////

Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Әділетті Қазақстан» концепциясының нақты мазмұны әлі күнге дейін ашылмаған

807 рет қаралды
1
фото: Серік Бейсембаевтың жеке мұрағатынан

Жаңа жыл басталғалы Қазақстан азаматтарын ертеңгі күні үшін алаңдатқан мәселелердің қатары көбейді десек болады. Атап айтатын болсақ әдеттегідей жыл басында тағы бір көтерілетін бағалардың, яғни коммуналдық қызметтер тарифі, газ, жанармай, азық-түлік, күнделікті қолданыста бірінші қажет болатын тауарлар бағасының шарықтауы. Ол аздай қосымша құн салығына өзгерістер енгізу туралы ұсыныс та халықты біраз дүрліктірді, мобильді аударымдардың бақылауға алынатыны жайындағы хабар әлсін-әлсін өзгеріп, мазаны қашырғалы қашан. Осындай маңызды мәселелер айналып келіп халықтың қалтасына, әл-ауқатына және көңіл-күйіне тікелей әсер ететіні айдан анық. Күн тәртібіндегі мәселелер сіз бен біз сияқты қазақстандықтардың өміріне қалай әсер ететіні жайындағы сұрақтарымызды “Paperlab” зерттеу орталығының директоры, әлеуметтанушы Серік Бейсембаевқа қойдық.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ТАБЫСЫНЫҢ ТӨМЕНДІГІ МЕН БАҒАЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫНА АЛАҢДАЙДЫ

– Биылғы жыл тарифтердің өсуінен басталды, оның үстіне қосымша құн салығын көтеру, бензин, газ бағасының көтерілуі мәселесі болды. Осылардың барлығы қазақстандықтардың әл-ауқатына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Біздің сауалнамаларға сәйкес күнкөріс мәселесі қоғамдағы нөмірі бірінші мәселе. «Сізді не нәрсе бірінші кезекте алаңдатады?» деген сұраққа қазақстандықтардың көбісі табыстың төмендігі мен бағалардың қымбаттауын алға тартады. Рейтингтің бестігіне жемқорлық пен экология мәселесі де кіреді.

Бірақ бірінші орында тұрған мәселе – адамдардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқаты. Соңғы 10-15 жылда күнкөріс қымбаттап келеді, әсіресе соңғы екі-үш жылдағы инфляция ерекше болып тұр. Мұның тікелей салдары – адамдардың өмір сапасының төмендеуі. Ақшасы жетпеген халық үнемдей бастайды, тек ең қажетті заттарды ғана алады. Медицина мен білім алу сияқты қызмет түрлерінен өзін шектей бастайды. Сонымен қатар, адамдар қосымша жұмыс іздей бастайды. Қазір бұл кең таралған үрдіске айналды. Байқасаңыз, 8 сағаттық жұмысы бар адамдар кешке 3-4 сағат такси қызметін көрсетеді. Бұның барлығы күнкөрістің қиындауымен байланысты. Бұл жағдайдың жанама салдары да бар. Адами капиталдың төмендеуі – соның бірі. Адамдар өзін-өзі дамытуға, білім алуға қаржы бөле алмайды. Бұл ұзақ мерзімде елдің дамуына теріс әсер етеді.

Тағы бір жанама салдары – еңбек миграциясының артуы. Адамдар шетелге табыс табу үшін кетуге мәжбүр. Соңғы екі-үш жылдың ішінде бұл айқын трендке айналды. Қазір Оңтүстік Кореяға, Ұлыбританияға және басқа да Еуропа елдеріне барып жұмыс істейтін адамдардың саны артып келеді.

Қосымша құн салығы жайында айтар болсақ, бұл – шағын бизнеске өте үлкен соққы болғалы тұр. Шағын бизнесте халықтың едәуір бөлігі жұмыс істейді. Олар өзінің тауарлары мен қызметтерінің бағасын арттыруға мәжбүр болады. Бірақ халықтың тұтынушылық қабілеті төмен болғандықтан, олардың біразы жұмысын жалғастыра алмайды. Нәтижесінде жұмыссыздық артуы мүмкін.

– Сіз жаңа адамдар жұмыстан кейін такси жүргізушісі ретінде қосымша табыс табатынын айттыңыз. Негізі көп жылдан бері адамдардың көпшілігі  бірнеше жұмысты қатар алып жүруге тырысады.  Сіздің ұйым дәл осыған қатысты зерттеулер өткізді ме?

