«Қаржылық сауат» атты телеграм арнасының авторы Нұрболат Туысбайұлымен жүргізілген бұл сұқбатта қаржы сауаттылығының қоғамда алатын рөлі, оның қажеттігі мен қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайдағы маңызы жан-жақты талқыланды.
ХАЛЫҚТЫҢ КӨПШІЛІГІНДЕ ӘЛІ ҚАРЖЫ ТУРАЛЫ САУАТ ЖОҚ
Автор қаржы сауатының қалыптасу тарихына шолу жасап, еліміздің 90-жылдардан бері несие мәселелерімен бетпе-бет келген халықтың қателіктерін қалай қайталап келе жатқанын, несиелік және қаржы сауаты бойынща қателіктердің себеп-салдарын саралады. Сұқбатта қаржылық шешімдердегі жауапкершілік, нарықтық саясаттағы орталық банктің рөлі мен халықтың қаржы құралдарын дұрыс пайдалану жолдары да қарастырылды. Кез келген қаржы мәселесіне келгенде шешімді ойланып қабылдау, жеке кіріс-шығыс есебін жүргізу және қаржылық мәдениетті қалыптастыру туралы ұсыныстар айтылып, алаяқтықтан сақтанудың қарапайым қағидаларының маңызына тоқталдық. Қаржы сауаттылығы тек жеке өмірге емес, қоғам мен мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына тигізер пайдасы зор екеніне көз жеткіздік.
– Жалпақ тілмен айтқанда, қаржы сауаты не үшін керек?
– Байқасаңыз, «қаржылық сауат» мәселесі беріректе пайда болған құбылыс. Мұндайда мен қоғамда қалыптасқан жағдайды үнемі іштей таразылап, оқиғалар желісін салтыстырып жүремін.
Мысалы, біз 90-жылдардың соңында студент атанған буынбыз. Студент болдың деген сөз – өстің, жетілдің, Қазақстан Республикасының азаматысың, тұлғасың. Айтар ойың бар, үлкен өмірге аяқ бастың, өмірлік көзқарасың қалыптаса бастады деген сөз.
Сол кездерде біздің қоғамда «қаржылық сауат» мәселесі туралы түсінік болмаған еді. Интернет болмаса да, біз апталық басылымдарды оқып, теледидар қарадық. Сонда не айтылушы еді? «Жетім бұрыш» деп баспанасыз жүрген қазақтың мәселесі үзбей жазылса да, ол кезде «қалай үйлі болуға болады», «қандай ипотекалық бағдарламалар бар», «ақшаны қалай үнемдеп жинау керек», «алғашқы жарна», «несие» секілді мәселелер жазылмайтын. Өйткені ол заманда жағдай мүлде басқаша болды.
Қазақ даласына «несиелік бум» 2000 жылдардың ортасында келе бастады. Әрбір аялдамада жарнамасы менмұндалап, несие аламын деген адамға банктер қарызды оп-оңай ұстатып жіберіп жатты. Бұрын ондайды көрмеген халық ол ақшаларды тегін алып жатқандай әсерде болды. Бір мәнісі болар деді. Несиенің пайызы болатынын, несие алушы банктен алған ақшасын бірнеше есе қайтарып беретінін, қайтара алмаса – мүлкінен айырылатынын, коллекторлармен алысатынын, соттасатынын, түбінде банк пен қарыз өндіруші компаниялардан қашатынын, несие тарихының бұзылатынын, кейін қайтып несие ала алмайтынын білген жоқ. Неліктен? Өйткені ол туралы халықты ешкім ақпараттандырған жоқ. Банктер тек өз пайдасын ойлады.
Қаржы сауаты төмен (тіпті, жоқ) қарапайым елге мемлекет болсын, қаржы ұйымдары болсын, ақшаны несиеге қарша боратпай, алдымен тұтынушы тарапты дайындап алуы керек пе еді? Әрине, ол кезде қазіргідей интернет, әлеуметтік желі деген жоқ. Қаржы мәдениеті қалыптаспаған жұрт «не болса да, елмен бірге көреміз» деген принциппен несиені оңды-солды алып, қарызға белшеден батты. Ақшаны бейберекет алып, өзінің табысымен (кіріс-шығысымен) санаспай, алды-артына қараған жоқ. Арты не болғанын өзіңіз білесіз. Тіпті, осы күнге дейін жағдайдың осылай жалғасып келгенін кімнен жасырамыз?
