Мұхтар Мағауин 2025 жылы 10 қаңтарда АҚШ-тың Мерилэнд штатында дүниеден өтті. Мағауин 17 жыл шетелде тұрған.
Парақшамызға жазылыңыз