– Өкінішке қарай қосымша зерттеулер болған жоқ. Ол күнделікті біздің айналамызда болып жатқан, өзіміз бақылап отырған нәрсе, құбылыс. Адамдар екі жұмыс, үш жұмыс істеп жүр. Әртүрлі маркетплейстерде, What’s App топтарда тауар сатумен айналысады. Бір жағынан бұл мүмкіндіктің болғаны жақсы, екінші жағынан бұл адамдарды негізгі жұмыстан табатын табысы олардың қажеттіліктерін жаппайтынын білдіреді. Сәйкесінше адамдар күніне 8 сағат емес, 12-16 сағат жұмыс істеуге мәжбүр. Адамдардың тапқан табысы жетпейді, сондықтан олар 2-3 жұмыс жасауға мәжбүр. Бұл ең бастысы адамдарды жеке өмірі мен отбасына лайықты түрде жеткілікті көңіл бөлу мүмкіндігінен айырады.

Бұл жанама салдардың бірі. Адамның өзіне, балаларға бөлетін уақыты азаяды. Сәйкесінше қоғамда түрлі психологиялық ауытқулар, депрессия жағдайлары көбейеді. Осының барлығы суицидке әсер ететін нәрсе. Одан кейін отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі де осындай әлеуметтік-психологиялық күйзеліспен байланысты. Зерттеп келген кезде осының барлығы бір-бірімен өте тығыз байланысты, яғни экономикалық жағдайдың нашарлауы мультипликативті эффект беретін нәрсе. Оны өлшеу өте қиын. Біз кедейшіліктің, жұмыссыздықтың деңгейін өлшей аламыз, бірақ қымбатшылықтың салдары жан-жақты. Мысалы, статистика арқылы жұмыссыздықтың деңгейі 1 пайызға, кедейшіліктің деңгейі 2 пайызға өсетінін байқасақ та, ол шын мәнінде бізге толық картинаны көрсетпейді. Оны түсіну үшін осындай жанама салдары туралы да айту керек, зерттеу керек.

«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН» КОНЦЕПЦИЯСЫНЫҢ НАҚТЫ МАЗМҰНЫ ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН АШЫЛМАҒАН

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін көп айтылатын мәселе «Әділетті Қазақстан». Президенттің өзі де соңғы жолдауында Әділетті Қазақстанды орнатып жатырмыз деді. Ал біз Әділетті Қазақстанның белгілерін қайдан көре аламыз?

– «Әділетті Қазақстан» концепциясының нақты мазмұны әлі күнге дейін ашылмаған. Иә, бұл лозунг түрінде бар, бірақ адамдардың Әділетті Қазақстаннан күтетіні не, ал мемлекеттің әрекеті оған қаншалықты сәйкес келеді? Бұл сұраққа әлі жауап жоқ. Мысалы, Әділетті Қазақстанға қатысты халықтың бірінші талабы – заң алдындағы теңдік. Бұл туралы Қ.Тоқаев та «біз заң алдында бәріміз бірдей жауап беруіміз керек» деді.

Бірақ соңғы шыққан шешімдерді алып қарасақ, Қаңтар оқиғасы кезінде қарапайым азаматты атып тастаған әскери қызметкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды, және оны тек қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін деген баппен ғана айыптады. Ал ешкімге қастандық жасамаған журналист Темірлан Еңсебек те 7 жылға сотталуы мүмкін. Осы екі жағдайдың өзі-ақ заң алдындағы теңдік деген принципті жоққа шығарады. Халық заңның бәріне бірдей жұмыс істемейтінін жақсы біледі. Мемлекеттік қызметте және билікке жақын топтардың заңды айналып өту мүмкіндігі әлдеқайда көп. Бұл біз білетін жағдайлар, ал біз білмейтін жағдайлар қаншама. Мысалы, жергілікті әкімдердің, полиция, жергілікті прокуратура, ҰҚК қызметкерлерінің заңды елемей, оны өз мүдделері үшін пайдаланатынын халық күнделікті өмірден көреді. Олардың қымбат үйлері мен көліктеріне қарап-ақ, адамдар Қазақстанда әділдік тек қағаз жүзінде екенін түсінеді.