Жұрт несиенің не екенін, пайызы қалай есептелетінін, банктердің қалай жұмыс істейтінін, қарыз қайтпаса арты не болатынын енді-енді түсініп келе жатыр. Өйткені «аузымыз күйіп» болды. Өмірдің халықты осыған дайындады. Бірақ жағдайды, қаржы мәдениетін жетік біледі деп айтуға әлі де ерте. Біз әлі банктердің «бөліп төлеу» (рассрочка) туралы жарнамаларына елтіп кетеміз. Көрпемізге қарай көсілгіміз келмейді, жұрт қатарлы соңғы модельді смартфондарды ұстағымыз кеп тұрады, тез байып кеткіміз келеді, сол үшін банктен несие алып, ол ақшаны қаржы пирамидасына салып жіберуден де тайынбаймыз. Жанымызға батса да айтуға мәжбүрміз – иә, өкінішке қарай, біздің қаржы мәдениетімізде осындай осал тұстар жетерлік.
Күнделікті жаңалық оқып, ақпарат құралдарын бақылап отыратыным бар. Халықтың қаржылық сауатын көтеруге бағытталған ақпарат көздерінің «жоқтың қасы» екеніне көз жеткен соң, былтыр телеграмм әлеуметтік желісінде «Қаржылық сауат» телеграм-арнасын аштым. Қолдан жазу келеді, журналист ретінде де түрлі сарапшымен сөйлесуге мүмкіндік бар. Неге қаржыгерлерді сөзге тарта отырып, жұрттың сауатын көтермеске деген ой келді. Оқырман орнығып келеді. Қазіргідей заманда қаржылай сауатты болу керек екенін, онсыз қиын болатынын көпшіліктің түсінгенін байқаймын. Сол бағыттағы жұмысымды жалғастыра беремін.
БАНК ӨЗ ПАЙДАСЫН КӨРМЕЙ, НЕСИЕ БЕРМЕЙДІ
– Қазіргі таңда еліміздің тұрғындары тұтынушылық несие, кепілді несие, микронесиелік ұйымдар мен ломбардтарға жиі жүгінетіні белгілі. Әр адам қаржы тұрғысынан сауатты болуы үшін қандай шешімдерді қабылдауы керек?
– Халықтың жаппай несиеге жүгінуі – сауатсыздық белгісі деп кесіп айтпас едім. Неге? Өйткені жұрт оған шарасыздықтан, қандай да бір ісіне, шаруасына, алғысы келетін үйіне, оқуына, еміне ақша іздеп барады. Сондықтан, біржақты қараудан аулақпын.
Бірақ несиені ойланбай, үй-ішімен, жұбайымен, ата-анасымен ақылдаспай алатын кісілердің бар екенін білемін. Өйткені мен де осы қоғамда өмір сүріп жатқан адаммын. Түрлі оқиғаларды көзбен көріп, құлақпен естіп жүрмін.
Мысалы, жоғарыда айтқанымдай, ешкімнен қалғым келмейді, мен де соңғы модельді смартфон ұстағым келеді. Шешімі не? Несие. Оны банктің «бөліп төлеу» құралы арқылы алдық дерміз, бірақ сөреге шығарылатын кезде ол тауардың құнына құн қосылатынын ескермейміз, бәлкім, білмейміз. «Рассрочкаға алдым, үстінен пайыз жүрмейді, банкке артық төлемеймін» деген түсінікпен өзімізді алдаймыз. Негізінде, төлейміз. Өйткені банк өз пайдасын тауар сатуға шығарылғанға дейін қосып қойған.
Еңбексіз «пайдаға» әуестігіміз бар. 1 000 теңге салып, оны 10 000 теңге қылып қайтарып алатын жолдарды іздеп жүреміз. Ондай адамға алаяқтар да кезіккіш келеді. Сөйтіп «құрбанын» пирамидаға тартады. Қолында сала қоятын ақшасы болмаса да, шешімін несие алудан іздейді. Микроқаржы ұйымдарын жағалайды, займ алады.
