///////

Бақытбек Бәмішұлы: Мағауин мұтылмайды: Бүгін Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 85 жасқа толды

207 рет қаралды

Бүгін Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 85 жасқа толды. Алайда қазақтың Ұлы классик жазушысы осы мерекелі жасына бір ай жетпей өмірден озды, мұрагерлеріне мұхиттай мол мұра қалдырды.  Оның сол телегей теңіз рухани қазынасы қазақ барда, мекені барда ешқашан мұтылмайды, мәңгі жасайды.

Қазақ әдебиетінің классигі, орыны да қазақтың төрінде тұрар  Мұхтар Мағауиннің құрметіне, оның мәңгілік рухына бағыштап, туған күні,  85 жасқа толған мерейлі датаға орай біз Мінбер.кз сайтымызда Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын-жазушы, филология ғылымдарының кандидаты Бақытбек Бәмішұлының «Тірі көн-теріні қайтару арзуы» атты арзу-поэмасын тұңғыш рет жариялап отырмыз.

 

Тірі көн-теріні қайтару арзуы 

«Бітеу сойылған адамның тұлұбы Дамби-Жанцанның қоймасын  тұрғанын көзім көрді» А.В.Бурдуков,                                                                                                                    Ресейлік саудагер әрі моңғолтанушы ғалым.

«Өткен жылы (1912) Жалама қазақ жігітінің терісін тірідей сыпырғаны жайлы естісем де, сенбеген едім. Тұлып дәл қазір менің қолымда тұр»  Булатов, офицер

«Жалама қастерлеген тірі тұлұп – бақытсыз қазақтың тірідей сыпырылған терісі – Жаламаның қадамын қырыққан капитан Булатовтың қолына түскен еді. Ол Иркутскіде, чехословак легионының әпесері Вацлав Копецкийге сыйға тартады. Копецкийдің әлде немересі, әлде шөбересі біздің тұлұпты Чех республикасының  астанасы Прага тұрған Ұлттық музейге табыс еткен. Тап-таза бүлінбеген, әсем, әдемі қалпында»  Мұхтар Мағауин,Қазақситан Халық жазушысы  

«Жалама айдаған» оқиғасы дегенміз – сол ұстағы Ресей – Қытай – Моңғол мемлекеттері арасындағы саяси тартыстың бір көрінісі. Ал қазақтар болса үлкен саясаттың қарапайым құрбаны ғана.

Бекен Қайратұлы, ақын, этнограф

Алтайдың-1 теріскейі Қобда-2 мекен,

Алыс та, емес күдір жол да бөтен.

Шет жайлап, қонған қиыр қайран елдің,

Тізгіні тағдырының зорда ме екен?

Алтайға бұрын түсер өрт түсті күн.

Артышты-3 аты шулы танымас кім?

Арысы әлімсақтан арда қазақ,

Алтайдың мекен еткен төрт түстігін.

Алаштың зарға толы бұрынғы әні.

Арқауы аруақты қызыл қаны.

Егіліп Ертіс жылап, Қобда жоқтап,

Көңілім алай-дүлей бұзылғаны.

Жақсыға жараспайды еңкіштігім.

Жақсыны жатырқамау ең күшті ілім.

Анамның ақ сүтіндей нәрін берген,

Қобданы, еңіретті Ертісті кім?

Үйренген отарлаушы көр, ін қазып,

Отырды бір белесте белін жазып.

Бұл күнде ұмыт болып бара жатқан,

Көзіме бір ақиқат көрінді анық.

Ақиқат Ақынбектің-4 өлім еді.

Көз жасы Өріктінің-5 көлі еді.

Ойласам қазағымның сор тағдырын,

Көңілім зарлы мұңға көміледі.

Ақиқат Ақынбектің өлгені рас.

Өлгенін қалмақ, қазақ көргені рас.

Терісін сылып алып тірідейін,

Қан жоса қызыл етін көмгені рас!