Әділетті Қазақстанға қатысты қоғамның күткені – бұл биліктің қоғам алдындағы жауап беруі, яғни ашықтығы мен жауапкершілігі еді. Бірақ бір жыл ішіндегі шешімдер – қосымша құн салығын арттыру, уақыт белдеуін ауыстыру, атом электростанциясын салу бойынша мемлекет біржақты шешім шығарып отыр. Халықтың қарсылығына қарамастан, үкімет «біздікі дұрыс» деп отыр. Сәйкесінше бұл принцип те жұмыс істемей тұр.

Сосын сыбайлас жемқорлыққа қатысты да халықтың үміті ақталмай тұр. Бұрынғы билікке, бірінші президенттің отбасына жақын адамдардың заң алдында толық жауап бермеуі, олардың байлықтарының артуы, жемқорлықтың әлі де жалғасуы – осының бәрі Әділетті Қазақстан ұранының тек риторика екенін дәлелдейді.

Екі жыл бұрын бұл ұран халыққа үміт сыйлаған еді. Бірақ осы уақыт ішінде адамдар бұл идеяға деген сенімін жоғалтты. Соңғы үш жылда қоғамда, әсіресе биліктің айтқан сөзіне деген сенімсіздік одан әрі күшейе түсті.

– Сіз әлеуметтік зерттеулер жүргізіп жүрген сарапшы ретінде қазіргі күнгі халықтың көңіл-күйін қалай сипаттайсыз? Қандай үрдістер байқалады? Қазақстандықтардың билікке, экономикалық реформаларға деген сенімі қандай деңгейде?

Соңғы сауалнамамыз былтыр жыл соңында жүргізілді. Онда жылды қорытындылап, бірнеше сұрақты үкіметтің жұмысына арнадық. «Үкімет жұмысын қалай бағалайсыз?», «Әр бағыт бойынша үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?» деген сұрақтарға халықтың жауаптары үкіметке деген сенімсіздіктің артқанын көрсетті. Барлық бағыт бойынша халық үкіметтің жұмысын нашарлады деп бағалады. Әсіресе экономика, экология, адам құқықтары, саяси құқықтар мен бостандықтарға қатысты сұрақтарда теріс пікірлер басым болды.

Бұл – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейінгі қоғамдағы үміттің ақталмағанының көрінісі. Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаевтың реформаларына қатысты халықта «жағдайымыз жақсарады» деген сенім пайда болған еді. Бірақ жарты жыл ішінде бұл сенім жоғалды. Сөз бен істің сәйкес келмеуі халықтың көңілін қалдырды. Берілген уәделер орындалмады, ал ең жаман нәрсе – үміттің ақталмауы. Адам бір сеніп, ол үміт ақталмаса, бұл ашу мен ыза тудырады. Біз дәл осы тенденцияны байқап отырмыз.

Қосымша құн салығына қатысты өзгерістер бұл жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. «Неліктен мемлекет халыққа және бизнеске салықты арттырады, бірақ өз шығындарын қысқартпайды?» деген сұрақты кез келген адам қоя алады. Бұл – өте орынды сұрақ. Президенттің «Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет» деген сөзінен кейін Жұманғариннің 4 млрд теңгеге форум өткізу туралы мәлімдемесі халықтың ашуын тудырды. Президенттің үндеулерінде айтылған жағымды ойлар мен ұсыныстар осындай әрекеттер арқылы жоққа шығып жатыр.

Қосымша құн салығына қатысты ұсынысқа қоғам тарапынан ашық қарсылық болмаса да, ішкі қарсылық күшейіп келеді. Билік адамдардың көшеге шығып, митинг ұйымдастыруынан қорқады, бірақ ішкі қарсылықты өлшей алмайды. Бұл қарсылық көзге көрінбейді, бірақ ол бір мезетте сыртқа шығуы мүмкін. Оның қашан және қандай жағдайда көрініс табатынын болжау қиын, бірақ қоғамда ішкі наразылықтың артқаны анық.

– Сол тарифтердің өсуі, қосымша құн салығына қатысты ұсыныстар, аударымдарды бақылау сияқты үрдістер қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске әкелетін сияқты. Жеке өзім осының барлығының артында бір шиеленіс болуы мүмкін деген қорқынышпен жүремін. Экономикалық тұрақсыздық пен әлеуметтік шиеленістің алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау қажет деп ойлайсыз?