Түрлі құмар ойындарға әуес азаматтар да бар. Олар да көп жағдайда шешімді микроқаржы ұйымдарынан іздейді. Олар қарызды оңай бере беретіндіктен, сол маңайды жағалап жүреді. Ортамызда бір ұйымнан алған қарызын екінші ұйымнан алып, несиені несиемен өтегісі келетін қаншама адам жүр. Бірақ олардың көбісі ол несиелердің пайызына бас қатыра бермейді. Алуы оңай болған дүниенің қайтуы қаншалықты қиын болатынын саралағысы келмейді де. Жанталасқан жұрт. Артық ойлануға, сыни талдау жасауға ешкімде уақыт жоқ, көздеп келген ақшасын алса болғаны. Қайтару – ертеңгі күннің шаруасы. Оны бүгін, қазір ойлауға мұрша жоқ. Бір реті болар дейміз де қоямыз. Міне, осының бәрі сауатсыздыққа келіп тіреледі. Өз бюджетіңе, қаржылық әлеуетіңе, іс-әрекетіңе, шешіміңе жауапсыздық.
Түбінде салдарын тартатын өзі. Содан кейін кім зұлым – банк зұлым, не жаман –несие жаман. Ешкім ешкімді банкке немесе қаржы ұйымына қол-аяғын байлап алып бармайды. Несие алуды көздеп келген азамат банк табалдырығын аттады ма – алған қарзына жауапты екенін ұғынуы керек. Оның өз атына алған несиесін банк те, мемлекет те жауып беруге міндетті емес.
«Несиені алмау керек» деген түсінік жоқ. Шаруаға керек болса ал, бірақ өзіңнің қаржылық әлеуетіңді ойлап ал, өз-өзіңе есеп бер, қаржы ұйымының шартымен таныс, пайызын есепте. Шамаң келе ме? Сол үстіне қосылған пайыз, ақырғы артық төлем көздеп тұрған шаруаңа несие алуға тұра ма, жоқ па? Осының бәрін асықпай екшеп, ойланып, есептеп алғанның артықтығы жоқ. Өйткені қарызбен қалатын – сіз. Алды-артыңызды ойлап алмай, өзіңізге «ор» қазбаңыз.
БАЗАЛЫҚ СТАВКАНЫҢ КӨТЕРІЛГЕНІ – НЕСИЕ ҚЫМБАТТАДЫ ДЕГЕН СӨЗ
– Қаржы тұрғысынан сауатты болу мен биліктің жүргізетін саясатының (азық-түлік өнімінің қымбат болуы, жалдамалы пәтер бағасының өсуі) арасында өзара байланыс бар ма? Сыртқы факторларға тәуелді болмай, дербес қаржы сауаты жоғары адамның күнделікті әдеттері қандай? Ай сайынғы кіріс-шығыстың есебін беру қаншалықты маңызды?
– Сіз айтып отырған билік саясаты – елдің ақша-несие саясаты туралы болар. Бізде ол саясатты Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық банк – Қазақстанда қаржы нарығын реттейтін бірінші деңгейлі орталық банк. Реттеуші деп те айтатынымыз сол.
Реттеуші ақша-несие саясатын жүргізу арқылы қаржы нарығын бақылайды. Сол арқылы елде қымбатшылықпен күреседі. Қалай? Орталық банктің басты құралы – базалық ставка. Ол нарықтағы ақша құнын көрсететін әрі реттейтін құрал.
Ақша құнын реттеу деген не? Оған жауап беру үшін мына сұрақты қояйын: біз қымбатшылықты қай кезде қатты сездік? Есіңізде ме? Иә, Covid-2019 кезінде еді. Пандемия түгел жер шарын жалындай шарпыған кезде күллі әлемде алыс-беріс пен қатынас тоқтап қалды. Логистика шектеліп, жердегі, әуедегі, тіпті судағы техника да түгел тоқтады. Бір-бірімен тауар алмасатын елдерде байланыс үзілді. Ал, халық – тіршілік иесі. Ол үздіксіз тұтынатын қауым. Халықтың ауызы бар ғой, әр ауызға – азық керек, су керек, емге – дәрі керек.
Импортқа тәуелді елдер осы кезде халық тарапынан туындайтын сұранысқа жауап бере алмай жатады. Өйткені, өзі ештеңе өндірмейтін болғандықтан, бәрін сырттан тасып әкеліп отырғандықтан, беретін ештеңесі жоқ. Сөйтіп нарықта артық сұраныс пайда болады. Ал, жоқ заттың, тапшы дүниенің құны өсе бастайды. Қымбатшылық осылай келеді. Бізге де солай келді. Пандемиядан кейін елде қымбатшылық күшейіп, инфляция деңгейі 20%-дан асып кеткен кездер болды. Біз сияқты дамушы елдердің бәрі осы жағдайды бастан кешті.
Қымбатшылық кезінде халық көп ақша жұмсауға мәжбүр болады. Бар табысын ас-суына, тұтынатын қызметіне жұмсайды. Жетпегенін банктен несие түрінде алады. Сөйтіп нарықта қаржы айналымы артады, экономика тым қатты «қызып» кеткен кезде ақша құны да кете бастайтыны бар. Осы кезде әр елдің орталық банкі – бізде ол – Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатына көшіп, базалық ставканы көтеру арқылы айналымдағы құны кетіп бара жатқан ақша көлемінің азаюына күш салады. Ақшаның құнын реттеу деген сол.
Базалық ставканың көтерілгені –несие қымбаттады деген сөз. Бұл – нарыққа берілген дабыл. Сондықтан оған қарапайым адамдардың мән бере жүргені абзал. Өйткені сол базалық ставканың деңгейіне қарап екінші деңгейлі банктер, сіз бен бізге, несие мен депозиттердің пайызын белгілейді. Яғни, базалық ставканың деңгейі жоғары болған сайын несиелердің де пайызы жоғары болады деген сөз.
Мысалы, қазір бізде базалық ставканың деңгейі – 14,25%. Демек, банктер нарықта бұдан төмен несие бермейді деген сөз. Есесіне, депозиттердің пайызы жоғары болады. Бұл, әлбетте, салымшы үшін жағымды құбылыс. Депозитке салған ақшаң инфляциямен күйіп кетпейді, үстінен көретін пайдаң молырақ болады деген сөз. Осы құбылыстарды ажырата білсек – ұтылмаймыз. Егер біз базалық ставканың не екенін, Ұлттық банк белгілеген оның деңгейін біліп жүрсек, қай кезде несие алып, қай кезде депозитке ақша салуды ажырата алатын деңгейге жетеміз.
Қаржылық сауаты мен білімі бар адам ондай жағдайда қымбат несиеге ұрынбайды, қолында бар артық ақшасын текке жұмсамайды, керісінше, жинақтауға көшеді. Күнделікті кіріс-шығысын қағазға түсіріп, артық шығынға итермелейтін қимыл-қозғалысты (қыдырысты, шопингті, қоғамдық орында тамақтануды) тыюға әрекет қылады. Осы (базалық ставка көтерілген) кезде ақшаңызды депозитке салып қоятын болсаңыз, банктің жоғары пайыздық сыйақысы сіздің қаржыңызды инфляциядан қорғап қалады. Осыны ескерген жөн.
ЕШБІР БАНК, ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАН СІЗДІҢ БАНКТІК ШОТЫҢЫЗҒА ҚАТЫСТЫ ҚОҢЫРАУ ШАЛМАЙДЫ
– Клиентінен кез келген мөлшердегі қаражатты заңсыз жолмен иемденгісі келетін алаяқтардың (интернет арқылы, қоңырау арқылы байланысатын) қандай түрлері бар? Олардан қорғанудың жолдары қандай?