Алтайдың арлы ұлына тасы да арман.

Алқасын бір көруге асығар жан.

Айқасқан Алтай үшін Ақынбектің,

Ажырап терісінен басы қалған.

Асқынған мәнжі-моңғол-6 төбелесі,

Тілеген бостандықты төбел есі.

Келді деп тарады өсек, Құтқарушы

Әмірдің-7 қайта туған шөбересі.

Құлқыны құмарлыққа байланғансын,

Құмары құныққанның қайдан қансын.

Ұлысын Жоңғария құрмақ болған

жансызы Ақ патшаның Дамбижансан-8.

Ол жендет, орын таппас қашаған-ды.

Құпия алған міндет аса мәнді.

Жамылған дініи атақ Да ламаны,

Қазақтар Жалама деп атағанды.

Тегі оның Астрахан-9 қалмағынан.

Адамдық алыс кеткен ар, бағынан,

Қайырлы халқына іс жасамаған,

Патшаның құтылмаған қармағынан.

Айдаған қазақтарды жетегімен

айырып ата қоныс, мекенінен.

Зорлыққа қарсы тұрған Ер Ақынбек,

Айқасқан Ақ патшаның есерімен.

Баяны батырлығы дастан түлек.

Дұшпанның менмен мысын басқан жүрек!

Қоныстан қозғалмаған тастай мүсін,

Алтайдың Ақ шыңыдай аспан тіреп!

Сол күннен жеткен зарлы ғазал аман.

Таптырмай маған тыныш мазалаған.

Калбистің-10 заманы емес, өткен ғасыр,

Өркенге жеткен сайын аза ма адам?

Қазақтың жөнсіз көші алқам-салқа.

Жүрмейді кежегесі кейін тарта.

Бұл жайлы куәгерлер былай дейді:

«Әуелі қан шығарып атты қалқа»-11

Жалама, Масайт, Қосайт-12 жауыз адам,

Қазақты қойдай қырған нағыз надан.

Көш тонап, ырғын жасап, атып-шауып,

«Боздақты жерге жастап бауыздаған».

Дүние астаң-кестең тынысы ойран,

Сенбейміз дегендерге дін ісі ойдан.

Жамылған жалған атақ Дамбижанцан,

Азаптап Ақынбекті тірі сойған.

Қырғидай тиген елге құрып жасақ,

«Татымас көк тиын,- деп,- құның хасаг13».

Қоясын түсіріпті көнбегеннің,

Көнінен-14Ақынбектің тұлып жасап.

Сол сұмдық бүгінгіге мәлім бе еді?

Заманның мұтылды ма зәлімдері?

Жалама жалдамасы улы жылан

ұстатқан далдадағы тәлімгері.

Заманның жауабы жоқ сұрағы көп.

Өткеннен не біледі құрағы көк?

Ойласам Ақынбектің қасыретін,

көз жасым көкірегімді жырады кеп.

Ой кездім тарихтан шындық іздеп,

Қайсысы ақиқат жол, шиыр із көп.

Көксерке-15 күңіренді көз алдымда,

Шегіртай ширығады шымыр күз кеп.

Жапанда Жалғызағаш сұңқылдайды.

Жаһанға жеткізсем деп сұмдық жайды.

Ботадай Бұлғын боздап жөнелгенде,

Жамылды Тұлба тынып, құрлық қайғы.

Ашпайтын Уақыт – кілт болмас құлып.

Мәңгілік хан да отырмас малдас құрып.

Бұл күнде төрінде тұр Праганың-16,

Ақынбек Ел иесі қандас тұлып.

Бар кінә Жаламаға жабылған-ды.

Шалады құрбандыққа жағынған-ды.

Питерде-17 басын кесіп сақтап қойды,

Аяқта допша ойнатқан жарымжанды.

Ақынбек Праганың төрінде тұр.

Таңырқап таңдай қағар көрінген құр.

Қазақ-ау, бұдан артық қорлық бар ма,

Дегендей маған десе көріңде өкір!

Не дейсің бұған Абақ Алаш-Ана-ау?

Қарт тарих – қадымнан хат Қара шал-ау?

Жатады қай әдепке аң-құс емес,

Қазақты сойып, көнін тамашалау?

Атойлап Ұран тастап, айғай салып,

Ақ туды алтын шашақ қолыма алып,

Ақырып: «Мұның не?!»,– деп айта алмай,

Атамның көнін көріп тұрмын налып.

Терісін керіп қойып керегеге,

«Атаңның көні осы,– деп» немереме,

Айтуға бармас дәтім, оны көрген,

Жырынсыз ұрпақ өсіп, көгере ме?

Келдіме, кемеліне кешегі арман?

Кешегі сұм тарих көшеді алдан.

Смағұл, Хасен, Досан-18… көнді көріп,

Бір боқтап Жаламаны кете барған.

Зар мұңға, ызың-шуға құлақ тұнған.

Жанады қырық сәби-19 – шырақ қырдан.

Алдында керген тұлып Мағауин-20де,

Ой басып, ол күрсініп ұзақ тұрған…

Музейге қойған балық, бақасын да.

Қан кешкен қас жүйріктің шашасын да.

Ізгілік, адамдық саф қасиеттер

қалған ба өркениет тасасында?

Бұл қайғы көптен бері жүр есімде,

Ар, ұждан тасталған ба күресінге?!

Мейірім, моральға жат, сақтаса да,

Куәсі жауыздықтың ретінде.

Болады көркем мінез, көсемде айбат.

Тісімді өтем мәңгі бекем қайрап.

Ешкім де елемеді Ақынбекті,

Жар салып, жыласа да Бекен Қайрат-21!

Ар қайда, қазағым-ау, намыс қайда?

Шырқырап ұлтың үшін жан ұшпай ма?!

Барасың ана өмірге не бетіңмен,

Адамдар ақыретте табыспай ма?

Табақтап мәз боламыз жілік қойып.

Бір нәрсе жүрміз бе екен біліп тойып?!

Күледі Әлем бізге артын ашып,

Көрме етіп Көнімізді іліп қойып.

Атадан қалған асыл мұра қайда?

Қанша жыл Ақынбек тұр мұражайда.

Өтерде қыл көпірден шырқырап кеп,

Ақынбек көн-терісін сұрамай ма?!

Білмейміз бір Алланың қанша амалы,

Ақынбек десем ойдан қан тамады.

Бір шындық бар екені ол – ақиқат,

Аруақ алдымыздан қарсы алады.

Басыңа бақ жұлдызы төңкерілсін.

Айналаң алтынменен көмкерілсін…

Қойыпты мұра жайға бізден басқа

Қай ұлттың атасының көн-терісін.

Болғанда тақыр кедей, табыссыз көп,

Кетеме құлқынға еріп намыссыз көп.

Атаның құнын жоқтай алмайтындай,

Жаралдық неге біздер намысыз боп!

Қашанда жауар бұлттай жат қабағы.

Қайғымнан қара тастан жас тамады.

Былқ етпес жұрт болдық па арланбайтын,

Басыңа былғап кетіп жатсадағы.

Басымнан өткен талай ызытты мұң.

Ақынбек десем маңым жым-жырт бүгін.

Өзгенің тәлкегіне өзек болды-ау,

Мінезсіз, иіс алмас, ынжықтығым.

Бұл мүмкін Ер Ақынбек емес шығар?!

Ол – анық екендігі Қазақ-шынар!

Көргенде көн-теріні ет бауырым,

езіліп кетпей аман қалай шыдар?!

Ағынға ажырғыдай құлдық тығын.

Жасаған империя қылғұртығын.

Паш етіп,

Ар, намысым төрге озып,

Отаным, айыға ма күңгірт күнім?

Жанымды етер пида шалып құрбан,

Қазығым – Арым – жұлдыз жанып тұрған.

Өр Рух, күш-қайратым қайда деймін,

Іздеуде әділетті жалықтырман.

Басымнан бодан бұлты айықпады,

Қамалып құл санаға ой ықтады.

Қарғымды шеше алмадым келер ұрпақ,

Тағасың қандай күнә, айып тағы?!

Сәбилік санам өсіп ержетпеді.

Кесірлі мойынсалға нем кетпеді.

Намысым бұқпантайлап, Байқалады:

Әр істен бодандықтың меңдеткені.

Көгершін көңіл күпті, байтақ алып.

Датым бұл, Президентке айтар анық!

Арысым, Ақынбегім, тыр жалаңаш…

Есесін жібере ме қайсар халық!

Ақпан айы. Алматы. 2023 жыл.

Ескертулер:

  1. Алтай – Алтай тауы.
  2. Қобда – Алтай тауының сол түстік шығысы.
  3. Артыш – Ертіс өзенінің ежелгі атауы.
  4. Ақынбек (1878-1912жж) – манжы-қытай билігі тұсында «зәңгі» шенді ел басқарған, қарақас рулы Ақынбек Тоққұлы. Ақынбектен Құсайын (1908-1938жж), одан Бәкей, Қабан, Ауқай. Бәкеден Тілеуқабыл, Сұрауқабыл. Айқайдың да ұрпақтары бар. Қабаннан Зейнелхан, Еділ, Бағдат, Байқабыл, Байыт.
  5. Өрікті – Батыс Моңғолиядағы көл.
  6. Мәнжі – сол замандағы қытай билеушілері.
  7. Әмір – Әмірсана – ХVIII ғасырдағы Жоңғария әміршісі.
  8. Дамбижансан – Жалама – Да лама бір кісінің есімдері. Инесса Ломакина: «Жаламаны революциядан бұрын «Моңғолияның батысын қытайлардан құтқарып, Ойрат хандығын орнат» деп орыстар жұмсаған. (Инесса Ломакина. Жа-ламаын толгой. Ұланбатыр. 2005 ж. 66-б).
  9. Астрахан – Ресей қаласы.
  10. Кабис – Парсының Ахеменидтер патшалығының патшасы. Кирдің ұлы б.э.д. 559-522 жылдары өмір сүрген. Геродот жазбасында жеменқор, әділетсіз судьяның терісін сойып жазалаған.
  11. «Әуелі қан шығарып атты қалқа», «Боздақта жерге жастап бауыздаған» өлең жолдары – халық ақыны Нәжікеш Таңқайұлының (1885-1953) «Ел айдалған» дастаныннан алынды.
  12. Масайт, Қосайт – моңғолдар лауазымды адамдардың есімінің алғашқы буынына шенін қосып атайтын дәстүр бар. Ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы

«Масайт – Ма сайд, ал Қосайт – Хо сайд деген атаудың қазақшасы болуы керек. Магсар Хурц-ны моңғолдар «Ма сайд» деп құрметтейтін. Ал Хо сайд дегеніміз «Ховдын сайд» атауы болуы мүмкін» дейді.

  1. Хасаг – мұңғұл тілінде қазақты «хасаг» дейді.
  2. Көн – адамның терісі.
  3. Көксерке, Шегіртай, Тұлба, Жалғыз ағаш, Бұлғын – жер-су атаулары.
  4. Прага – Чехия астанасы.
  5. Питер – Санкт-Перербург, Ресей қаласы.
  6. Смағұл, Хасен, Досан… — қазақтың белгілі азаматтары.
  7. Қырық сәби – бір деректе 0-7 жасар 13 сәби дейді. Айдауға ере алмаған сәбилерді туырлыққа орап айдалға тастап кеткен.
  8. Мағауин – қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин.
  9. Бекен Қайрат – ақын, пулицист, этнография зерттеушісі.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар