1981 жылдың наурыз айының 22-і, моңғолша атауында 3-айдың 22-і Моңғол Елі мен моңғол халқы үшін көк жүзіне көз тігіп, аспандағы аққан жұлдыздарды санаған ерекше тарихи күн болып белгіленді.
Осы күні «Союз-39» кемесімен совет-моңғол бірлескен экипажы Қазақ ССР-дың Байқоңыр ғарыш айлағынан СССР-дың ұшқыш-ғарышкері Сәбеттер Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Владимир Жанибеков пен әлемнің жүз бірінші (101), Моңғолияның тұңғыш ұшқыш-ғарышкері, генерал-майор Ж.Гүррагчаа ғарышқа көтеріліп, Салют-6 ғарыш станциясымен қосылады.
В.Жанибеков пен Ж.Гүррагчаа ғарышта 7 күн, 20 сағат 42 минут 03 секунд болып, жер шарын 124 рет айналып, жүктелген міндетті ойдағыдай орындап, Жер Анаға аман-есен оралады. Оларға Кеңестер Одағы мен Моңғолияның Батыры атағы беріледі.
Владимир Жанибеков Оңтүстік Қазақстанның Бостандық ауданының (бұл күнде Өзбекстан аумағы болып саналатын), Жүгдэрдэмидийн Гүррагчаа Бұлғын аймағының Ғұрбынбұлақ ауданының тумасы еді.
Экипаж командирі, СССР-дың ұшқыш-ғарышкерінің Қазақстанның тумасы, тегінің Жанибеков болуы қазақпен ежелден қойы қоралас, ауылы аралас моңғол жұрты мен ондағы қазақтар оны салған жерден «қазақтың сарысы аз ба, көк шегірі көп пе, осының арғы түбі шикі, қазақ болмасын» деп қалғаны рас еді. Қалай болғанда да оның қазақ даласында туып, қазақтың байтақ даласының Байқоңырынан ұшып, қазақ фамилиялы болуы – ол орыс ұлтының адамы болған күннің өзінде оны қазаққа жақын балап, іш тартқан-ды.
Көк Мұңғұлдың көк таңбалы май құйрық ұрқы, Көк әлемін мейірі қанғанша шарлап, Бұрқан-Теңгірдің батасымен есен сау елге жетуі моңғол халқы үшін Ұлы Көктен Қайса түсіп, Жер Ана құрсағынан Мәді жаралғандай ұлан-асыр оқиға болды.
Қазақтың ұланғайыр даласынан шеру тартып, жадында жасырынған Шыңғыс ханның өшпес, өр рухы қанаттандырып, жүректеріне жігер берген қос ұлы ақ лайнермен Буянт-Ухаа айлағына қонғанда жер қайысқан қалың қол – қара бұқара халықтың ұран сап – хурайлаған даусынан қамұқ моңғол үстірті теңселіп кетті.
Аяқтарының астына ақ сырмақ болып жайылған Ар Моңғол халқының алақанында табаны жер иіскемей құстай қалқыған қос батырын кезектен кезек күтіп, дамыл таптырмай бір мектеп-мекемеден бір ұжымшарға өткізіп, күн құрғатпай қошаметтеп қонақ еткен елде есеп те жоқ, ес те жоқ еді.
Күте-күте әбден зарығып, бояуы құсып кеткен ащы шайдай күреңітіп, жұрт сарғайып сары ауру болуға шақ қалған елді-мекендер де болды. Келуі келіннің келедісінен де керемет болған келесі бір кезек өлдім-талдым дегенде астана Ұланбатырдан соң екінші қала болып есептелетін, орысы мол ұлы достықтың (совет-моңғол достығы) Дархан қаласына да жетті-ау!
Олар жетпеді, алдымен желдей есіп, желкенді шабарман жетті. Атынан ат үркетін үшінші бөлімнен. Мінгені сұсты, төртбұрыш танаулы, сүліктей жараған су қара сәйгүлік – мерседес. Қай заманда да шабарманның шаңырағыңды шағып кете жаздап шаңдатып жүретін заңы бар. Көктен түскен, ғайыптан келген, құдай-аруақпен тілдескен, мүмкін кісілік кейпі өзгеше инопланетян пішінді адамдарды қабылдау дайындығын көреді екен. Дайындық алдын ала жазылып, хатталып, шотталып, «аса құпия» ал қызыл түсті мөр басылып күні бұрын жөнелтілген нұсқауға сай, талапқа сәйкес болмаса бітті. Біткені былай тұрыпты, құрыды. Тексеруші қан сөлсіз, денесінде сылып алар еті жоқ, қақшаңдаған қара сұр жан екен. Генерал болмаса да соған жете қабыл шенді.
Тексеру, бәлкім тергеу десе болар. «Аса жоғары мәртебелі қонақтардың құрамында кім бар екенін білесіңдер ме?!» деген өктем сұрақпен басталды. Әкім бастаған әкімшілік қызметкерлерінің арасында қою қара қарлығаш қасты, қара шашты, ат жақты, ашаң жүзді, арқар тұмсық қазақ тұрпатты қаланың шаруашылық департаментінің басшысы аузынан жазып, «Білмейді екеміз. Нұсқауда аталмаған» деп қалды. Тексерушінің талағы тарс айырылды-ау, көзінен от жарқ етті. Жалт бұрылды: «Ондай нәрсе сценарийде көрсетілмейді, бала. Ол – Анастасия Ивановна! Цеденбал-Филатова!». Ат-атағы, дақпырт-дабырасы дауылды адамның атын естігенде дархандық басшылардың көздері тас төбесіне шықты. Ал ендеше, екі аяғың бір етік тұрмақ, биттің қабына сиятын жерің осы!
Оның қасында «Бал дарғы – Цэдэнбал» десе жұрт бөркін аспанға атып, ұлы әскерден аман келген ата-анадай қуанышы қойнына сыймай ақсарбас атар, ал «авғай» – «қатын» десе жанын қоярға жер, кірерге тесік таппай кететін. Анастасия Ивановна – Цэдэнбалдың – Моңғолияның бірінші басшысының бәйбішесі Цеденбал-Филатова еді. Шын мәнінде ол адам қорқарлықтай аю адам емес еді. («Бавғай» моңғол тілінде аю деген сөз). Аса мейірімді, болсын дейтін, әсіресе ана-бала десе, жас ұрпақ десе жанын беруге әзір, өнер десе өзегін жұлып ұстатуға дайын, әттең қолдың қысқасы-ай деп күйініп, пісіп жүретін жан еді. Ішінен күліп шабарман тұр. Ел арасында, маңайындағы мәнжубастар Анастасия Ивановнаны «қатын» деп кем-кетігін тектеп, тергеп кемсітетін. Ал жанында жақын жүргендер, қыр-сырына қанықтар «ханым» деп еркелететін. Бұл Цеденбал-Филатованың әбден еркінсіп, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, төрдегі төрелердің төбесінен жай түсіріп, екі аяғын бір етікке сұғып, ойнақтап тұрған кезі.
Тексеру әуелі кездесу өтетін үлкен залдан басталды. Зал іші жайнап тұр. Жылы аура. Жұпарлы иіс. Шабарман сахнаға қойылған алуан түсті гүлге оранған салтанатты үстелдің тұсынан өте бергенде қолы құрғыр әлгі көздің жауын алып жайқалып тұрған гүлдердің бірін сүйкеп өткені. Сылдыр етіп қураған жапырақ дыбысы шыққандай болды. Ол кілт тоқтады. Оқтай қадалды гүлге. Алақанын жайып гүлдің бетін сипады.
– Өй, өңкей маубас! Мыналарың қағаз ба? – деді. Жым-жырт, сүлкіндері түсіп төмен қарайды. Неше күн, күн-түнімен көз ілмей отырып суретші қыз-жігіттердің көз майын таусып жасаған туындысы.
– Масқара болдық қой. – Ол сұқ саусағымен көкті шұқып,– ғарышкерлер, бірінші хатун келе жатыр! Түсініп тұрсыңдар ма?! Ал сендер қағаз гүлмен қарсы алмақсыңдар?! Естерің дұрыс па? – Келеді деген күннен күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей қызыл жінік, ала шапқын болып жүгіріп дайындалғанда енді неміз ұнамай қалар екен деп бүгежектей бүлкектеп еріп жүргендерде тілдерін жұтып қойғандай үн жоқ.
– Қамыс!– деді ол қамтамасыз ету департаментінің басшысын шақырып. – Менің машинамды ал. Қайдан тапсаң онан тап, мына жерде таңертең тірі гүл тұратын болсын! Таңертең тоғыз дегенде, – деді ол үстелдің бетіне сұқ саусағын біздей шаншып,– мына жерде тірі гүл тұрмаса, теріңді тірідейін сыпырып аламын! – Қамыстың ақ сұр жүзі онан әрмен сұрланып кетті. Көз алдына баяғыда қурап қалған кесілген бас келіп, лаңшы, қазақтың терісін тірідей сойған ақ патшаның жандайшабы, жалмауыз Жалама есіне түсті.
– Табамын, тақсыр!
Қаныңды қандаладай сорар қысылтаяң шақта кімге телефон соғып, кімнің есігін қағып жүреді. Қашанда қысылғанда қол ұшын беруден қашпайтын ірге көрші, жалғыз сызықтың арғы жағында жатқан ағайын Бурят АССР-дың (Бурят Автономиялық Советтік Социалистік Республика) астанасы Улан-Удэ таяқ тастам жер, шекаралық шеф аймақ. Барыс-келіс мол, қарым-қатынас жақсы. Үш тал гүл тұрыпты қасқалдақтың қанын тауып бер десең жаны құрбан. Үш жүз елу шақырым, тізгін ұшымен он сағатта барып келеді. Мерседесті міне салып құстай ұшты дерсің. Кеденшілер тексермек түгіл машина қарасын көрген жерден кері қашты. Сарт-сұрт мөрді басып, жолды ашып бәйек.
Түн іші, әккі шофердің талай шиырлаған қиыры. Мөлшерлеген уақытта межелі жерге жақын қалғанда рациямен хабарласып отырды. Қалаға кірер тұста күре жолдың бойынан күтіпті. Арқа-жарқа қысқа амандасу. Ақ волганың багажнигін ашты. Аласа бойлы шелекке отырғызған, аса ұқыпты орап-шымқалған алты түп гүл. Ашып жайса ат шаптырып жерді алатын. Қамыстың көзі жайнап кетті. Баяғыдан таныс, орыс тілді бурят бауырын қолтықтай жетелеп келіп қара мерседестің багажнигінде жатқан әлемдік бренд, мол пішілген дархандық дубленкадан екіні, бір жәшік коньякты ұстатып қоштасты.
Тірі гүлдер төрді жайнатты. Кездесу күркіреген, дүркіреген күйде өтті. Кешкісін Дархан қаласының дарғысы (әкімі) атынан Аса жоғары мәртебелі қонақтардың құрметіне дәмдінің бәрі үйіп төгілген даладай дархан дастархан жайылды. Бәрі ойдағыдай секілді. Қалалық жабдықтау, қамтамасыз ету бөлімінің бастығы жетіп келді.
– Қамыс дарға?– деді. Қамеке немесе Қамыс басшы дегені. Түсі қашқан, түрінде қобалжу бар. Қамыс иек қақты. – Әлгі бұзауды қайтеміз? – дейді. Қамыс аң-таң, оның жүзіне үдірейіп қарады.
– Бұзауы несі?
Сөйтсе мәселе былай болыпты-е. Қамыс гүлдің соңынан кеткеннен кейін әлгі шабарман көзілдірігін мұрнының ұшына іліп алып, кешкі дастархан мәзіріне шұқшия қадалып, әрбір ас атауының астын тырнағымен сызып отырып сүзіп шыққан. Сүзіп шыққаны бар болсын, асау тайдай тулаған. Дастархан мәзірінде бүтіндей ысталып пісірілген, сүт иісі аңқыған, дәмі тілді үйірген жұп-жұмсақ жас бұзаудың еті жоқ.
– Торайдың еті болмай ма? – деп қалған сонда орын басар жігіт бағанағы Қамысша аузынан жаңылып. Сонда шабарман жәтіп кеп шабынсын.
– Сенің күткелі отырған аса мәртебелі, құдайы қонағың ұлы орыс ұлтының азаматы, ұлы орыс халқының қызы, бірінші ханым! Ал сонда сенің дастарханыңда ұлы орыс халқының ең сүйікті, ең құрметті, ең сүйкімді асы жас бұзаудың еті жоқ. Бұл не деген сұмдық!
– Мал жаңа төлдеп жатыр ғой, дарға. Көк жайлау емес, болды деген күннің өзінде көке жасық, семіз бұзауды қайдан табамыз! – деген бірбеткей орынбасар жігіт.
– Оттапсың, он миллион малды моңғолдың бір сиыры арамза тумады дейсің бе?
Түнімен төрт түстікке аттанып, таяу қашықтықтағы малшы-құсшы біткеннің түндігін түріп, қора-қопсысын тінтіледі. Сиыр бұзаулады деген сыбыс шыққан жердің бәрін адақтап шығады. Ауызданып үлгірмеген бұзауда немене жарыған ет болады, жылбысқа. Таң ағарып атқанда, өлдім-талдым дегенде Дархан қаласынан жиырма шақырым жердегі Қоңқыр ауылындағы Қалтыр деген қартың қотанында арда туып, уызға тойып, торсиып тойынған ала бұзау көңілді көншітсе керек. Мән-жайды толық түсінген Қамыс сұрайды.
– Сонымен бұзау қайда?
– Мұздатқышта.
– Тіс! – Ол сұқ саусағын тұмсығының астына тірей қойды. – Тісіңнен шығарма! Қайтарында қара мерседестің артына қан-сөлін ағызбай салып бер.
Достықтың Дархан қаласының жұлдызы жерге төнген аспанынан от шашу төгіліп, «дружба-найрамдал» деп дүркін-дүркін ұрандап думандатып жатқан ымыртта Қоңқырдағы Қалтыр қарттың ала сиыры исініп кетті. Иіскейтін тұлыбы да жоқ сүтті сиыр тәтті жемге де иімей, түні бойы тынымсыз азан-қазан аңырап елге ұйқы бермеді. Ала бұзаудың тағдырынан хабар алған қара кемпірлер көп жасасаң көпті көреді екенсің ғой деп күңкілдесті.
Түн қатып, түсі жайнап, қара мерседестің артқы орындығында алшая жатып, иықтағы алтын жұлдызшаларын әлсін-әлсін санап, ыңырана ән салып, ала бұзау бөктерген шабарман айлы түннің астында ағызып бара жатты.
13.02.20025.
Парақшамызға жазылыңыз