– Интернет-алаяқтықтың түрі көп, өте көп. Таяқтың екі ұшы бардай, бізді жиі қуантып жүрген озық технологияның зиянды тұстары да бар. Адамзаттың игілігіне жарап жүрген смартфон – айнымас досымызға айналды. Күндіз де, түнде де қасымызда, қолымызда. Онсыз жүріп-тұра алмайтын, күн көре алмайтын халге жеттік. Ал егер сол «досымызды» дұрыс қолдана алмасақ, ол бір мезетте біздің жауымызға айналып шыға келеді. Өйткені интернетке жалғанған смартфон экранының арғы жағында сіз бен біздің ақшамызды «қалай қағып алсақ екен» деп алақан ысқылап отырған алаяқ көп.
Сондықтан бұл жерде бәріміз үшін – цифрлық гигиена маңызды. Оны президенттің өзі де соңғы Жолдауында ашық айтты. Яғни, соңғы модельді смартфон ұстап жүргенімізге мәз болмай, интернет (мессенджерлер: WhatsApp/Telegram/Facebook/Instagram) арқылы келген кез келген сілтемеге өтуден сақ болуымыз керек, қоңырау шалған бейтаныс адамға телефонымызға келген кодты бермеген дұрыс. Содан кейін тағы бір ескеретін нәрсе – ешбір банк, құзырлы орган сіздің банктік шотыңызға қатысты мәселемен қоңырау шалмайды. Сол ұйымдардың қызметкері болып телефон шалған адамның бәрі – алаяқ. Олар сол арқылы адамдардың сеніміне кіргісі келіп тұрады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін телефонның арғы жағындағы бейтаныс адамға сеніп, айтқанын істеп қойып жатқан кісі қарасы көп. Осы қарапайым ережелерді есте ұстаған адам ұтылмайды.
Сосын қазір «дропперлік» қызмет ұсынатын алаяқтар бар. Дроппер деп алаяқ пен оның құрбаны арасындағы делдал адамды айтады. Саған жақсы табысқа дроппер болуды ұсынатын алаяққа сіздің банктік картаңыз болса жеткілікті. Ондай қызметті алаяқтар саған интернет арқылы ұсынуы мүмкін. Ешқандай еңбек өтілің талап етілмейді, құжат жинап сандалмайсыз, істейтін жұмысыңыз қашықтан да орындала береді. Рақат! Осындай жеңіл ұсыныспен-ақ алаяқтар табыс көзін ұсынып, адамдарды дропперлік қызметке оңай тартып ала алады.
Дропперлік қызмет деген не? Алдын ала келісім бойынша, алаяқ сіздің шотыңызға белгілі бір соманы аударады, сол ақшаны банкомат арқылы шешіп беруіңіз керек. Сол үшін соманың белгілі бір процентін аласың. Былай қарасаң, өте оңай әрі табысты жұмыс. Бірақ оған келісіміңізді беріп, алаяқтың айтқанын орындайтын болсаңыз, онда сіз дроппер ретінде қылмыстық жауапқа тартылуыңыз мүмкін. Өйткені басқа біреуден ұрлап алған немесе біреудің атынан несиені заңсыз рәсімдеп алған ақшаны алаяқ сіздің шотыңыз арқылы айналдырып алды деген сөз. Яғни, банктік шотыңда цифрлық із қалды. Сіз аяқ асты пайда болған оңай табысқа малданып, алаяққа көмектестіңіз деген сөз. Бұл – заңсыз табыс, заңға қайшы әрекет.
Оның екінші жолы да бар. Ол кезде біз, өкінішке қарай, дроппер болғанымызды білмей қалуымыз мүмкін. Мысалы, картамызға бейтаныс біреуден ақша түседі. Содан кейін қателесіп жібергенін айтып, қоңырау шалады. Қайтарып беруімізді сұрайды да, басқа шот ұсынады. Біз әдепті, біреудің ақысын жемейтін адам ретінде аңғалдық танытып, айтқан нөміріне (шотына) аударып жібереміз. Алаяқ сол біздің шотыңыз арқылы алаяқ ақшаны айналдырып алады. Сөйтіп банктік онлайн-операция кезінде біздің «ізіміз» қалды. Демек, біз – дроппер болдық, заңды бұздық. Өте сақ болатын жағдай. Мұндайда, яғни картаңызға күтпеген адамнан ақша түскен жағдайда, оны бірден қайтаруға асықпай, өз банкіңіздің call-орталығына хабарлаған дұрыс. Ондағы мамандар нақты не істеу керегін айтып береді.
