////

Сайлауда комиссия мүшелерінің көбі заңды білмейді. Сол себепті де заң бұзуға жол береді

1323 рет қаралды

Фото: С.Гилманованың жеке архивінен

Кейіпкеріміздің есімі – Самал, жасы 41-де. Екі бірдей мамандық иесі, физика-математика пәнінің мұғалімі және эколог. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер. 2022 жылдан бері өткен сайлаулардың барлығында «Жария» ұйымының құрамында 25 сайлауда тәуелсіз бақылаушы болып сайлау процесінің әділ өтуіне бақылау жүргізген. Арманы тәуелсіз бақылаушылар қатарын жастармен толықтыру. Жастарға сайлаудың әділ өтуі қазақстандықтардың өмірін қалай өзгерте алатыны туралы түсінік беру.

Батыстағы «Жария» атты тәуелсіз бақылаушылардың басын қосқан ұйым Батыс өңірінде ғана емес республика көлемінде танымал десек қателеспейміз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі азаматтық қоғам  өкілдері мен белсенділер Орал десе Жарияны, Жария десе Оралды еске түсіретіні шын. Биыл Жария ұйымының ресми тіркелгеніне 3 жыл толып отыр. Осыған орай ұйымның қызметін ұйымдастыру және басқа да көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды істерді шебер үйлестіріп жүрген ұйым төрағасының орынбасары Самал Гилмановамен жүздестік.

– Самал Серікқызы, алдымен ұйымның шағын мерекесімен құттықтаймыз! Сіз бақылаушылық қызметті қашан бастадыңыз және бақылаушы болуға не түрткі болды?

– Сайлауға бақылаушы болып алғаш рет 2015 жылы келдім. Еңбек жолымды мектепте мұғалім болып бастап, кейін денсаулығыма байланысты мұғалімдікті қойдым. Сосын саудамен айналысып, Оралдағы қалалық саябақта тауар саттым. Сол кезде қалалық саябақ жекеге берілетіні туралы хабарланды. Саябақ жекеге өтеді деген саудагерлер үшін жалға алу құны, сауда орындары барлығы қымбаттайды деген сөз. Осыған байланысты тұрғындардан қол жинаған едім. Әрбір үйге аяқтай барып, қол қойған адамдардың жеке куәлігінің нөмірін, аты-жөнін жазып, қолын қойдырып ерінбей жүрдім. Себебі 10 000 қол жинау қажет болды. Сол қолды жинап, хатты әкімдікке тапсырдым. Содан кейін осындай іс шараларды атқара алатындығыма көзім жетті.

2015 жылы 26 сәуір күні Н.Назарбаев қатысқан соңғы сайлау болды. «Уральская неделя» газетінде жарияланған «белсенділерді бақылаушылыққа шақырамыз» деген хабарландыруды оқып, сол жерге бақылаушы болып бардым. 26 сәуір күні Орал қаласындағы А.Н. Островский атындағы орыс драма театрының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде бірінші рет бақылаушылық қызметімді бастадым. Ол жерде кісі өте көп болды, студенттер де көп болды, орыс тілді орта болды, өзіме жақын, ниеттес адамдарды байқамадым. Ол жолы маған бақылаушылық ұнамады, нақты айтсам бақылаушылардың ұйымы емес, ұжымы ұнамады. Ұжым ұнамаған соң, бір рет қана бақылаушы болып, кетіп қалдым.

