Фото: www.istockphoto.com
ҚР Ұлттық банкі валюта нарығы туралы ақпараттық хабарлама жариялады. Хабарламада қаңтар айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 518,2 теңгеге дейін 1,3%-ға нығайғаны туралы айтылған. Ал еліміздің қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 254 млн АҚШ долларынан 227 млн АҚШ долларына дейін төмендеген. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 4,5 млрд АҚШ долларын құраған.
Осыдан бұрынғы материалымызда біз республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2025 жылғы қаңтарда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатады деп күтілетіні туралы жазған едік.
Иә сол уақыттағы Ұлттық банктің хабарламасында айтылғандай жаңа жылдың бірінші айында Ұлттық қордан 850 млн АҚШ долларына валюта сатылған. Банк болса бұл шешімін республикалық бюджетке трансферттер бөлуге және «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруға мүмкіндік берді теп түсіндірген.
Айта кету керек Ұлттық Банк өткен айда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алмаған, ақпанда да БЖЗҚ-ға валюта сатып алуды жоспарламаған. БЖЗҚ қаңтар айының аяғында жариялаған хабарламасына сәйкес 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен инвестициялық кіріс 3,4 трлн теңгеге жеткен. Сөйтіп зейнетақы жарналарының жалпы көлемі шамамен 2,8 трлн теңге болатын болса, сол суммадан асып түскен. Нәтижесінде өткен жылғы инвестициялық кіріс 2023 жылмен салыстырғанда өсім көрсетіп, 1,8 трлн теңге немесе 114,5% құраған.
Жалпы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен салымшылар мен алушыларға 3,3 трлн теңгеден астам инвестициялық кіріс түскен. Осы жарналар шамамен 2,6 трлн теңгені құраса, инвестициялық кіріс көлемі жарналардың көлемінен артық түскен.
2024 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының (ЖМЗЖ) көлемі 231,2 млрд теңгеден астам болса, инвестициялық кіріс 26,4 млрд теңгеден асқан.
Сонымен қатар Ұлттық банк қаңтар айында теңестіру тетігін енгізуге шешім қабылдаған, бұл тетік отандық алтын өндіруші кәсіпорындардан бұрын сатып алынған алтынды сатудан түскен АҚШ долларын ішкі валюта нарығында сатуды көздейді. Аталғакн шешімнің негізінде қаңтарда 244 млрд теңге азайтылған.
Ал ақпан айында Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша Ұлттық Банк республикалық бюджетке трансферт бөлуге Ұлттық қордан 550 млн АҚШ долларынан 650 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтіп отыр. Сонымен қатар ақпанда теңестіру тетігі шешіміне сәйкес шамамен 250 млрд теңге көлеміндегі баламасында валюта сатылады деп күтіледі.
Ұлттық банк өз хабарламасында қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады дейді. Осылайша теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана беретіні туралы айтады.
Ұлттық банктің мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, статистикалық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын және өзге де тұлғаларды және ҚР қаржылық заңнамасы саласындағы мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган екенін ескере отырып, қазіргі уақыттағы Ұлттық банк қабылдаған шешімдер мен осы шешімдердің негізінде жасалған әрекеттер еліміздегі қаржы нарығын тиімді реттеуге қаншалықты көмектесіп жатыр және көмектесіп жатыр ма деген сұрақ туындайды.
Парақшамызға жазылыңыз