– Мемлекет тарапынан шиеленістің алдын алу үшін қолданатын негізгі шарасы – құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту. Оларға қаржы бөлу, жағдай жасау, мемлекеттік бақылауды арттыру арқылы мәселені шешеміз деп ойлайды. Қаңтар оқиғасынан кейін бұл бағыттағы әрекеттер айқын көріне бастады: барлық жерде камералар орнатылып, полиция көбейді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының құзыреті де кеңейтілді. Осылайша, біз полициялық мемлекетке айналып болдық.

Алайда шиеленістің алдын алу халықтың әл-ауқатына теріс әсер ететін шешімдерді қабылдамау арқылы жүзеге асуы керек еді. Бірақ қазіргі билік мұндай қадамға бармайтыны белгілі, өйткені биліктің өзін шектеуге ықыласы жоқ.

Бюджет тапшылығын жабу үшін мемлекет халық пен бизнестен көбірек қаржы жинауға тырысып отыр. Осылайша, үкімет өз тиімсіздігін және жұмысындағы қателіктерді халықтың табысынан жырып алып, өтеуге тырысуда.

ҚОҒАМДЫ СЕНІМ АРҚЫЛЫ ЕМЕС, ҚОРҚЫНЫШ АРҚЫЛЫ БАСҚАРУ – ҚАЗІРГІ БИЛІКТІҢ РИТОРИКАСЫ

– Соңғы уақытта тәуелсіз журналистер, белсенділер, әлеуметтік желілердегі танымал пабликтердің, тәуелсіз креатив алаңдардың қудалануы жиілеп кетті, олар қысым көруде, бүгінгі күні ол күшейіп әрі көбейіп кеткен сияқты. Бұл үрдісті қалай түсінуге және түсіндіруге болады?

Бұл авторитарлық жүйенің күшейгенін көрсетеді. Бұған дейін, «Жаңа Қазақстан» жарияланып, жаңа саяси реформалар жарияланған кезде, бұл реформалардың шын мәнінде халықтың қарсылығын басуға бағытталған манипуляция екенін айтқан едік. Қазір айтылған ойлар шындыққа айналды. Авторитарлық саяси жүйе әрдайым бақылауды күшейтуге, қарсы пікір айтатындардың аузын жабуға және бостандықты шектеуге тырысады. Бұл – авторитарлық жүйенің табиғаты. Қазіргі қысымның күшеюі де осы заңдылықпен байланысты. Кейбір саясаттанушылар мұны сыртқы факторлармен, мысалы, Ресей мен Қытайдың ықпалымен түсіндіреді. Расында, АҚШ-та Трамптың билікке келуі біздегі авторитарлық үрдістерді күшейте түсті.  Бірақ менің ойымша, бұл жағдай ішкі саяси факторларға көбірек байланысты. Қаңтар оқиғасы кезінде халықтың қарсылығын күшпен басқан биліктің шынайы реформалар жасауы мүмкін емес еді. Тоқаев билікті өз қолына шоғырландырғаннан кейін, оның басты мақсаты – осы билікті барынша ұстап қалу.

– Осының барлығы қоғамда қорқыныш, үрей, цензураға алып келетін секілді.

– Иә, репрессия ең алдымен үрей тудырады. Ішкі цензураның күшеюі сөзсіз, өйткені бостандық – қымбат құндылық. Адамдар жеке өмірі мен отбасының қауіпсіздігін ойлап, бұрынғыға қарағанда еркін ой айтуға сақтықпен қарай бастайды. Өкінішке қарай, бұл үрдіс жаһандық, мемлекеттік және аймақтық деңгейде де байқалады. Азаматтық қоғам үшін бұл қиын кезең болып көрінеді. Дегенмен азаматтық қоғамда ешқандай цензураға көнбейтін, қорықса да шындықты айтатын адамдар бар. Олар өз жұмысын тоқтатпайды, әлеуметтік желілер арқылы болсын, тәуелсіз журналистика арқылы болсын, шындықты жеткізуді жалғастыра береді.

– Бұл билік пен қоғам арасындағы сенім дағдарысын тереңдететін тағы бір себеп.

Иә, билік пен қоғам арасындағы сенімсіздік одан әрі тереңдей беретін сияқты. Жалпы, “сенім” деген ұғым билік үшін өзектілігін жоғалтқандай көрінеді. Қоғамды сенім арқылы емес, қорқыныш арқылы басқару әлдеқайда оңай екенін билік бұрыннан түсінген, ал қазір осы тәсілге қайта оралғандай. Себебі, қоғамды шынайы сенім арқылы басқару үшін билік қоғамның мүддесі үшін жұмыс істеуі керек. Ол үшін билік өзін шектеуге, тәуелсіз әрі саяси теңгерімді жүйе құруға, парламентке еркіндік беруге, әділ сайлау өткізуге дайын болуы қажет. Бірақ қазіргі режим мұндай қадамдарға бармайды. Президенттің риторикасын байқасаңыз, бұрын ол демократизация мен саяси реформалар туралы айтатын болса, қазір “заң мен тәртіп” мәселесін алға тартады. Ал “заң мен тәртіп” – бұл авторитарлық жүйенің классикалық символы.

Белсенділер, журналистер, тәуелсіз алаңдар мен пабликтердің билік тарапынан  қудалауға ұшырауы ақпараттық кеңістікке бақылаудың күшейгенін білдіре ме? Қазақстанда сөз бостандығы мен азаматтық қоғамның дамуына бұл жағдай қалай әсер етеді? Тіпті стэндаперлер де «қазір әзілдеудің өзі қорқынышты болып кетті» дейді.

– Иә, азаматтардың әзіл айтуының өзі қауіпті болып барады, себебі қалжың үшін он бес тәулікке қамалғандар бар. Мұндай жағдайда адамдар еркін ойлаудың өзін қауіпті деп санай бастайды. Қоғамда «тыныш жүру» ұстанымы күшейіп, «пәледен аулақ» деген кеңестік кезеңнен мұраға қалған ойлау шаблондары қайта жанданып келеді.

Қысым күшейген сайын азаматтық белсенділік төмендейді, белсенділер елден кетуге немесе қызметін ауыстыруға мәжбүр болады. Бірақ бұдан ең алдымен Қазақстан мемлекеті ұтылады. Елдің дамуы мұнай мен газға емес, еркін ойлы азаматтардың қызметіне байланысты. Қоғам тарапынан бақылау болмаса, жемқорлық күшейіп, бюджет қаржысы күмәнді жобалар мен тиімсіз шараларға жұмсалады. Соңғы жылдары тәуелсіз медиа бюджеттегі заңсыздықтарды әшкерелеп, күмәнді лоттарды тоқтатуға ықпал еткен еді. Бірақ қазір азаматтық қоғамды жаншу нәтижесінде бұл бақылау әлсіреді, ал жемқорлар үшін жақсы заман туындады. Бұрынғыдай өз қалтасына жұмыс істеуге ыңғайлы уақыт деуге болады.

Халықаралық қорлар, оның ішінде АҚШ-тың қорларының жұмысын тоқтатуы осындай билікке қоғамдық бақылау жүргізетін адамдардың мүмкіндігін азайтты. Сондықтан да байқасаңыз қазір биліктің пропагандасы «жақсы болды ғой, батыс, соның ішінде АҚШ біздің жағдайымызға араласпайды» деп қуанып жатқанын көреміз. Шын мәнінде тәуелсіз медиа, азаматтық белсенділікпен айналысатын адамдардың өз қызметін атқаруға ол қорлардан басқа еш мүмкіндігі жоқ еді. Олар өз жұмысын міндетті түрде жалғастырады, бірақ потенциалы азаяды. Одан ұтылатын біздің өзіміз, қазақстандықтар, себебі ашықтықты талап ету, әділеттілікті талап ету азаматтық қоғамның бірден бір функциясы.

– Бұл құбылыс бұрыннан да АҚШ біздің елдің ісіне араласып, басқа жаққа бұрып жатыр деп ойлайтын адамдарға осы жайында түрлі мінберлерден ашық айқайлап айтуға жақсы мүмкіндік болды және мәселе тек біржақты айтылып жатырған сияқты.

– Иә манипуляция өте көп, мысалы USAID-қа қатысты фейк роликтің шығуы. Белгілі құқық қорғаушы Евгений Жовтис бұл қор қаржысының 90% мемлекеттік жобаларға жұмсалған деген мәлімет келтірді. (Бұл туралы shishkin_like/7141 телеграм-каналы егжей-тегжейлі жазды) Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, сот жүйесіне қатысты жобаларды да қаржыландырған. Бірақ, біздегі пропаганда USAID-тан қаржы алған ұйымдар тек белсенділер деп, оларды ішкі жауға айналдыруға тырысып жатыр.

– Қысым, қуғындау секілді үдерістерден кейін азаматтар балама ақпарат алу мүмкіндігі мен құқығынан айырылатын сияқты? Қазақстанда тәуелсіз ақпараттық орта сақталып қала ма, тәуелсіз ақпарат тарататын бұқаралық ақпарат құралдары қала ма әлде толық бақылауға алына ма деген сұрақ?

– Қазіргі жағдайда медиаға толық бақылау орнату мүмкін емес. Тіпті қатаң диктатураға айналған Ресей мен Беларусьтің өзінде бірлі-жарым тәуелсіз медиа жұмысын жалғастырып жатыр.

Әрине, қазіргі жағдайда олардың жұмысы бұрынғыдан әлдеқайда қиындай түсті. Мемлекет ішінде қауіп күшейгендіктен, кейбірі цензураға көнуге немесе басқа елге кетуге мәжбүр болады. Дегенмен, бірді-екілі тұлғаның өзі үлкен медиаға айналып отыр. Мысалы, Борейконың каналы мен Лұқпан Ахмедьяровты айтуға болады. Сонымен қатар, түрлі блогерлер мен тәуелсіз пікір білдірушілер бар. Бұл – үлкен кеңістік, оны бір ғана заңмен толықтай тоқтату мүмкін емес. Біз де барынша заң аясында ашық пікір білдіріп отырмыз. Қоғамда біз секілді адамдардың критикалық жиынтығы әлі де сақталған. Осындай адамдар барда тәуелсіз медиа барлық қиындықтарға қарамастан жұмысын жалғастыра береді деп ойлаймын.

Қазіргі уақытта тәуелсіз медианың басты назар аударатын тақырыбы – саяси реформалар мәселесі. Жағдай қаншалықты қиындаса да, елдің негізгі басымдығы – саяси өзгерістер. Экономикалық қиындықтар да, жемқорлық та, барлық мәселенің түп-төркіні саяси жүйеге келіп тіреледі. Саяси жүйе дұрысталмай, ашықтық орнамай, шынайы сайлау жүйесімен билікке келетін топтар қалыптаспай, елдегі жүйелік мәселелердің ешқайсысы шешілмейді.

Өткендегі біздің Paperlab алаңындағы дискуссиямыз да осы тақырыпқа арналды. Басты мақсат – билікті жауапқа шақыру емес, қоғам ретінде бізге қандай саяси жүйе қажет екенін талқылау. Соңғы жылда өткен реформалардың нәтижесін қалай бағалаймыз, қай жағы тиімді, қай жағы тиімсіз, алдағы уақытта не істеуіміз керек деген сұрақтарды азаматтық қоғам ретінде көтеруіміз қажет. Сонда ғана өзгерістерге қол жеткізу мүмкіндігі артады.

Қаншалықты қиын болса да, тек күнкөріс қамымен шектеліп қалу дұрыс емес. Бұл – ең оңай жол. Ал елдің болашағына алаңдайтын, оның дамуына үлес қосқысы келетін адамдар үшін ауқымды тақырыптарды қозғау – басты міндет. Әркім өз деңгейінде осы бағыттағы жұмысты жалғастыра беруі қажет деп ойлаймын.

– Мінберге сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс айтамыз! 

Әңгімелескен Альфия Шамаева

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

1 Comment

  1. Иә, жемқорлар үшін жақсы заман туындады. Біздегі Тіл саясаты комитетінің түрі анау. Жемқор тек жеуді біледі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Богдан Шкларски: Біздің Трамптың орнынан кеткенін күтуден басқа амалымыз жоқ. Бірақ ол кеткенше біраз дүниені бүлдіретін түрі бар

 Варшава университетінің Ассоциативті профессоры, Америка зерттеулері орталығының жетекшісі қызметін атқарған (2012-2016), саясаттанушы Богдан Шкларски (Bohdan Szklarski)