2021 жылы Парламент сайлауы болды. Мен Оралда бақылаушылар ұйымы бар екенін білмедім, сөйтіп ҚЖАҚ (Қазақстан жастар ақпараттық қызметі) ұйымынан бақылаушы болып қатыстым. Бұл екінші рет бақылаушы болған тәжірибем. Карантин уақыты болғаннан кейін ПЦР тест тапсыру міндетті болды. Әкімдік ПЦР тест тапсыруға қалалық емханаларға тегін жолдама берді. Ал мен ҚЖАҚ ұйымының атынан қатысатын болған соң маған ұйым есебінен ақылы тест тапсыруды ұсынды. Сөйтіп бірінші №1 қалалық емханадан тегін тапсырдым, кейін бірден «Uniserv» клиникасынан ақылы тапсырдым. Кешке дейін тест нәтижесін күттім, бірақ ол дайын болмады. Кешкі сағат 6 шамасында «Сіздің қорытындыңыз теміржол ауруханасына кетіп қалған, қазір аурухана жабылып қалды» деп №1 қалалық емханадан хабарласты. Мені бақылаушылыққа өткізбеу туралы ой болған деп түсіндім, өйткені мен ҚЖАҚ ұйымының атынан қатысып жатырмын. Алайда мен ақылы түрде тапсырған тестінің қорытындысымен сайлауға қатыстым.

2021 жылдың аяғында «Жария» Батыс Қазақстан тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігі ресми түрде тіркелген жоқ еді. Бақылаушылар болса Мұқалмас, Абырой ұйымдарының атынан олардың  бақылаушыларымен бірге бақылаушылықпен айналысып жүрді. 2022 жылы Қаңтар оқиғасы болды. Қаңтар оқиғасы кезінде Бекнұр ағамен таныстым. 2022 жылы ақпан айында «Жария» Батыс Қазақстан тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігі ресми тіркелді.

2022 жылдан бастап барлық сайлауға қатыстым. Осы жылы Ақсай қаласында (БҚО, Бөрлі ауданының орталығы) мен үшін бақылаушы ретінде ең алғаш референдум болды. Сайлау аяқталған соң сайлау учаскесінде болған бұзушылықтарға қатысты сотқа жүгініп, бірақ сот менің талабымды қанағаттандырмады. Одан кейін Ақжайық ауданының Чапаев ауылы әкімінің сайлауында бақылаушы болдым. Ол сайлау процесінде де бір сайлау учаскесінде бұзушылықтар болып, сотқа жүгініп, ол талабым да аяқсыз қалды.

Былтыр күздегі референдум туралы айтсам, мен үшін ерекше болған сайлаулардың бірі. Бәрінен бұрын салмағы үлкен, маған сабақ, тәжірибе берген сайлау болды. Таңмен №443 сайлау учаскесінде барып, 08.30-ға дейін болдым. №447 сайлау учаскесіне жаңадан келген бақылаушыныны жібердік, ол мәдениет бөлімінің қызметкері еді. Ол сағат 14.00-15.00 арасында 467 адам дауыс берген деп хабарлады. Қанша сайлауға қатысып жүрмін дәл осы уақыт аралығында осынша адам келгенін көрмедім. Сайлау комиссиясының мүшелері 7 адам болса, оның тек бесеуі ғана бюллетень беруге құқылы. Сонда бір сағаттың ішінде 467 адамға бюллетень беріп, олар сәйкесінше дауыс беріп қалай үлгерді. Бірақ аяғын күтейік деп үндемедім. Кешкі сағат 4 жарымдар шамасында 407 деп өзгертті. Ол кезде де үндемедім. Басқа бақылаушылар ортақ жұмыс чатында «Ол қалай? Бізде адам жоқ. Қалайша көп адам?» деп сұрап жатты.

Оның қасында педагогикалық колледж ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде студенттер тіркелген, бірақ ол жерде қатысым ондай болмады. 19.30-да №447 сайлау учаскесіне келдім. Мен кірген кезде комиссияның төрағасы бюллетень беріп жатты. Сайлау туралы заңға сәйкес комиссия төрағасының бюллетень беруге құқығы жоқ (41б.). Кірген кезде хатшы мен төрағаның кім екенін сұраған едім сол бюллетень берген адам «мен төрағамын, хатшы мұнда» деп көрсетті. «Сіз төраға болсаңыз бюллетень беруге құқыңыз жоқ қой, сіз неге бердіңіз?» деп сұрадым. Біз таныс емеспіз, ол бірден менің қағазыма қарап, аты-жөнімді көріп үндемей қалды. Сосын «мен бұрын комиссия мүшесі болғанмын, әдет болып кеткен» деді. Мен «Сізде бұл әдет таңнан бері болды ма?» деп сұрадым. Біз жіберген бақылаушы орнында жоқ, кейін келді. Сайлау аяқталды, есік жабылды. Бұл заң бұзушылық екенін комиссия мүшелеріне ескертіп айттым. «Үстелдерде тартпалар бар екен, барлығын қарап суретке түсіріп шығуға бола ма» деп рұқсат сұрадым. Рұқсат етті. Өйткені бұрын тартпадан бюллетеньдер шыққан жағдай да болған.

