/

«Азиада – 2025» елде қандай спорт түрі дамып келе жатқанын көрсетті

232 рет қаралды

Харбиндегі ақ Азиада мәресіне жетті. Төрт алтын, тоғыз күміс, жеті қола еншілеген ел спортшылары жапыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Шекара асып, ел үмітін ақтауға аттанған спортшылардың жолына үмітпен қараған жанкүйер Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Айбек Нәсен, Абзал Әжіғалиев пен Глеб Ивченко 5000 метрлік эстафедан алтын алғанда, фристайл-акробатиканың синхронды секіру бәсекесінде Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов және биатлоншы Владислав Киреев қарсыластарын қапы қалдырған кезде балаша қуанды. Ал жарыстың соңғы күні Жапония құрамасын финалдық сайыста тас-талқан еткен Ұлттық құрама ойыншыларына да қазақ елі алғысын жаудырды. Ел қоржынға түскен тоғыз күміске әттеген-ай, жеті қолаға шүкір деп отырды. Десе де Харбиндегі Азиада бұрынғы Азиадаға қарағанда алтын алу жағынан өзгеше. Дәлірек айтсақ, төмендеу нәтиже болды.

Фото: t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Шаңғышылар

Әдетте қысқы Азиадада шаңғышылар алтынды көп алатын биылғы ойындарда олар екі күміс, екі қола ғана салды. Мысалы 2003 жылғы ақ Азиадада ел шаңғышылары 6, 2007 жылы 4, 2011 жылы 6 алтын, 2017 жылы бір алтын иеленді.

Мұның бірнеше себебі бар. Алғашқысы сол қазір Қазақстанда шаңғы спорты аздап тоқырау үстінде.  Екіншіден, «Азиада – 2025» ұйымдастырушылар бағдарламаға қабылдайтын ел сол елде дамыған түрлерді қосуды талап етеді. Сондықтан биылғы Азиада бағдарламасында қазақстандықтар, жапондықтар мен оңтүстік кореялықтар күшті, бірақ қытайлықтар оза бермейтін фристайл-могул болған жоқ.

Сол сияқты, шаңғы жарысында да қысқа қашықтыққа көп назар аударылды. Әдеттегідей 12 емес, 6 медаль жиынтығы болды. Сондай-ақ шаңғы жарысында ұзақ қашықтықтар болмады. Ол бәсеке болған кезде кім біледі жоқ дегенде бір алтын алар ма едік? Бірақ спорт шартты райды қабылдамайды. Екінші жағынан, қазіргі нәтижені тек жарыс бағдарламасының ерекшеліктерімен ақтап алуға да болмайды.

Қазір елімізде Олимпиада чемпионының аты аңызға айналған шаңғышысы Владимир Смирновтай, Алексей Полторанин, Николай Чеботько деңгейіндегі шаңғышылар жоқ. Олар болған кезде, Қазақстан Азия деңгейіндегі жарыстарда қарсыластарына алтын ұстатпаушы еді.  Қазір қарсыластардың да күшейе түскенін көрсетті. Бұл сәтсіздіктің жақсы тұсы ел спортына соның ішінде шаңғы жарысына жауапты азаматтар құрамада бәсекелестікті күшейтетін жаңа таланттарды іздей бастайды. Өз позициямызды жоғалтып алмау үшін елде қысқы спортты дамыту қажет екенін көрсетті.

Жас талантатр жоқ емес бар. Азиадамен қатар өткен Италиядағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Әмірғали Мұратбеков үздік 20 шаңғышы арасына енді. Сондай жас таланттардың шеберлігін шыңдай беру керек. Бұл жұмыс  жалғыз шаңғы жарысы федерациясының ғана емес, туризм және спорт министрлігі және өңірлік деңгейдегі спорт басқармаларының тікелей жұмыстанатын шаруасы.