Сондықтан жақындарыңызға, әсіресе, студент балаларыңызға осындай «табыстан» аулақ жүруге кеңес бере жүріңіз.
КЕЛЕШЕГІНЕ СТРАТЕГИЯ ҚҰРА БІЛГЕН ЖАНҒА БИРЖА ДА ЖАҚСЫ ТАБЫС АЛАҢЫ БОЛА АЛАТЫНЫН ТҮСІНГЕН ЖӨН
– Сіз жүргізетін «Қаржылық сауат» телеграм-каналында «Биржада 16 жастан бастап инвестиция жасауға болады» деген ақпаратты оқыдық. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші, жастарға азық болсын.
– Ол маған сұқбат берген «Астана» халықаралық қаржы орталығы өкілінің сөзі болатын. Мен де өз каналымда көпшілікке биржа туралы ақпарат ұсынғым келіп, сіз секілді сала маманын сөзге тартқанмын. Мақсатым – қарапайым адамдарға биржа мәдениетін сіңіру. Менің міндетім – сала мамандарын сөйлете отырып, ақпарат беру. Ал шешім қабылдау – әр кезде оқырманның өз еншісінде қалады.
Биржа – біз үшін әлі жұмбақ әлем. Оны бұрын тек кинодан көретінбіз. Қаптаған адам, зал толы қызылды-жасылды экран, базар секілді у-шу. Расында да биржа – базар екен. Компаниялар құнды қағазын акция түрінде сатуға шығарады. Оны сатып алған адам, яғни инвестор сол компанияның бір үлесіне иелік етеді де, нарықта сол компанияның тауарына, қызметіне сұраныс артып, ісі, бизнесі өрлеген кезде инвестор да пайда көреді.
Бізден жүздеген жылдар алға дамып кеткен өркениетті елдерде жұрт биржаны бала жастан игереді екен. Қазіргі долларлық миллиардерлердің өмір жолын оқып отырсаң, көбі акция сатып алуды бала кезден игергеніне көзің жетеді. Ал біз бала түгілі өзіміз түсіне бермейміз. Түсінбегесін, сауатымыз жетпегесін жақындай қоймаймыз. Бірақ, олай жүре беруге тағы болмайды. Сол үшін биржа туралы ақпараттарды жиі жариялап тұруға ұмтылатыным рас.
Біз биржа әліппесін енді ашып, танысып жатырмыз. Брокердің кім екенін, акция мен облигацияның не екенін енді біліп жатырмыз. Уақыт керек. Екінші деңгейлі банктер де өз қосымшаларында акция сатып алуға, инвестиция жасауға мүмкіндік жасап қойды. Тілін білсең, мақсатыңды айқындап алсаң, басқара бересің.
Нарыққа өз акцияларын шығарған отандық компаниялар да бар. Бәрін зерделеп, талдап, оқи беру керек. Түсінген адамға, өзінің келешегіне стратегия құра білген жанға биржа да жақсы табыс алаңы бола алатынын түсініп келем. Бірақ өзім үшін әлі зерттей түсетін сала.
ТАБЫСТЫ АДАМ (МИЛЛИОНЕР) НЕСИЕНІ ТАБЫСЫН ЕСЕЛЕУ ҮШІН, КЕДЕЙ АДАМ БІР САҢЫЛАУЫН ЖАБУ ҮШІН АЛАДЫ
– Мәселен, бұрында халқымыздың тойында бір құндылық бар еді. Ал қазір той көбіне көп «елден ұят болмасын», «тойы дүркіреп өтті деп айтып жүрсін» деген бос кеуде, мақтаншылыққа құрылатынын да көреміз. Ысырапқа негізделген және миллиондаған несиеге жасалған тойдың өткенінен өтпегені артық қой. Бұл туралы ойыңыз қандай?
– Бәріміз де бала өсіріп отырмыз, алдымызда үлкендер бар, «тойды тоқтату керек» деп біржақты пікір білдіруге қуыстанатын сияқтымын. Олай айту үшін де солай істей білуің керек, қоғамға үлгі көрсете алуың керек.
Той – жақсы, той – қазына. Қолдан келсе, жасай берейік, артықтығы жоқ. Бірақ, сол, көрпемізге қарай көсілуді, соған мойынсұнуды қоса үйренсек деймін. Бәсеке заманында ол оңайға соқпайтынын білем. Оған жылдар керек, уақыт керек.
Қазақты «жұрттың әңгімесі» ғой құртатын, қайрайтын. Ақшамыз болмаса да, бәрімізде намыс бар. Ол қандай намыс екенін білмеймін, бірақ бізді алға қарай сүйрейтін де, сорлататын да сол – намыс.
Бұл жерде ата-ана мен жастардың арасында үйлесімді шешім керек. Егер екі жақ өзара ақылдаса отырып, 300-500 адамдық тойға шашылмаймыз, үлкендердің батасын алып, құрдастарға шағын дастарқан жасап, өз ортамызда атап өтеміз деп шешсе, «сен неге той жасамадың» деп ешкім ешкімнің алқымынан алмайды. Осыны түсінуіміз керек.
Бізде үйлену тойынан бөлек басқа да сән-салтанатты шаралар көбейді ғой қазір. Бір апта ішінде тума-туыстың бірнеше тойына (бәлкім, мәжбүрлі) барып, бар тапқанын той-томалаққа жұмсайтын қауым көп. Бармасаң тағы болмайды, той иесі ренжиді, туыстық қатынасқа сызат түседі дейміз.
Ал, ол тойлар қай ақшаға жасалып жатыр? Өз ақшасына ма, әлде несиеге ме? Ол да маңызды. Той жасайтын көп адам шығынын тойға келген шашудан шығарып алам деп ойлайды. Соған сеніп, алаңсыз, есеп-қисапсыз банк жағалайды. Тойдан соң жаба алса – жапқаны, жаба алмаса – несиеге батып, кейінгі табысының бір бөлігін жылдар бойы банкке беріп отыруға мәжбүр болады. Сол бір күндік шараға, бір мезеттік қуанышқа пайыз жамалған миллиондаған ақшаның несиесін алуға тұра ма? Табысың келе ме, жүйкең шыдай ма, шыдамың жете ме? Егер осы сұрақтарға жауабың дайын болса, жасай бер.
Жалпы, өмірде ауқатты адамдар да несие алады. Несие алудан қорықпайды. Себебі, жай адам үшін несие – құралмай жатқан бюджеттің саңылауын жабар бірден-бір амал болса, ауқаттылар үшін несие – қаржы құралы. Бірақ, біз айтып отырған табысты адам (миллионер) несиені жаңа смартфон, үлкен экранды теледидар сатып алу үшін алмайды, демалысқа (саяхатқа), тойға арнамайды.
Олар несиені табысын еселеу үшін алады. Бизнеске салу үшін, кәсібін кеңейту үшін, саудасын арттыру үшін. Мысалы, қалталы бизнесменде қандай да бір стартап үшін тамаша идея шықса, бірақ оған салатын қаржы болмаса, оны банктен алады. Кейбір қаржы кеңесшілерінің ипотеканы да пайдалы инвестиция санайтыны сол. Әйтеуір қолыңда үй қалады. Түсінген адамға ол да – актив.
Егер сіз «жұрттан қай жерім кем» деп немесе соңғы үлгіде шыққан телефон болғаны үшін смартфонды несиеге алатын болсаңыз, бұл қаржылық сауат тұрғысынан дұрыс шешімге жатпайды. Ал, егер сізге телефон – бизнес үшін қажет болса және жұмсағаныңыздан да көп ақша табуға көмектесетін болса, онда ол ертеңгі күніңізге салған ақылды инвестиция бола алады. Айырмашылық осында. Бұл туралы да кезінде «Қаржылық сауат» телеграм арнамда жазған едім. Каналға жазылып, оқып тұрсаңыз болады. (https://t.me/qarzhylyq_sauat)
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Бағдат Сұлтанқызы
Парақшамызға жазылыңыз