Менеджер болған соң барлық ақпаратты жинап отырамын, ақпарат телефонға келіп түседі. Сол себептен телефонымның қуаты таусыла келгенін байқап, оны қуат көзіне қойдым. Бір кезде тасымалданатын жәшікті ашып тастағанын көрдім. «Учаскеге қанша сайлаушы келгенін айтпадыңыз, пайдаланылмаған бюллетеньдерді жойған жоқсыз, неге аштыңыз жәшікті?» деп эмоциямен сұрақ қоя бастадым. Ол жерде менің олай дауыс көтеруім дұрыс болмағанын білемін. Бірақ мен үшін бұл сайлау учаскесіндегі комиссия мүшелерінің сауатсыздығын көрсетті. Сол уақытта телефонымды алып видеоны қосып, түсіріп, болған жайды баяндай бастадым. Ал комиссия төрағасы «бізге бұның барлығын жасауға сіз ғой кедергі жасап жүрген, біресе үстелді, біресе тартпаны қарап, кешке дейін үйіңізде ұйықтап, әбден кеш болғанда келіп» деп өзімді айыптады. Мен ештеңе демедім, тек «Дауыс», «Ғасыр», «Аманат» және біздің бақылаушымыз төртеуінен «қанша сайлаушы келгенін айтпады, үйден келген жәшік бірінші ашылып қалды, сіздер де көрдіңіз ғой бұл жағдайды?» деп сұраған кезде, ешкім үндемеді. Одан кейін маған «Сіздің фото, видеоға түсіруге құқыңыз жоқ» деп бас салды. Осы кезде мен комиссия мүшелерінің сауатсыздығына тағы да көз жеткіздім.

Сайлау учаскесінде болған заң бұзушылықтарға акт толтырып, сотқа жүгінбек болдым. Референдум қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізуді жоспарладық. Ол да өтпеді. Осы уақытқа дейін сайлауға қатысты сайлау өткенге дейін де, өтіп кеткен соң да менің жеке басыма қысым көрсетілген жоқ. Әрине сұхбат, әңгімелесу түрінде болды. Бірақ осы жолы бәрі басқаша болды. Жариядағы негізгі тұлғалардың барлығына дерлік қысым көрсетілді. Нұрболат Сатагулов деген заңгеріміз бар, сол кісіге жүгіндім. Ақылдаса келе сотқа емес, аумақтық сайлау комиссиясына жүгіну туралы шешім қабылдадым. Өйткені заң бойынша сайлау учаскесінде болған заң бұзушылықтар туралы аумақтық сайлау комиссиясына хат жазып хабарландыруы қажет (49б.),  комиссия реакция білдірмеген, шара қолданбаған жағдайда сотқа жүгіне аласыз. Сот менің пайдама шешілмеген жағдайда тағы да ұтыламын, ал маған бір өзгеріс жасау керек, сауатсыз комиссия мүшелерін жауапкершілікке тарту керек болды. Сайлаудың ертесіне комиссия мүшелерін заң бұзушылыққа жол бергені үшін жауапкершілікке тарту, нақтысы комиссия мүшелігінен босатуды талап ету туралы жазбаша арызымды аумақтық сайлау комиссиясына апарып бердім. Оған қоса заң бұзушылықтар түсірілген видео жазбаларды жібердім.

