Фото: istockphoto.com
«Суицид» сөзі латын тілінен аударғанда «өзін-өзі өлтіру» немесе «өзіне қол салу» деген мағынаны білдіреді.
Э.Дюркгеймнің суицид теориясына сәйкес, адам қиындыққа тап болғанда немесе өзін қабылдамайтын орта мен әлеуметтік топ оны қабылдамай қалғанда өзін-өзі өлтіруге барады деп тұжырым жасаған. Әлеуметтік байланыстардың мәнін ескеріп, ол суицидтің екі негізгі түрін атап көрсеткен: эгоисттік және альтруисттік. Сонымен қатар психопатологиялық жағдайлардың негізі көбінесе балалар мен жасөспірімдердің социолизация деңгейіне және қоғамдағы орнынан да туындайды. Н.Бачериков суицидті ішкі қақтығыстар мен әлеуметтік психологиялық дезадаптацияның нәтижесі ретінде қарастырады. Суицидогенді жағдайлар адамның жеке ерекшеліктері, өмірлік тәжірибесі, интеллектісі және мінез-құлқы арқылы анықталады.
Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының үштен бірі қалыпты құбылысқа жатқызылады. Нақтырақ айтқанда, олар өмірін қиюды мақсат етпейді, өкінішке қарай осы әрекеттері арқылы өздеріне назар аудартуды көздейді. Алайда мамандар бұл құбылыстың өте қауіпті екенін атап өтеді. Себебі өміріне қол салуға тырысқан жасөспірімнің келесі әрекеті өліммен аяқталуы мүмкін. Жасөспірімдер көбінесе өздерінің ішкі проблемаларын жақындарына айтпайды, оны жасырып, ешкімге көрсетуге тырысады. Мәселені ашық талқылаудан гөрі, олар үнсіз қалғанды дұрыс көреді. Тіпті, өз-өзін өлтірген жағдайда да, оның себебін жазып қалдыруды жөн деп таппайды…
Wisevoter ұйымының есебіне сүйенсек, 2023 жылғы дерек бойынша суицид статистикасында Қазақстан 178 елдің ішінде 19-шы орынға жайғасқан. Жаһандану заманы мен балалардың өз-өзіне қол жұмсау жиілігінің өсуінің арасында қайткенде де байланыс бар. Суицид жасауға бейім балалардың, жасөспірімдердің психологиясы қандай болады? Міне, осы сұрақтың жауабын анықтау үшін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің психология кафедрасының меңгерушісі Алия Мамбеталинаға жүгіндік.
Алия Мамбеталина, PhD, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымының кандидаты, қауымдастырылғаң профессор:
– ҚР Статистика агенттігі дайындаған есеп сондай-ақ 2009 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 0-ден 14 жасқа дейінгі балалар арасында суицид санының аз ғана өскенін көрсетеді. Атап айтқанда, 2009 жылы кәмелетке толмағандардың 69 суицид жағдайына ұшырауы тіркелген болса, 2010 жылы ол 74-ке көбейген. Бұл деректер ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Бас Прокуратураның ақпаратына қарама қайшы. бұл, сірә, жас ерекшелігін санаттарға бөлуге байланысты көзқарастың әр түрлі болуына байланысты болса керек. Оның үстіне бұл деректер ішіне 15 жастан 17 жасқа дейінгі балалар туралы ақпарат кірмейді. ДСҰ мәліметтеріне сәйкес, олар кәмелетке толмағандар арасындағы суицид қаупі ең жоғары жас санаты. Іс жүзінде ҚР Статистика агенттігі 2010 жылы кәмелетке толмағандар арасында суицид бойынша мынадай деректерді жария етті: 0-11 жас, 100 000 адамға 0,5 жағдай; 12-14 жас, 100 000 адамға 8,3 жағдай; 15-17 жас, 100 000 адамға 19,0 жағдай.
Иә, 2010 жылдары елімізде жасөспірімдер арасындағы суицид жасау өршіген кезең болды. Есімнен әлі кетпейтін, өзіме қатты әсер еткен, жадымда сақталып қалған екі өлім оқиғасын ауыр да болса айта кетейін. Бірі – алтыншы сынып оқып жүрген ауқатты отбасыдан шыққан, отбасы мен оқушыларының арасында жақсы қарым-қатынас орнатқан, озат оқушының өз-өзіне қол жұмсауы (бір күнде 5 сабақтан бестік баға алатын). Екінші оқиға – ата-анасы жоқ жетім, тумалары асырап алған бесінші сынып оқыған оқушы қыз. Міне, осы екі оқиға бойынша комиссия құрамында болған едім. Дәл осы уақыттан бастап балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау тақырыбын тереңірек зерттеуге кірістім.
2021-2023 жылдары жетекшілігіммен Қазақстандағы БҰҰ-ның балалар қорының («ЮНИСЕФ») қолдауымен «Конфликт аймақтарынан: Сирия мен Ирактан оралған балалар мен отбасыларға білім беру, психоәлеуметтік және психикалық денсаулық мәселелері бойынша ұлттық ресурс топтарының орталығын құру және қолдау» атты халықаралық жоба жүзеге асырылды. Осы жоба барысында Қазақстанға Сирия, Ирак сияқты қақтығыс аймақтарынан репатриация мәселелері бойынша, сондай-ақ қиын жағдайдағы балаларға көмек көрсету, оның ішінде суицид мәселесі бойынша психология саласындағы америкалық сарапшылар-ғалымдар шақырылды. Шақырылған қонақтардың ішінде болған PhD Саманта Авада – Бостон балалар ауруханасының лицензияланған клиникалық психологі және Гарвард медициналық мектебінің оқытушысы бірігіп балалар суицидін бағалау, скриниң жасау және қарым-қатынасты ілгерілету мен жақсарту жобасын жүзеге асыруды, сондай-ақ осы тақырыпта Қазақстан мектептерінің психологтарына арналған екі күндік семинар-трениң өткізуді ұсынды. 2024 жылғы наурыз айында Бостон балалар ауруханасы мен жетекшіліммен шыққан жобаны жүзеге асыру туралы келісімшарт жасалды. 2024 жылғы 15 желтоқсанға дейін, екі елдің ғалымдары болып, апта сайын Zoom платформасында кездесіп, қазақстандықтардың психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, оқу материалдарын дайындадық. Нәтижесінде дайын болған семинар мынадай мақсаттарды жүзеге асырды.
Біріншіден, суицид скриниңі мен бағалауға байланысты мифтерді қарастыру. Екіншіден, суицидті бағалау және емдеуді жоспарлау бойынша SAFE-Т нұсқаулығының қадамдарын түсіну. Үшіншіден, тәуекел дәрежесін анықтауға және суицид қаупі болған жағдайда емдеуді жоспарлауға қатысу. Төртіншіден, қауіпсіздік шараларын жоспарлау компоненттерін қарастыру. Бесіншіден, баласы өз-өзіне қол жұмсау қаупін көрсеткен кезде отбасылармен жұмыс істеу тәсілдерін анықтау.
Суицид туралы ойлар: өлім немесе өлу туралы ойлар, суицидтік ниет: өз-өзіне қол жұмсау ниетінің бар болуы сынды мәселелерді де қарадық. Тәуекел факторлары: тәуекел факторлары теріс нәтиже алу ықтималдығын арттыруы мүмкін адамға, отбасыға немесе қауымдастыққа қатысты сипаттамалар ретінде анықталады (бұл жағдайда суицидтің алдын алу). Қорғаныс факторлары: қорғаныс факторлары адамға, отбасына немесе қоғамдастыққа қатысты сипаттамалар ретінде анықталады, олар теріс нәтиже алу ықтималдығын төмендетуі мүмкін (бұл жағдайда суицидтің алдын алу). Суицид скриниңі: жастардың өздеріне зиян келтіру туралы ойларының бар-жоғын анықтайтын сауалнама жүргізу. Суицид қаупін бағалау: суицидтің қаупі бар адамдар клиникалық шешімдер қабылдау үшін бағалануы керек. Бұл кейде суицидтік тәуекелді бағалау деп аталады және жасөспірімнің суицидтік ойлары мен мінез-құлқы, қауіп факторлары және қорғаныс туралы сұрақтарды қамтиды. Өлімге әкелетін құралдар: адамға зиян келтіру үшін қолданылуы мүмкін заттар және/немесе қару, егер баланың өзіне-өзі қол жұмсау қаупі бар болса, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын құру мәселелерін қамтиды.
Бағалау сыртқы дереккөздерден (мысалы, мұғалімдер, ата-аналар, бақылаулар) және жасөспіріммен әңгімелесу арқылы алынған ақпаратты қамтиды.
Тәуекел факторының санаты | Ерекше қауіп факторлары |
Суицидтік мінез-құлық | Өз-өзіне қол жұмсау және өзін-өзі жарақаттау әрекеттерінің тарихы |
Қазіргі және/немесе бұрынғы психикалық денсаулық диагноздары | Көңіл-күйдің бұзылуы (мысалы, депрессиялық белгілер), мінез-құлық проблемалары (мысалы, агрессия, импульсивтілік), алкогольді/есірткіні қолдану |
Суицидке тән белгілер / ойлар | Үмітсіздік, өзіне деген құндылықтың болмауы, анедония, пәрменді галлюцинациялар, ұйқысыздық, басқа адамдарға жүктеме болу сезімі, еш жерде орын таппайтынын сезіну |
Отбасылық тарих | Отбасында суицидтік мінез-құлық немесе психиатриялық ауруханаға жату тарихы |
Стресс факторлары/ преципитациялар | Қорлану, ұялу немесе жоғалту сезімін тудырған оқиғаларға ерекше назар аудару (соның ішінде әлеуметтік мәртебені жоғалту, достық қарым-қатынас және т. б.) |
Өлімге әкелетін құралдарға қол жеткізу | Қару-жарақ пен/немесе суицид жасау үшін қолданылуы мүмкін заттарға қол жеткізу |
Жоба жалғасып жатыр. Қазір мен Гарвард университетіндегі әріптестеріммен Л.Гумилев атындағы ЕҰУ басшылығының қолдауымен Бостон балалар ауруханасына ғылыми тағылымдамадан өтуге арнайы шақырылдым. Үш ай бойы Гарвард медициналық мектебінде, тікелей Бостон балалар ауруханасында жұмыс істедім.
Шетелдік ғалымдардағыдай терең ізденіске сүйенген зерттеу шығуы үшін ата-аналар баласымен жұмыс істеуге рұқсат берсе екен деген тілегіміз бар. Біз, ғалымдар, еліміздегі балалармен жұмыс істемесек, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің себебін қалай анықтай аламыз, іргелі зерттеулерді қалай шығарамыз?.. Осы мәселені министрлік төңірегінде көтеру керек деп ойлаймын, – дейді Алия Мамбеталина.
Дайындаған
Бағдат Сұлтанқызы
Парақшамызға жазылыңыз