Астанада Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда футбол федерациясының президенті аяқдоптың алдағы төрт жылдағы дамыту баяндамасы мен негізгі стратегиялық бағыттары төңірегінде айтты. Әдеттегідей футбол инфрақұрылымы мен жүйесін дамытудың бірнеше маңызды мәселесін көтерді. Сондай-ақ қазақстандық футбол әлемдік футбол экожүйесі мен интеграция сұрақтары бойынша халықаралық серіктестіктің толық қолдауына ие болатыны да сөз болды.
Фото: kff.kz
Марат Омаров ең алдымен балалар және жасөспірімдер футболын жаңғырту жолында еуропалық стандарттарға сәйкес келетін сертификатталған академиялар жүйесін құру жоспары барын мәлімдеді. Айтуынша, аймақтық футбол мектептеріне әдістемелік қолдаудан бөлек, еуропалық талаптарға сай келетін сертификацияланған академиялардың жаңа жүйесін құруды жоспарлаған. Қазірдің өзінде «Kaspi Group» компаниясымен футбол академиясының құрылысы туралы келісім бар. Бірақ жаңа академия тұрғызылатын орын анықталмаған. Астана, Алматы немесе жаңадан салынып жатқан Алатау қаласы болуы мүмкін. Одан бөлек Қарағанды қаласында футбол академиясының құрылысы жүргізу жайындағы келісім «Freedom holding» корпорациясымен жасалған. Сондай-ақ Жамбыл облысында да академия салынады.
Осы бағыттағы ерекше атап өтетін жұмыстың бірі – «TAV Group» компаниясымен серіктестік жөнінде келісімшартқа қол қойылғаны. Компания өз қаражатына Талғардағы ұлттық құрама базасында 5000 шаршы метр алаңда академия орталығы мен жатақхана салады. Соның арқасында академиядағы 15-18 жас аралығындағы оқушылардың санын 150-200-ге дейін ұлғайтуға болады. Сондай-ақ жас футболшылардың сапалы дайындау үшін қолайлы жағдай жасалады. Жобаны жүзеге асыруда халықаралық «FIFA Forward 3.0» бағдарламасы бойынша қаржы тартып, құрылыс қарқынын арттырамыз.
Марат Талғатұлы өңірлерде жабық ареналар салу үшін жайына да тоқталды. Қазіргі таңда «BI Group» және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арнайы концепция дайындалады.
– Футбол мектептерінің бапкерлері мен тәрбиеленушілері ағылшын дивизионында өнер көрсететін «Уиком Уондерерс» клубында тәжірибе алмасады. Бұл жоба бойынша Kaspi Group тобымен келісім жасалды, – деді Марат Омаров.
Студенттер футболын дамыту
Федерация басшысы бұқаралық футболды дамыту жұмысы жалғасатынын, студенттік футбол жаңа деңгейге шығару жоспары бар екенін де ерекше атап өтті. Ол істі жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылымы және жарысқа қатысатын командасы бар университеттер арасында студенттер лигасының пилоттық жобасы іске қосылады.
– Алғашқы кезеңде командалардың саны көп болмайды. Бұл жарыстың сапасын қамтамасыз етіп, трансляция ұйымдастыру және қоғам тарапынан қызығушылықты арттыру үшін жасалады, – деді Марат Омаров.
Бір айта кететін жайт студенттер лигасы осы күні өтіп жүрген студенттік жарыстарды қайталамай, жоғары деңгейге шығуды көздейді. Өзге де жоғары оқу орындары үшін үлгі болады. Қазіргі таңда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекпен аталған мәселе төңірегінде кездесу өткізіп, бастапқа келісімдерге қол жетті.
– Әуесқой командалар арасында Аймақтар кубогінің титулды демеушісі «InDrive» болады және 250 миллион теңге бөледі. Жарыстың жеңімпазы УЕФА Аймақтар кубогі халықаралық турниріне қатысады және ҚР Екінші лигасы мен Қазақстан кубогіне жолдама алады, – деп атап өтті Марат Талғатұлы.
Басым бағыт Ұлттық құрамаға беріледі
Федерация президенті ұлттық құрамаларды дамыту жүйелі көзқарас пен ұзақ мерзімді шешімдерді қажет ететін басым бағыттардың бірі екеніне тоқталды.
– Ұлттық құрамалар департаментін басқару міндеті еліміздегі ең үздік мамандардың бірі – Руслан Балтиевке жүктелді. Онымен бірге Талғардағы Қазақстан Ұлттық құрамасының базасын аралап, алғашқы міндеттерді айқындадық. U17, U19 және U21 жастар құрамасында ойнайтын ойыншылардың нық базасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені олар алдағы жылдары ұлттық құраманың негізгі ойыншыларына айналады. Сол себепті 15 жастан бастап дайындық жүйесінде нақты вертикаль құру өте маңызды. Ойыншылар қалыптасудың барлық кезеңінен өтіп, жоғары деңгейге жылдам бейімделуі қажет.
Қазақстан Ұлттық құрамасы бас бапкері міндетін атқарушы қызметіне Әли Әлиев тағайындалды. Оны барлығыңыз танисыздар. Халық та жақсы қабылдады. Ұлттық құрамада ойнады. Аймақтарда жұмыс істеу тәжірибесі өте көп. Ойыншыларды жақсы біледі әрі елімізде футболды дамыту мен оның нәтижесіне жанашыр адам. Әли Ханәлиұлының жұмысына толықтай қолдау көрсетеміз, – деді ол.
Тоғыз алаң жөнделеді
Марат Омаров футболды дамытудың басты жолдарының бірі инфрақұрылымды жақсарту екенін атап өтті. Осыған орай жаңа толық көлемдегі футбол алаңдарын салу және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі. Федерация толық көлемді футбол алаңдарының санын ұлғайту, осы уақытқа дейін жарияланған стадиондардың, жабық манеждер мен футбол академиялардың құрылысын жүргізу, сонымен қатар спорт нысандарын жаңарту бағытында жергілікті атқару органдары және инвесторлармен бірлесе жұмыс атқарады. Осы кезге дейін жұмыс жасап келген «Алаң» бағдарламасы жалғаса береді.
– 2025 жылы 9 алаң пайдалануға беріледі. Олар Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында салынады. Сонымен қатар Федерация Қызылорда, Семей және Астана (Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион) қалаларындағы стадиондардың құрылысын, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларындағы жобаларды іске қосу бойынша кеңес беру жұмысын жүргізіп жатыр, – деді Марат Талғатұлы.
Төрешілер корпусына реформа керек
Баспасөз мәслихатында Марат Омаров қазақстандық футболдың сапасын арттырудың маңызды қадамдарының бірі – төрешілер корпусына терең реформа жүргізу, оның құрамына жаңа төрешілерді дайындаумен қатар, қазіргі төрешілердің жұмысын жақсарту да кіретінін атап өтті.
– Федерация төрешілер корпусының жұмысына толықтай реформа жүргізеді. УЕФА штаб-пәтеріне барған іссапарымда УЕФА төрешілер комитетінің жетекшісі Роберто Розеттимен келіссөздер жүргіздім. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстанға кеңесшілер тобы жіберіледі. Сонымен қатар Қазақстан футбол федерациясының Төрешілік департаментінің директоры қызметіне маман бойынша рекомендация беріледі.
Департаменттің жаңа басшысына төрешілердің жаңа буынын дайындау және төрешілер құрамын дамыту міндеттері қойылады. Сонымен қатар жас төрешілерді халықаралық стандарттарға үйрететін шетелдік мамандарды тартамыз. Тағы бір маңызды міндет – төрешілердің сапасын көтеріп, оларды халықаралық ойындарға шығару арқылы жаңа деңгейге жету.
Техникалық жағынан стадиондар жаңа VAR жүйесімен жабдықталады, инфрақұрылымдық нысандарда үздіксіз байланыс пен интернетті қамтамасыз ету үшін «Қазақтелеком» операторымен келісім жасалды», – деді Марат Омаров.
Қорытындылай келе Федерация басшысы жаңа маусымда Премьер-Лиганың құрылымында айтарлықтай өзгерістер жоспарланғанын, ол жақын арада жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қазіргі таңда бұл бағытта әкімшілік шығындарды тиімді ету жұмысы жүргізілді. Қажет емес бюрократиялық құрылымдар мен делдалдар алынды. Осы уақытқа дейін Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы арасында жарысты ұйымдастыру бойынша келісімшарт болды. Алайда бұл ұйым тиімді жұмыс атқара алмады. Әсіресе қаржылық басқару және шығындардың ашықтығы көрсетілмеген еді. Шығындарды оңтайландыру мақсатында жарыстарды ұйымдастыру дирекциясы құру шешімі қабылданды. Елімізде өтетін жарыстарды өткізу және ұйымдастыру бойынша негізгі міндеттерді атқарады. Қазақстан футбол федерациясының құрылымы футбол клубтарының жарналарын тиімді жұмсалуын және ойындарды өткізуге бөлінетін шығындардың мақсатты пайдалануын нақты қадағалайды. Қысқа мерзім ішінде дирекция қаражатты оңтайландыру арқылы футбол клубтарының жарнасын 10 пайызға төмендетті. Көп клуб үшін бұл айтарлықтай тиімді.
Бетингтік компаниялар чемпионат атауынан алынды
Федерация президентінің атап өтерлік жаңалығының бірі биылдан бастап бәс тігу компанияларының атаулары Қазақстан Премьер-Лигасының атынан алынып тасталып, бірінші айналымға дейін чемпионат атаусыз жұмыс істейді. Чемпионаттың жаңа титулдық демеушісі екінші жартыжылдықта жарияланады.
Сонымен қатар футбол клубтарынан логистика бойынша қаржылық жүктемелер, үйде өтетін ойындарға қызмет көрсететін төрешілерді қабылдау және орналастыру міндеті клубтардың мойнынан алынды. Логистика бағытында шығындарды реттеу үшін федерция мен «Air Astana» және «Fly Arystan» әуе компаниялары арасында серіктестік жөніндегі келіссөздер жүргізіп жатыр. Командалар мен төрешілердің ұшу шығындарына қолдау көрсетіледі.
– Бұл футбол клубтары мен Федерация үшін қаржылық жүктемені азайтады. Сонымен қатар барлық қатысушы үшін жарысты ұйымдастыруды тиімді әрі қолайлы етеді. Біз келіссөздердің табысты болатынына үміттенеміз және ұзақмерзімді серіктестік қазақ футболына пайдасын тигізетіні анық. Біз уақытша жетістікке ұмтылмаймыз, мақсат – тұрақты футбол экожүйесін құру, ол арқылы ойыншылар, клубтар, жанкүйерлер және серіктестер ортақ нәтиже үшін жұмыс істейді.
Қазақстан футболы жаңа деңгейге шығып, халықаралық аренада бәсекеге төтеп беруі үшін реформа керек. Сол себепті озық тәжірибені қолданып, цифрлық технологияны енгізіп, инвестиция тартып, барлық процестің ашықтығын қамтамасыз ету арықлы жаңарту бағытын жалғастырамыз.
УЕФА, мемлекет, жеке бизнес және футбол сүйер қауым қолдауымен алға қойылған мақсаттарды орындай аламыз. Қазақ футболы мықты болуға лайық! Біз жаңа шыңдарды бағындыру жолында барлық жұмысты атқарамыз, – деп түйіндеді Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров.
Түгелбай Бисен
Парақшамызға жазылыңыз