Ертеңгі күні маған комиссиядан хабарласып, құжат дайын екенін айтып, келіп танысу үшін шақырды. Аумақтық сайлау комиссиясына келдім, комиссия мүшелерін босату жөніндегі бұйрықпен таныстырып, қолыма берді. Алдағы маслихаттың шығып қалған депутаттар орнына депутаттар сайлауы алдында комиссия мүшелерін оқытқан кезде бірге отырып қатысып, не оқытып жатқанын көрсеңіз болады деп ұсынды. Тіпті маған комиссия мүшелерінің алдында сайлау кезінде болған қателер, заң бұзушылықтар туралы айтып беру үшін 45 минут уақыт бөле алатындарын да айтты. Бір жағынан қуандым, екінші жағынан мен неге оларды оқытуым керек деген ой келді. Бірақ қатысатын болдым. «Неге олар сауатсыз?» деген сұрағыма, ол учаскенің төрағасы да, хатшысы да сабаққа келмеген деп жауап берді. «Сіз қалай оқытылмаған комиссия мүшелерін сайлауға жібердіңіз?» деген сұрағым сол күйі жауапсыз қалды.

– Бақылаушы болудың, әсіресе тәуелсіз бақылаушы болудың өз қызығы мен шыжығы бар. Сіздер референдум кезінде ерікті бақылаушыларды өз қатарларыңызға шақырдыңыз. Бақылаушы болу үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Бақылаушы болу үшін білім мен тәжірибеден бөлек, адамда мінез болу керек. Бақылаушы бар білетінін заң аясында қорғап шыға алатын мінезді болуы керек. Біз бақылаушыларды шақырған кезде міндеттерді бөліп алдық. Хабарландыру арқылы келген бақылаушыларды іріктеу менің міндетім болса, оларды оқыту тағы біреудің міндеті, тест өткізуді мүлдем басқа бақылаушыға жүктедік. Бұл әрекет бір адамға салмақ салмай, бір бірімізді алмастыра алатындай болу үшін жасалған еді.

Референдумға дайындық барысында қаладағы барлық учаскені қамту үшін ерікті бақылаушыларды жинадық. Нәтижесінде қаладағы 130 учаскенің 105 учаскесін бақылаушымен қамтыдық. Бақылаушыларды қатарымызға шақырып хабарландыру бердік. Сол кезде бақылаушы болғысы келіп, хабарласқан адам саны тым көп болды. Алайда олардың ішінен өте қатаң іріктеу жүргізіп қана қатарымызға қабылдадық. Тәжірибелі бақылаушыларға бөлек, жаңадан қабылданған бақылаушыларға бөлек оқыту жүргіздік. Жаңадан қосылған бақылаушыларды іріктеуден өткізген соң оқыттық, одан кейін олар тест тапсырды, сосын әңгімелесу болды.

Осы кезеңдердің барлығында да, тіпті жеке адами қасиеттері тұрғысынан да, жауапкершілік деңгейіне қатысты да бақылаушылар қатарына қосу үшін талап өте қатаң болды. Бақылаушы боламын деп өз еркімен келген адамдарды шақырып алып, маған ұнамады деп кері қайтарып жібере алмайсыз. Түрлі жерден келген түрлі адамдар бар, «бізге ақша кім береді?» деп келгендер болды, сенімсіздеу адамдар болды. Жаңадан қосылған бақылаушылардың барлығы «подставной» дей алмаймын. Олардың ішінде де АЭС құрылысына қарсы, сайлаудың әділ өтуіне мүдделі адамдар болды. Олардың кейбіреуінің мінезі жұмсақтау болды, кейбіреуіне тәжірибе жетіспеді.