Тарихи жетістік

Шаңғышыларымыз әттеген-ай дегізіп жатқанда шорт-трекшілер мен фристайл-акробатика спортының өкілдері жарқ етті. Азиаданың алғашқы күні қоржынға күміс салған шорт-трекшілер ерлер арасындағы командалық сында топ жарып, ел мерейін үстем етті. Құрамына екі дүркін Олимпиада чемпионы және 8 дүркін әлем чемпионы Шаонг Лю, Пхёнчхан Олимпиадасының чемпионы және 9 дүркін әлем чемпионы Лим Хё Джун, Пхёнчхан Олимпиадасының чемпионы және 3 дүркін әлем чемпионы Шандор Шаолинь Лю, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сунь Лун сияқты Қытай, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Пак Чан Хёк, әлем чемпионы Пак Чи Вон сияқты Оңтүстік Корея елінің шорт-трекшілеріне қарсы шыққан біздің жігіттер соңғы сәтте жарыс фавориттерінің қателігін сәтті пайдаланып, Азиада алтынын жеңіп алды.

Көп ұзамай жарысқа түскен фристайл-акробатика шеберлері синхронды секіру сайысына шықты. Біздің  Роман Иванов пен Шерзод Хаширбаев Бейжің қысқы Олимпиадасының чемпионы, 2 дүркін әлем чемпионы Ци Гуанпудан озды.

Осы күні ел жанкүйерлері осы екі алтынның қайсысының бәсі жоғарырақ деген таласқа түсті. Қалай болғанда да шаңғы жарысы спортын келесі қысқы Азиадаға дейін ең болмағанда Николай Чеботько заманындағы биігіне шығара алса, келесі Азиадада үздік үштікке ілігетін мүмкіндік бар.

15 жастағы жеткіншек

Жазда әлемді аузына қаратқан испандық футболшы Яминь Ямальды тамасана қарап едік. Осы кезде көп ана айтатын «жұрттың баласы» сөзі ойымызға орала берді. Осы Азиадада тарихи жетістікке жеткен фристайл акробатика шеберлері арасында Асылхан Асан есімді жас талант болды. Ол командалық аралас сында күміске қол жеткізді. Шымкент қаласында туған Асылхан сол шаһардағы  Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында оқиды.

Жоғарыда шаңғышылар өз биігіне шықса, келесі Азиадада үздік үштікте боламыз дегенді айтып қалдық. Асылхандай таланттар бар кезде олай деуге негіз бардай көрінеді.

Қандай құрмет көрсетеміз?

Олимпиада сайын жүлдегерлер мен жеңімпаздарға сыйлық деп миллиондап ақша шашамыз. Ақ Азиадада намысты қолда бермеген спортшылардың байғазысын да дайындап қойдық.

Төлемдер ҚР Үкіметінің Жарлығымен реттеледі. Қандай да бір себептермен ондағы сомалар доллармен көрсетілген, бірақ жүлделер ағымдағы бағам бойынша республикалық бюджеттен теңгемен төленеді.

Алтын алғандар 10 000, күміске қол жеткізгендер 5 000, қола жүлдегерлер 3 000 доллар алады. Ел құрамасы Азиаданы 20 медальмен аяқтады. Нешеуі алтын, нешеуі күміс екені мақала басында жазылды.  Сондай-ақ командалық спорт түрінде жүлде алғанның әрқайсына сыйақы беріледі.  Хоккейшілер мен қыздарды және өзгелерді де санай келе Азиададан қайтқан спортшыларға берілетін төлемнің жалпы сомасы 6 606 000 долларды құрайтынын білдік. Бұл біздің ақшамен 300 миллион 475 мың теңге. Біз тек спортшыларды санадық. Бапкерлер мен өзге де қызмет көрсетушілерге берілетін сомманы қоспадық.

Қорыта айтқанда

Бір жылға жетер-жетпес уақыттан соң Итальяның Миланында Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ал ол додада 20 медаль жеңіп алуымыз екіталай. Алда талай жарыс бар. Қысқы маусымның, оның ішінде «Азиада – 2025», әлем кубоктары мен әлем чемпионаттарының нәтижелері 2026 жылы қысқы олимпиадада Қазақстан қандай нәтижде көрсететініне аздап болса да жауап береді. Бұл Азиада елде қандай спорт түрі дамып келе жатқанын, қандай спортқа демеу беріп жіберу керектігін көрсетті. Сондықтан бізде жазатын, спортқа жауапты азаматтар да жасайтын, бас қатыратын жұмыс толып тұр.

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар