Мерсаид Жақсыбаев — қазақстандық шорт-трекші, халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Ол 1997 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысының Жітіқара қаласында дүниеге келген.
16 жасында Қазақстанның Ұлттық құрамасына қабылданып, Ақмола облысының атынан өнер көрсетті.
Фото: instagram.com
Қазақ еліне шорт-тректен ең алғашқы алтынды алып келгенде қандай сезімде болдыңыз?
– Алғашқы эмоция шок болды. Кейін қатты қуандым. Біз жеңіске жеткенімізді бірден түсіне қойған жоқпыз. Шорт-тректен тұңғыш рет тарихи алтынды елдің қоржынына түсіргенімізді білгенде қуанышта шек болмады. Тіпті, айтып жеткізу мүмкін емес.
– Шорт-трек спорт түріне қалай келдініз? Біреу әсер етті ме, әлде бала арманыңыз ба?
– Мен шорт-трекке кездейсоқ келдім. Әлі есімде, төртінші сыныпта жаттықтырушылар мектепке келіп, спорт түрі туралы айтып, қатысуға шақырып еді. Сол кезде мен бұл қандай спорт екенін, не істеу керегін толық түсінбесем де, екі нәрсені жақсы есімде сақтадым. Біріншісі – жаттығулар тегін өтеді. Екіншісі – мұз айдынында, коньки киіп жүреміз. Бала ретінде мен жай ғана коньки тебуді үйренуге бардым. Алғашында осы спортпен соңына дейін айналысып, жетістікке жетемін деп ойламадым.
Фото: instagram.com
– Әрі қарай жылжуға не мотивация болды?
– Үнемі жаттығуға баруға, дайындалуға, балалармен жарысуға деген құлшыныс іштей пайда болды.
– Жеке өміріңіз бен жұмыс арасындағы балансты қалай сақтайсыз?
– Жеке өмір мен жұмыстың балансын сақтау аса қиын емес. Ең бастысы – сені түсінетін және қолдайтын адамды табу. Яғни, ол адам, менің ұзақ уақытты алатын жаттығуларым бар екенін, жарыстарға дайындалу керектігін, белгілі бір тәртібім барын, кешке дейін қыдыра алмайтынымды немесе басқа да шектеулерімді түсінеді. Бар назарым жаттығуға, спортқа, жұмысыма бағытталған. Ал бос уақытымда әрдайым жеке өміріме уақыт бөлуге тырысамын. Жалпы сені түсінетін, жақсы адаммен бұл мәселе қиындық тудырмайды.
– Шорт-трек ойынында қандай тактиканы қолданасыз? Оның артықшылығы неде?
– Шорт-тректе қолданатын тактикам әр жарыста әртүрлі, үнемі өзгеріп отырады. Бұл жарыстың дистанциясына байланысты. 500 метрлік спринтте, 1500 метрлік жеке жарыстың ең ұзын дистанциясында немесе эстафетада пайдаланған әдістерім мүлде бір-біріне ұқсамайды. Кейде алда болғың келеді, кейде жарысты өзің басқарғың келеді. Ал кейде артқа шалып, қарсыластардың әрекетін бақылағың келеді. Мұның бәрі мұз үстіндегі шахматқа ұқсайды. Қандай тактиканы пайдаланатыным қарсыластардың кім екеніне тәуелді. Жаттықтырушылармен бірге бұл жағдайды талдап, шамамен қандай тактика қолданатынымызды бірге анықтаймыз. Мысалы, Корея спортшылары көбінесе жарысты өздері басқаруды, яғни, бірінші болып жүруді ұнатады. Ал Қытай спортшылары керісінше, жарыстың ортасында немесе топтың артында отыруды, кейбір спринтерлік шабуылдар кезінде кенеттен алға шығып, жарысты жеңуді таңдайды.
– Жеңілген сәттеріңіз болды ма? Сондай уақытта өзіңізді қалай сезіндіңіз?
– Білмеймін. Бәлкім, жауап бермеймін. Себебі бұл сұрақ біршама ауыр. Жеңіс көп, сәйкесінше жеңіліс те жоқ емес. Барлығын үнемі жеңіп отыру мүмкін емес қой. Шын мәнінде жеңуді қаласаң – 100% еңбектеніп, өзіңе сенуің керек. Сонда міндетті түрде қалағаныңа қол жеткізесің, жеңілістерді еңсере аласың.
– Қазіргі уақыттағы командаңызбен қалай таныстыңыздар?
– Мен еліміздегі қазақстандық құрамда ұзақ уақыттан бері бармын. Әр жылы құрамға іріктеу өтеді. Белгілі бір адам саны толыққан соң, Қазақстан Ұлттық құрамын қалыптастырады. Содан кейін үздіктерді Азия ойындарына жинайды.
– Командаңызбен қарым-қатынасыңыз қандай?
– Команда ішінде бәрі жақсы. Ең бастысы – топ ішінде жақсы атмосфераны сақтау. Егер біреудің жұмысы сәтсіз болса, оны жігерлендіру және қолдау көрсету маңызды. Ал егер біреу өте жақсы нәтиже көрсетсе, топтағы досың үшін қуану керек. Өйткені біз – командамыз. Қазақстанның атын қорғаймыз. Сол үшін қиындықта да, қуанышта да бірге болуымыз қажет.
– Байқағанымдай, көп елді аралайды екенсіз. Сізге қандай ел қатты ұнады? Неге?
– Иә, шын мәнінде, біз көп саяхаттап, әлемнің түкпір-түкпірінде старт аламыз. Ең сүйікті елді анықтау қиын. Себебі әр елдің өз артықшылықтары бар. Мысалы, Оңтүстік Кореяда тағамдар өте дәмді – олардың асханасы ұнайды. Ал Еуропада жалпы тыныштық пен жайлылық басым, адамдардың өмірі тыныш.
Дегенмен маған қатты ұнаған ел – Америка. Бұл елдің менталитеті Қазақстанға біршама жақын сияқты көрінді. Онда әртүрлі ұлт өкілі көп. Тағамдар жағынан әлемнің әр асханасы ұсынған түрлі мәзірлері бар.
– Өмірімдегі ең үлкен жетістігім деп нені айтасыз? Неге?
– Жетістіктерге келетін болсақ, мен үшін ең маңыздысы – 2018 жылғы Олимпиада. Қатысып, өнер көрсеттім. Ал қазір ең маңыздысы – маған ғана емес, елге тарихи алтынды әкелген Азия ойыны. Бұл спорт тұрғысынан менің өмірімдегі ең елеулі жетістіктердің бірі. Тарихи жеңістің бір бөлшегі болғаныма өте қуаныштымын!
– Жас спортсмендерге қандай кеңес бересіз?
– Менің жеке тәжірибемнен айтатын болсам, ешқашан берілмеу керек. Әсіресе өз ісіңді сүйсең және қол жетістікке жеткізгің келсе, әрқашан жолда қиындықтар кездесетінін түсінуің керек. Кейде командада немесе Ұлттық құрамада сені көргісі келмейтін, кедергі келтіретін адамдар болады. Бірақ өте көп еңбек ететін, берілмейтін адам міндетті түрде табысқа жетеді. Сол себепті ондай адамдарға назар аудармау керек. Ең маңыздысы – қиын сәттерде, ең күрделі мезгілдерде берілмей, өзіңе сену және шынымен мұны қалайтыныңды анық түсіну керек. Егер сен қалап тұрсаң, жалғастырып әрекет жасау керек. Барлығы өзіңе байланысты.
Дайындаған: СДУ университетінің 1-курс студенттері.
Жадыра Әділбекқызы, Жайна Бердалы, Қырмызы Мұхитбекқызы, Әбілмансұр Мекентай, Жания Тұрсынбек
Парақшамызға жазылыңыз