Бақылаушылар барлық кезеңдегі талаптарды орындап, тест тапсырып, қиындықтарға төзіп, шыдап шығуы керек. Мен жаңадан келген бақылаушылардың барлығына «Сіздерге мүмкін қазір 20-30 мың теңге ақша ұсынып жатқан шығар, бірақ әрқашан болашақты ойлаңыз, балаңыз болса сол балаңыздың болашағын ойлаңыз. Бақылаушы болғаннан кейін сайлаудың әділ, таза өтуіне үлес қосыңыз. Дауысты ұрлатпаңыз, бұзушылыққа жол бермеңіз, әр дауысты қорғаңыз» деп айттым. Жария ұйымына мүше тұрақты 50 адам бар, одан бөлек аудандарды, ауылдық жерлерді қосқанда 30 шақты бақылаушы бар. Референдум кезінде жиналған еріктілер 30 шақты адам болса, олардың ішінде 5-6 адам ғана өз қалауымен келген, әділ сайлауды өткізуге ниетті адамдар десек болады.

– Сіз осы қызметті жалғастыра беремін деп отырсыз, заң бұзушылықтарға қатысты қандай әрекет жасаған дұрыс деп ойлайсыз?

– Алдағы сайлауларда барлық қателіктер мен заң бұзушылықтарды видео, фото фиксация жасап, сотқа жүгінемін деп жоспарлап отырмын. Бұрын комиссия мүшелерінің сауатсыздығына көп мән бермейтінмін. Қазір енді дауысты қорғаудан бөлек мақсатым – комиссия мүшелері қалай оқытылды, өзінің жұмысын қаншалықты біледі және қаншалықты сауатты атқарады, осымен айналысу. Сайлаудың әділ және ешқандай заң бұзушылықсыз өтуі комиссия мүшелеріне де тікелей байланысты. Комиссия мүшесі қызметі үшін ақша алып отыр, біліміне, сауатына, алған ақшасына сәйкес дұрыс қызмет етсін. Егер дұрыс жұмыс жасай алмаса, заң бұзушылыққа жол берсе, онда ол комиссия мүшелігінен босатылуы керек.

– Қысым туралы жаңа өзіңіз айтып өттіңіз, жан-жақтан болатын қысымнан қорқыныш пайда болған жоқ па, бұл қызметті қойсам қайтеді деген ой болмады ма? Қалай десек те сіздің отбасыңыз, балаларыңыз бар, өзіңіздің қауіпсіздігіңіз бар.

Менің сүйікті ісім бақылау, сайлауды бақылау. Тіпті боран болып тұрса да ең шалғай аудан Бөкейордасына сайлауды бақылау үшін баруға дайынмын. Маған не істейді деп ойладым, бұл іспен маған дейін де адамдар айналысқан, менен кейін де айналысады. Мысалы, Лұқпан ағаға (журналист – Лұқпан Ахмедьяров) қанша қысым көрсетілді, ол кісіні қамады, атты, пышақтады. Бірақ ол сайлауға қатысты емес, журналистикаға қатысты қудаланған шығар. Ал ол әлі өз ісімен айналысып келеді. Менің жұмысымнан шығарып тастайды-ау деп қорқатындай жұмысым да жоқ. Жұмыстан да шығуға мәжбүр болдым, шықтым. Маған ешкім тіке кет деп айтпады, әлеуметтік желідегі жазба, пікірлерім туралы әңгіме болды. Өзім түсіндім де арызымды ұсынып жұмыстан шықтым. Бір жағынан қоғамдық ұйым құрғым келді.

– Қоғамдық қорды құрып, тіркедіңіз бе және ол ұйым қандай бағытта қызмет етеді?

– Қоғамдық қор құру да оңайға соғып тұрған жоқ. 2024 жылдың шілдесінен бастап осы күнге дейін ұйымды 10 рет тіркеуге ұсындым, он рет құжат тапсырдым. Қорды тіркеуге кедергі болып тұрған менің Жарияның мүшесі болуым деп ойлаймын. Мен құрғым келетін ұйым да сайлаумен айналысады, қызметінің негізгі бағыттары да азаматтық қоғамды, сайлауды бақылауды дамытумен, азаматтардың сайлау құқығымен байланысты. Әділет басқармасы әр тапсырған сайын кері қайтарып беруге бір себеп, бір қате табады. Ал «ұйымның тіркелмеу себебі ұйым мүшелерінің жеке басына қатысты емес пе?» деген сұрағыма, «біз оны анықтамаймыз» деді.

Негізі ұйымды 2020 жылы ашқым келген, атауын «Ashyq 360» деп қойғым келді. Есіңізде болса карантин кезіндегі ашық деген мобильді қосымша болды ғой. Барлық жерге сол қосымша арқылы кіретінбіз. «Неге ашық, неге 360?» деген сұрақты да қойды. Себебі мен айналысатын қызмет жан-жақты, барлық бағытта ашық болады, қай жағынан алсаңыз да қызметін ашық жүргіземін деп түсіндірдім. Тіпті мемлекеттік ұйымдармен жұмыс жасайтын жағдай болса, олармен жұмыс жасауға, жұмыстарының дұрыс жағын ашық көрсетуге дайынмын дедім. Себебі мен осы мемлекетте тұрамын, мен де осы мемлекеттің азаматы ретінде елге пайдалы нәрсе жасағым келеді.

– Егер ұйымды бір күні болмаса бір күні тіркеген жағдайда Жариядан кетесіз бе? Осыған дайынсыз ба?

– Жариядан ресми түрде кетемін, себебі мен ұйым басшысы, құрылтайшысы болатын болсам, Жарияда қала алмаймын. Бірақ өзімнің қоғамдық қорым арқылы сайлауды бақылаумен айналыса беремін. Басты мақсатым қоғамдық қорға бақылаушылар қатарына жастарды тартқым келеді. Жарияның құрамында жас буын аз, қазір Жариядағы бақылаушылардың 15 пайызы ғана жастар болар, қалғаны орта буын және үлкендер. Сайлауды бақылауға жастарды тәрбиелейтін ұйым болсақ деймін.

«Жария» Батыс Қазақстан тәуелсіз бақылаушылар қозғалысы» жергілікті қоғамдық бірлестігі 2022 жылы 22 ақпанда тіркелген. Қазіргі кезде құрамында ресми 50 мүшесі бар. Барлық республикалық деңгейдегі Президент, Парламент, Референдум сайлауларымен қатар ауылдық округ сайлауларына бақылау жүргізеді. Ұйымның бақылаушылары шетелге шығып, Румыния мен Болгарияда шетелдік бақылаушы болып тәжірибе жинап келген. 2024 жылы бақылаушы деген кім екенін қоғамға, көпшілікке түсіндіру мақсатында ұйым «20-1» деректі фильмін жарыққа шығарды. Фильмнің режиссері Азамат Хамза. Азаматтық қоғамды дамыту, біліктілікті арттыру мақсатында семинар, трениңдерге қатысып тәжірибе жинақтайды.

«Биыл Жария ұйымына 3 жыл. Осыған орай жариялықтар репрессия құрбандарын еске алып, гүл шоқтарын қойдық. Осы 3 жыл ішінде арамыздан өткен барлық қоғам белсенділерін еске алып құрбан шалып, құран бағыштап, ас бердік. Ұйымның 3 жылдығына орай қазақша куиз өткіздік, болашаққа мақсат қойып, шараға ерекше қатысқан мүшелерімізді марапаттадық. Осы игі істердің басында жүрген Жария ұйымының төрағасы Бекнұр Сражанов ағамыз. Өзі жүзінен мейірім төгілген, бауырмал, даладағы адамның өзін жақын тартып тұратын адам. Кейде Жарияның мүшелері тек қана Бекнұр ағаның мінезінің арқасында әлі күнге жан-жаққа бытырамай, бірге жүрген сияқты көрінеді. Ол кісі осынша адамды қаталдық, қаттылықпен емес, мейіріммен ұйытып ұстап отыр деп ойлаймын», – деп аяқтады сұхбатын Самал Серікқызы.

– Сұхбат үшін алғысымызды білдіреміз және Жарияға жарқын болашақ тілейміз!

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар